Батыс басылымдары бұл аптада Еуразия экономика одағының болашағы бар ма деген сұраққа жауап іздеді. Сондай-ақ «Каспийде мұнай төгілді» деген расталмаған ақпарат арқылы Ресей Қашағандағы Батыс компанияларына соққы жасамақ болды ма деген сұраққа үңілді. Бұдан бөлек «әйелін аса қатыгездікпен өлтірді» деп айыпталған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың үстінен өтіп жатқан сот президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «әділетті қоғам құру» туралы уәдесін сын тезіне салатын сынақ екенін жазды.
РЕСЕЙ ЕУРАЗИЯ ЭКОНОМИКА ОДАҒЫН КЕҢЕЙТУДІ ҚАЛАЙДЫ, БІРАҚ БАҚЫЛАУШЫ ЕЛДЕР ОҒАН КІРУГЕ ҚҰЛЫҚСЫЗ
АҚШ-тағы Jamestown зерттеу институты Еуразия экономика одағының болашағы қандай деген сұраққа үңіледі.
Еуразия экономика одағының басшылары наурыз айында Үндістанның лауазымды тұлғаларымен кездесіп, еркін сауда жайлы келіссөз жүргізген. Мақала авторы киберқауіпсіздік мәселелерін зерттеуші Люк Родехеффер Еуразия экономика одағы Нью-Делимен бұл келісімді Мәскеуге қарсы санкцияларды айналып өту үшін қолдануы мүмкін деп топшылайды.
Еуразия экономика одағына Ресей, Қазақстан, Беларусь, Қырғызстан мен Армения кіреді. Молдова, Өзбекстан мен Куба оған бақылаушы мемлекеттер ретінде қатысады. Вьетнам, Сингапур мен Сербия одақпен екіжақты еркін сауда аймағын құрды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Тыйым салынған тауарды Еуропадан Ресейге тасуға қазақстандық компанияны қалай пайдаланды?Кремль өзінің сыртқы саяси құжаттарында Еуразия экономика одағының ары қарай дамуын стратегиялық басымдық ретінде көрсетіп келеді. Люк Родехеффер Ресей осы одақ арқылы Батыстың санкцияларын айналып өтеді дейді. Мәскеу Украинаға басып кірген соң бірнеше ай өткенде, Ресей мен одаққа мүше басқа елдердің арасында сауда көлемі айтарлықтай өсті. «Қазақстан, Қырғызстан мен Армения санкция салынған тауарды Ресей мен Беларуське жеткізіп, пайдаға кенелді. Бірақ Астана енді санкцияларды сақтайтынын көрсетіп, 106 түрлі тауарды Ресейге экспорттауға тыйым салды».
Автордың жазуынша, Қазақстан қоғамы соңғы кездері Еуразия экономика одағына қатты сын айта бастады. Танымал кәсіпкер Айдан Кәрібжанов Батыс елдері Ресей мен Беларуське санкция салған соң, Еуразия экономика одағынан шығуға немесе оған мүшелікті тоқтата тұруға шақырды. Ал былтыр Еуразия экономика одағынан шығуға үндеген петиция 65 мың қол жинады. Бұл жайлы пікір білдірген саясаттанушы Данияр Әшімбаев Қазақстан Ресейге экономика мен логистика жағынан тәуелді болғандықтан, одақтан шыға алмайтынын мәлімдеді.
Ресей Еуразия экономика одағын кеңейтуді қалағанымен, бақылаушы мәртебесіндегі елдер әзірге одаққа қосылуға ниет танытпады. Тәжікстан Ресейде жұмыс істейтін еңбек мигранттарының ақша аударымдарына тәуелді болғанымен, Еуразия экономика одағына жақын болашақта кірмейтінін мәлімдеді. Молдова 2018 жылы одақта бақылаушы мәртебесіне ие болса да, 2022 жылдан бері ұйымның отырыстарына қатыспады. Ал 2023 жылы Батыспен қарым-қатынасты жақтайтын экономист Дорин Речан Молдованың премьер-министрі болғалы бері ел ТМД-дан шығу процесін бастап, постсоветтік кеңістіктегі елдермен жасалған ондаған келісімнің күшін тоқтатты.
