"Астыртын кіріп, ақпарат жіберіп отырасыңдар". Алматыда студенттерді жалған бақылаушы болуға итермелеген кім?

Your browser doesn’t support HTML5

19 наурызда өткен мәжіліс пен мәслихатты кезектен тыс сайлауға Алматыда қала әкімдігінде қарасты орталықтың "экс-қызметкерлері" WhatsApp мессенджерінен чат ашып, студенттерді тәуелсіз ұйымдар атынан жалған бақылаушы болуға тартқан. Студенттерге "Тәуелсіз бақылаушылар" қоғамдық бірлестігі мен "Қазақстанның жастар ақпараттық қызметі" (ҚЖАҚ) қоғамдық қорына бақылаушы ретінде тіркеліп, "бізге астыртын ақпарат жіберіп отырасыңдар" деген тапсырма жүктеген. Қос ұйым мұны "биліктің кезекті лас әрекеті" деп сипаттады. Азаттық студенттерге тапсырма берген кімдер, студенттерді бақылаушы ұйымдарға қандай мақсатта жұмсады, бақылаушы ұйымдарды аңду кімге, не үшін қажет болды деген сауалдарға жауап іздеп көрді.

"СТУДЕНТТЕРГЕ АҚША БЕРЕМІЗ ДЕГЕН"

Сайлауға екі аптадай уақыт қалғанда "Тәуелсіз бақылаушылар" қоғамдық бірлестігіне күніне ондаған адам қайырылып, алдағы сайлауда ұйым атынан бақылаушы болуға ниет білдірген. Ұйым үйлестірушісінің сөзінше, олардың дені – студенттер. Бұған дейінгі саяси науқандарда көбіне қоғам белсенділері бақылаушы болуға ықылас танытатындықтан, студенттердің жаппай ағылуы күдік туғызған.

– Бір апта бұрын бір топ студент келіп, "бақылаушы болғымыз келеді" деді. Тексеріп көру үшін тергеушінің образына кіріп, "біз бәрін білеміз, сіздерді кәсіподақ жіберді ғой, иә?" деп сұрадым. Олар "жоқ, біз мынадай чаттан келдік" деп бірден мойындап қойды. Кейін біздің ұйымға келіп тіркелсе, әлдекімдер ақша төлеуге уәде еткенін де айтты, – дейді "Тәуелсіз бақылаушылар" ұйымының үйлестірушісі Назерке Сексенбайқызы.

Осыдан кейін ұйым төрағасы Бесжан Төлеубекұлы студенттерге сайлауды бақылау ерікті жұмыс екенін, ол үшін ешкім ақы төлемейтінін түсіндірген. Олардан өздеріне нұсқау беріліп отырған чатта не жазылғанын егжей-тегжейлі сұрап, чаттағы хаттарды фотоға түсіріп алған.

Бесжан Төлеубекұлы

– Әрекеттерінің дұрыс емесін түсінді ғой деймін, "чаттан шығамыз" деді. Мен олардан болған жағдайды өздеріне тапсырма беріп отырған адамдарға айтпауды өтіндім. Олар келісті, – дейді Төлеубекұлы.

Ол өзі суретке түсіріп алған хаттарды 15 наурыз күні Азаттық тілшісіне көрсетті.

"АҚША ТУРАЛЫ СҰРАҚ БОЛМАСЫН". ЧАТТА НЕ ЖАЗЫЛҒАН?

Чат атауы – "Big family (Инь-Янь)". Бесжан Төлеубекұлының Азаттыққа көрсеткен фотосына қарағанда, чатта 32 адам отырған. Олардың арасында үшеуі – "ұйымдастырушы".

"Big family (Инь-Янь)" чатындағы жазбалар.

"Барлығыңызға қайырлы күн! Мен осы арнайы топтың сайлау күнгі кураторымын. Осы чатта айтылған барлық дүниені өткізбей жасап жүрсеңіздер. Ал қазір арнайы топтың аға-кураторы Бауыржан сіздерге бәрін түсіндіреді" деп жазған чаттың бір мүшесі 4 наурызда сағат 13.29-да.

Ал сол күні сағат 14.27-де чаттың тағы бір мүшесі "бақылаушы болу тәртібін" түсіндіруге кіріседі. "Жұмыс тәртібін түсіндірген" адам жоғарыдағы хатта аталған Бауыржан деген "аға-куратор" екенін топшылауға болады. Ол "Бұл топ алдағы Х күні бақылаушы болуға жиналды. Мен сілтеме жіберемін, соған тіркелу керек. Ол күні бақылаушы болу-болмау соларға тіркелгендеріңізге байланысты..." деп жазады.

