Accessibility links

"Ресей Украинаға ататын зымыранды Қазақстанда сынайды". Астана Транскаспий дәлізімен мұнай экспортын арттырмақ


Сарышағанда Ресей әскері баллистикалық ракетасын сынап жатыр. 2019 жыл. Ресей қорғаныс министрлігі таратқан сурет.
Сарышағанда Ресей әскері баллистикалық ракетасын сынап жатыр. 2019 жыл. Ресей қорғаныс министрлігі таратқан сурет.

Батыс басылымдары бұл аптада Ресей Украинаға бағыттайтын зымырандарды әуелі Қазақстанда сынайтынын жазды. Сонымен қатар елде алқабилер соты институты қалай реформаланатынын талдады. Одан бөлек Астана Ресейді айналып өтетін Транскаспий дәлізі арқылы мұнай экспортының көлемін арттыратынына назар аударды.

МӘСКЕУ ҚАЗАҚСТАННЫҢ АУМАҒЫНДА СЫНАЙТЫН ЗЫМЫРАН ЖӘНЕ ПУТИНГЕ "ҚАРЫЗДАР" ТОҚАЕВ

«Ресей Украина халқын қарумен қырмас бұрын ол қаруды Қазақстанда сынақтан өткізетін келісімі барын білгенде таңғалуыңыз мүмкін. Бірақ бұл Қазақстанда белгілі жайт және бұдан хабары бар қазақ үшін жаңалық болудан қалған нәрсе», деп жазады Еуропадағы BNE Intellinews іскерлік басылымы.

Мақала авторы Питер Баунов «Новая газета Европа» басылымы ақпан айының аяғында осы тақырыпты көтергеніне назар аударады. Ресей Астрахан облысындағы Капустин Яр полигонында сынайтын зенит және баллистикалық зымыран қалдықтары Қазақстандағы Бөкейорда ауданындағы жазыққа құлайды.

Журналисті алып жүрген адам әрі жүргізуші зымыран қалдықтарын әдетте тұрғындар өздері жинайтынын, кейде зымыран сынықтары 200 шақырым жерде жатқан елдімекенге түскен оқиғалар болғанын айтқан. Зымыран ойып түскен шұңқырға су жиналады, оны сол жерде жайылатын мал ішеді. Тұрғындар бұл олардың денсаулығына қалай әсер ететінін білмейді. Ресми мәлімет бойынша, Бөкейорда ауданында 19 мың адам тұрады. Ауданда үш жылда 390 адам қайтыс болды, оның 44-і қатерлі ісік ауруынан көз жұмды. Тұрғындар мұны зымыран сынағының салдарынан көреді.

Атырау облысы Құрманғазы ауданы Сүйіндік ауылынан үш шақырымдай жерге құлаған ракета сынығы. Фото авторы – Ғани Рухолла. 24 қыркүйек, 2023 жыл.
Атырау облысы Құрманғазы ауданы Сүйіндік ауылынан үш шақырымдай жерге құлаған ракета сынығы. Фото авторы – Ғани Рухолла. 24 қыркүйек, 2023 жыл.

Былтыр сәуірде Ресей өз аумағынан Қазақстанда жалға алған Сарышаған полигонына құрлықаралық баллистикалық зымыран атты. Астана 2019 жылы ядролық қаруға тыйым салу жайлы келісімге қосылғанына қарамастан, зымыран сынақтан өтті. Ядролық қаруға тыйым салуды бақылау жөніндегі ұйым мұндай сынақ ядролық қаруға тыйым салу жайлы келісімге сай еместігін айтты. Қазақстанның қорғаныс министрлігі зымыранның жойғыш бөлігі болмағанын мәлімдеді.

943 мың гектарды алып жатқан Сарышаған полигонын Ресей 1996 жылдан бері жалға алып отыр. Балқаш көлінен солтүстік-батысқа қарай Қарағанды мен Жамбыл облыстары аумағындағы Бетпақдаланы алып жатқан полигон 1956 жылы құрылды. Ресей бұл полигонды жалға алғаны үшін жылына әр гектарға небәрі 2,3 доллар төлейді.