Мәскеудің Украинаға басып кіруі Ресейдің Еуразия экономика одағындағы елдерге инвестиция құю қабілетіне нұқсан келтірді. Ресейдегі экономика мен қаржы ахуалының нашарлауы, білікті мамандардың елден кетуі Мәскеу үстемдік ететін одаққа ұзақ мерзімде кері әсерін тигізеді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ ЕАЭО саммиті. Путиннің одақ ішіндегі "одағы" кімге керек?"МҰНАЙ ТӨГІЛГЕНІ" ЖАЙЛЫ АҚПАРАТ РЕСЕЙДІҢ БАТЫС КОМПАНИЯЛАРЫНА ЖАСАҒАН СОҚҚЫСЫ МА?
Энергетика тақырыптарына маманданған Upstream Online басылымы «Каспийде мұнай төгілді» деген расталмаған ақпарат арқылы Ресей Қашағандағы Eni компаниясы бастаған Батыс компанияларына соққы жасамақ болды ма деген сұраққа жауап іздейді.
30 наурыз күні Ресейдің Lorett ғарыш мониторинг компаниясы Қашаған жобасы жасанды аралдарының бірінде мұнай төгілгенін, ол жеті шақырымға жайылғанын хабарлады. Компания бұл туралы мәліметті 105 жазылушысы бар Telegram арнасында жариялаған.
Қашаған кен орнын барлайтын North Caspian Operating Company (NCOC) бұл ақпаратты жоққа шығарды. NCOC консорциумының мәліметінше, 2024 жылғы 30 наурызда Sentinel 1A және 2024 жылғы 2 сәуірде TerraSAR-X спутнигінен түсірілген суреттерде Каспийдің солтүстік аумағында, оның ішінде Қашаған кен орнындағы D аралынан солтүстікке қарай орналасқан шағын аймақта табиғи құбылыс байқалған. Келесі күндері түсірілген суреттерде мұндай құбылыс көрінбегенін айтты.
Атырау облысы экология департаменті «апат болды» деген жерді тексеретінін айтты. Ведомство оқиға орнына жіберген тікұшақ теңіз бетінен мұнай ізін таппаған. Кейін тікұшақтан түсірілген видео әлеуметтік желілерде жарияланды. Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев алдын ала мәлімет бойынша, Қашаған кен орнына жақын жерде теңізге мұнай төгілгені жайлы ақпарат расталмағанын мәлімдеді.
Lorett жекеменшік компаниясы Ресей үкіметі қаржыландыратын Мәскеу түбіндегі «Сколково» инновация орталығында тіркелген. Компания Ресейде Raimet және Ctrl2go атты екі компаниямен жұмыс істеп, Каспий теңізіндегі мұнай төгілген-төгілмегенін Еуропаның Sentinel 1A спутнигі арқылы тексеретінін мәлімдеді. Lorett өзінің ай сайынғы есебінде наурыз айындағы мониторинг кезінде Қашаған кен орнының жанынан Каспий теңізіне мұнай төгілген іздерді анықтағанын баяндады. Lorett Upstream сұрақтарына жауап дайындап жатқанын, кейінірек жауап беретінін айтқан.
Бірақ 3 сәуір күні компания Telegram-арнада 29 наурыз күні көрінген іздер мұнайдың емес, өнеркәсіп тұнбасы болуы мүмкін екенін жазды.
Мақала авторы Владимир Афанасьев бұл мәлімет расталғанда, ол Қазақстан билігі мен Қашағанда үлесі бар Eni бастаған Батыс компанияларының арасындағы қарым-қатынасты шиеленістірер еді дейді.
Қазақстан билігі 2023 жылы көктемде халықаралық соттан Қашаған мен Қарашығанақ операторларына қоршаған ортаға келтірген залал үшін 5 миллиард доллар айыппұл салуды талап еткен. 2023 жылы қазанда Bloomberg сайты NCOC компаниясы 5,1 млрд доллар айыппұл салу туралы шешімге қарсылық білдіріп, халықаралық арбитраж сотына жүгінбек деп жазған. Жыл басында Bloomberg ақпарат агенттігі екі тарап дауды шешуге жақын екенін жазды.
Афанасьев жақында президент жанындағы мұнай-газ кеңесіне Теңіз, Қарашығанақ пен Қашағандағы Батыс компанияларының үлесін сатып алып, оны Ресей инвесторларына беру туралы ұсыныс жолданғанына қайырылған. Бұл ұсынысты «Парасат» кәсіпкерлер альянсының үйлестіру кеңесі, беленділер мен депутаттар жасаған. Құжатқа қарағанда, Теңіз бойынша келісімшарт мерзімі 2033 жылы, Қашаған бойынша 2041 жылы, ал Қарашығанақ бойынша 2038 жылы аяқталады. Бұл келісімшартты Қазақстанға барынша тиімді етіп, қайта қарастыру қажет. Бірақ мұндай келіссөз ұзаққа созылуы мүмкін әрі елде ол акцияларды сатып алуға ақша жоқ. Ұсынысқа қарағанда, мұндай ақша Ресейде бар. Батыс елдері Мәскеу Украинаға басып кірген соң Ресейдің 300 миллиард долларын бұғаттап тастаған. Ресей Батыс компанияларының мұнай кен орындарындағы үлесін осы ақшаға айырбастай алар еді. Қазақстан үкіметі әзірге бұл ұсыныс жайлы пікір білдірмеді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақстан Қашаған мен Қарашығанақтағы мұнай өндіруші компаниялармен неге соттасып жатыр?БИШІМБАЕВТЫҢ СОТЫ ЖӘНЕ ТОҚАЕВТЫҢ УӘДЕСІН СЫН ТЕЗІНЕН ӨТКІЗЕТІН СЫНАҚ
Reuters ақпарат агенттігі «әйелі Салтанат Нүкенованы аса қатыгездікпен өлтірді» деп айыпталған бұрынғы министр Қуандық Бишімбаевтың үстінен өтіп жатқан сот президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «тең құқылы және әділетті қоғам құру» туралы уәдесін сын тезінен өткізетін сынаққа айналатынын жазды.
31 жастағы Нүкенова былтыр қарашада Астанада күйеуіне тиесілі Bau мейрамханасында өлі күйде табылды.
Осы аптада сотта оқиға болған күні мейрамхананың бейнекамераларынан түсірілген видео көрсетілді. Онда Бишімбаевтың үстіне тек пальто мен аяғына бәтіңке киген жас әйелді ұрып, тепкілеп, шашынан сүйрегені көрінеді.
Жәбірленуші тараптың адвокаты Жанна Оразбахова оқыған сот медицина сараптамасында Нүкенова жабық бас-ми жарақатын алғаны, бұл жарақаттан маңдай-желке-шүйде аймағында қанды ісік пайда болып, мишығы зақымданғаны жазылған.
Мақала авторлары Олжас Әуезов пен Марина Гордееваның жазуынша, көптеген қазақстандық Бишімбаевты бай басқарушы элитаның өкілі деп қабылдайды, жазадан құтылып кете ме деп қауіптенеді. Бишімбаев 2017 жылы қаңтарда жемқорлық айыбы бойынша ұсталып, 2018 жылы наурызда он жылға сотталған. 2019 жылы қазанда шартты жазамен босап шыққан.
Осыдан бес жыл бұрын билікке келген Тоқаев әділетті қоғам орнату және әйелдер құқығын жақсарту жайлы уәде берген.
«Үкімді он алқаби шығарады, бірақ сот, заңнама мен оның қаншалықты іске асып жатқаны жайлы шешімді [сотты бақылап жатқан] азаматтық қоғам қабылдайды» дейді гендер мәселесі бойынша белсенді Аида Әлжанова.
Қазақстандықтардың бұл істі мұқият бақылауының тағы бір себебі, елде әйелдерге қарсы тұрмыстық зорлық-зомбылық бұған дейін қызу талқыланып жүрген тақырыптардың бірі болған. 2017 жылы «ұрып-соғу», «денсаулығына қасақана жеңіл зақым келтіру» баптары қылмыстық кодекстен әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске ауыстырылып, негізінен айыппұл салынатын болды. Нүкенованың қазасынан кейін тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жазаны қатайтуды сұраған петицияға қол қойғандар көбейген. Парламент қазір тұрмыстық зорлық үшін жауапкершілікті қатаңдатын заң жобасын қарап жатыр.