Артынша дәл осы хатты жазған адам "Аян" деген есімді атап, одан тізім жіберуді сұрайды. Кейін Аян жіберген тізімде 30 адамның аты-жөні мен туған жылы жазылған. Бұдан топ кураторының аты "Аян" екенін аңғаруға болады.

"Big family (Инь-Янь)" чатындағы жазбалар.

Аян тізімді ортаға салған соң, әңгімеге қайтадан "аға куратор" Бауыржан араласады. Ол чатқа "Тәуелсіз бақылаушылар" қоғамдық бірлестігінің Instagram-дағы парақшасының сілтемесін тастайды. Тастайды да, "адал сайлау үшін қатарға қосылғымыз келеді деп Instagram-ына жазамыз, болмаса, нөмірі" деп, өзінің телефонында "ТБ" деп сақталған телефон нөмірін чатқа жібереді. Бұған қоса, Аян жіберген тізімдегі 30 адамның 15-іне "Тәуелсіз бақылаушыларға" баруға тапсырма береді. Ал қалған 15 адамға "сіздер мына сілтемеге тіркелесіздер" деп, ҚЖАҚ қоғамдық қорының бақылаушыларды тіркейтін платформасының сілтемесін жібереді.

Содан кейін чаттағылардан "Тәуелсіз бақылаушылардың" Instagram-парақшасына "бір уақытта жазбауды ескертіп, абай болуға" үндейді.

Чатта тапсырма беріп отырған үшінші нөмір WhatsApp-та "Абзал Әріп" деп тұр. Ол 6 наурыз күні "Достар, сіздер арнайы команда болып саналасыздар. Бұл ұйымға әр адам өз күшімен жеке барып тіркелуі керек. Уақыт бөліңіздер. Сіздердің ақшаларыңыз басқаларға қарағанда сәл жоғары. Тіркеліп, жұмысқа шықсаңыздар, таңғы алтыдан 20.00-ге дейін отырып қайтасыздар, болды. Дым сөйлемей. Сіздер басқалар сияқты түнгі 12-ге дейін қалмайсыздар. Олар оқыту кезінде түнге дейін деп айтуы мүмкін. Бірақ олай емес, біз арнайы команда ретінде тура 20.00-ге дейін [отырамыз]. Аян бізге сіздерді сенімді адам деп әкеліп отыр. Уақыт бөліп тіркеліп алайық" деп жазады.

Абзалдың осы хатынан кейін чаттың кейбір мүшелері сілтеме арқылы тіркеліп қойғанын айтып, "жеке барып қайда тіркелуіміз керек?" деп сұрақ қояды. Оған Абзал Әріп "Өздері айтады, біз білмейміз ғой соны. Анандай болады ғой, бір ұйымның ішкі кухнясын білу үшін астыртын кіріп алатын. Бұл да дәл сондай. Өздері мекенжай айтады, сосын бізге ақпарат айтып отырасыздар" деп жазады (хаттың орфографиясы сақталды).

Кейін чаттың өзге мүшелері "Тәуелсіз бақылаушылар" ұйымына барып тіркелгенін, өздеріне "ақша берілмейді" деп айтылғанын жаза бастайды. Кейін Аян "Оларға ақша туралы сұрақ болмай-ақ қойсын. Бұл бәріңе қатысты" деп ескертеді.

"ТАНЫСТАРЫМ ПАЙДА КӨРСІН ДЕДІМ". ТАПСЫРЫС БЕРУШІЛЕР НЕ ДЕЙДІ?

Азаттық бақылаушы болуға арнайы тапсырма бойынша келген студенттерге хабарласқанымен, олар сөйлесуден үзілді-кесілді бас тартты. Бірақ Бесжан Төлеубекұлы Азаттық журналистерінің көзінше сегіз студентке хабарласқанда, олардың төртеуі тапсырма орындап жүргенін мойындады. Сонымен қатар бақылаушы болғаны үшін өздеріне 20 мың теңге уәде етілгенін айтты.

"Big family (Инь-Янь)" чатындағы жазбалар

Азаттық 15 наурызда "Big family (Инь-Янь)" WhatsApp чатында тапсырма беріп отырған үш нөмір иесінің кім екенін анықтады. Чаттағыларға "тәуелсіз ұйымдарға астыртын кіріп, ақпарат жіберіп отыруды" тапсырған адамның телефон нөмірі Абзал Әріпке тиесілі болып шықты.

Әріп 15 наурызда телефонын көтергенімен, Азаттық тілшісімен сөйлесуге құлықты бола қойған жоқ. "Тәуелсіз бақылаушылар" қоғамдық бірлестігі мен "Қазақстанның жастар ақпараттық қызметі" қоғамдық қорын білетінін айтты, оларды "оппозициялық" деп сипаттады. Әңгіме "Big family (Инь-Янь)" WhatsApp чатына ойысқанда, "кейінірек хабарласыңыздаршы" деп тұтқаны қоя салды. Кейін телефонын көтерген жоқ, артынша Азаттық тілшісінің нөмірін бұғаттап тастады.

Азаттық осыдан кейін топтың "аға-кураторы" Бауыржанға хабарласқанда, ол өзін "Бауыржан Сәбитұлымын" деп таныстырды. Сөзінше, бизнеспен айналысады. Бірақ нақты қандай кәсібі барын айтқан жоқ. Екі ұйымға чат арқылы адам жұмсағанын мойындады. Бауыржанның сөзінше, чаттағылар – студент емес, "өзінің таныстары".

– 2021 жылы депутаттарды сайлау кезінде "Қазақстанның жастар ақпараттық қызметі" атынан өзім де бақылаушы болғам. Маған жақсылап түскі асымды берді, телефоныма бірлік салып берді. Азаннан кешке дейін отырдым. Міне, сол себепті таныстарымды жібердім осы жолы. Олар да сондай 5-10 мың теңге алып алсын деген ой менікі, – дейді Бауыржан Сәбитұлы.

Ол "Чаттағы тапсырмаларыңыз бақылаушыға емес, тыңшыға берілетін тапсырма емес пе?" деген сұраққа нақты жауап айтпады. "Таныстарымыз бақылаушы болып пайда көріп қалсын дедік, басқа мақсат болған жоқ" деп қысқа қайырды.

Бауыржанның сөзінше, чатта тапсырма беріп отырған Аян – өзі сияқты бизнесмен, ал Абзал Әріп Аянмен бір топта оқиды. Аян мұны естігенде таңданып қалды.

Аян мен Азаттық тілшісінің диалогы былай өрбіді:

Азаттық: "Big family (Инь-Янь)" деген WhatsApp чат таныс па сізге?

Аян: Таныс, бірақ қазір жоқпын ол жақта.

Азаттық: Ол чатта не үшін отырып едіңіз?

Аян: Бізді жұмысқа шақырған, жұмыс болғанда, бақылаушы ретінде.

Азаттық: Кім шақырды?

Аян: Таныстарым.

Азаттық: Таныстарыңыздың аты-жөні кім?

Аян: Мен ондай артық нәрсе айта алмайды екем. Сіздерді танымаймын. Журналиспін деп айттыңыз. Мен қайдан білем оны?

Азаттық: Сізбен кездесіп сұхбат алсақ, қалай?

Аян: Жоқ, уақытым жоқ.

Азаттық: Аян, сіз Бауыржан Сәбитұлын танисыз ба?

Аян: Бауыржан Сәбитұлын? Танығанда… былай ғана танимын. Досым емес. Өмірде көрмегем ешқашан.

Азаттық: Абзал Әріпті ше?

Аян: Ол кісіні де солай.

Азаттық: Абзал Әріпті де танымайсыз ба?

Аян: Жоқ.

Азаттық: Бауыржан бізге Абзал екеуіңізді "группалас" деді ғой.

Аян: Группалас болғанда, анандай "группаласпыз" ғой… Танымаймын жақсы. Сабаққа келмейді ол кісі.

Азаттық: Чатты Абзал құрды ма?

Аян: Білмеймін ол жағын, мен жұмыстан демалып жатырмын. Кейін хабарласыңызшы…

Азаттық: Бауыржан мырза сізді бизнесмен деді, қандай бизнеспен айналысасыз?

Аян: Жоқ, қандай бизнесмен (күлді)? Ол жағының не керегі бар сізге, қандай бизнеспен айналысам, не істейтінім?

Аян осылайша сөйлесуге уақыты жоғын айтып, тұтқаны қоя салды. Ертесіне, 16 наурызда хабарласқанымызда, дөрекі жауап қатып, сөйлесуден үзілді-кесілді бас тартты.

Сол күні Абзал Әріппен де қайта сөйлесудің сәті түсті. Ол да чатты нақты кім ашқанынан "бейхабар". Айтуынша, Бауыржан – оның алыс танысы. "Бақылаушы болып, 5-10 мың теңге пайда тауып қалайық" деген ұсынысты да Бауыржан айтқан.

– Бар мақсат шамалы ақша тауып қалу болды, – дейді Абзал Әріп.

"Онда неге ұйым ішіне астыртын кіріп, ақпарат жіберіп отыруды тапсырдыңыз?" деп сұрағанда, "Саясатты білгіміз келген шығар. Оның ішінде қалай бақылаушы болу керек екенін білгіміз келген шығар. Сіздер түпкі мақсатты білмейсіздер ғой!" деп ұрыса сөйледі.

