"Жер астындағы кезекті кісі өлтіру". Шахтадағы қайғылы жағдай ескі мәселенің қайта бетін ашты 

Шахтинск қаласындағы "Қазақстан" шахтасынан шыққан түтін. 18 тамыз 2023 жыл.

"АрселорМиттал Теміртау" (АМТ) компаниясының шахтасындағы өрт кемі үш шахтердің өмірін алды. Жер астында қалған екі жұмысшы әлі іздестіріліп жатыр, бірақ олардың аман табыларына үміт аз. Елдегі шахталар мен металлургия комбинаттарын иеленіп отырған АМТ компаниясында болған кезекті қайғылы жағдай қауіпсіздік мәселесіне қатысты сұрақтарды қайта туғызды.

"ЖЕР БЕТІНЕ ШЫҒУҒА ЖАНТАЛАСТЫ". ШАХТА АСТЫНДАҒЫ ӨРТ

"Қазақстан" шахтасында 17 тамыз таңертең басталған өрттен соң жер астындағы шахтерлер жанталаса сыртқа шықты. 227 жұмысшының бесеуі жер астында қалып қойған. Олар: 54 жастағы үңгуші Денис Стешин, жер астындағы электр слесарьлар – 58 жастағы Виталий Слюньков, 56 жастағы Виктор Бургун, 29 жастағы Артур Халиков және 26 жастағы Илья Старовойт.

17 тамыз кешкісін Виталий Слюньковтың, 18 тамыз таңертең Виктор Бургунның мәйіті табылғаны айтылды. Кейін тағы бір марқұмның сүйегі жер бетіне шығарылды, оның кім екені анықталып жатыр. Ал қалған екі шахтер әлі табылған жоқ. Шахтерлердің Азаттыққа айтуынша, жер астында қалған бір жұмысшының кішкентай баласы мен аяғы ауыр әйелі бар.

Қазір "Қазақстан" шахтасынан шығарылған 11 шахтер ауруханада, екі адам үйде емделіп жатыр.

Ал шахтадағы өрт әлі сөндірілген жоқ, құтқарушылар да жұмысын жалғастырып жатыр.

— Шахтадағы қиын жағдайға қарамастан өтуге тырысып жатырмыз, - дейді тау-кен өндірісіндегі құтқарушылар қауымдастығының Қарағандыдағы филиалы директорының орынбасары Геннадий Силинский.

Апат 600 метр тереңде болған, дегенмен метан шамадан аспаған. Өртке не себеп болғаны белгісіз. Билік "өрт себебін анықтауға мүмкіндік болмай тұр" дейді.

Қысымнан қорқып, аты-жөнін атағысы келмеген шахтерлер шахтадағы көмір шығаратын лента қысылып қалғанын, жақында ғана ауыстырылған конвейер ленталары тез жанып кеткенін айтады. Тағы бір жұмысшы конвейер лентасы дөңгелекке байланып, соның салдарынан лента қызып жанып кетуі мүмкін деп топшылайды.

Лентадағы ақауды 18 тамызда Шахтинскіде болған брифингте Қарағанды облысы әкімінің бірінші орынбасары Вадим Басин де айтты. Ол бір күн бұрын шахтадағы тозған ленталар жаңа ленталарға ауыстырылғанын растады.

— Жаңа лента орнатқанда қандай қателік кеткенін алда анықтаймыз, — деді әкім орынбасары.

Қаза тапқан үш адам апат болған аймақта жүрген, олар сыртқа шығып үлгерген адамдардан қалай қалып қалғаны белгісіз.

— Олар да сыртқа шығуға тырысқаны көрініп тұр. Бірақ онда температура өте жоғары болған әрі түтін басып кеткен, — дейді Басин.

Қазір шахтаның қабырғаларын суыту үшін су құйып жатыр. Басиннің сөзінше, бұл жұмысшылар қалған жерге жетуге көмектесуі тиіс. Бірақ брифингте "олардың тірі табылуы қиын, себебі жер астындағы ауа қоры бірнеше сағатқа ғана жетеді" деп айтылды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Денсаулығынан айрылған кеншілер моральдық өтемақы талап етеді

— Көп уақыт өтіп кетті. Шахтерлерге берілген өзін құтқаруға арналған құралдан (жер астында апат болған жағдайда шахтерлерге демалуға берілетін құрал – Ред.) енді көмек аз, мұны да түсінуіміз керек, — деді Вадим Басин.

