Accessibility links

БҚО-да полиция Барлық Меңдіғазиевтің ағасының үйін тінтті


Меңдіғазиевтің ағасының үйін тінтіп жатқан құқық қорғау орган қызметкерлері. Видеодан алынған скриншот. Батыс Қазақстан облысы, 21 желтоқсан 2020 жыл.
Меңдіғазиевтің ағасының үйін тінтіп жатқан құқық қорғау орган қызметкерлері. Видеодан алынған скриншот. Батыс Қазақстан облысы, 21 желтоқсан 2020 жыл.

Батыс Қазақстан облысында полиция АҚШ-та тұратын азаматтық белсенді Барлық Меңдіғазиевтің бауырының үйіне тінту жасады. 21 желтоқсанда арасында полицияның арнайы жасағының қызметкері бар күштік құрылымдар Қалық Меңдіғазиевтің Январцево ауылындағы үйіне барған.

Бұрынғы кәсіпкердің өзі Facebook-тағы парақшасында "қара маска таққан карулы омон үлкен ағам Қалық Меңдіғазиевтің үйіне қарақшылық шабуыл жасады" деп жазды. Ол қол арбамен жүретін мүгедек ағасының құқық қорғау ісіне еш қатысы жоғын айтты.

Барлық Меңдіғазиевтің туыстары тінтуге не себеп болғанын білмейді. Полиция қызметкерлері оларға нақты қандай бап бойынша іс қозғалғанын айтпаған.

— Тінту болып жатқан кезде үйде жоқ едім. Дәрігерге кеткен едім. Маған қаладағы үйде тұрып жатқан туыстарым хабарласты. Олар үйге полицейлер келіп, еш нәрсені түсіндірместен бір нәрсені іздей бастағанын айтты. Ол кезде үйде тек бір бала мен анасы болған. Әйел "кімді іздеп жүрсіздер" деп сұрағанда "үй иесін" деп жауап қатқан. Дәл сол уақытта он шақты адам отбасыммен тұрып жатқан ауылдағы үйіме келді, — деді Қалық Мендіғазиев Азаттық тілшісіне.

Ол жеке үйге басып кірмек болған полиция қызметкерлерінің өздерін таныстырмай, құжат көрсетпегенін де атап өтті.

— Олар үйдің астан-кестеңін шығарды: балалардың киімі бар шкафтарды, оқулықтар, парталар, шкафтар, ыдыс-аяқтарды ақтарды. Сейфтегі тіркелген бір атар мылтықты, ескі көліктен қалған үйде жатқан нөмірді тәркіледі, — дейді Қалық Мендіғазиев.

Дүйсенбі күні Меңдіғазиевтің тағы екі туысының үйіне осындай тінту жасалған. Барлық Меңдіғазиев пен туыстары мұны кәсіпкердің азаматтық белсенділігімен байланыстырады.

Батыс Қазақстан облысының полиция департаменті Азаттық тілшісіне "мал ұрлау ісі" бойынша Қалық Меңдіғазиевтің үйіне тінту жүргізілгенін айтты.

"Батыс Қазақстан облысының полиция қызметкерлері Бәйтерек ауданы аумағында "Мал ұрлау" ісі аясында рұқсат етілген іздеу шараларын жүргізіп жатыр" деді аудандық полиция департаментінің өкілі Болатбек Белгібеков.

Ал АҚШ-та жүрген Барлық Меңдіғазиев билік мұны өзіне қысым жасау үшін жасап отыр деп санайды.

— Мен Қазақстандағы азаматтық қоғам өкілдерінің, белсенділердің айыппұлдарын төлеуге көмектесемін. Қазіргі режим туралы көп жазамын, сын айтамын. Билік туыстарым арқылы маған қысым жасауға тырысып жатыр, — деді Барлық Мендіғазиев.

Барлық Меңдіғазиев — Батыс Қазақстан облысынан шыққан бұрынғы кәсіпкер, мұнай кеніштеріне қызмет көрсететін Karachaganak Support Servises (KSS) компаниясының негізін қалаушы. Қазір компания Меңдіғазиевке емес - компания қызметкерлеріне тиесілі. Бірнеше жыл бұрын ол бизнесті компания жұмысшыларына тапсырған. Қазір азаматтық белсенділікпен айналысады, саяси қуғын көрген азаматтарды қолдайтын қор құрған. Белсенді Қазақстан билігін өткір сынап, адамдарды наразылыққа шығуға үндеген.

Өткен айда Меңдіғазиев KSS компаниясының күштік органдардың "шабуылына" ұшырағанын хабарлаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG