27 қазанда тіркелмеген "Алға, Қазақстан" оппозициялық партиясының бастамашыл тобы партияны тіркетуге тағы да құжат тапсырды. Бір күн бұрын әділет министрлігі партия құжатын "Саяси партиялар туралы" заңға сәйкес емес деп кезекті рет кері қайтарған. Бірақ "нақты не сәйкес еместігін" түсіндірмеген. Бейсенбі күні азаматтық белсенділер Астанада ресми сапармен жүрген Еуропа кеңесінің президенті Шарль Мишельге қайырылып, партияны тіркетуге ықпал етуді сұрады.
27 қазанда әділет министрлігі алдына жиналған "Алға, Қазақстанның" бастамашыл тобы "кеше тапсырылған қолға тағы елу адамның қолын қосқанын" айтты.
- Бізге 26 қазан күні кешке қарай министрлік ресми жауап берді. Онда құжаттарымыздың "Саяси партиялар туралы" заңының 8-6 баптарына сәйкес еместігі (Саяси партияға мүше болу кәсiби, әлеуметтiк, нәсiлдiк, рулық, ұлттық немесе дiни белгiлерге байланысты шектелмеуі тиіс) жазылған. Біз сотқа арызданып отырмыз, - дейді Әсет Әбішев.
Министрлік өкілі шығып, белсенділер құжатын қабылдап алды. Бірақ ведомство тарабынан партияны тіркемеу туралы арыз-шағымдарға ешкім жауап бермеді.
Құжат өткізіп болған соң белсенділер қолдарына "Алға, Қазақстан" деген жазуы бар плакат ұстап қазір Астанада ресми сапармен жүрген Еуропа кеңесінің президенті Шарль Мишельге видео үндеу жариялады. Олар үндеулерін қазақ, ағылшын, орыс тілдерінде айтты.
- Бізге назар аударыңыз. Біз саяси партиямызды тіркете алмай жүрміз, бізге көмектесіңіз. "Алға, Қазақстан", - деді азаматтық белсенді Бибигүл Иманғалиева ағылшын тілінде.
Қазақстанда ресми сапармен жүрген Еуропа кеңесінің жетекшісі Шарль Мишель 27 қазанда президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесті. Кездесуден кейін өткен ортақ баспасөз жиынында Шарль Мишель "Қаңтар оқиғасын әділ әрі жан-жақты тергеудің маңыздылығын" атап өткен. Оның Тоқаевпен кездесуде Қаңтар оқиғасынан бөлек, адам құқығы бойынша қандай мәселелерді қозғағаны белгісіз. Бұған дейін құқық қорғаушылар Шарль Мишельді Орталық Азия басшыларымен кездескенде адам құқығы мәселесін, оның ішінде белсенділердің қудалануы, саяси тұтқындарды босату және өзге мәселелерді қозғауды сұраған.
"Алға, Қазақстан" тіркелмеген оппозициялық партиясы бұған дейін құжаттарын әділет министрлігіне 5 мамыр, 18 сәуір, 22 кыркүйек, 12 казан және 26 қазанда тапсырған. Олар алғаш құжат әкелген 5 мамырда кейбір құжаттары толық болмағандықтан қайта тапсыру үшін өздері алып кеткен. Бірақ одан кейін партия құруға ұмтылған белсенділер ведомстводан үнемі "Саяси партиялар туралы" заңның "саяси партияға мүше болуы" туралы 8-бабының талабы сақталмағаны, мүшелер арасында қайтыс болғандар бар екені туралы бір мазмұнды жауап алып келеді. Министрліктің мамырдағы жауабына бастамашыл топ сотқа шағымданғанымен, жеңіліп қалған.
Әділет министрлігінің мәліметінше, елде 2019 жылдан бері 18 саяси партия тіркелуге өтініш берген. Бірақ әлі күнге дейін бірде бір жаңа саяси партия тіркелген жоқ.
ПІКІРЛЕР