Аты-жөнін айтқысы келмеген шахтерлер кейбір жұмысшыдар өзін құтқаруға арналған құралдар болмағанын, кейбірі шахтаға осы құралсыз әрі арнайы көзілдіріксіз түсетінін айтады. Ал өзін құтқаруға арналған құралы барлар "егер арнайы көзілдірік болмаса, жер бетіне шыға алмас едік" деп отыр.

— Түтін көзді ашытты. Сол кезде адасып қалуымыз мүмкін еді, - дейді "Қазақстан" шахтасының бір жұмысшысы.

ТАҒЫ ДА "ҚАЙҒЫЛЫ ЖАҒДАЙ" ДЕП ЖЫЛЫ ЖАБА МА?

Билік шахтерлер өлімін "қайғылы жағдай" деп атады. 2022 жылы қарашада Шахтинскідегі Ленин атындағы шахтадағы апаттан бес адам қаза тауып, төртеуі зардап шеккен. Бұл апат бойынша тергеу әлі жалғасып жатыр.

Былтыр маусымда АМТ компаниясының металлургиялық комбинатында конструкция құлап, төрт жұмысшы қаза тауып, бір адам ауыр жараланған. Бұл оқиғаны да "қайғылы жағдай" деп атаған. Қазір комбинаттағы жағдайдан соң қозғалған іс сотқа жетті.

"АрселорМиттал Теміртау" кәсіпорындарындағы апаттың жиілеуі үйреншікті жағдайға айналып бара жатқан тұста журналистер шенеуніктерден "компания басшылығы жазаға тартыла ма?" деп сұраған. Биліктегілер "сот компания басшылығын нақты бір жағдайға кінәлі деп тапса, жауапқа тартылады" дейді.

Брифингте тілшілер "осындай қайғылы оқиға болып жатқанда шахталардың иесі Лакшми Митталдың өзі неге Қазақстанға келмейді?" деп те сұраған. Бұған АМТ өкілі Сергей Огай "акционердің адамдарына жағдай туралы айтылды" деп жауап берді.

Шахтинск қаласындағы "Қазақстан" шахтасынан шыққан түтін. 18 тамыз 2023 жыл

"БАРЛЫҒЫНАН ҮНЕМДЕУ"

Байырғы шахтер, қазір қоғам белсендісі Павел Шумкиннің айтуынша, жер астында болған оқиғаны "қайғылы жағдай" деп атау дұрыс емес:

— Бұл қалай "қайғылы жағдай" болады? Шахтаға бардың, онда бірдеңе болды, біреу шығып үлгерді, біреу үлгермеді, солай ма? "Қайғылы жағдай" деген термин совет кезінде де болған. Бұл бір тыныштандыратын термин сияқты. Шахтерлер байбалам салып-ақ жатыр, құлақ салар адам жоқ, олар — "камикадзе". Біздің шахталарда ереже жоқ. Мұндай көмірді өндірудің технологиясы бар. Оның үстіне олар ескі әрі тар, барлығы тар, қысылып тұр, газ бен су кететін жер жоқ, — дейді Шумкин.

Ол шахтада болған оқиғаны "жер астындағы кезекті кісі өлтіру" деп санайды.

— Шахтерлерді бейшара қылып жіберді. Басқа мамандықтарда өлім-жітім бұдан аз. Жүздеген кенші опат болды, мүгедек болғандар туралы тіпті айтпаса да болады. Ешкім, тіпті [шахта] қожайындары да жауапқа тартылған жоқ. Жауапты адамдарды жасырғаны үшін әкімдік пен прокуратурадан да ешкім сотқа тартылмады. Қазір шахтада құжынап адам жүр, бәрінің түрі боп-боз, енді кімді құрбандыққа шалады екен деп күтіп отыр. Әйтеуір біреуді кінәлі етіп, қамайды. Шынайы жағдайды білу мүмкін емес: шахтаға кіріп, жұмысшылармен еркін сөйлесе алмайсың. Биліктегілердің ешқайсысы қозғалмайды, әрдайым осылай. 70 адам өлсін деп күтіп отырған болар, — деді Шумкин Азаттыққа сұхбатында.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Абай" шахтасындағы апаттан кейін кеншілермен келіссөз немен бітті?

