Accessibility links

Хромтаудағы 4 адам қаза тапқан оқиға туралы не белгілі?


"Ақтөбе мыс компаниясы" ЖШС.
"Ақтөбе мыс компаниясы" ЖШС.

30 желтоқсан күні кешке Ақтөбе облысы Хромтау ауданындағы шахтада төрт адам қаза тауып, бір адам зардап шекті. Көктау ауылынан 30 шақырым жердегі шахта "Ақтөбе мыс компаниясына" тиесілі. Оқиға жарылыс жұмыстарын жүргізу кезінде болған. Жергілікті биліктің мәліметінше, жұмысшылар тұншықтырғыш газдан уланған болуы мүмкін.

ОҚИҒА ТУРАЛЫ ӘЗІРГЕ НЕ БЕЛГІЛІ?

Ақтөбе облысы төтенше жағдайлар департаменті таратқан баспасөз хабарламасына қарағанда, оқиға туралы алғашқы хабар 30 желтоқсан күні 21.21 уақытында (жергілікті уақыт бойынша) Хромтау ауданының өрт сөндіру бөліміне түскен. Онда жарылыс жұмыстарын жүргізу кезіне төрт адамның қаза тапқаны, бір адамның зардап шеккені айтылған.

Азаттық сөйлескен оқиға куәгері (есімін атамауды өтінді) төрт адамның мәйіті жер астынан 31 желтоқсан күні таңға қарай шығарылғанын айтады. Оның сөзінше, өндіріс уақытша тоқтап тұр.

– Күндізгі ауысым аяқталған соң, бес адам кен өндіретін жерді жарып, келесі ауысымға дайындап кетуі керек еді. Сағат 7.00-ден өте диспетчер "взрывниктер шықпай жатыр" деп хабарлады. Сәлден соң жер астына бірге түскен бес адамның бірі "қасымдағылардың бәрі қайтыс болды" деп телефонмен хабар берді. Ол улы газ тарай бастағанда жерге жата қалған. Сыртқа шығарғанда есі бар, сөйлеп жатты, – дейді кенші.

Кеншінің сөзінше жұмысшылар вахталық әдіспен жұмыс істеген, ал оқиға күні шахтада болғандар 31 желтоқсан күні үйлеріне оралуға тиіс болған.

Төтенше жағдайлар департаменті қаза тапқандардың мәйіті таңғы 5.30 уақытында "1,5 шақырым тереңдіктегі +75 метр горизонттан" жоғары шығарылған.

Облыс әкімдігі таратқан ақпаратқа қарағанда, бастапқы тексеру жұмысшылардың тұншықтырғыш газдан уланғанын болуы мүмкін екенін көрсеткен.

Тірі қалған жұмысшының денсаулығы бір қалыпты, алғашқы медициналық көмек көрсетілген соң, үйіне жіберілген.

Облыс әкімдігі қаза тапқандардың аты-жөнін жариялады. Олар:

  • Тау-кен шебері Қайқанов Асхат Мадридұлы;
  • Жарушы Черный Денис Викторұлы, 1985 жылы туған;
  • Жарушы Шаметов Рустам Бекарысұлы, 1981 жылы туған;
  • Жүргізуші Б. Жакупов, 1983 жылы туған.

ШАХТАДАҒЫ ҚАУІПСІЗДІК ШАРАЛАРЫ ҚАНДАЙ?

"Ақтөбе мыс компаниясының" аты-жөнін атамауды сұраған өзге бір кеншісі қауіпсіздік мәселелеріне мұның алдында бірнеше рет шағымданғанын, бірақ шағымның елеусіз қалғанын айтады.

– Өндірістегі қауіпсіздік мәселелері туралы көптен бері айтып келеміз. Басшылар тыңдайды да қояды. Нәтиже жоқ. Көктаудағы шахтада техникалық қауіпсіздік жағы осал. Өрт крандары жоқ. Мен сізге қарапайым ғана мысал айтайын. Шахтаға жұрт коронавирустан қорғану үшін киіп жүрген медициналық респиратормен түсіп жүрміз. Өндіріске арналған респиратор берілмейді, – дейді кеніш жұмысшысы Азаттыққа.

Азаттыққа пікір білдірген екі кенші де аты-жөнін атамауын "жұмыссыз қаламын" деп қорқуымен түсіндірді.

"Весенняя Аралчинская" ЖШС бас инженері Наиль Сафин жұмысшылардың бұл шағымын жоққа шығарып, қауіпсіздік шарттарының сақталғанын, өндірістік респираторлардың жеткілікті екенін мәлімдеді.

Полицияның мәліметінше, оқиғаға байланысты қылмыстық кодекстің 156-бабы (Еңбектi қорғау қағидаларын бұзу) 4-тармағы (абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан іс-әрекет) бойынша іс қозғалған.

"АҚТӨБЕ МЫС КОМПАНИЯСЫ" ТУРАЛЫ НЕ БЕЛГІЛІ?

Статистика агенттігінің мәліметіне қарағанда, "Ақтөбе мыс компаниясы" ЖШС 2004 жылы тіркелген, мыс кенін өндірумен және байытуымен айналысады, қызметкерлерінің саны 1 мыңнан асатын ірі кәсіпорын саналады.

Серіктестік мыс өндіру бойынша Ресейдегі ең ірі үшінші компания саналатын "Орыс мыс компаниясына" тиесілі.

"Орыс мыс компаниясының" сайтындағы мәліметке қарағанда, "Ақтөбе мыс компаниясы" жылына 60 мың тоннаға дейін мыс, 45 мың тоннаға дейін мырыш (концентратта) өндіреді. Компания қызметкерлерінің саны 1600 шамасында.

Ресейлік компанияның ақпараты бойынша, ""Весенняя Аралчинская" шахтасында жылына 500 мың тоннаға дейін мыс рудасын өндіретін кеніш салу жоспарланған.

"Орыс мыс компаниясының" негізін қалаушы және бас акционері – ресейлік миллиардер Игорь Алтушкин. Forbes журналы оның байлығын 4,1 миллиард долларға бағалаған.

ӨНДІРІС ОРЫНДАРЫНДАҒЫ ҚАЙҒЫЛЫ ЖАҒДАЙЛАР ТУРАЛЫ

Статистика агенттігінің мәліметіне қарағанда, жыл сайын екі мыңнан астам адам еңбек қызметіндегі жазатайым оқиғалардан зардап шегеді. Олардың қатарында қаза табатындары да бар. 2019 жылы қызметін атқару кезінде республика бойынша 2111 адам зардап шексе, соның 103-і Ақтөбе облысының үлесінде болған. Оның 13-і қайтыс болған.

Былтыр Қазақстанда еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғалардан 190 адам қайтыс болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG