Самат Әбіш қалай "сүттен ақ, судан таза" болып шықты?

Саясаттанушы Досым Сәтпаев

ҰҚК төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Самат Әбішке шыққан үкім "Қазақстандағы режим болашақты ойламайтынын көрсетті" дейді қазақстандық саясаттанушы Досым Сәтпаев. Сарапшының пайымдауынша, билеуші "элита" жеке істерімен және тасадағы келісімдермен әуре болып жатқанда елде тағы бір жаңа әлеуметтік жарылысқа әкелуі мүмкін факторлар күшейіп келеді. Саясаттанушы Ресей өзінің экономикалық мүдделері мен геосаяси жоспарларын кеңінен жүзеге асыру үшін Қазақстанның ішкі саясатына тікелей әсер етуге тырысып жатуы мүмкін деп те топшылайды.

ПУТИН "ҚАУІПСІЗДІК КЕПІЛІ" МЕ?

Азаттық: Сонымен ұзақ демалыс алдында осындай үлкен жаңалық жарияланды. Мейрам алдында, 19 наурызда қазақстандықтар мәжіліс депутатының постынан Самат Әбішке шыққан үкім жайлы білді. Мұның бәрінің байланысы бар ма әлде кездейсоқтық па?

Досым Сәтпаев: Әңгімені бұл істің құпия режимде, жабық өткенінен бастау керек. Алдымен Самат Әбіш куәгер деді, одан кейін оған қатысты бір тергеу шарасы жүріп жатыр деді. Артынша іс сотқа берілді деген хабар шықты. Осындай шағын хабарламаларды қоғамға тастап отырды. Ештеңе анық болмады, оған қатысты нақты қандай іс жүргізді, сот процесі қалай өтті? Бәрі құпия болды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Шын жүректен өкінді". Самат Әбіштің 8 жыл шартты жаза алғаны наразылық туғызды

Биліктің Қаңтар оқиғасынан кейін Әбішке қатысты әрекеттері біртүрлі көрінді. Ақпарат кеңістігінде Әбішке қатысты әлдебір сот әрекеттері жайлы хабар тарағанына бір жарым жыл болды. Ал осы тұста көпшілік "ҰҚК төрағасы мен оның орынбасарлары ұзақ жылға сотталғанда сол ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары болған адам бір жарым жыл бойы неге бостандықта жүр?" деген сауал тастады.

Сол кезде-ақ Әбіштің ерекше статусы бар, Қазақстан билігі сот әділдігі мен заңға қарамайды, тек белгілі бір адамдарды жазалайды деген күдік көбейді.

Your browser doesn’t support HTML5

Самат Әбіш неге түрмеге қамалмады? – AzatNEWS | 20.03.2024

Азаттық: Қазір көп адам Назарбаев пен Тоқаев арасындағы қандай да бір компромисс я сауда болғанын, бұл саудада бұрынғы президент "жеңгенін" айтып жүр.

Досым Сәтпаев: Бұл жерде Назарбаевтың рөлі бар деп айта алмаймын. Себебі Назарбаев тағы бір немере інісі Қайрат Сатыбалдыны неге құтқарып қалмады деген сұрақ туындайды. Себебі Қайрат Сатыбалды түрмеге қамалды, оны шартты жазамен босатпады. Бірақ мемлекетке ақша қайтарған Қайрат Боранбаевты босатты. Боранбаевтан бәрін тартып алған жоқ, ол тақыр кедейге айналмады.

Бұл жағдайдан соң көп сұрақ туындайды. Себебі биліктегілер өзіне саяси қауіп төндіргендерді түрмеге қамайтын болып тұр ғой. Мәселен, белгілі марафоншы Марат Жыланбаев пен басқалары түрме жазасын алды. Ал қаржы бойынша заң бұзғандар, заңсыз активтерді иеленгендер кінәсін мойындап, "ақша қайтарып", тез бостандыққа шығады. Бұл да сот әділдігі тұрғысынан біртүрлі әрекеттер.

Ал Самат Әбішке келсек, меніңше, сыртқы факторларға, соның ішінде [Ресей президенті Владимир] Путинге назар аудару керек. Самат Әбіш арнайы қызметтер құрылымында карьера жасаған адам екенін естен шығармаған жөн. Ол Ресейде оқыды, сол елдің арнайы қызметтері, күш құрылымы және саяси элитасымен байланысы болды. Ол белгілі бір деңгейде Путинді де жақсы білуі мүмкін. Бұл фактор да әсер етті деп ойлаймын.

Путин Назарбаевқа бұрын да, Қаңтар оқиғасынан кейін де белгілі бір қауіпсіздік кепілі болды. Назарбаев оған жиі барып тұрады, бірақ не талқылағандары белгісіз. Бәлкім Назарбаев осы "қауіпсіздік кепілін" созуды күтетін де болар. Мұндай кепілді Әбішке де беруі мүмкін.

Бір жағынан нақты сегіз жыл шартты үкім бар. Бірақ Қаңтар оқиғасына қатысқан басқа адамдарды жаппай тәртіпсіздік жасады, мемлекеттік төңкеріс ұйымдастыруға талпынды айыптады. Ал Әбішке тек "билігін асыра пайдаланды" деген айып тағылды. Бұл – басқалармен салыстырғанда әлдеқайда жұмсақ айып. Әбішті қоғам алдында "жазалағысы" келді, бірақ қатаң жазаға тартқысы келмеді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Екі жақтың көңілінен шығатын үкім". Самат Әбіштің шартты жазасы нені білдіреді?

Азаттық: Иә, айыптау актісін көрмедік. Тек билігін асыра пайдаланды дегенді естідік. Бұл айыппен бас бостандығын шектеу, тіпті айыппұл да беруге болады. Қалай ойлайсыз, бұл да әдейі жасалды ма?

Досым Сәтпаев: Әрине. Бұл баппен түрмеге қамауға да, айыппұл салуға да болады. Яғни, басында-ақ үкім шығарғанда көп мүмкіндік болсын деп осы бапты берді. Бір жағынан бұл адамның бостандықта қалуына компромат себеп болды деп ойлаймын. Бұл адам ұзақ уақыт бойы комитетте жұмыс істеп жүріп, елдегі саяси және бизнес-элита өкілдеріне қатысты маңызды ақпарат жинауы мүмкін не сондай ақпаратты алуға мүмкіндігі болды.

"Элита ішіндегі баланс – компроматтар балансы" деген әзіл де бар. Бұл да шешуші рөл ойнады деп санаймын. Бұған қоса, Әбіш Назарбаев әулетінің мүшесі ретінде басқа да ақпаратты білуі мүмкін, себебі ол бұрынғы президентке жақын болды. Бәлкім ол көп жайтты құжаттардан емес әңгімелескенде білуі мүмкін.

Демек бірнеше себеп болғандықтан осындай үкім шықты деп ойлаймын. Ол басқалары батып, тұншығып жатқан тұста судан ақ, сүттен таза болып шықты. Ол ҰҚК-да екінші адам бола тұра, бірінші президенттің отбасына жақын адамдар қудаланып жатқан тұста осындай жаза алуы тым қисынсыз көрінеді.

"ШАҒЫН НАЗАРБАЕВ"

Азаттық: Кейбір сарапшылар бұл шартты жазаны "Жаңа Қазақстанға соққы" деп бағалап, шешім "Ескі Қазақстанның" күшін көрсетеді дейді. Сіз қалай ойлайсыз?

Досым Сәтпаев: "Жаңа Қазақстан" деген тіркеске күдікпен қараймын. Ол 2019 жылы да, 2022 жылы да, Қаңтар оқиғасынан кейін де болмады. "Жаңа Қазақстан" деген әңгімелер – Тоқаевтың айналасының таза саяси технологиясы.

Тоқаев – шағын Назарбаев. Ол бәрін сақтап қалды. Қазір саяси жарнама мен саяси технология көбейді, бірақ ядро, жүйенің негізі өзгермеді. Барлық деңгейде, мемлекеттік аппаратта, күш құрылымында ұжымдық Назарбаев қалды. Тоқаев олигархтар жүйесін құртпады. оның айналасына жинағандар реформаторлар емес, олар – Назарбаев тұсында карьера жасағандар. Назарбаев жүйесі жаңа лозунгтармен реинкарнацияға ұшырап жатқанын көріп отырмыз.

Бірақ мені Тоқаевтың болашағына қатысты сұрақ қызықтырады. Ол референдумнан соң жеті жылдық мерзімге сайланды, бірақ бір мерзім ғана президент болам деді. Осы тұста маңызды сұрақ туындайды: ол ізбасар таңдау бойыншша не істемек? Денсаулығы мүмкіндік берсе, ізбасар жоспарын жеті жылдық мерзімінің соңына қарай жүзеге асыра ма? Ал егер физиологиялық жағдайына байланысты жеті жылдық мерзімді аяқтай алмаса не болмақ? Әлде билікті тапсыруды президенттіктен кетпей тұрып жүзеге асыра ма?