Аймақтағы шахталарда қауіпсіздікке келгенде ақша көп үнемделетіні бұрын да талай айтылған.

— Еңбек жағдайындағы олқылықтарға бәрінің еті үйреніп кеткен. Не болғанын қазір айту қиын, — дейді "Шахтер отбасы" ұйымының мүшесі Дмитрий Сенявский. — Бұрын өзім де шахтада жұмыс істегенмін, үгіндіге үйкелген лента қалай тұтанатынын көзіммен көргенмін. Лентаның тұрған жері мен қаншалық жүк тиелгеніне байланысты. Лента шашылған көмірге үйкелгеннен от тұтанған болуы мүмкін. Жалпы бұл – жүйелі жетіспеушілік салдары, басты себеп – барлығынан үнемдеу және адам жетіспеушілігі.

Осыдан 15 жыл бұрын, шахталардағы қайғылы оқиғалардан соң қаза тапқан шахтерлер жесірлерімен бірге "Шахтер отбасы" үкіметтік емес ұйымын құрған Наталья Томилованың айтуынша, бұл оқиғала жұмыс берушінің тым үнемшілдігі себеп болған.

— Штат жетіспейді, шахтерлер өте көп жұмыс істейді. Ештеңе жетпейтінін үнемі айтып жүреді, тіпті жай бұранданың өзі қат. Мұның бәрі – салғырттық, барлығынан ақша үнемдеу. Бәрібір кінәні жұмысшыға жаба салады. Үнемдеу кесірінен тат басқан бұрандаға бола адам мүгедек болып қалуы мүмкін. Осындай бір іс бойынша соттасқанбыз. Жұмыс беруші ақша үнемдегендіктен жұмысшы мүгедек болған жағдай өте көп. Мұны қанша айттық, қаншама жиналыс болды, дегенімізге жетуіміз керек, — деді Наталья Томилова Азаттыққа сұхбатында.

Өткен жылғы дерек бойынша, Қазақстан шахталарында 160-тай адам опат болған. 2021 жылғы қарашада сол кездегі төтенше жағдай министрі Юрий Ильин "АреслорМиттал Теміртау" шахталарындағы техника қауіпсіздігі сын көтермейтінін, өте көп олқылық табылғанын айтқан. Оның айтуынша, қауіпсіздік ережелерін жүйелі түрде бұзу фактілері бойынша сот оларға тек айыппұл салумен шектелген. Экология нормаларын бұзу, қоршаған ортаға зиян келтіру жағдайлары бойынша да олар тек айыппұл төлеумен құтылады.

КЕЗЕКТІ МӘЛІМДЕМЕЛЕР

17 тамызда Ақорда мынадай мәлімдеме жасады: "Шетелдік компанияға тиесілі мекемелерде жалғасып жатқан апаттар олардың инвестициялық және өзге де міндеттемелерін өрескел бұзып жатқанынан хабар береді, бұл олардың Қазақстан нарығында қалу ықтималдығына едәуір әсер етуі мүмкін".

Ал Шахтинск қаласынан шыққан мәжіліс депутаты Никита Шаталов өзінің Telegram-арнасында: "Шахталардың жағдайы, қауіпсіздік жүйесі бұрынғысынша қалды, менеджмент сол бетінше табысты арттыруға ғана күш салып келеді. Оларға қазақстандықтардың өліп жатқаны маңызды емес. Тығырықтан шығудың бір ғана жолы бар: мемлекет Митталдың компаниясын елден қуып, Қазақстанның жерасты байлығы мен оның өнеркәсібін пайдалану бойынша барлық келісімдерді тоқтатуы тиіс, үнді азаматы бұған ештеңе де салған жоқ".

"Арселор" мекемелерінде осындай қайғылы жағдайлар болғанда да осындай мәлімдемелер жасалған. Компания жұмысын жалғастырып жатыр. Жаппай жекешелендіру дүрмегінде, 1995 жылы жылы олармен жасалған келісім-шарттың жай-жапсары халықтан жасырын.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Өлсек, қуанатын шығар". Өндіріс мүгедектерінің сайлау алдында билікке талабы