Астана "Талибанмен" жақындаса ма? Қазақстан санкция салынған тауарды Қытайдан Ресейге жеткізіп жатыр ма?

Қазақ-ауған форумы. Астана, 3 тамыз 2023 жыл.

Батыс басылымдары бұл аптада Қытай Орталық Азия арқылы Ресейге санкция салынған тауарды жеткізіп жатыр ма деген сұраққа жауап іздеді. Сонымен қатар Астана не себепті «Талибан» қозғалысын террористік ұйымдар тізімінен шығару жайлы шешім қабылдағанына үңілді. Бұдан бөлек күкірт қышқылының тапшылығы «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының уран өндіру жоспарына теріс әсер ететінін жазды.

"ШЕКТЕУ ҚОЙҒАН ТАУАРДЫ ҚЫТАЙДАН РЕСЕЙГЕ ЖЕТКІЗУ" ЖӘНЕ ЖАНАМА САНКЦИЯ ҚАУПІ

АҚШ-та шығатын Diplomat басылымы Қытай Ресейге санкция салынған тауарды Орталық Азия арқылы жеткізіп жатқанын жазды.

Көптеген ел АҚШ пен Еуроодақтың Ресейге қарсы санкцияларына қосылмаса да, жанама санкцияға ілінгісі келмейді. Оның бірі – Қытай. Мақала авторлары Өзбекстан журналистері – Дильфуза Мирзахмедова, Шахриер Исмаилходжаев және Камила Файзиеваның жазуынша, Қытай Орталық Азия арқылы Ресейге Украинадағы соғыста қолдана алатын тауар тасымалдайды. Осылайша реэкспорт Мәскеуге санкцияларды айналып өтіп, әскери өнім шығаруға мүмкіндік береді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Соғыс және санкция: Қазақстан фирмалары Ресей шабуылына қалай көмектесіп жатыр?

2022 жылы Орталық Азияға Қытайдан импорт 44 пайызға өсті. Қытайдың аймаққа экспорты артқаны назар аудартады, себебі оның әлемге жалпы экспорты соншалықты көп өспеген. Ал Орталық Азияның экономикалық өсімі алдыңғы жылдармен бірдей болған.

2022 жылы Орталық Азияның Ресейге экспорты отыз пайызға өсті. Авторлар Орталық Азия Қытайдың Ресейге тауарларын реэкспорттап, Қытайға жанама санкцияларға ілінбеуге көмектесіп жатыр деп есептейді.

Сарапшылар осы гипотезаны тексеру үшін Trade map сайтындағы деректерді қолданып, аймақ елдері Қытайдан қандай тауарды импорттап, Ресейге қандай тауар түрін экспорттап жатқанын зерттеген.

Қазақстан 2022 жылы Қытайдан импорттаған негізгі тауар тізімінде ядролық реакторлар, қазандықтар, машиналар, электр машиналары мен оның жабдықтары бар. Дәл осы тауар Ресейге экспортталатын тауар тізімінде де жүр. Қазақстан 2021 жылы да осы тауарларды Қытайдан алдырып, Ресейге тасымалдаған. Бірақ 2022 жылы бұл тауар категориялары бес есе өскен. 2022 жылы темір, болат пен бейорганикалық химикаттардың Қытайдан импорты мен Ресейге экспорты өскен. Бұл санкциямен шектелген тауар, Ресей оны әскери өнеркәсіпте қолдана алады.

Өзбекстан Қытайдан сатып алып, Ресейге экспорттайтын тауар тізімінде пайда болған жаңа категориялар: ядролық реактор, қазандық, электр машиналары мен оның жабдықтары. Ядролық реактор, қазандық пен жабдықтың Ресейге экспорты 264 пайызға өсті, ал Қытайдан осы тауардың импорты 134 пайызға өскен.

Қырғызстан Қытайдан импорттап, Ресейге экспорттай бастаған жаңа тауар тізімінде де ядролық реактор, қазандық пен машиналар, тоқыма мата, аяқ киім мен бағалы емес металдан жасалған бұйымдар бар. Қырғызстанның Ресейге мақта экспорты 2022 жылы 7564 пайызға, ал 2021-2022 жылдары бағалы емес металдан жасалған бұйымдардың экспорты 1245 есе өскен. Мақта-мата экспортының өсімі Ресейден әлемге танымал брендтердің кетуімен байланысты болуы мүмкін.

Берлиндегі Ресей және Еуразияны зерттеу жөніндегі Карнеги орталығының ғылыми қызметкері Темур Умаров алдағы жылдары Орталық Азия үшін Ресейге санкцияларды айналып өтуге көмектесу қиындай беретінін айтады, бірақ бұл көп ретте Еуроодақ пен АҚШ-тың ұстанымына байланысты болмақ. Умаровтың айтуынша, Батыс елдері бұған көз жұмып қарап отырған жоқ, 2023 жылы Ресей мен Орталық Азияның арасындағы сауда сәл төмендеген. Сарапшының ойынша, әлемге танымал брендтер Ресейден кеткендіктен, алдағы уақытта бұл елге санкцияға ілінген тауар емес, нарықта жоқ тауар көбірек реэкспортталмақ.

КАБУЛМЕН СЕРІКТЕСТІКТІ КҮШЕЙТУ ЖӘНЕ АСТАНАНЫҢ АМБИЦИЯСЫ

Словениядағы Таяу Шығыс пен Балқанды зерттеу жөніндегі халықаралық институт (IFIMES) өз сайтында Қазақстан не себепті «Талибан» қозғалысын террористік ұйымдар тізімінен алып тастау жайлы шешім қабылдағанын талдады.

