Жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы (OCCRP), қазақстандық Vlast.kz және қырғызстандық Kloop.kg басылымы жаңа зерттеуінде Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзінің атындағы қорлар арқылы ірі активтерді бақылап отырғанын анықтаған. Назарбаев жайлы бұл зерттеуде не айтылады? Маңызды тұстарын шолып шығайық.
Зерттеуде Қазақстандағы БАҚ қайырымды істерін мақтап жар салатын Назарбаевқа тиесілі қорлар қымбат отель, жеке ұшақ, гольф алаңы, сауда орталықтары, телеканалдар мен банктерді иеленіп отырғаны жазылған. OCCRP Назарбаев қорына тиесілі активтерде кемі 7,8 млрд доллар барын анықтаған.
"Қағаз жүзінде бұл байлықтар Назарбаевқа тиесілі емес, бірақ ол құрушы ретінде қорларды бақылауында ұстап отыр. Заңгерлер қорлардың жұмысына қатысты шешімдерді Назарбаевтың өзі қабылдайтынын айтады. Қорлар есеп бермейді, ал олардың ақшалары шетелдегі коммерциялық құрылымдарда жасырылған" деп жазады зерттеу авторлар.
Зерттеуде Назарбаевтың өзі құрған "Қазақстанның бірінші президенті – Елбасы" қоры (2021 жылы жабылған), "Назарбаев қоры", "Нұрсұлтан Назарбаев қоры", "Демеу қоры" және "Елбасы" (2021 жылы ашылған) қоры жайлы айтылады.
Азаттық OCCRP зерттеуінің ең маңызды тұстарын ұсынады.
"НАЗАРБАЕВ ҚОРЫ" МИЛЛИАРДТАРДЫ ҚАНДАЙ СХЕМАМЕН ИЕЛЕНГЕН?
2011 жылы Қазақстанда заң қабылданып, "Назарбаев қорына" "Назарбаев университеті" (НУ) мен "Назарбаев зияткерлік мектептерін" (НЗМ) қаржыландыру міндеттелген. Бұған қоса, НУ мен НЗМ жыл сайын мемлекеттен 5 млрд доллар алады.
Кейін НУ мен НИШ-тегі екі қор Pioneer Capital Invest инвестициялық холдинг құрады. Кейін Pioneer Capital холдингінің 75 пайызын "Назарбаев қоры" иеленеді (2021 жылы 62 пайыз деп өзгертілген). Осыдан соң Pioneer Capital Назарбаевтың жақын серіктерінің бірі Әділбек Жақсыбековтің отбасына тиесілі "Цеснабанкті", ұялы телефон операторын, онлайн-сауда платформасын, қоймалар, сауда орталықтарын, макарон шығаратын "Цесна" фабрикасын сатып алған.
2020 жылы Назарбаев қоры Jusan Technologies холдингтік компаниясын құрып, оны Ұлыбританияда тіркейді. Артынша Pioneer Capital иелігіндегі банктерді, қоймаларды, сауда орталықтарын және барлық активін осы Jusan Technologies компаниясына аударған.
Қазір Jusan Technologies мына компаниялар мен акцияларды иеленіп отыр:
- Қазақстан, Ресей, Қырғызстандағы банктер: Jusan bank, Оптима банк, Азия-Тынық мұхит банкі, Экспокредит банк (сатылған)
- Онлайн дүкендер: JMart.kz және Jmart.ru
- Мобильді операторлар: Kcell, Jusan Mobile
- Логистика: Astana Cargo Service, Астық логистика, Кунар-трейд
- Қаржылық қызметтер: Jusan invest, First Heartland Securities, First Heartland Capital
- Тамақ өндірісі: Цесна, Сапа нан
- Астана мен Қостанайдағы сауда орындары: Цесна, Астықжан 1, Астықжан 2, Джафар, Универсал, Астықжан Қостанай
Бұл акциялардың активі 7,8 млрд долларды құрайды.
Бұдан бөлек, "Назарбаев қоры" Люксембургтегі Pioneer Technologies компаниясы арқылы Қазақстандағы ірі мобильді оператор Kcell компаниясының да 24 пайыз акциясын жасырын түрде иеленген. Қалай?
2021 жылы қыркүйекте "Қазақтелеком" акциясының 24 пайызын "инвесторларға ұсынатынын" жариялаған. Сол кезде Bloomberg "Назарбаев қорына" тиесілі банк акцияның 9 пайызын сатып алғанын жазды. Бірақ кейін қалған акцияны да "Назарбаев қоры" иеленген. Бұл жолы олар Люскембургтегі Pioneer Technologies компаниясын пайдаланған. Ал Pioneer Technologies Люксембургтегі Pioneer Horizon East компаниясына қатысы бар. "Назарбаев қорының" Ұлыбританиядағы Jusan Technologies компаниясы осы Pioneer Horizon East компаниясына 64 млн доллар инвестиция салған.
Зерттеушілер "Назарбаев қоры" осындай күрделі схемамен Kcell компаниясына иелік еткенін анықтады.
"НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ ҚОРЫ" ҚЫМБАТ ҰШАҚТЫ ҚАЛАЙ АЛҒАН?
Назарбаев 2019 жылы наурызда президенттіктен кеткен соң оған тиесілі басқа үш қор да инвестициямен белсенді түрде айналысқан.
2020 жылы 8 тамызда құны 100 млн доллар болатын Airbus ACJ320neo ұшағы (Business Insider басылымы бұл ұшақ маркасын "ұшатын пентхаус" деп сипаттаған) Индианаполистен ұшып шығып, Цюрих және Мальтада тоқтап, Қазақстан астанасындағы базасына келген.
Бұл ұшақты "Нұрсұлтан Назарбаев қоры" швейцариялық компаниядан сатып алған. Қазір Airbus ACJ320neo президент іс басқармасына қарайтын Berkut Air компаниясының флотында. Бұл ұшақ қорға ресми түрде тиесілі ме ол жағы белгісіз. Бірақ ұшақты Назарбаев қолданатынына дәлелдер бар.
2021 жылы 30 маусымда әуе кемесі Қазақстаннан Мәскеуге барған. Бұл күні Кремль Назарбаевтың Мәскеуге Путинмен кездесуге келгенін жазды. (Кездесуде Назарбаев "үш жылдан бері президент емеспін, мен еркін адаммын" деген еді).
Бұл ұшақ кейін Қазақстанның ішінде де ұшқан. Журналистер екі рейс Назарбаевтың туристік хабқа және археологиялық объектіге барған сапарымен сай келгенін анықтады.
НАЗАРБАЕВТЫҢ ҚОРЫНА ТИЕСІЛІ ҚОНАҚ ҮЙЛЕР МЕН МЕДИАЛАР
Зерттеушілер Назарбаев қорының активтерінің ішінде астанадағы The St. Regis Astana қонақ үйіне назар аударған. 2017 жылы ашылған отельдің иесі – Turion Investment Group. Бұл компанияның акционерлерінің қатарында Назарбаевтың күйеубаласы, елдегі ең бай адамдардың бірі Тимур Құлыбаев бар.
2018 жылы Құлыбаевтың үлесін Назарбаевтың "Демеу" қорына берген. Ал 2021 жылы желтоқсанда бұл үлесті Құлыбаев пен оның әйелі Динара Құлыбаева (Назарбаевтың қызы) қайтарып алған.
OCCRP Назарбаев құрған үш қордың иелігінде Бурабайдағы Baitas Hotel, Алматыдағы Nurtau гольф клубы және Swissotel Willness Resort қонақ үйі, КТК және Astana TV телеарналары, "Караван" газеті де барын жазады.
Astana TV Назарбаев құрған биліктегі "Нұр Отан" партиясының қарамағындағы "Нұр Медиа" холдингіне қарайды.
Журналистер Қазақстандағы абаттандыру компаниясының Назарбаев қорына тиесілі екенін де анықтаған.
"Бұл компания Назарбаев президент болып тұрғанда, яғни, 2012-2018 жылдары 6,5 млн доллар тендер жеңіп алған" деп жазылған OCCRP зерттеуінде.
Бұдан бөлек, зерттеуде Назарбаевтың тағы бір қорына тиесілі Түркиядағы бес жұлдызды қонақ үй жайлы да айтылады. Бұл отель туралы Азаттық өз зерттеуін жариялаған еді.
"Назарбаев бұл активтердің барлығын өзі президент болып тұрғанда құрған қайырымдылық қорлар арқылы басқарып отыр. Қордың құрылғандары мақсаты Қазақстан халқына көмектесу еді. Бірақ қазақ тілін дамытумен айналысатын, балаларға сыйлық тарататын қорлар құпия түрде ондаған компанияның үлесін иеленген" деп жазады зерттеушілер.
Бұған дейін OCCRP, Vlast.kz Назарбаевтың "тоқалы" Әсел Құрманбаеваның офшордағы компаниясы жайлы шулы зерттеуін жариялаған.
OCCRP бұл зерттеуін Қазақстан қаңтардағы қанды оқиғалардан енді ес жия бастағанда, елде элитааралық қақтығыс болып жатыр деген тұста жариялады.
Қаңтардың басында елде билікке қарсы наразылық соңғы тәртіпсіздікке ұласып, кемі 225 адам қаза болды. Назарбаевтың өзі кеше, 18 қаңтарда ғана видеомәлімдеме жасап, өзін зейнеткермін деп, "елде элитааралық күрес жоқ" деген еді.
Сарапшылар елдің қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазір билігін нығайтып жатыр деп санайды. Бірақ Назарбаев қорларының және жақындарының миллиондаған қаржылары не болатыны жайлы белгісіз.
12 қаңтардағы мәжіліс отырысында Тоқаев Назарбаев тұсында "белгілі бір компаниялар мен белгілі бір адамдар тобы байыды" деп мәлімдеген еді.
ПІКІРЛЕР