Ресей Қазақстан полигондарында қару-жарақты бұрыннан сынап жүр. Қазақстан аумағында Ресейдің бірқатар қорғаныс нысаны орналасқан. Оның бірі – Қазақстанның солтүстігіндегі Ресеймен шекараға жақын Тайсойғандағы Чкалов атындағы мемлекеттік 929-ұшу-сынақ орталығы. Бұл Ресей қорғаныс министрлігінің негізгі авиация зерттеу мекемесі. Defence24 ресурсының хабарлауынша, ол әскери авиациялық техника мен ұшақтар, дрон мен авиациялық басқа да қару-жарақты сынақтан өткізеді.

Сарышағандағы зымыран кешенін сынақтан өткізу сәті. Қазақстан қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі таратқан сурет. Ақпан, 2023 жыл.
Сарышағандағы зымыран кешенін сынақтан өткізу сәті. Қазақстан қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі таратқан сурет. Ақпан, 2023 жыл.

Одан бөлек Ресей Қазақстандағы «Байқоңыр» ғарыш айлағын 1994 жылдан бері жалға алып отыр. Техникалық тұрғыдан айлақ әскери нысан болмағанымен, Мәскеу айлақтан әскери спутниктерді ұшырады.

Автор 2022 жылдың басындағы Қанды Қаңтар оқиғасында Қазақстан билігі Ресейге тәуелділігін көрсетті деп есептейді. «Тоқаевтың қарсыластары жаппай тәртіпсіздікті пайдаланып, мемлекеттік төңкеріс жасап, оны кетірмек болды деген әңгіме бар. Тоқаев Кремльге қайырылды».

Баунов Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының күштері ахуалды тұрақтандырып, билікті шоғырландыруға мүмкіндік бергенін келтіреді. «Путин мен Тоқаевтың қарым-қатынасында «сен маған қарызсың» деген нәрсе бар болуы керек», дейді автор.

«Тоқаев Путинге Украинаға басып кіргенде қолдау білдірмеді, бірақ Ресей диктаторын ашуын шақыратын әрекетке бармады. Полигондарды зымыран сынағы үшін пайдалану тәрізді Кремль мен Астана арасындағы келісімдер күшінде қалды», деп жазады Баунов.

АЛҚАБИЛЕР ЕНДІ СУДЬЯНЫҢ ҚАТЫСУЫНСЫЗ ШЕШІМ ҚАБЫЛДАЙ МА?

Eurasianet басылымы Қазақстан қылмыстық істерді алқабилер мен кәсіби судья бірге қарайтын жүйеден алшақтап, алқабилер судьяның қатысуынсыз шешім қабылдайтын жүйені енгізіп жатқанын жазды.

Наурыздың 13-і күні мәжіліс алқабилердің жұмысын реттейтін заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Жергілікті басылымдардың жазуынша, депутаттар судья алқабилермен бір бөлмеде қалмауы керек деген норманы енгізіп отыр.

Заң жобасы қабылданса, алқабилер қарайтын іс бойынша шешімді 11 адамнан тұратын алқабилер соты кеңесу бөлмесінде судьяның қатысуынсыз шығарады. Бұл реформаны жақтаушылар осы өзгеріс қылмыстық істерді неғұрлым объективті қарауға мүмкіндік береді деп есептейді.

Қазіргі алқабилер мен кәсіби судьядан тұратын аралас жүйе 2007 жылы енгізілді. Алғашқы жылдары алқабилер соты тек өмір бойы бас бостандығынан айыру немесе өлім жазасы тәрізді аса ауыр қылмыстарды қарайтын. 2007-2009 жылдар аралығында алқабилер соты 50 шақты іс қарады. Содан бері алқабилер сотын тағайындау критерийлері кеңейді, енді олар 12 жылдан астам мерзімге бас бостандығын айыру жазасын көздейтін істерді қарайды. Үкімді он адамнан тұратын алқабилер мен судья шығарады. Айыпталушы алқабилер сотын өз еркімен таңдай алады.

Алқабилер қатысып жатқан сот. Көрнекі сурет.
Алқабилер қатысып жатқан сот. Көрнекі сурет.