Ал бұл жерде Самат Әбіш факторы қауіпті болуы мүмкін, себебі ол бостандықта жүрсе, қоғам назарында болса ше? Әбіш болашақта белгілі бір шарттармен саясатқа белсенді кіріспейтініне, белгілі бір саяси алаң құрмайтынына ешкім кепілдік бере алмайды.

Тоқаев пен оның айналасы "Ескі Қазақстанға", назарбаевшыл күштерге қарымта қайтару жайлы айтқанды жақсы көреді. Бірақ өз қолымен Назарбаев отбасының өкілдерін алаңда қалдырып жатыр, ал олар болашақта саяси шайқас бастауы мүмкін.

Азаттық: ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімов пен оның басқа да орынбасарлары ұзақ уақытқа түрмеге қамалғанда Әбішке шыққан үкім жұмсақ емес пе? Бұл үкім басқа істерді қайта қарауға түрткі болмай ма?

Досым Сәтпаев: Бұл жерде тағы да саяси технология мәселесі туындайды, себебі билік "Жаңа Қазақстан", әділдік деген әдемі тіркеспен өз-өздерін бұрышқа тықты. Егер олар қазіргі екпінмен сотталғандарды тұрмеден шығара бастаса репутациясына соққы болады.

Бұл жерде бір маңызды мәселен ескеру керек: Қаңтар оқиғасынан соң қоғамның белгілі бір бөлігі Тоқаевқа реформа жасау үшін карт-бланш берді. Бұған қоса, ол Қаңтардан соң экономиканың жаңа моделі, олигархтармен күрес, саяси реформа жайлы айтып, ескі Қазақстанға оралмаймыз дей бастады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Назарбаевтың сенімді серігі қалай "Иудаға" айналды? Кәрім Мәсімовтің хикаясы

Бірақ екі жыл өтсе де, оған карт-бланш берген қоғамның бір бөлігі азая бастады. Адамдардың үміті ақталмады, олар сөз бен істің алшақтығын көрді. Әбішпен болған жағдайға да көп адам таң қалды. Мұндай жағдайлар жалғаса берсе, ешқандай саяси технология, "Жаңа Қазақстан" туралы әңгімелер көмектеспейді.

Қазір Тоқаевтың қолында бар жалғыз нұсқа – экс-президенттің адамдарына қатысты қандай да бір тергеу жүргізу, қоғамға "Ескі Қазақстан өкілдеріне" қысымды көрсету. Бірақ олардың өзі осы "Ескі Қазақстаннан" шықты ғой. Меніңше, мұны биыл және алдағы жыл байқайтын боламыз.

"БИЛІК КІМНЕН НЕНІ ТАРТЫП АЛУДЫ БІЛЕДІ"

Азаттық: Яғни, сіздің ойыңызша, Назарбаев кланының басқа мүшелері де осы кепті киюі мүмкін ғой?

Досым Сәтпаев: Иә. Мәселе басқада: "майшелпектен айыру" "боранбаев" схемасымен жүріп, активтерінің елеулі бөлігін тартып ала ма?

Өзбекстанмен салыстырып көрейік. Бұл Гүлнара Каримованың моделі бола ма, әлде Лола Каримованың ба? Гүлнараны түрмеге отырғызды, ол әлі де ұзақ отыратын тәрізді. Ал Лола Каримова күйеуі Тимур Тилляевпен [Өзбекстан президенті] Шавқат Мирзияев пен оның айналасындағыларға активтерінің бір бөлігін берді, енді шетелде жақсы өмір сүріп жатыр, кедейленіп қалған жоқ.

Биліктің екіжүзділігі де осында, себебі былтыр құрылған заңсыз шығарылған активтерді қайтару комиссиясының өзін құпия қылып қойды, ақша мен активті қайтару талап етілетін адамдар тізімі жасырын. Бұл комиссия мүшелерінің тізімі де жарияланбады. Осы детальдің өзі билік бұл құралды жарияға шығарғысы келмейтінін аңғартады, есесіне сол "қара жәшік" ішінде келіссөз жүргізіп, биліктердің біразын тартып алып, меншікті бөліске салу төңірегінде келіскісі келеді.

Бұл іс жүзінде екі жыл бойы тасада жүріп келеді. Биліктің қазіргі басты мүддесі – активтердің біраз бөлігі бірінші президент әулеті мен оның айналасындағылардан біртіндеп басқа адамға ауысқаны. Бұл жерде біз барлық оқиғаның кішкене бөлігін ғана көреміз.

Қайрат Сатыбалдыдан айырмасы – Самат Әбіштен активтерге қатысты мәселе көрмедік. Яғни, билік кімнен нені тартып алуды біледі. Тимур Құлыбаев, Әлия Назарбава, Дариға Назарбаева – біраз нәрсені қарпып қалуға болатын олигархтар. Бұл – оң процесс, бірақ ол жария түрде жүруі керек, Қазақстанның барлық қоғамы мұның қайда бара жатқанын, ендігі иесі, басқарушысы кім екенін, оның қандай принциппен басқарылатынын білуі керек. Бұл төңіректе сұрақ көп.

Your browser doesn’t support HTML5

Сатыбалды қайтарған сарайлар мен бизнес-орталықтар. Антикор есебін талдау

"НАРАЗЫЛЫҚ ЕШҚАЙДА ЖОҒАЛЫП КЕТКЕН ЖОҚ"

Азаттық: Бұл үкім қандай сигнал береді? Қаңтар оқиғасынан соң тергеу болды, Мәсімовті отырғызды. Ұлттық қауіпсіздік комитеті мемлекеттік төңкеріс жасағысы келген деп түсіндірді. Бұған қатысы барларды соттады. Сонымен Қаңтар тақырыбы жабылды ма?

Досым Сәтпаев: Жалпы алғанда, иә, жабылды. Сот процестері жүріп жатыр, мәселен "Дикий Арманның" ісі бітпеді (Қаңтар оқиғасына байланысты Арман Жұмагелдиевтің үстінен қозғалған іс – ред.).

Мұнда да бір қызық жайт бар: былтыр ҰҚК департаментінің бұрынғы төрағасы Руслан Ысқақов (Ол да Арман Жұмагелдиевпен бірге бір істе айыпкер – ред.) сот процесі барысында "Қаңтар кезінде Әбіштің бұйрығын орындадым" деді.

Бұл жұрт арасына тарап кетті, сол кезде билік тергеу жүріп жатыр деді де, сосын істі құпия етіп тастады. Бірақ Ысқақовтың бұл мәлімдемесі көп сұрақ тудырады. Осындай куәлік болса, айып тағылса, Әбіш неге қамалмай қалды?

Тоқаевтың былтырғы жолдауларына, тіпті кейінгі мәлімдемелеріне қарасақ, олар қоғамнан соншалық именбейтін сияқты көрінеді. Қаңтардан соң Тоқаевқа қоғамдағы наразылықты басу үшін бірдеңе айту керек болды. Оның үстіне олар соңы не болады деп қорықты. Қазір бәрі сабырға келгендей әсер қалдырады. Конституцияны өзгертті, сайлауды өткізді, белсенді оппозиционерлерді қамады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ермұрат Бапи: "Ескі" және "жаңа" Қазақстан арасында көзге көрінбейтін ерегес бар

Қазір олар қоғам не ойлайды дегенге бас қатырмайтын да сияқты. "Жігіттер, қазір маған сендердің пікірлерің қызық емес, шешімді өзіміз қабылдаймыз" дейтіндей. Яғни, Назарбаев моделіне қайтып келді. Бұрын ол шамамен осы схемамен әрекет ететін.

Олар кім не істесе де, үлкен жарылыс болмайды деп ойлайды. Бірақ қателеседі. Дегенмен Тоқаевқа сенім мандаты ұзақ емес, қоғамның бір бөлігі 2019 жылғы, 2022 жылғы сайлаулардан соң оның легитимдігіне күмәнмен қарайды.

Тағы қайталап айтайын, ең басты мәселе – болашақтағы билікті тапсыру жайы. Егер қоғамның едәуір бөлігі Тоқаевты да, оның ізбасарын да мүлде қолдамаса, бұл 2019 жылғыдай жаңа әлеуметтік жарылыс пен шиеленіске алып келуі мүмкін.

Сол жылы Тоқаевқа жағымсыз нәрсе көп болды: қоғам аяқ астынан оянды, әсіресе көп жылдан бері саясаттан алыс саналып келген жастар көтерілді.

Бұл нені білдіреді? Қазақстанда наразылық ешқайда жоқ болып кеткен жоқ. Иә, ол көзге көрінбейді. Мүмкін ол алаңға шығумен де байланысты емес болар, бірақ жиналып, әлеуметтік-экономикалық факторлармен толығып жатыр. Кедейлік қатты өсіп жатыр. Қазақстандықтардың 70 пайызы табысының 50-60 пайызын тамаққа жұмсайды, ал бұл – кедейліктің бір белгісі. Инфляция өсіп жатыр. Әлеуметтік шиеленіске әкелетін себептердің көбейіп жатқаны да байқалады, сондықтан билік өзін өзі жұбатып, өзін өте қауіпті тұзаққа байлап жатқандай әсер қалдырады.

