Атырау облысының соты 7 ақпанда азаматтық белсенді, кәсіпкер Барлық Меңдіғазиевтің бауыры мен KSS (Karachaganak Support Service) компаниясының бұрынғы директоры Бауыржан Жүсіповке шыққан үкімді өзгертпеді.
19 желтоқсанда Атырау қаласының № 2 соты "салықты жасырды" және "қылмыстық топтың мүшесі ретінде ақша жымқырды" деп айыпталған Бекіжан Меңдіғазиевті бес жыл бір айға бас бостандығынан айырған. Сот "ірі көлемде салық төлеуден жалтарды" деп айыпталған Жүсіповке бес жыл түрме жазасын тағайындаған. Бекіжан Мендіғазиев пен Бауыржан Жүсіпов айыптарды жоққа шығарған.
Сотталушылардың адвокаты Игорь Вранчев апелляциялық шағымында сот үкімінің күшін жойып, оларды толық ақтауды талап еткен. Алайда сот алқасы үкімді өзгертуге негіз жоқ деген қорытындыға келген. Шағымды Атырау облысының қылмыстық істер істер жөніндегі сот алқасының судьясы Мейрамбек Нағашыбаев қараған.
Адвокат Игорь Вранчев Азаттыққа берген сұхбатында "міндетті түрде кассацияға береміз" деді.
Құқық қорғаушылар Бекіжан Меңдіғазиевтің қамалуы мен оның шетелде жүрген бауыры Барлық Меңдіғазиевтің құқық қорғау және меценаттық белсенділігі арасында байланыс бар дейді.
56 жастағы Бекіжан Меңдіғазиевті қазақстандық құқық қорғаушылар "саяси тұтқындар" тізіміне енгізген. Бұған дейін Еуропарламент, Еуропа кеңесінің парламенттік ассамблеясы және америкалық сенатор Бен Кардин оны босатуға үндеген.
Барлық Меңдіғазиев – Батыс Қазақстан облысынан шыққан азаматтық белсенді. Қазір шетелде тұрып жатыр. 2021 жылы ол Азаттыққа бауырының ұсталуы мен өзінің құқық қорғаудағы белсенділігі арасында байланыс барын айтқан. Оның пікірінше, осылайша билік оған қысым жасағысы келеді. Барлық Меңдіғазиевтің айтуынша, бұрын өзіне тиесілі болған, кейін қызметкерлеріне берілген KSS фирмасы да қазір оған қысым жасау құралына айналған.
Қазақстан билігі елде саяси қудалау барын және "түрмеде саяси тұтқындар отыр" деген тұжырымды мойындамайды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Қазақстанда "саяси тұтқындар" көбейдіОралда Меңдіғазиевке араша сұрап видеоға түскендердің қамалғаны хабарландыKSS қызметкерлері Бекіжан Меңдіғазиевті босатып, қудаламауды талап еттіБҚО-да полиция Барлық Меңдіғазиевтің ағасының үйін тінттіҚазақстандағы үстемдік пен бағыныштылық жүйесі