Шымкенттік белсенді Жанмұрат Аштаевтың амнистия жайлы өтінішін тағы да қанағаттандырмады

Шымкенттік белсенді Жанмұрат Аштаев

27 желтоқсанда Шымкент қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы жергілікті белсенді Жанмұрат Аштаевтың өтінішін қанағаттандырмады. Сот алқасы Аштаевқа қатысты 10 қарашада шыққан қаулының "заңды" екенін, белсендінің "амнистияға ілінбейтінін" айтты.

Апелляция соты 26 желтоқсанда өткен. Бүгін, 27 желтоқсанда шешім шықты. Кеше де, бүгін де сотқа белсендіні қолдап ондаған адам келді. Олардың көбі сот залына кіре алмай, сыртта отырды. Залға тек прокурор, адвокат пен Аштаевтың туыстары ғана қатысты. Белсендіні сот залына әкелген жоқ, түрмеден видеобайланыс арқылы да қоспады. Отырыс бас-аяғы он бес минут болды.

Прокурор Шымкент қаласы Абай аудандық сотының 10 қарашадағы "Жанмұрат Аштаевқа рақымшылық заңын қолдану туралы өтініш қанағаттандырылмасын" деген қаулысын күшінде қалдыруды ұсынды. Ол "Рақымшылық жасау туралы" заңның 2-бабының 2-бөлігіне сәйкес, бұрын экстремистік қылмысқа қатысы бар адамдарға амнистия қолданылмайтыны жайлы сөзін қайталады.

Аштаевтың адвокаты Әбдіраман Аққұлов сот қаулысы заңсыз деп есептейді. Ол Жанмұрат Аштаевты 405-баптың 2-бөлігі бойынша (Қазақстанда экстремистік деп танылған ұйым қызметіне қатысу) кінәлі деп тапқан сот процесі 2021 жылы болғанын, сондықтан биыл қарашада қабылданған "Рақымшылық жасау туралы" заңға ол үкімнің еш қатысы жоқ деп білетінін айтады.

- Қылмыстық кодекстің 6-бабы 3-бөлігіне сәйкес, іс-әрекеттің қылмысқа немесе жазалануға жататынын белгілейтін, осы іс-әрекетті жасаған адамның жауаптылығын немесе жазасын күшейтетін, жағдайын өзге түрде нашарлататын заңның кері күші болмайды, - деді адвокат.

8 қыркүйекте Қаңтар оқиғасына байланысты "жаппай тәртіпсіздікке қатысты" деп айыпталған шымкенттік үш белсенді - Жанмұрат Аштаев, Қайрат Сұлтанбек пен Ләззат Досмамбетованың апелляция сотынан кейін шу шыққан. Аштаевтың жақындары үкімнің өзгеріссіз қалғанына келіспей, сот залында наразылық білдірген. Оқиға орнына арнаулы жасақ келіп, белсендінің үш інісі бес тәулікке қамалған еді.

Судья Аманқұлова сот алқасының шешімін жариялап, Аштаевқа амнистия қолданылмайды деген қаулыны өзгеріссіз қалдырды.

- "Рақымшылық жасау туралы" заңға сәйкес, экстремистік қылмыс жасаған адамдарға амнистия қолданылмайды. Сондықтан сот алқасы бірінші сатыдағы соттың тұжырымымен келіседі. Сот қаулысының күшін жоюға негіз жоқ деп санайды, - деді судья.

Сот қаулы түпкілікті қабылданғанын, оған қарсы кассация шағымын беруге болмайтынын ескертті.

Адвокат Аққұлов енді жазаның қалған бөлігін жеңілдетуге талпынып көретінін айтты.

- "Қылмыстық атқару жүйесі туралы" кодекс бар. Оған сәйкес, жазаның біраз бөлігі өтелгеннен кейін қалған бөлігін жеңілдеу жазаға ауыстыруға болады. [Түрмеде отырған] уақыты, бәрі келіп тұр. Енді соған орай әрекет жасаймыз, - деді адвокат.

- Күйеуім 7 қаңтардан бері қамауда отыр. Өзім жұмыс істемеймін. Бес баламен асыраушысыз қалдым. Үмітімді үзбеймін, күйеуім босап шыққанша күресе беремін. Кассацияға шағым беруге болмаса, жазасын ауыстыруға өтініш береміз, - деді Аштаевтың әйелі Мөлдір Нұранова.

2022 жылғы 15 шілдеде Жанмұрат Аштаев Әл-Фараби аудандық сотының үкімімен "Жаппай тәртіпсіздік" бабы бойынша үш жыл бір ай мерзімге түрмеге қамалған. 10 қарашада Абай аудандық соты белсендінің амнистия қолдану туралы өтінішін қанағаттандырмай тастады. Аштаевпен бірге сотталған Қайрат Сұлтанбек рақымшылық заңы бойынша бостандыққа шықты. Қаңтар оқиғасына байланысты істі болған тағы бір белсенді Ләззат Досмамбетова да бұрын "экстремистік баппен" сотталғанына байланысты рақымшылыққа ілінбеді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Шымкентте бір топ белсенді Қаңтарға байланысты қамалған Жанмұрат Аштаевты босатуды талап еттіҚаңтар оқиғасына байланысты сотталған шымкенттік белсенді Досмамбетова амнистияға ілікпедіШымкентте Қаңтар оқиғасынан соң сотталған белсенді Қайрат Сұлтанбек бостандыққа шықты