Азаттық: Демек, қоғам үшін де, билік үшін де қауіп бар дейсіз ғой.

Досым Сәтпаев: Әрине, оның үстіне Қаңтар көрсеткеніндей, Қазақстанның өз ішіндегі проблемалар мен жарылыстарға сыртқы күштер араласуы ықтимал. Украинадағы соғысқа байланысты Ресей Шығысқа қатты мойын бұрып жатыр, қазір ол іс жүзінде Қытайға бұрылды десе болады. Осындай жағдайда Орталық Азия аймағы бұл қарым-қатынастағы маңызды элементке айналмақ. Ресейдің Орталық Азияда, әсіресе Қазақстанда, әсіресе бизнес саласында белсенді бола бастағанын көріп отырмыз.

Ресей өндіріске, сауда мен логистика саласына салғалы жатқан үлкен инвестицияны ескерсек, санкцияларды айналып өту қажеттігін ескерсек, Қазақстанның өз ішінде кезекті мәселе болғанда үшінші күштердің араласу ықтималдығы жоғары болмақ.

Азаттық: Әбішке шыққан үкімдегі "Путин факторына" қайта оралсақ. Сонда Путиннің Қазақстанда Әбішке қатысты қандай да бір жоспары бар демексіз бе?

Досым Сәтпаев: Иә, соны айтқым келген. Бұрынғы чекист деген түсінік жоқ екенін естен шығармау керек.

Ресейдің ой-пиғылын бұған дейін де айттым: олар үшін Қазақстан санкцияға түскен экономиканың бір бөлігі болуы керек, ал Орталық Азияның оның Шығысқа геосаяси бетбұрысының құрамы болуы тиіс, яғни Ресей мен Қытай арасында қысылып қалуы керек. Әрине, Путин мен оның айналасы үшін жақын көршісінде, Қазақстан сияқты ірі елде басқаруға келетін саяси күш болғаны тиімді. Әбіш бұл тұрғыда лайықты кандидат болуы ықтимал.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Болашақ ойындары" турнирінің ашылу рәсімінде сөйлеп тұр. Жанында Ресей басшысы Владимир Путин тұр. Қазан қаласы, 22 ақпан 2024 жыл.

Азаттық: Ал бұл Тоқаевқа соққы емес пе?

Досым Сәтпаев: Мәселе сонда. Болашақты болжай алмайтынына таңқаламын. Тоқаевтың да, Назарбаевтың да, жалпы Қазақстандағы қазіргі саяси элитаның барлық өкілінің проблемасы – олар ешқашан шахматшы болмаған. Олар қазіргі нәрсені ғана ойлаған. Яғни дәл қазіргі жағдайға байланысты бір келісім болса болды. Олар ертең мұның арты не болады дегенді ойлағысы келмейді.

2-3-4 жылдан соң саяси элита өкілдерінің жағдайы қандай болатыны белгісіз. Сондықтан билік сабақтастығында сыртқы фактор мәселесі маңызды. Ал Ресей – бұған араласуы мүмкін деген басты кандидат. Үлкен мүдделері болғанымен, Қытай да олай істемейді. Өз саясатын тықпалап жатқан Түркияның да ондай әлеуеті жоқ.

Сондықтан бұған терең байыппен қарау керек деп санаймын. Әңгіме тек Самат Әбіш туралы емес, жалпы белгілі бір жағдай болғанда, Тоқаевтан кейін немесе тіпті оның кезінде-ақ Ресей процеске араласуға талпынуы мүмкін. Сценарилерін ойластырып, әлдекімдерге назар салу керек. Сын-қатерлерді ескере отырып ойлану керек.

Азаттық: Үкімге қайтып оралсақ. Оның қазақстандықтарға, Қаңтар оқиғасында жапа шеккендерге қандай әсері болуы мүмкін?

Досым Сәтпаев: Бір жағынан көп жұрттың еті үйреніп кетті, біразы "Жаңа Қазақстан" туралы ұрандарға да көп сене бермейді. Олар үшін бұл үкім "ештеңе өзгермейді-ау" деген күдіктің тағы бір дәлелі.

Меніңше, бұл үкім ең алдымен Қаңтардан соң Тоқаевқа сенген адамдарды қынжылтты деп ойлаймын. Дегенмен ол басқаратын құқық қорғау жүйесі мен саяси жүйенің іс жүзінде Назарбаев кезіндегіден айырмасы жоқ. Сот шешімдері заңға және сот әділдігіне емес, саяси конъюнктураға негізделеді, содан ол бұрыс болып шығады.