"Бұрын-соңды бұлай қорқынышты болмаған". 23 қаңтарға қараған түні Алматы мен оның төңірегінде болған жер сілкінісін осылай сипаттағандар көп болды. Сейсмобелсенді аймақтағы әлсіз сілкіністерге жергілікті халықтың еті өліп кеткен деуге болады. Бірақ бұл жолғы жер сілкінісінен жұрт қатты дүрлікті. Адамдар жер сілкінгенін сезген бойда жапатармағай сыртқа ұмтылды: кейбірі үйден далаға халат жамылған күйі, кейбірі жалаңаяқ атып шыққан.
Қазақстан төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, жер сілкінісінің эпицентрі Алматыдан оңтүстік-шығысқа қарай 264 шақырымда – Қырғызстан аумағында, жердің 65 километр терең қабатында болған. Ал АҚШ геология қызметінің дерегінше, эпицентр Қытайдың Қырғызстан шекарасына жақын Айкөл қаласынан 129 шақырым жерде болған. Сілкініс қуаты 7 магнитудаға тең деп хабарланды.
Сейсенбіге қараған түні жергілікті уақытпен сағат 12-ден өте жер сілкінген. Ұйқыдағы ел үй шайқалып, ыдыс-аяқ сылдырлап, жихаз қозғалып, аспалы шамдар теңселгенін көріп өре түрегелген. Әдетте табиғи апаттарға дайындық оқу-жаттығуларын өткізгенде жұртты жаппай құлақтандырып жататын төтенше жағдайлар министрлігінен бұл жолы ешқандай SMS-хабарлама келмеген, дабыл қағылмаған. 23 қаңтар таңертең төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілдері әлгіндей хабарды жұртты "дүрліктірмес үшін" бермегенін айтып ақталды.
Алматыда сейсможаттығулар жиі өтіп тұрады. Бірақ өткен түнгі сілкініс биліктің мұндай төтенше жағдайға дайын еместігін көрсетті. Жер сілкінген кезде адамдар не істерін білмей абдырап қалды. Төтенше жағдайлар департаменті ресми орындардан қандай да бір хабар күткен халыққа "ерекше нұсқауға дейін далада жүру керегін" хабарлаумен болды. Ал бұл түні Алматыда ауа райы 6-7 градус нөлден төмен суық еді. Жер сілкінісінен кейін бірден эвакуация орындарын аралаған журналистер олардың құлыптаулы жатқанын анықтаған.
Уақытылы хабар берілмей, қимыл-қозғалыс алгоритмі болмаған соң жұрт дүрлігіп кетті деп мойындады Қазақстан премьер-министрі Әлихан Смайылов 23 қаңтар таңертең Астанада өткен үкімет отырысында.
Алматыда төтенше жағдай кезінде кемі сегіз адам жапа шеккен деп хабарлады қаланың денсаулық сақтау басқармасы. Зардап шеккендердің бірі ауыр жағдайда, бесеуі үйден шығарда жарақат алған.
Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, Алматыда жер сілкінісінен соң медициналық көмекке 44 адам жүгінген. Оның оны – бала. Көбі жеңіл жарақат алған.
Жер сілкінісін басынан өткерген Алматы тұрғыны жағдайды былай баяндады:
Алматыдағы жер сілкінісінің күші (МSК-64 шкаласымен) 5 балл, ал Шымкентте 2 балл болған деп хабарлады Сейсмологиялық бақылау және зерттеу ұлттық орталығы. Жер сілкінісі Астана қаласында, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Жетісу және Қарағанды облыстарында сезілген. 23 қаңтарда күндіз Алматыда күші (МSК-64 шкаласымен) 2 балға тең жер сілкінісі бірнеше рет тіркелген.
Сейсмология институтының мәліметінше, Қазақстанда барлығы 70 сейсмостанция, 25 бақылау бекеті бар. Оның едәуір бөлігі Алматы қаласы мен Алматы облысында орналасқан. 23 қаңтардағы брифингте институт директоры Дәулет Сәрсенбаев бұл өңір үшін мұның аздық ететінін мәлімдеді.
Your browser doesn’t support HTML5