Мақала авторы Алмаз Куменов алқабилер соты ақтау үкімін көбірек шығаруы мүмкін деп есептейді. Қазірдің өзінде алқабилер мен кәсіби судьядан тұратын гибрид жүйе ақтайтын үкімдерін көбірек шығарып жатыр. 2022 жылдың қарашасында жоғары соттың аға судьясы Әбдірашид Жүкенов алқабилер соты 10 пайыз ақтайтын үкімін шығарса, жалпы соттарда бұл көрсеткіш 1,5-2 пайыз екенін айтты.

Сот үкімін тек қана алқабилердің шығаруы төңірегіндегі пікірталас өз әйелін өлтірді деп айыпталған бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың сот процесі кезінде қыза түсті. Істі қарап жатқан судья Айжан Құлбаева Бишімбаевтың істі алқабилер қарауына беру туралы өтінішін қанағаттандырды.

Басылымның жазуынша, сарапшылар Бишімбаев үкімді жұмсартуға тырысып жатыр деп есептейді. Адвокат Виталий Воронов ГиперБорей YouTube арнасына берген сұхбатында Бишімбаев алқабилер сотын таңдамаса, сот қоғам талап еткен үкімді, тіпті өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасын шығарар еді деді.

Автор Бишімбаевтың ісі сот жүйесіндегі ауқымдырақ проблеманы ашып көрсетті дейді.

Көптеген сарапшы мен құқық қорғаушы сот жүйесі атқарушы жүйеге тәуелді екенін айтады. Freedom House мұны өз есебінде тізген: «Президент судьяларды жоғары сот кеңесінің ұсынысымен тағайындайды, ал жоғары сот кеңесін президенттің өзі тағайындайды. Судьяларға саяси ықпал жасалады, ал жемқорлық бүкіл сот жүйесінің проблемасы», делінген есепте.

Бірақ екінші жағынан алқабилер сотына әлдебіреулер ықпал етуі мүмкін деген күмән айтылып жатады. Orda басылымының Youtube арнасына сұхбат берген белгілі құқық қорғаушы Евгений Жовтис мұндай қауесет пен күмәннан арылу үшін сот процесін барынша ашық етіп, ақпарат құралдарын қатыстырып, хабар таратуға мүмкіндік беру керектігін айтты.

АСТАНА РЕСЕЙДІ АЙНАЛЫП ӨТЕТІН ДӘЛІЗБЕН МҰНАЙ ЭКСПОРТЫН АРТТЫРМАҚ

Энергетика саласына маманданған Upstream Online іскерлік басылымы Қазақстан Ресейді айналып өтетін Транскаспий дәлізі арқылы мұнай экспортының көлемін арттыруға ұмтылып жатқанын жазды.

Осы аптада «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының басшысы Мағзұм Мырзағалиев Әзербайжан астанасы Бакуге сапарлап, Әзербайжанның Socar мемлекеттік мұнай-газ операторымен транзит жөніндегі жаңа келісімге қол жеткізді.

Келісімге сәйкес, «ҚазМұнайГаз» бен Socar Транскаспий дәлізін модернизациясына инвестиция құяды. Бұл дәліз қазақ мұнайын Ақтау портынан Баку түбіндегі Санғашал мен Әзертранс терминалдарына жеткізеді. Мұнай ары қарай Баку-Тбилиси-Жейхан құбыры арқылы Жерорта теңізіндегі Түркияның Жейхан портына жеткізіліп, Еуропа нарығына тасымалданады.

Автор Владимир Афанасьевтің жазуынша, «ҚазМұнайГаз» бен Socar келісімі бойынша, Әзербайжан арқылы тасымалданатын қазақ мұнайының жыл сайынғы көлемі бірте-бірте 16,5 миллион баррельге жетпек. Былтыр «ҚазМұнайГаз» Ақтау порты арқылы Бакуге 8 миллион тонна баррель мұнай жөнелткен.

Сондай-ақ екі тарап қазақ мұнайын Бакуден Қара теңіздегі Грузияның Супса портына жеткізу жайын талқылады. Энергетика министрлігінің хабарлауынша, осы бағыт арқылы жыл сайын 23 миллион баррель қазақ мұнайын экспорттау жайлы сөз болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG