23 қараша күні Тараз қаласының №2 соты Қаңтар оқиғасынан соң айып тағылған тоғыз адамның ісін қарай бастады. Сотқа тартылғандардың бесеуі Тоқтар Ошақбай, Райс Рысбеков, Ержан Байжанов, Нұрсұлтан Қуатбаев пен Исатай Донбаев алаңда мерт болған. Іс бойынша үш айыпталушы сәрсенбі күні сот залына тергеу изоляторынан жеткізілді, біреуі ешқайда шықпау туралы қолхатпен үйқамаққа алынған.
Жамбыл облыстық сотының мәліметінше, изоляторда отырған Б. есімді азамат «басқа адамды азғырып, қылмысқа итермелеу» (Қылмыстық кодекстің 28-бабы 4-бөлігі), «терроризм» (255-бап 1-бөлігі) баптары бойынша күдікке ілінген. Өзге үшеуі «жаппай тәртіпсіздікке қатысушы» ретінде айыпталған.
Қаңтардан соң істі болған тоғыз тараздықтың ісін (бесеуі қайтыс болған - ред.) судья Бағдат Төребекұлы қарай бастады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Сенің балаң – 200 пайыз террорист". Қаңтарда үш оқ тиіп өлген ТоқтарҚайтыс болғаннан кейін қылмыстық жауапкершілікке тартылған бес адамның бірі - Райс Рысбеков. 19 жастағы Райс Рысбековке тергеу «жаппай тәртіпсіздікке қатысты» (272-бап 2-бөлімі ), «оқ-дәріні заңсыз иемденді, алып жүрді» (287-бап 3-бөлімі) деп айып таққан. Бұл айыппен оның адвокаты Жанар Қисықова да, айыпалушының шешесі Индира Бекежанова да келіспейді.
- Райс Рысбековке тағылған айыппен келіспейтінімді айтып тергеу кезінде бірнеше өтініш хат жаздым. Бүгін сот басталған бойда бірнеше өтініш хат тапсырдым. Бұл істің ақ-қарасын сот айтуы тиіс, - деді Азаттыққа телефонмен берген сұқбатында адвокат Жанар Қисықова.
Тергеу материалдарына қарағанда, Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің 2-курс студенті Райс Рысбековтің қалтасынан автоматтың екі оғы табылған. Райстың шешесі Индира Бекежанова мұны «қып-қызыл жала» деп есептейді.
- Алты баланың шешесімін. Райс тұңғышым еді. Он тоғыз жасында оққа ұшты. Жап-жас баланы атып өлтіргендерімен қоймай, "қалтасына оқ салып", сотқа тартып жатыр. Қалған бес балам «қылмыскердің бауыры» атанбауы үшін он айдан бері күресіп келемін. Мен бұл күресті ақиқатқа жеткенше тоқтатпаймын, - дейді Индира Бекежанова.
Ресми мәлімет бойынша Қаңтар оқиғасы кезінде Таразда 15 адам мерт болған. Оның бесеуінің ісін бүгін яғни, 23 қараша күні Тараз қаласының №2 соты қарай бастады. Алаңда мерт болған тағы бір тараздық 17 жастағы Андрей Опушиевтің ісі бойынша сот жарыссөзі 30 қарашаға жоспарланған. Андрей Опушиевтің ісі Тараздағы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты өндірісінде.
Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшқан тағы тоғыз тараздыққа іс қозғалғаны-қозғалмағаны белгісіз. Ол жөнінде ешқандай ақпарат жоқ. Жамбыл облыстық сотының мәліметінше, сот өндірісіне Қаңтар оқиғасы кезінде мерт болған алты адамның ғана ісі түскен. Олар: Райс Рысбеков, Тоқтар Ошақбай, Ержан Байжанов, Нұрсұлтан Қуатбаев, Исатай Донбаев пен 17 жасында оққа ұшқан жасөспірім Андрей Опушиев.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
"Арқадан тиген оқ кеудесінен шыққан". Қаңтарда қаза тапқан жасөспірімді сотқа тарттыДеректі фильм. Қаңтардағы Тараз. Жоқтау мен іздеу Таразда Қаңтар оқиғасына байланысты айыпталған 17 адамға үкім оқылды