Бұл шешімнің астарына үңілген мақала авторлары Ирландиядағы Дублин қалалық университетінің профессоры Кристиан Каунерт пен Оңтүстік Уэльс университетінің ғылыми қызметкері Анант Мишра Астана трансшекаралық сауда дәлізін кеңейтіп, Ауғанстан экономикасын құлдыраудан құтқаруға ұмтылып жатыр ма деген сұраққа жауап іздейді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Орталық Азияға Ауғанстан жақын болса да, "Талибан" алыс. Тәліптерден аймаққа қауіп бар ма?

2021 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ауғанстан тұрақты, егемен, саяси біртұтас елге айналып, көрші елдермен интеграцияланады деп мәлімдеген. Зерттеушілер Астана Ауғанстанды Орталық Азия елдерінің экономикасына интеграциялап, Кабулдың басқа елдермен сауда жасауына жол аша алар еді дейді.

Талибан Ауғанстандағы билік басына келгелі екі елдің арасындағы сауда 2022 жылы екі есе өсіп, 1 миллиард долларға жетті. Мұның жартысы − Қазақстанның ұн экспорты. Ауғанстанның Қазақстанға импорты 9 миллион доллардан асты: Кабул негізінен көкөніс, тәтті сусын, қағаз бен кептірілген жеміс экспорттайды.

Екі елдің арасындағы сауда және экономикалық қарым-қатынасты дамыту үшін Астана былтыр тамызда Қазақстан – Ауғанстан бизнес-форумын өткізді. Нәтижеде Қазақстан кәсіпорындары Ауғанстанға 200 миллион доллардан астам сомаға ұн мен бидай тасымалдайтын болды.

2022 жылы Кабул Қазақстаннан 1,30 миллион тонна ұн сатып алған, осылайша Ауғанстан Өзбекстан мен Тәжікстаннан кейінгі ең ірі ұн сатып алушыға айналды.

Мақала авторлары Астана Кабулмен серіктестікті күшейту арқылы аймақтағы амбициясын іске асыруды көздейді деп есептейді. Ауғанстанмен сауда қарым-қатынасын күшейтудің арқасында Астана экономикалық пайда көреді, сонымен қатар Транскаспий сауда дәлізі тәрізді жобалар бойынша инвестициялық мүмкіндіктерді әртараптандыруды көздейді. Талибан бұған қосылса, Қазақстан Азия мен Еуропа арасындағы сауданы бақылайтын жалғыз дәнекер елге айналады.

Ауғанстан − әлі де тұрақсыз, экономикасы әлсіз ел. Елді басқаратын радикалды Талибан тобы билік үшін «Ислам мемлекеті» лаңкестік тобымен күресіп жатыр, оның жанама әсері Қазақстанға ғана емес, аймаққа қауіп төндіруі мүмкін. Авторлар Астана осы себепті 2024 жылдың алғашқы жарты жылдығында Орталық Азиядағы басқа елдерді Ауғанстанды аймақ серіктесіне айналдыру процесіне тартып, Орталық және Оңтүстік Азияға шығатын сауда дәлізін дамыта алар еді деп қорытады.

УРАН ӨНДІРІСІНДЕГІ ПРОБЛЕМАЛАР: "ҚАЗАТОМӨНЕРКӘСІП" ӨНДІРІС ЖОСПАРЫНА ТҮЗЕТУ ЕНГІЗБЕК

Bloomberg ақпарат агенттігінің жазуынша, әлемдегі ең ірі уран өндіруші, Қазақстанның «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясы күкірт қышқылының тапшылығы уран өндірісіне әсер ететінін хабарлады.

«Қазатомөнеркәсіп» уран өндіру процесіндегі ең қажетті компонент − күкірт қышқылының тапшылығына байланысты 2024 жылы өндіріс жоспарына түзету енгізбек. Осы тапшылық және жаңа кеніштер құрылысының кешеуілдеуі өндіріске теріс әсер етуі мүмкін, өндірістегі проблемалар 2025 жылға дейін жалғасуы ықтимал.

Жеткізу тізбегіндегі әртүрлі проблемалардың салдарынан уран бағасы қымбаттап, соңғы 15 жылдағы ең жоғары көрсеткішке жетті. Былтыр Нигердегі төңкеріс уранды Еуропадағы реакторларына жеткізуге кедергі келтірді; Cameco Corp компаниясы өз қызметіндегі белгілі бір проблемаларға байланысты Канададағы өндіріс жоспарына түзету енгізді.

Мәскеу Украинаға басып кірген соң Батыс елдері Ресейдің ядролық отынына тәуелділікті азайтуға ұмтылды. Bloomberg Ресей Қазақстанда уран өндіретініне назар аударады. Былтыр елдегі ең ірі Буденовское уран кеніші Ресейдің "Ростатом" компаниясының бақылауына өтті. Bloomberg дерек көздері бұл мәмілеге «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры бастамашы болғанын, ал «Қазатомөнеркәсіп» мұны қаламағанын айтқан.

«Қазатомөнеркәсіп» биыл клиенттер алдындағы міндеттемені орындайтынын, бірақ 2025 жылғы өндіріс жоспарына жеткізу тізбегіндегі мәселелер теріс әсер етуі мүмкін екенін жеткізді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Қазақстан ураны үшін геосаяси тартыс" және Мәскеу мен Пекиннің "тапшы ресурсқа таласы"