Ресей әскері жайлы жалған ақпарат таратты деп айыпталып, сегіз жарым жылға сотталған ресейлік оппозиционер Илья Яшинді Мәскеудегі тергеу изоляторынан басқа жаққа алып кеткен. Бұл туралы Мәскеудің Қоғамдық бақылау комиссиясының жауапты хатшысы Алексей Сельниковқа сілтеп, РИА "Новости" хабарлады.
Яшинді нақты қашан және қай жаққа әкеткені әзірше белгісіз. Оны сот үкімі заңды күшіне енбей тұрып әкетіп отыр. Бұған дейін оның адвокаттары сот үкіміне келіспей, апелляцияға шағым берген.
9 желтоқсанда Мәскеудің Мещан аудандық соты Илья Яшинді "Украинаның Буча қаласының халқын жаппай қырған деген стрим жасап, Ресей әскері жайлы жалған ақпарат таратқаны үшін айыпты" деп таныды. Сот оны сегіз жарым жылға бостандығынан айыруға үкім етіп, жазасын жалпы режимдегі колонияда өтеуді міндеттеді. Бұл Ресей әскері жайлы фейк тартты деп айыпталғандардың ісіндегі ең ауыр жаза. Қылмыстық кодекске биыл жаңадан енгізілген бапта 10 жылға дейінгі мерзімге бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Сот процесі кезінде прокурор оппозиционерді 9 жылға бостандығынан айыруды ұсынған. Яшин болса өзінің еш кінәсі жоғын айтып, саяси астары бар іс бойынша қудалауға түскенін мәлімдеген. Илья Яшин – Кремль Украинаға қарсы басқыншылық соғыс бастап, ел ішіндегі өзгеше ойлайтындарды жазалауды күшейткеннен кейін шетелге кетпей, Ресейде қалған белгілі оппозиционер.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Шашылған мәйіттер, өртенген көліктер, көшедегі қырғын. Бучада не болды?Министрлік "ерекше кезеңде" армия жөнінде жалған ақпарат таратқандарды жазалауды сұрайды Депутат бас прокурордан Путин сөзінің растығын тексеруді сұрадыПутин "жалған ақпарат таратқандарды" азаматтықтан айыруды ұсындыРесейдің қамаудағы оппозиционері Владимир Кара-Мурзаға Вацлав Гавел сыйлығы берілді