Өзбекстан сұрауы бойынша 2022 жылы Алматыда ұсталған қарақалпақ белсенділері - Қошқарбай Төремұратов пен Жангелді Жақсымбетов 13 қыркүйекте қамау мекемесінен босап шықты. Бұл жөнінде Қазақстандағы қарақалпақ диаспорасының мүшесі Ақылбек Мұратбай хабарлап, X (бұрынғы Twitter) әлеуметтік желісінде олардың босаған сәтінен видео жариялады.
Ақылбек Мұратбайдың Азаттыққа айтуынша, тура бір жыл бұрын қамалған екі қарақалпақ белсендісінің қамау мерзімі аяқталғандықтан босап шыққан. Заң бойынша, құқық қорғау органдары оларды одан артық қамауда ұстай алмайды.
"Өзбекстанның оларды экстрадициялау туралы өтініші әлі күшінде. Қазақстан жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы жазда оларға босқын мәртебесін беруден бас тартты. Белсенділер шешімді апелляцияға берген. Адвокатының айтуынша, бұл процесс бір жылға созылуы мүмкін. Түпкілікті шешімді Жоғарғы сот шығаруы керек. Дегенмен біз оларға Қазақстаннан үшінші елге кетуіне мүмкіндік береді деп үміттенеміз" деді Ақылбек Мұратбай.
Төремұратов пен Жақсымбетов 2022 жылы күзде Өзбекстанның өтініші бойынша Алматыда ұсталып, қамалған. Өзбекстан оларды "республика конституциялық құрылысын құлатпақ болды" деп айыптап, халықаралық іздеу жариялаған. Екі белсенді Қазақстаннан босқын мәртебесін сұраған. Шілде айында Қазақстан билігі олардың өтінішін орындамаған. Қазір олар шешімді апелляцияға берген. Құқық қорғаушы Денис Дживаганың айтуынша, әзірге сот қашан болатыны белгісіз.
Былтыр күзде Қазақстанда өзге де қарақалпақ белсенділері Тілеубике Юлдашева, Зиуар Мирманбетов, Раиса Құдайбергенова ұсталып, қамауға алынған. Олар сәл кейінірек ұсталғандықтан олардың қамау мерзімі әлі аяқталмаған. Олардың босқын мәртебесін беру туралы өтінішін комиссия әлі қарап үлгермеген.
Қарақалпақ белсенділерінің бұлайша қуғындалуын олардың жақтастары 2022 жылы шілдеде Нөкісте болған қанды оқиғамен байланыстырады.
Былтыр қазанда Human Rights Watch аталған белсенділердің Қазақстаннан саяси баспана сұрағанын хабарлаған. Құқық қорғау ұйымының мәліметіне қарағанда, көптен бері Қазақстанда тұратын олар жергілікті қарақалпақ диаспорасына мүше болған. HRW "Өзбекстанда азаптап, саяси желеумен соттауы мүмкін" деп оларды Ташкентке бермеу жөнінде үндеу жасаған.
2022 жылы 1 шілдеде Өзбекстан құрамындағы Қарақалпақстан автономиялық республикасының астанасы Нөкіс қаласында халық жаппай наразылыққа шыққан. Оған Өзбекстан билігінің жаңа конституция жобасына Қарақалпақстанның егемендік мәртебесін жою жөнінде жазғаны себеп болған. Нөкіс оқиғасында Өзбекстан билігі халықтың бейбіт наразылығын күшпен басып, ондаған адам өлген. Бұл оқиғаға байланысты қарақалпақ белсенділерін көп жылға соттаған.