Accessibility links

Орталық Азияға Ауғанстан жақын болса да, "Талибан" алыс. Тәліптерден аймаққа қауіп бар ма?


Өзбекстан вице-премьері Сардар Өмірзақов (оң жақта) "Талибан" өкілі Абдул Ғани Барадармен сөйлесіп тұр. Кабул, 23 ақпан 2022 жыл.
Өзбекстан вице-премьері Сардар Өмірзақов (оң жақта) "Талибан" өкілі Абдул Ғани Барадармен сөйлесіп тұр. Кабул, 23 ақпан 2022 жыл.

Ауғанстанда "Талибан" қозғалысы (Қазақстанда және тағы басқа елдерде тыйым салынған) қайтара билікке келгеніне бір жыл толар қарсаңда Ташкентте арнайы халықаралық конференция өтті. Мойындалмаған "Талибанның" ахуалы Орталық Азияға әсер ете ме?

25-26 шілдеде Ташкентте "Ауғанстан: Қауіпсіздік және экономикалық даму" тақырыбында халықаралық конференция өтті. Оған халықаралық ұйымдар мен 20-дан астам елден 100-ден аса делегация қатысты. Ауғанстанның қазіргі әкімшілігі – "Талибан" қозғалысы (Қазақстанда және тағы басқа елдерде тыйым салынған) өкілдері қатысуымен өткен бұл жиында Ауғанстандағы адам құқығы, әсіресе, әйелдер мен ұлттық азшылық құқықтарын аяқасты ету тыйылмай отырғаны және елдің даму болашағына қатысты ұсыныстар мен шарттар талқыланды.

ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ АЛУАНДЫҚ

Ташкенттегі конференция – былтыр тәліптер билікке келгеннен кейінгі олардың қатысуымен өткен бірден-бір ауқымды халықаралық жиын. "Талибан" өкілдері қатысқан бұл отырыс даулы шара ретінде де қабылданды. Адам құқығын аяқасты етіп, әйелдер мен қыздардың оқуын тоқтатқан осы қозғалыс өкілдерімен жиын өткізу олардың мойындалуына жол ашады деп есептейтіндер бар. Жиынға тәліптер жағынан сыртқы істер министрі міндетін атқарушы Амир Хан Муттақи бастатқан делегация қатысты.

Өзбекстан және Ауғанстан сыртқы істер министрлерінің кездесуі. Ташкент, 26 шілде 2022 жыл.
Өзбекстан және Ауғанстан сыртқы істер министрлерінің кездесуі. Ташкент, 26 шілде 2022 жыл.

Былтыр тамызда АҚШ әскері Ауғанстаннан толықтай шығарылғаннан беріде елдегі билік тәліптердің қолына көшкенімен, қауіпсіздік мәселесі реттеле қойған жоқ. Әлеуметтік мәселелердің сыртында, ел экономикасы тұралап қалды. Мұның бәрі көршілес елдерге де өз әсерін тигізіп отыр. Аймақта өздерін көшбасшы санайтын елдер ауған мәселесін реттеуге көмектесуге мүдделі. Сондайда басқа елдермен қоса Орталық Азия елдері де Ауғанстанға гуманитарлық көмек көрсетіп келеді. Алайда Орталық Азия елдерінің барлығы бірдей Кабулға оң көзбен қарайды деуге болмас. Бұл өткен апта Қырғызстанда өткен Орталық Азия елдері басшыларының консультативтік кездесуінде де көрініс берді.

Әдетте, Өзбекстан мен Қырғызстан тәліптермен әлеуметтік-экономикалық тұрғыда байланысқа бейілді болғанымен, Тәжікстан Ауғанстанды өзіне төнген қатер ошағы деп біледі.

Бұл конференция Ауғанстан аумағынан Орталық Азия елдеріне ара-тұра оқ атылатын кезде өтіп отыр. Кейінгі төрт айда Ауғанстан жерінен Тәжікстан мен Өзбекстанға үш мәрте снаряд түскен. Соңғысы Өзбекстандағы Термез қаласына атылған бес снаряд түсіп, жарылмай қалған. Соңынан тәліптер бұл атысты ұйымдастырған содырлардың қамалғанын хабарлаған.

Ауғанстанда билікке тәліптер келген соң Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан дипломатиялық арналар арқылы осы елмен байланысты дамытуға тырысып келеді.

Орталық Азияда ең ұзақ билікке ие болған Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон тәліптерді инклюзивті үкімет құрмады деп айыптайды. Ауған жерінде тәжіктердің мол диаспорасы шоғырланған. Ал Ауғанстанда тәліптерге қарсылық көрсетіп отырған бірден-бір ұйым – Ұлттық қарсыласу майданы. Бұл топ негізінен Ауғанстан тәжіктерінен құралған. Оны Ахмад Шах Масудтың ұлы Ахмад басқарып отыр. Бұл топ Ауғанстандағы Панджир шатқалында тәліптерге қарсылық қозғалысын құруы арқылы танымал.

Ұлттық қарсыласу майданы биліктің тәліптерге табысталуына қарсы. Олар ел билігіне сонда тұратын этникалық топтар тең дәрежеде қатысуы керек деп есептейді. Ел басқаруға былтыр екінші мәрте қайта оралған Талибан басшылығы арасында өзбектер болмаса, тәжіктер өкілі кездеспейді.

СЕНІМ ҚАЛЫПТАСПАСА ДА ШАРТ ҚОЙЫЛДЫ

Ташкенттегі жиын туралы АҚШ президентінің Ауғанстандағы әйел-қыздар және адам құқығы жөніндегі өкілі Рина Амири Twitter желісіндегі парақшасында "Әйел құқығын қорғамай, барлық этникалық және діни қауымдастықты теріс пайдалануды доғармай және инклюзивті саяси процесспен үйлестірмей әлемде қауіпсіздік пен экономикалық тұрақтылыққа қол жеткізу мүмкін емес" деп жазды.

Жиында Өзбекстан өзбек-ауған шекарасынан Пәкістанға тартылатын темір жол желісі құрылысы және Өзбекстаннан Ауғанстанның солтүстік-орталығына тартылатын электр желісі жобаларын таныстырған. Отырысқа жолдаған жолдауында Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев тәліптерді террористермен байланысты тоқтатуға шақырған. Өзбекстан басшысы сонда ғана "Талибан" үкіметіне сенім қалыптасатынын айтқан.

Жиынға тәліптердің адам құқығы, оның ішінде әйелдер құқығын сақтауға назар аудару керектігі бас айтылды. "Талибан" өкілдері болса, елге инвестиция керегін айтып, АҚШ бұғаттаған Ауғанстан қаржысын қайтару мүддесін білдірген. Кейбір мәліметтерге қарағанда, АҚШ шамамен жеті миллиард долларды құрайтын Ауғанстан резервін үшінші бір елдегі транс-қорға аудару жайын қозғаған. Тәліптер оған қарсы болмағанымен, оны үшінші тараптың бақылауына қарсы. АҚШ қордағы қаржының қалай бөлінетінін халықаралық кеңес бақылау керек деп санайды.

Инклюзивті үкімет құру, адам құқығы, әсіресе, әйелдер, қыздар және ұлттық азшылық құқығын сақтау және террористік ұйымдармен байланысты үзу – тәліптерге қойылып отырған негізгі шарттар. Алайда "Талибан" қозғалысы билікке келген бір жылдың ішінде осының бәріне керісінше әрекет етіп келді.

ӨРШІ ҮЙДЕГІ ӨРТ"

Орталық Азияның Ауғанстанмен байланысты жақтайтын елдері, әсіресе, Өзбекстан Шавкат Мирзияев билікке келгелі Ауғанстан мәселесіне белсенді түрде араласа бастады. Ауғанстанның бұрынғы билігі тұсында "Кабул процессі" отырыстарының бірі президент Мирзияевтің ұсынысымен 2018 жылы Ташкентте өткен болатын. "Кабул процессі" тәліптермен келіссөз және Ауғанстандағы бітім мәселесі талқыланатын алаң болды.

Германияда тұратын Ауғанстан бойынша маман Еседолла Оғуз тәліптер билігіндегі Ауғанстанның Орталық Азияға қауіп төндірмесе де, қалаулы көрші емес екенін айтады.

- Қазіргі жағдайда "Талибан" көршілеріне ұстамды және достық раймен қарап отыр. Осы арқылы тәліптер халықаралық қауымдастық пен аймақ елдерінің қолдауына ие болғысы келеді, - дейді сарапшы.

Еседолла Оғуз тәліптер билігін нығайтып алғанша ғана осылай әрекет етіп, кейін қатынасын өзгертуі мүмкін деген күдігін жасырмайды. Оның айтуынша, тәліптер билігіндегі Ауғанстан орта және алыс перспектива бойынша террористік ұйымдардың орталығы болып қалуы мүмкін. Бұл Орталық Азия мен әлемде алаңдаушылық тудырады.

Ауғанстан шекарасынан 20 шақырым жерде әскери жаттығу өткізіп жатқан Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан сарбаздары. Тамыз айы, 2021 жыл.
Ауғанстан шекарасынан 20 шақырым жерде әскери жаттығу өткізіп жатқан Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан сарбаздары. Тамыз айы, 2021 жыл.

Еседолла Оғуз тәліптер билігіндегі Ауғанстан тағы да халықаралық есірткі өндірісі орталығына айналады деп топшылайды.

- Қаржы көзінен айрылған "Талибанның" өз басқаруын қаржыландыру үшін есірткі өндірісін арттыруына тура келеді. Егер де осы аталған жайларға қарсы шара қабылданбаса, бұл болашақта 11 қыркүйек оқиғасының қайталануына бастап әкелуі мүмкін. Сөйтіп "Талибан" тағы да әлемнің "бас ауруына" айналады, - дейді сарапшы Азаттыққа.

Еседолла Оғуз әлем елдері, әсіресе, Ауғанстанның көршілері Кабулда барлық этникалық топтардан құралған жаңа үкімет құруға қолқа салып, "Талибанға" қысымды арттыруы керек деп санайды.

- Олай болмағанда Ауғанстанда бейбітшілік пен тыныштық орнамайды. Егер көршінің үйін өрт алса, ол ерте ме, кеш пе, сіздің үйге де өтуі мүмкін, - деп қорытады Ауғанстан бойынша сарапшы Еседолла Оғуз.

Өзбекстандық саясаттанушы Фархад Толипов қашанғыдай Ауғанстан ауыр жағдайды бастан кешіріп жатқанын айтады.

- Ауғанстан – қалыптаспаған мемлекет. Сондықтан да билік басына кім келсе де, мемлекеттің тетіктері, институттары іске қосылмай, терроризм қатері сейілмей, халықтың көпшілігі үкіметінен қашпай, оны көпшілік дауыспен қолдамай, қандай да бір қатынас ұстану мүмкін емес, - дейді ташкенттік сарапшы Азаттыққа.

ОРТАЛЫҚ АЗИЯНЫҢ АУҒАНСТАНДАҒЫ МҮДДЕСІ

Қазақстандық экономист Сапарбай Жобаевтың айтуынша, Ауғанстанның бұрынғы билігінен қалған сырттағы қаржы Ауғанстан ұлттың банкінің шет елдегі активі болып есептеледі. Қазір бұл қаржы тәліптерге қойған шарттарды талап ететін құралға айналды.

– Әйел теңдігінің орнап, басқа ұлттардың билікке араласуына бұл белгілі бір мөлшерде әсер етуі мүмкін. Халықаралық бақылау орнатып, осы қаржының белгілі бір бөлігін халықаралық қорлар арқылы қайтару Ауғанстандағы ықтимал аштықтың алдын алып, халықтың жағдайын оңалтуға да сеп болады. Мұның сыртында Ауғанстанға қайырымдылық көрсетіп жатқан донор елдер де бар. Қалай болғанда да, қаржыны тәліптерге тікелей беруге болмайды. Себебі олардың бұл қаржыны қару-жараққа не басқа да теріс мақсатқа жұмсамасына кім кепіл?! - дейді экономист Сапарбай Жобаев Азаттыққа.

Қазақстандық саясаттанушы, экс-дипломат Қазбек Бейсебаев Ауғанстандағы биліктің қандай болғанына қарамастан, оның халқы үшін сауда-саттықтың маңызды екенін айтады. Айтуынша, көрші елдер, әсіресе, Орталық Азия елдері мұндайда Ауғанстанмен сауда-экономикалық қатынасты дамытуы керек.

Сарапшы Қазбек Бейсебаев.
Сарапшы Қазбек Бейсебаев.

– Біз қаласақ та, қаламасақ та, тәліптер қазір Ауғанстанда ықпалға ие болып отыр. Сондықтан да Орталық Азия елдері осы елмен сауда байланысын арттырып, бір жағы өз өнімдерін өткізіп, екінші жағы Ауғанстан халқының азық-түлік қажетін де өтей алады. Және бұл елде тыныштық пен қауіпсіздік орнауына негіз бола алады, - дейді саясаттанушы.

Қазбек Бейсебаевтың айтуынша, Орталық Азия аймағындағы әрбір елдің Ауғанстанмен қатынасында өз мүддесі, ерекшелігі бар. Өзбекстан кейінгі уақытта Ауғанстаннан Пәкістанға тартылатын темір жол қатынасын дамытқысы келсе, Тәжікстан бұл елмен байланысқа барудан сақтанады. Өйткені Ауғанстанда Тәжікстанға қарсы күштер бар.

– Қазақстан – Орталық Азияда Ауғанстанмен шекараласпайтын бірден бір ел. Шекара болмаған соң айтарлықтай қатер де жоқ. Қазақстан Ауғанстанға ұн-бидайын сатып келеді. Себебі, Ауғанстан – Орталық Азия елдері өнімдерін сата алатын айтарлықтай рынок. Бұған қоса, Ауғанстанның жүздеген студенттері Қазақстан оқу орындарында оқиды, - дейді Қазбек Бейсебаев Азаттыққа.

Ауғанстанда тәліптер 2021 жылдың15 тамызында билікке келді. Алайда әлі күнге "Талибан" билігін ешқандай мемлекет ресми түрде мойындаған жоқ. "Талибан" қозғалысы оған дейін, 1996-2001 жылдары Ауғанстанда үстемдік құрып,11 қыркүйек оқиғасынан кейін биліктен қуылған.

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған. 

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG