Батыс басылымдары осы аптада Ресей пропагандистерінің Қазақстанға қарсы кезекті ақпараттық шабуылының астарында не жатқанын талдады. Басылымдар сирек элементтерге бай Орталық Азия Қытайдың осы сектордағы монополиясын жоя ала ма деген мәселеге үңілді. Сонымен қатар Қытаймен үшінші теміржол желісін сала бастаған Астана шығысқа бет бұрды ма деген сұраққа жауап іздеді. Бұдан бөлек Jusan Bank-ке иелік еткен Ұлыбританиядағы Jusan Technologies британдық басылымдармен соттасу үшін жүздеген мың доллар жұмсағанын жазды.
СИРЕК МЕТАЛЛ ӨНДІРІСІ: ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ҚЫТАЙ МОНОПОЛИЯСЫН ЖОЯ АЛА МА?
АҚШ Қытайдың сирек элементтерді өндіру саласындағы монополиясын жоюға үмітті, бұл үшін Вашингтон Орталық Азияға жүгіне алады, деп жазады «Америка дауысы» сайты.
Сирек элементтер жасыл энергетика, жаңа қару түрлері мен озық технологиялар өндірісінде қолданылады. АҚШ-тағы Халықаралық салық және инвестиция орталығы осы тақырыпқа байланысты зерттеу жариялады. Ұйым АҚШ әрекетсіз қалса, Қытай бұл секторда шешуші басымдыққа ие болады дейді.
Әлемде сирек элементтерді ең көп өндіретін ел – Қытай. Әзірге Пекин тек өз аумағындағы сирек элементтерді өндіріп отыр, қосымша шикізатты Орталық Азиядан іздеген жоқ. Зерттеу авторлары Қытай жаңартылатын энергия секторында басымдыққа ие болуды көздейтіндіктен, сирек элементтерді болашақта Орталық Азиядан ала бастайды деп есептейді.
Орталық Азия елдерінің ішінен сирек элементтерге ең бай мемлекет – Қазақстан. Бұл элементтер Қазақстан жазығында, Тянь-Шань тауында, Қырғызстан мен Өзбекстанда және Тәжікстандағы Памир тауында кездеседі.
Пайдалы қазбалар жөніндегі сарапшы Уэсли Хилл сирек металдар өндірісін Қытай толықтай дерлік монополиялап алғанын жеткізді. Қытай Орталық Азияда белсенділігін арттырып жатқанына қарамастан, әзірге аймақтағы сирек элементтер секторы оның қолында емес. Сарапшының ойынша, Орталық Азия жолайрықта тұр. Аймақ Қытайға тәуелді болмай, сирек элементтер өндірісін өзі жолға қоя алады.
Хилдің пайымдауынша, Орталық Азия өзінің стратегиялық дамуы үшін ғана емес, Қытай монополиясын жою үшін де сирек элементтерді өңдеуді дамыта алады. Бірақ бұл үшін Орталық Азияның және АҚШ-тың саясаты бір жерден шығуы керек.
АҚШ-тың Өзбекстан мен Украинадағы бұрынғы елшісі Джон Хербст Орталық Азия мен Вашингтон «экономиканың болашағы үшін» сирек металдарды бірігіп игеруге мүдделі екенін айтты. Бұл ретте АҚШ аймаққа Қытайдікінен асып түсетін инновация ұсына алады.
Сарапшылар аймақ үкіметтері табиғи ресурстарға қатысты саясатты жасырып-жабуды тоқтатып, ашық жүргізе ме, көп нәрсе соған байланысты деп есептейді. Олар аймақ Батыстан инвестиция тартуды көздесе, ашықтық, заң үстемдігі, халықаралық нормаларды сақтау маңызды дейді.
РЕСЕЙ ПРОПАГАНДИСТЕРІНІҢ КЕЗЕКТІ АҚПАРАТТЫҚ ШАБУЫЛЫ
Eurasianet басылымы Ресейдегі танымал тұлғалар Қазақстанға қарата кезекті рет арандатушылық мәлімдемелер жасағанын жазды.
Ресейлік тележүргізуші, «Газпром-Медиа» мемлекеттік медиа холдингі бас директорының орынбасары Тина Канделаки өзінің Telegram-арнасында Қазақстанды теміржол станцияларының атауларын қазақшалағаны үшін сынады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Алматыдағы "НАТО орталығы" жайлы жалған ақпарат және Ресей пропагандистерінің қоқан-лоқысы"Қазақстанның көлік министрлігі бірнеше теміржол станциясының орысша атауын қазақшаға өзгерткісі келді. Мысалы, "Уральск" станциясын Орал, "Узеньді" Жаңаөзен дегісі келеді. Балтық жағалауы елдерінің тәжірибесі көрсеткендей, бұл — өте қауіпті тенденция. Ол жерлерде де осылай біртіндеп басталып, "қар көшкініндей" болған: орыс мектептерін жапты, совет ескерткіштерін алып тастады, орыс тіліне тыйым салды, ақыр аяғы зейнеткерлерді аязға қаңтарып қойды" деп жазды Канделаки.
Ресейлік тележүргізушінің бұл мәлімдемесі Қазақстанда наразылық тудырды. Сынға қалған Канделаки келесі жазбасында Қаңтар кезінде Қазақстанда тұрақтылық орнату үшін көмекке Ресей бастаған Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы келгенін еске салды.
Артынша сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Канделаки елге кіруге тыйым салынған тұлғалардың тізіміне кіргенін айтты.
Мақала авторы Алмаз Куменов тура сол күні «Газпром-Медиаға» қарасты НТВ арнасы Қазақстан халқының ашуына тиетін контент таратқанын келтіреді. Саяси ток-шоуда сөйлеген импершіл көзқарас ұстанатын тарихшы Михаил Смолин орыс революциясына дейін «қазақ, өзбек, әзербайжан тәрізді халық болмағанын» мәлімдеді.
Ресей сыртқы істер министрінің ресми өкілі Мария Захарова мұны жуып-шайғандай болып, Смолиннің мәлімдемесі таза субъективті... шындыққа қатысы жоқ пікір екенін айтты.
Қазақстан сенатының депутаты Сергей Ершов Ресейдегі танымал тұлғалар соңғы мәлімдемелері арқылы аймақты тұрақсыздандырып, екі тараптың қарым-қатынасына сызат түсіргісі келетінін жеткізді.
ҚАЗАҚСТАН ШЫҒЫСҚА БЕТ БҰРДЫ МА?
АҚШ-та шығатын National Interest басылымы Қазақстан Қытаймен үшінші теміржол желісін сала бастағанына назар аударды. Бұл теміржол Қазақстан мен Қытай арасындағы жыл сайынғы жүк тасымалын 28 миллион тоннадан 48 миллион тоннаға арттырмақ. Теміржол құрылысы 2027 жылы аяқталмақ. Жаңа теміржол қазіргі екі шекара өткеліндегі кептелісті азайтады.
«Бұл – “Бір белдеу – бір жол” бастамасына миллиардтаған доллар құйған Қытай үшін жақсы нышан. Жаңа Жібек жолында Қазақстан негізгі транзит торабы және қауіпсіз құрлық дәлізі бола алады», дейді мақала авторы, саяси сарапшы Харун Карчич.
Қазақстанның Батыс пен Шығыс арасында орналасқаны, Қытаймен шектесетіні Пекиннің тауарын тасымалдауға жол ашады. Бірақ мәселе тек Қытайға барып тірелмейді. Халықаралық валюта қоры 2023 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның ішкі жалпы өнімінің көлемі 259 миллиард доллардан асады деп болжайды, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 15 пайызға жоғары.
Дей тұрғанмен автор Қазақстан шетел инвесторларын тарту үшін көптеген экономикалық және саяси реформалар жүргізуі керек дейді. Сонымен қатар Қазақстан экономикасы бірте-бірте Ресейден алшақтай береді деген болжам бар. Астана Мәскеуге қарсы санкцияларды сақтап, контрабандамен күресті күшейткен күннің өзінде Ресеймен сауданы жүргізе береді, сөйте тұра тәуелділігін біртіндеп азайтуға тырысады. Автордың пайымдауынша, бұл Ресейді айналып өтетін Транскаспий энергетика дәлізін кеңейту арқылы іске асады. Бұдан бөлек, автордың жазуынша, «саяси деңгейде заң үстемдігін, тәуелсіз ақпарат құралдары мен саяси реформаны күшейту керек».
Қазақстан жетекшілігі Астананың көпвекторлы сасатына нұқсан келтірмей, аймақтың қауіпсіздігі мен экономикалық дамуын қамтамасыз ету үшін АҚШ пен Еуропаның аймақта рөлі күшейгенін қалайды. Дегенмен Қазақстан сыртқы саясаты елдің қандай таңдау жасайтынына әрі әлемдегі ахуал мен батыс пен шығыстың аймақпен серіктестікке қаншалықты дайын екеніне байланысты. Ресей Еуразияның басым бөлігінде басым саяси ойыншы болып қала бермек, ал Қытай Орталық Азияның энергетика және инфрақұрылымына инвестиция құюды жалғастыра береді.
JUSAN TECHNOLOGIES БРИТАНДЫҚ БАСЫЛЫМДАРМЕН СОТТАСУ ҮШІН ЖҮЗДЕГЕН МЫҢ ДОЛЛАР ЖҰМСАҒАН
Jusan Bank-ке иелік еткен Ұлыбританиядағы Jusan Technologies британдық басылымдармен соттасу үшін жүздеген мың доллар жұмсаған. Бұл туралы Ұлыбританиядағы Журналистік тергеу бюросы (The Bureau of Investigative Journalism) хабарлады.
Jusan Technologies 2022 жылдың қыркүйегінде Telegraph басылымы, Журналистік зерттеулер бюросы мен OpenDemocracy басылымының үстінен Ұлыбританияның жоғарғы сотына шағым түсірген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Назарбаев өзі құрған қайырымдылық қорлар арқылы қалай байыды?Шағымға үш сайттың 2022 жылы қаңтар-ақпан айларында экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзімен байланысты төрт қор мен Ұлыбританияда тіркелген Jusan Technologies холдингі арқылы шамамен 8 миллиард доллар активтерді басқаратынын жазған материалдары түрткі болған. Компания «холдинг Назарбаевқа тиесілі немесе оны Назарбаев басқарады» деген мәліметті шындыққа сәйкес келмейді деп бағалаған.
Журналистік тергеу бюросының жазуынша, Jusan Technologies Telegraph басылымының үстінен түсірген арызды қайтарып алған. Қалған екі басылымға қарсы сот процесі жалғасып жатыр.
Ұлыбритания жоғары сотында Jusan Technologies мақалалардан кейін өзінің үлкен шығынға батқанынына дәлел ретінде компания директорларының бірі, Лейбористер партиясынан лордтар палатасына мүше Лорд Эвансқа сағатына қанша жалақы төлегені жайлы құжатты көрсетті. Компания мұны Эванс пен өзге директорлар мақаладан соң «беделге келген нұқсанды азайту үшін» жұмысқа көбірек уақыт бөлді деп негіздеген.
Былтыр өткен сот отырысында компанияның адвокаты бұл мәліметті жария етпеуді сұраған, сот оны қанағаттандырған. Бірақ жалпы сома жайлы мәлімет жабық емес. «Эвансқа бюро және Telegraph келтірген нұқсанды азайту үшін 6000 доллар төленген».
Тағы бір бұрынғы директор, Қазақстанның бұрынғы вице-премьері Ербол Орынбаевқа 2022 жылдың наурызынан тамызына дейін, ол директор қызметінен кеткен соң 64 мың доллар төленген.
Ал RJI Capital PR-компаниясына үш мақалаға байланысты қоғаммен байланыс қызметі үшін 720 мың фунт стерлигнг төленген. RJI Capital-ға корпоративті тергеу жөніндегі американдық маман Рон Вахид иелік етеді. Вахид 2022 жылдың тамызында Jusan Technologies компаниясының директоры қызметіне тағайындалды.
Ұлыбританиядағы Jusan Technologies пен оның акционері АҚШ-тың Невада штатында тіркелген Jysan Holding елдегі Jusan bank-ке иелік еткен. Былтыр маусымда Қазақстан үкіметі Jusan тобымен келісімге келіп, топтың активтері елге қайтарылатынын хабарлаған.