Accessibility links

"Тәуелсіздікті армандау – қылмыс емес". Қарақалпақстандағы қантөгістен кейінгі сот қалай өтті?


Daulet Tajimuratov
Daulet Tajimuratov

Қарақалпақстандағы былтырғы наразылық қантөгіспен аяқталды. Өзбекстандағы автономиялық аймақта болған бұл оқиғадан кейінгі сот процесін бақылағандар құзырлы орган қызметкерлері арасынан жазаға ешкім тартылмағанын айтады.

31 қаңтарда Бұхарада аяқталған сот процесі бірнеше жыл бұрынғы Өзбекстанда ешкім қатыспайтын, жабық шара болар еді.

Өзбекстанның қазіргі билігі қойылымды жақсы көреді.

Өткен жазда Конституцияға ұсынылған өзгерістер мәтіні жарияланғаннан кейін Өзбекстанның автономиялық аймағы – Қарақалпақстанда жаппай наразылық басталды. Халық Қарақалпақстанның автономиясын жою туралы конституциялық өзгеріске қарсы шықты. Салдарынан кемі 21 адам қаза тапты.

Үкімет Қарақалпақстан мәртебесіне қатысты конституциялық өзгерістен бас тартып, соңы жаппай тәртіпсіздікке ұласқан бейбіт демонстрацияға "сыртқы күштерді" кінәлады.

Билік наразыларға қарсы оқ атқан әскерилер мен оларға бұйрық берген өкілетті тұлғаларды айыптаған жоқ. Қарақалпақстан полициясының бастығы автономия республикадағы ең жоғарғы лауазым – парламент төрағасы қызметіне тағайындалды.

Прокуратура ашық пікір білдіріп жүрген қарақалпақ азаматы, адвокат әрі журналист Дәулетмұрат Тәжімұратовты төңкеріс жасап, билікті тартып алмақ болды деп айыптады.

Бұхара соты оны 16 жылға бас бостандығынан айырды. Қарақалпақстан астанасы Нөкісте болған наразылыққа қатысты деп айыпталған 16 адамға 8,5 жылға дейін түрме жазасы кесілді.

Тәжімұратов өзіне тағылған айыпты мойындаған жоқ. Ол президент Шавкат Мирзияев жариялаған "Жаңа Өзбекстанда" әділдік жоқ деп сынады.

Тәжімұратов өзіне тағылған айыптардың бәрін (арасында "ақша жымқыру" және "мемлекет қаржысын талан-таражға салу" бабы да бар) жоққа шығарды. Ол полицияда азаптау көргенін айтып, Қарақалпақстандағы жағдайдың ушығуына шенеуніктерді кінәлады.

– Ол маңызды, жүйелі сұрақтар қойды. Айыптау тарабымен бірдей сұрақтар қойып отырды. Тәжімұратов – Қарақалпақстанға белгілі адам. Өзін көп жылға түрмеге жабатынын білді. Қарақалпақтар үшін оның сотта сөйлеген сөзі қаһармандықпен бірдей болды. Айыптау тарабының "наразылық астыртын сөз байласу нәтижесінде болған" деген нұсқасы дәлелденбеді. Тәжімұратов түсініктемедегі қайшылықтарды көрсетіп берді, – дейді ресейлік құқық қорғаушы, "Мемориал" ұйымының басшысы Виталий Пономарев. Ол сот процесіне "Мемориал" қоры атынан бақылаушы жіберген, қазір шілдеде Қарақалпақстанда болған наразылық туралы есеп дайындап жатыр.

Былтыр шілдеде Қарақалпақстанда өткен наразылық.
Былтыр шілдеде Қарақалпақстанда өткен наразылық.

Бес айыпталушы (олардың бірі – журналист Лолагүл Қаллыханова) шартты жаза алып, сот залынан босатылды. Жарты жыл қамауда отырып, бостандыққа шығатынын естіген айыпталушылардың кейбірі көзіне жас алды.

Айыпталушылардың көбі түсініктемелерінде Тәжімұратовқа сілтеді.

Бірақ ол сотта сөйлеген сөзінде (айыпталушының сөзін қарақалпақ тілінен өзбек тіліне жекеменшік Gazeta.uz сайты аударды) сепаратист емес екенін қайталады.

– Тәуелсіздік алу үшін ештеңе істеген жоқпын. Өйткені қазірге дейін Өзбекстанда жақсы өмір сүріп келдік. Тәуелсіздікті армандау – қылмыс емес. Арманымнан бас тартпаймын, өле-өлгенше егемендікті аңсап өтемін. Бірақ бұл – қылмыс емес. Қазір босатсаңдар, тәуелсіздік алуға жүгірмеймін, бірақ арманым өлмейді, – деді ол.

