Қонаев соты түрмедегі белсенді Ермек Нарымбаевтың мерзімінен ерте босап шығу туралы өтінішін орындамады. Бұл жөнінде адвокаты Жанар Балғабаева хабарлады. Оның айтуынша, сот белсендінің түрмеде айыппұлдары барын алға тартқан.
"Айыппұлы бар деп және "тәртіпті өрескел бұзушы" деп өтінішін орындамады. Айыппұл оған биыл маусымда салынған. Біз айыппұлға қатысты шағым түсіргенбіз. Ол бойынша түпкілікті шешім қабылданбаған болатын. [Соған қарамастан] Сотта оның айыппұлы бар деп есептелінді" деді Жанар Балғабаева Азаттық тілшісіне.
Істі судья Олжас Күреңбеков қараған. Адвокат шешімді апелляцияға беретінін айтты.
Азаттық Қонаев сотынан әзірге жауап ала алмады.
Құқық қорғаушылар жасаған "саяси тұтқындар" тізіміне енген 52 жастағы Ермек Нарымбаев саяси белсенділігі үшін бірнеше рет қылмыстық жазаға кесілген. 2015 жылы қазанда "алауыздық тудырды" деген айыппен үш жылға сотталған. Кейін апелляция соты үкімді жеңілдетіп, үш жыл шартты жазаға ауыстырған.
Осыдан кейін Ермек Нарымбаев өзіне биліктен қатер төнгенін айтып, Украинаға кеткен. Биыл ақпанның басында Қазақстанға оралғанда полиция оны Алматы әуежайынан бірден ұстап әкетіп, қамауға алған. Адвокаттың айтуынша, 2,5 жыл түрмеге кесілген Нарымбаев жазасының үштен бірін өтеген.
Жуырда белсенді 54 күн аштық ұстап, кезектен тыс президент сайлау қарсаңында сайлау учаскелеріндегі хаттамаларды онлайн жариялауды талап еткен. Орталық сайлау комиссиясы оның талабы "бір күнде орындалатын шаруа емес" деген. Шамамен 20 килодан астам салмақтан айырып, денсаулығы нашарлаған белсенді 25 қараша кешке аштығын тоқтатты. Ермек Нарымбаев бұған дейін де ең ұзақ аштық акцияларын басынан өткерген. 2010 жылы Алматы облысындағы түрмеде 73 күн аштық ұстаған белсенді 41 килограм салмақтан айырылған. Айтуынша, "өзіне жасалған әділетсіздіктерге" қарсылық білдірген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Адвокат: Ермек Нарымбаев аштығын 25 қарашада кешке тоқтатадыАдвокат: Ермек Нарымбаевтың салмағы 80 келіден азайып, жүрек талмасы да ұстағанЕрмек Нарымбаевтың аштық жариялап жатқанына 40 күн: Адвокат белсендінің кездесуге шамасы жоғын айттыАдвокат: Ермек Нарымбаевтың аштық акциясы – Тоқаев әкімшілігіне саяси месседжОмбудсмен түрмеде аштық жариялап жатқан белсенді Ермек Нарымбаевтың денсаулығы туралы айтты