"Түпкі мақсаттарыңыз қандай еді?" деп сұрағанымызда, өзіне басқа біреу хабарласып жатқанын айтып, тұтқаны қоя салды. Содан кейін Азаттық қоңырауына мүлде жауап берген жоқ.

ЧАТ ӘКІМШІЛЕРІНІҢ БИЛІКПЕН БАЙЛАНЫСЫ БАР МА?

"Қазақстанның жастар ақпараттық қызметі" ұйымының басшысы Ирина Медникова да кейінгі күндері бақылаушы болғысы келетін студенттер күрт көбейгенін байқаған. Ол "Тәуелсіз бақылаушылар" бөліскен ақпаратқа сүйене отырып, ұйымға "Big family (Инь-Янь)" чатынан алты адам тіркелгенін анықтаған.

Медникованың пікірінше, тәуелсіз ұйымдарға жалған бақылаушы жіберу таңсық тәсіл емес, 2011 жылдан бері бар, кейінгі сайлауларда мұндай "лас әрекет" көбейе түскен. Ол "мұндай әрекеттің артында билік тұрады" деп есептейді.

Азаттық чат арқылы тапсырма беріп отырған үш адамның билікпен қандай байланысы барын анықтап көрді.

Абзал Әріп – "Қазақстан еріктілер лигасы" деп аталатын қоғамдық қордың Алматыдағы жетекшісі. Бұл қор 2019 жылы наурызда ресми тіркелген. Ал сол жылы сәуір айынан бастап мемлекеттік тапсырыс ала бастаған. Мемлекеттік сатып алу порталының мәліметінше, ұйым құрылғалы бері 31 тендер алған. Қор көбіне Алматы әкімдігінің тапсырысын орындайды. Төрт жылдан бері мемлекеттен тапсырыс алып, көптеген мәдени, спорттық іс-шара өткізген.

Әділет министрлігінің дерегінше, "Қазақстан еріктілер лигасының" екі құрылтайшысы бар: Сұлтан Айтбаев және Айсұлу Ерниязова. Ал басшысы – Дана Кенжеғалиева. Кенжеғалиевамен және Айтбаевпен байланысуға мүмкіндік болған жоқ. Ал былтыр қарашада ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі әрі студенттер омбудсмені болып тағайындалған Ерниязова екі жылдан бері "еріктілер лигасына" қатысы жоғын айтты. Сөзінше, өзінің құжат бойынша әлі де құрылтайшылар қатарында тұрғанынан "бейхабар".

Ашық дереккөздерден Абзал Әріп 2022 жылы тамыздан желтоқсанға дейін Алматы қаласы Наурызбай ауданы "Жастар ресурстық орталығының" жетекшісі болғанын байқауға болады. "Big family (Инь-Янь)" чатындағы Бауыржан Сәбитұлы да 2021 жылы осы орталыққа жетекшілік еткен.

Алматыда аудандардағы "Жастар ресурстық орталықтары" әкімдікке тікелей бағынышты емес. Олардың жұмысын қала әкімдігінің жастар саясаты басқармасының тапсырысы бойынша "Жастар саясатын дамыту" мемлекеттік қоры үйлестіріп отырады. Осы қордың директоры Әзиз Қажденбектің айтуынша, қазір Абзал Әріп пен Бауыржан Сәбитұлының орталық жұмысын үйлестіретін мемлекеттік қорға еш қатысы жоқ. Сондықтан олар "кімнің айтуы бойынша бақылаушы дайындап жүргенін білмейді".

19 наурызда өткен мәжіліс пен мәслихатты сайлауда тәуелсіз бақылаушылар учаскеде өздерінің жұмысына көп кедергі келгенін мәлімдеген. Оларды дауыс санауға қатыстырмай қойғаны, учаскеден қуып шыққаны да айтылған.

Сайлауды бақылаған Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросының (ДИАҚБ) сайлауды бақылау миссиясы дауыс санау процесіне алаңдаушылық білдірген. Бас прокуратура сайлау күні заңбұзушылықтар болғанын мойындағанымен, "бұл фактілер сайлау қорытындысына әсер етпеді" деп мәлімдеген.

Орталық сайлау комиссиясының қорытындысы бойынша, мәжілістегі басым орынды биліктегі "Аманат" партиясы иеленбек.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Әлеуметтік толқу қаупін" арттырған "Назарбаев стиліндегі сайлау""Сайлауды қайта өткізу керек!" Депутаттыққа өзін-өзі ұсынған кандидаттар дауыс беру нәтижесіне қарсы"Мобильді топ жеткенше шыдай тұрсын". Тәуелсіз бақылаушылар қызметінен репортаж