Белсенді Ермек Нарымбаевтың түрмеде аштық жариялап жатқанына 46 күн болды. Бейсенбі күні түрмеге кіріп шыққан адвокат Жанар Балғабаева Ермек Нарымбаевтың салмағы 80 келіден азайғанын, бір күн бұрын жүрек талмасы ұстағанын айтты.
– 10 қарашада салмағы 83 килограмм болған. Қазір 80 келіден төмендеп кеткен. Кеше жедел жәрдем шақыртқан екен. Ермектің жүрек талмасы ұстап қалған. Бүгін оны маған мүгедектер арбасымен әкелді. Онда да бір кісіні әрең дегенде көндіріп, арбасын ала тұрдық, – деді адвокат Жанар Балғабаева.
Қазан айының басынан бері аштық ұстап жатқан белсенді әділ сайлау өткізу, сайлау учаскелерінің хаттамаларын ОСК сайтына жариялауды талап етіп отыр. 17 қарашада белсенді адвокатқа "Билік неге хаттамаларды тәуелсіз бақылаушыларға береміз деп уәде ете алмайды? Бұл соншалықты қиын талап па? Егер маған бірдеңе болса, оған билік жауапты болады" деген.
Адвокаттың айтуынша, Ермек Нарымбаев 25 қарашаға дейін аштығын жалғастыруға ниет етіп отыр.
"Егер ОСК мәлімдеме таратып, бақылаушыларға хаттамаларды беруге уәде етсе, онда аштығын тоқтатады. Ал 25 қарашаға дейін ешкім ештеңе демесе, онда аштығын жалғастыра береді, бірақ ол кезде заңсыз салынған айыппұлдарын жоюды талап етпек (адвокаттың айтуынша, бір айыппұлы бар)" деді Жанар Балғабаева 17 қарашада Азаттық тілшісіне.
Өткен аптада орталық сайлау комиссиясының өкілі Шавкат Өтемісов Алматы облысы түрмесінде аштық жариялап жатқан Ермек Нарымбаевтың аштық акциясы мен талаптарынан хабардар екенін жеткізген. Бірақ ол белсендінің талаптары "бір күнде орындалатын шаруа емес" деген.
Белсендінің денсаулығы нашарлап бара жатқан шақта жақтастары мен адвокаттары, жақындары Нарымбаевтың хәліне алаңдайды.
Қылмыстық атқару жүйесі комитеті түрмедегі белсенді Ермек Нарымбаевтың аштық акциясынан хабардар екенін, аштық акциясын бастаған 3 қазаннан бері дәрігерлер оны "бақылауына алғанын" бұған дейін мәлімдеген.
Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы 20 қарашада өтеді. Елде сайлау сарапшылардың айтуынша, тәуелсіз бақылаушыларға кедергі көбейген шақта, билікті сынаған белсенділер қудалауға ұшырап, шынайы бәсекеге жол жабылған шақта өтейін деп отыр. Көптеген сарапшы сайлау нәтижесі алдын ала анықталып қойған, билік президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа шынайы бәсекелес болатын адамдарды түрлі амалдармен сайлауға жібермеді деп санайды. Бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев "сайлау әділ өтеді" деп уәде берген.
ПІКІРЛЕР