ОҚИҒА ҚАЛАЙ ӨРБІДІ?

Қарақалпақстанның ерекше мәртебесі бұрыннан Өзбекстан билігінің "бас ауруына" айналған еді.

Коммунизм салтанат құрып тұрғанда Қарақалпақстан Ресей Советтік Социалистік Республикасының құрамына кіретін автономиялық республика болған. 1930-жылдары Өзбек СССР-іне қосылды, бірақ автономия республика мәртебесін сақтап қалды. Өзбекстан тәуелсіздік алған тұста конституция деңгейінде референдум өткізіп, дербес мемлекет атану құқығына ие болды. Қарақалпақстан басқа постсовет елдердегі автономиялардан осынысымен ерекшеленеді.

Былтыр маусымның аяғында Өзбекстан Конституциясына ұсынылған өзгерістер жобасынан Қарақалпақстанға кез келген уақытта референдум өткізіп, бөлініп шығуға кепілдік беретін бап жоғалып кеткен. Бұл өңір халқының наразылығын туғызды.

Тәжімұратов сотта бұл мәселеге Өзбекстан Конституциясындағы Қарақалпақстан мәртебесін реттейтін бапқа өзгеріс енгізуді сұраған қарақалпақ депутаттарды кінәлады. Айыпталушының сөзінше, бұл мәселе Қарақалпақстан парламентінің жабық отырысында талқыланған.

Кейін депутаттар ұсынысы Өзбекстан Конституциясының жаңа жобасын дайындап жатқан комиссияның қолына түскен. Бақылаушылардың пікірінше, Конституцияны өзгертудегі негізгі мақсат – Мирзияев билігін ұзарту.

Қарақалпақстандағы қантөгістен кейін Мирзияев штаб басшысын қызметінен босатқан. Бұл Қарақалпақстан мәртебесін өзгерту идеясы Ташкентте туған деген болжамдарға себеп болды. Бірақ Тәжімұратов сотта Мирзияев туралы тек жақсы пікір айтты.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев.
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев.

Тәжімұратов жаппай тәртіпсіздік басталмай тұрып, шенеуніктерге хат жазып, халық арасында наразылық өршіп тұрғанын, мұның соңы қайғылы жағдайға апарып соғуы мүмкін екенін ескерткен. Заңгер және "Ел қызметінде" газетінің бас редакторы қызметінен бөлек, YouTube және Telegram желілерінде де белсенді болған. Күнделікті әрекетін салып, халыққа есеп беріп отырған. Өзінің айтуынша, белсендінің бейбітшілікті сақтап қалу жолындағы талпынысы нәтижесіз аяқталған.

Кейін Қарақалпақстан астанасы Нөкісте халық алдына шыққан Тәжімұратов биліктен конституциялық өзгерістерге қарсы бейбіт демонстрация өткізуге рұқсат сұрағанын айтты.

Оны полиция ұстап әкеткенде, алаңдағы халық толқып, мыңға жуық адам жиналды. Полиция халыққа басу айту үшін Тәжімұратовты босатуға мәжбүр болды.

Оқиға орнынан түсірілген кадрларда халықтың Тәжімұратовты айқайлап, у-шу болып күтіп алғаны көрінеді. Тәжімұратов сотта полицияның "тәртіпсіздіктің алдын алу үшін жай сөйлесуге ұстадық" деген сөзіне мысқылдап күлді.

– Маска таққызып, қолыңа кісен салып, автозакқа лақтырып, электрошокермен ұрып, тепкілеп, қан құстырып, содан кейін ғана босату. Жаңа Өзбекстандағы профилактикалық әңгіме осылай бола ма? – деді белсенді.

Human Rights Watch (HRW) ұйымының Орталық Азия бойынша аға зерттеушісі Мира Риттман Тәжімұратовтың азаптау туралы түсініктемесі бойынша тергеу жүрмегенін, сотта ұрып-соғу нәтижесінде алынған дәлелдер негізге алынуы мүмкін екенін айтып, алаңдаушылық білдірді.

HRW қарашадағы есебінде Өзбекстанның күш құрылымдары Қарақалпақстандағы тәртіпсіздік кезінде халыққа қарсы негізсіз оқ атқанын жазған. Зерттеушілер бейбіт халыққа қарсы қолданылған әскери оқ пен жарық гранаталарына жеке тоқталған.

"ҚАРАҚАЛПАҚТАРДЫҢ РОБИН ГУДЫ"

Тәжімұратов өз жерінде қарақалпақ құндылықтарын қорғаушы ретінде танылған. 2021 жылы ол қарақалпақтарды "өзбек жамылғысының астында тұрып жатқан халық" деп атағаны үшін өзбек әншісі Юлдуз Усманованы сотқа берген.

Қазақстанда тұратын қарақалпақ белсенді Ақылбек Мұратбай мұндай оқиға көп болғанын айтады.

– Ферғана облысында біреу қарақалпақтарды қорлайтын сөз айтса, сол жаққа барып, арыз берер еді. Ол үнемі заң аясында әрекет ететін. Қарақалпақтарға тегін құқықтық көмек берумен айналысатын. Газбен, сумен қамту мәселесін шешуге тырысқан тұрғындарға азын-аулақ ақыға көмек қолын созатын. Жергілікті халықтың Робин Гуды сияқты. Үкіметті жиі сынайтын, бірақ шектен шықпайтын. Мирзияевты немесе Қарақалпақстан парламентінің төрағасы Камаловты сынаған емес. Адамдар оны Камалов қорғап отыр дейтін. Өйткені басқа журналистерге дәл бұлай еркін пікір білдіруге рұқсат етілмейтін, – дейді Мұратбай.

Сотта Тәжімұратов Камаловты мақтап, "маған сөз берді" деді.

Қарақалпақстан Жоғарғы кеңесін басқарған Мұрат Камалов.
Қарақалпақстан Жоғарғы кеңесін басқарған Мұрат Камалов.

Айыптау тарабының нұсқасы бойынша, Тәжімұратов Камаловты биліктен тайдырмақ болған. Қарақалпақстандағы оқиғадан кейін бір айдан соң Камалов отставкаға кетті.

Тәжімұратов полиция қолынан босатылып, бірнеше сағаттан соң наразылар мен күш құрылымдары арасында қақтығыс күшейген тұста қайта ұсталған.

Ол кезде аймақта интернет бұғатталған. Бұл жолы Тәжімұратовты ешкім босатып алмады. Қыркүйекте Қарақалпақстан оқиғасын зерттеу үшін құрылған комиссия Тәжімұратовпен кездесіп, оның еш шағымы жоғын айтты.

Фотода Тәжімұратовтың жүзі көрінбейді. Комиссия әзірше биліктің наразылықты күшпен басуына қатысты қорытынды жарияламады. Ашық сот процесі, арнайы комиссия Мирзияевтан бұрынғы президент, автократ Ислам Каримовтың әдісіне ұқсамайды. 2005 жылы Өзбекстан билігі Ферғана жазығындағы Әндіжан қаласында жүздеген наразыны атып тастағанда қайғылы оқиға бойынша зерттеу жүргізілмеген.

"АЗАПТАУ БОЛМАҒАН"

Шілдеде Қарақалпақстандағы жағдайды Әндіжан оқиғасымен салыстырушылар көбейгенде, депутат, комиссия мүшесі Бобур Бекмуродов Twitter-дегі парақшасына бұлай деуге негіз жоғын жазды.

Ол журналистерге қантөгістен кейін бірден Қарақалпақстанға баруға рұқсат етілгенін еске салды. "Каримов болса, қатаң жауап берер еді" деді ол.

Қарақалпақстандағы наразылыққа байланысты 22 адамға үкім шықты
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:24 0:00

Бекмуродов Тәжімұратовтың "полиция күш қолданды" деген мәлімдемесіне қатысты ұсталғандардың бірде-бірі азаптау туралы шағым бермегенін айтқан.

Сот залынан босатылған азаматтардың сөзіне қарап, Ташкент айыпталушыларды Тәжімұратовтың сөзін жоққа шығаруға пайдаланып отыр деген алаңдаушылық күшейді. Қарақалпақ журналисі Лолагүл Қаллыханова 1 шілдеде Ташкентте ұсталған. Баспасөз еркіндігін қорғаушы ұйымдар журналистің қауіпсіздігіне алаңдап, дабыл қаққан. Жақында бостандыққа шыққан Қаллыханова Gazeta.uz басылымына берген сұхбатында сот жұмысын 10/10 деп бағалаған. Өзінің айтуынша, журналиске білімді, ақылды тергеушілер кездесіп, жақсы сөйлескен. Лолагүл ұзақмерзімді түрме жазасынан құтылғанына қуанып, өзі және Тәжімұратов жаппай тәртіпсіздік үшін жауапқа тартылуға лайық екенін айтты.

– Конституциялық өзгерістерден бұрын болған жақсы дүниенің бәрі әлі де жалғасып жатыр. Мемлекет басшысына алғыс айтамын, – деді Қаллыханова.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG