ЕМДЕЛУ ҮШІН АШТЫҚ ЖАРИЯЛАҒАН ДУМАН
Белсенді, журналист Думан Мұхаммедкәрім Талдықорғандағы тергеу изоляторына қамалғалы бері бірнеше рет аштық жариялап, денсаулығы нашарлады. Әкесі Алмас Тілеповтің айтуынша, ол 30 келі салмақ тастаған.
– Думанның денсаулығы әбден құрыған, екі бүйректен отыра алмайды, соттың өзінде де отыра алмады, түрегеп тұрды, – деді әкесі кезекті сот отырысынан шыққан соң.
Думан Мұхаммедкәрім бүйрегі қатты ауыратынын айтып, емханаға жатқызуды сұраған. Бірақ тергеу изоляторына бірнеше рет келген жедел жәрдем ауруды басатын дәрі беріп, стационарлық емнің қажеті жоқ деп шешкен. Мұхаммедкәрім оған наразылық білдіріп, аштық жариялаған. Осыдан соң белсендінің жағдайын естіп, суретін көрген ондаған жақтасы прокуратураға барып, оның денсаулығына назар аударуды, емханаға не үйқамаққа жіберуді талап етіп, ұжымдық арыз жазды. Көп өтпей олардың талабы орындалып, Мұхаммедкәрім Қонаев қалалық ауруханасына жатқызылды.
Бұл – қоғам назар аударған бір ғана тұтқынның оқиғасы.
Your browser doesn’t support HTML5
Қазақстан ішкі істер министрлігі қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің дерегінше, елдің түкпір-түкпіріндегі жиыны 78 мекемеде 37 706 адам қамауда отыр. Оның 3 мыңға жуығы әйел. Қамаудағылардың 30 мыңы мекемелерде, 7 мыңнан астамы тергеу изоляторында отыр.
Адвокат Жанар Балғабаеваның айтуынша, кейінгі кезде жабық мекемелерде отырған азаматтардың медициналық көмек алу құқығы жиі шектеледі.
– Өз тәжірибеме сүйеніп айтсам, жағдай өте қиын. Биыл сәуір айында Ұлытау облысында қорғауымдағы бір азаматтың тісі ауырып, медициналық көмек керек болды. Бұрын тіс дәрігеріне ақысын төлеп, оны мекеме бастығына айтып, емханаға шығарып алатынбыз. Бұл жолы да солай болады, қиындық тумайды деп ойладық. Алайда 30 мамырға дейін оны шығарған жоқ. Ауруды сездірмейтін дәрінің күшімен ғана отырды. Осыдан кейін біз ауруы бар адамды ұстап отыру азаптаумен тең екенін айтып, арыздар жаздық. Содан соң екі апта өткен соң ғана оны [емдеуге] алып шықты, – деді Балғабаева Азаттыққа.
АНАСЫ ТІЛЕУЖАННЫҢ ТІСІН ЕМДЕТУ ҮШІН НЕГЕ АСТАНАҒА БАРДЫ?
Алматы облысы Жауғашты кентіндегі әйелдер түрмесіне қамалған белсенді, журналист Әйгерім Тілеужанның да медицина көмегін ала алмағаны министрліктерге, мәжіліс депутаттарына дейін жетті.
Биыл маусымның ортасында Астанаға барған Әйгерім Тілеужанның анасы мен бір топ белсенді қылмыстық-атқару жүйесі комитеті мен денсаулық сақтау министрлігі өкілдеріне "мекеме Әйгерімді тісін жөндетуге алып барсын" деген талап қойды.
Your browser doesn’t support HTML5
Белсенділермен жиын да мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи "Әйгерім Тілеужанның жағдайын мекемеден білдім, ол өзі зонаның ережесін бұзған" деген уәж айтты.
– Зонаның адамдарымен сөйлескенімде "Аға, олар бұл жерге санаторийға келген жоқ қой" деді. Әр мекеменің тәртібі бар, соны сақтауы керек. Әйгерім Тілеужанды емханаға шығарған екен, оны [жеке клиника] өз көлігімен тасыған. Бұл заңға қайшы, қамаудағы адам мекеме бекіткен арнайы көлікпен, қарауылмен жүруге тиіс екен, – деді депутат ашулы көпшілікке.
Осы кезде белсенділермен бірге Алматыдан келген құқық қорғаушы Маржан Аспандиярова мекемелерде тұтқын таситын көліктің тапшы болу себебін жемқорлықтан көріп, қылмыстық-атқару жүйесінің бюджетін тексеруді талап етті.
– Осы қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне мемлекеттен бөлінген бюджет қайда кетіп жатыр? Неге олар ұлттық гвардиядан айдауыл шақыруға мәжбүр, неге ол жақта транспорт тапшы, неге Алматы облысында тұратын азаматты Жетісу облысындағы камераға қамайды? Неге Алматы облысындағы мекемелерде камера жетпейді? Есеп комитеті (қазіргі Жоғары аудиторлық палата) аудит жасасын. Оларға бөлінген мемлекет бюджеті қайда жұмсалып жатыр? Қаржысын есепсіз жұмсаған бұрынғы басшылары жауап берсін, – деді Аспандиярова мәжіліс депутаттары Ермұрат Бәпи мен Мақсат Толықбайға және министрлік, бас прокуратура өкілдеріне қарата.
Бірақ оның бұл сұрақтарына билік өкілдері жауап бермеді.
Қылмыстық-атқару жүйесіндегі мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау бөлімінде істейтін маман Ерлан Әбдібай "Жауғашты түрмесінде медициналық бөлім бар. Ол тіс емдеуге қажет медицина құрал-жабдықтарымен жабдықталған. Барлық санитарлық талапқа сай, оны тексердік. Бірақ оған жеке клиникадағыдай жағдай жасап бере алмаймыз ғой" деді.
Оның сөзінше, Әйгерім Тілеужан мекемедегі медицина кабинетінде – ем алудан, ал ол шақыртқан тіс дәрігері ем жүргізуден бас тартқан.
Қазақстанның қылмыстық-атқару жүйесіндегі мекеме ғимараттарының ескіргені, ондағы медициналық кабинеттің көбі санитарлық талапқа сай емес екені ұзақ жылдан бері айтылып келеді.
Ішкі істер министрлігі қылмыстық-атқару жүйесі комитеті Азаттыққа берген жауабында "елдегі 78 мекеменің бәрінде медициналық кабинет бар" деп жазды. Ал денсаулық сақтау министрлігі "дәрігерлік амбулаториялардың көбінің материалдық-техникалық базасы толық емес, медициналық жабық жеткіліксіз, ғимараттардың 80 пайызы күрделі және косметикалық жөндеуді талап етеді" деп мәлімдеді.
Қазақстандағы 78 мекемені ұстауға биыл мемлекеттік бюджеттен 70 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. 2023 жылы 76,5 миллиард теңге жұмсалған. Кейінгі төрт жылда түрмеге қамалғандар саны артып барады, демек оларды ұстау шығыны да өсе бермек. Жоғары аудиторлық палатаның кейінгі үш жылдағы республика бюджетінің атқарылуы жөніндегі есептерінде бөлінген қаржының қалай жұмсалғаны туралы ақпарат жоқ.
БЕЙБАРЫСТЫҢ ҚАЗАСЫ
Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті қамаудағы азаматтардың медицина көмегін алу туралы сұрақтарды денсаулық сақтау министрліге сілтейді.
Шымкент тұрғыны Гүлшат Байназарова тергеу изоляторында дерті асқынып, ауруханада қайтыс болған ұлының өлімі үшін "әлі ешкім жауап бермеді" дейді.
Былтыр Шымкенттегі тергеу изоляторында 7 ай отырып, дерті асқынған Бейбарыс Сүлеймен былтыр қарашада ауруханада кісендеулі күйінде көз жұмды. Ол қант диабетімен ауырған. Анасының айтуынша, тергеу изоляторында дәрісі уақытында берілмеген. Дәрігер нұсқауы бойынша оған бір күнде 6 рет инсулин егілуі керек еді.
Your browser doesn’t support HTML5
– Балам екі күн инсулин алмаған. Тергеу изоляторындағы медицина қызметкері "Бейбарысқа бір айға жететін инсулин алғыздым, қолына бердім" деді. Үйде жүргенде оның дәрісін тоңазытқышта сақтаймыз. Ал изоляторда 16 адам жататын тар камераның ішінде тұрған. Кейіннен ұлым ол дәрілердің мерзімі өтіп кеткенін айтты, – деді Гүлшат Байназарова Азаттық тілшісіне.
Ол кезде Бейбарыс Сүлеймен "ұйымдасқан қылмыстық топ құрды", "заңсыз қару сақтады", "заңсыз ойын бизнесін" ұйымдастырды деген күдікпен тергеліп жатқан.
– "Бейбарыстың қанындағы қант мөлшері түспей жатыр, ертең бірдеңе болса, кім жауап береді?" деп изолятордағы санитарлық бөлімнің басшысына бардым. Ол "эндокринологты күтеміз, ол үш айда бір келеді" деді. Ұлымның емі уақытында жасалса, өлмейтін еді, – деп зар жылайды Гүлшат Байназарова.
30 жастағы Бейбарыс Сүлеймен тергеу изоляторынан ауруханаға ес-түссіз жеткізілді. Бір апта жансақтау бөлімінде жатып, көз жұмды. Қайтқан соң Шымкент соты оны барлық бап бойынша кінәлі деп тапты. Туыстары Бейбарыстың денесінен ұрып-соғу белгілерін байқаған. Олар тергеу кезінде азапталды деп күдіктенеді.
– Камерасында бірге болған балалар "мынау өледі ғой қазір, алып кетсеңдерші" деп бірнеше рет айқайлаған, бірақ ешкім тыңдамаған. Олардың айтуынша, Бейбарыс сол кезде қап-қара қан құсқан. Кейін сараптамадан білдім, адамның өті инсулин жетпегеннен іріп кетеді, сосын өттен қатты соққы алған дейді. Тергеу изоляторы қамаудағы адам қара қан құсқанша ұстап отырған, – деді Гүлшат Байназарова.
Бейбарыстың қазасынан соң ауруханада қызметтік тексеріс жүргізіліп, анестезиолог-реаниматолог дәрігердің тиісті сертификаты жоқ екені анықталған. Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының дерегінше, маман жұмыстан уақытша шеттетілген. Жансақтау бөлімінің тағы екі қызметкеріне сөгіс берілген.
Бейбарыстың өліміне байланысты "медицина қызметкерінің кәсіптік міндетін орындамауы себептен абайсызда адам өлтіріп алу" деген баппен қылмыстық іс тергеліп жатыр. Істе күдікті бар ма, жоқ па, бізге беймәлім. Шымкент қалалық прокуратурасы "тергеу жүріп жатыр" дегеннен артық ақпарат берген жоқ. Қамаудағы науқас адамның денсаулығына жауапты болған тергеу изоляторының қызметкерлеріне әзірше ешқандай қылмыстық айып артылған жоқ.
СОТТАЛҒАНДАР АРАСЫНАН КҮТУШІ ТАҒАЙЫНДАУ ДҰРЫС ПА?
Ал Алматы облысының Заречный кентіндегі №14 мекемеде екі көзі де көрмейтін, бірінші топ мүгедегі отыр. Адвокаты Жанар Балғабаеваның сөзінше, түрме ішінде мүгедектердің жүріп-тұруы қиын.
– Мекемеде зағип жандарға, тіпті арбаға таңылған адамдарға жағдай жасалмаған. Жүріп-тұруға арналған пандус та, тактильді жол да, арнайы сигнал да жоқ. Тіпті мекеменің бірінші топ мүгедектеріне, зағип адамдарға жағдай жасауға қаржы жетпейтінін жазған жауабы да бар, – деді адвокат Азаттыққа.
Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті Азаттыққа берген жауабында бұл мекемеде мүгедектерге арналған камера жоқ екенін растады. Онда қазір мүгедектігі бар жеті адам отырғанын, оның екеуі бірінші топ мүгедегі екенін жазды. Бірінші топтағы мүгедек адамдарға өзге сотталған тұтқындардың арасынан көмекші тағайындалған.
"Ерекше талаптар болған жағдайда мекеменің медициналық бөлігіне орналастырылады. Ішкі істер министрінің 2023 жылғы 26 маусымдағы №512 бұйрығына және ҚР Әлеуметтік кодексіне сәйкес күтімді жүзеге асыру үшін мүгедектігі бар адамдарға сотталғандар қатарынан адам бекітіледі. Бұл норма мүлтіксіз сақталады және мүгедек адамдардың қажетін жеткізіп, күнделікті қызмет көрсетеді, мәселелерін шешеді. Бірінші топтағы мүгедектігі бар сотталған адамның бәрі №7 А нормасына сәйкес қосымша тамақ алады. Мүгедектігі бар адамдарға қатысты сотталғандардың осы санаты үшін жатақханада жағдай жасалған, бұдан басқа қажетті көмек көрсететін санитар (сотталғандар қатарынан) ресми негізде жұмысқа орналастырылған", – делінген комитет төрағасының бірінші орынбасары Абай Қайырбеков қол қойған жауапта.
Адвокат мүгедектігі бар адамға біреуді жүктеп қою жеткіліксіз деп санайды. Жанар Балғабаеваның сөзінше, күні-түні бір адамның жанында жүріп-тұру физикалық тұрғыда мүмкін емес.
– Азамат суық тиіп ауырып әжетханаға қайта-қайта бара берсе, оның қасындағы адам да үнемі бірге баруға мәжбүр болады. Бұл өте ауыр. Бұл тіпті мүмкін емес, күндіз де, түнде де 3 минут сайын бара беретін болса ше? Бұл – қатыгездік. Адамды қамай отырып, оған жағдай жасамау да қатыгез қарым-қатынастың түрі, – деді Балғабаева Азаттыққа.
Азаттық Қылмыстық атқару-жүйесі комитетінен түсірілім тобын Алматы облысы Заречный кентіндегі №14 мекемеге кіргізуді және онда жазасын өтеп жатқан адамдармен тілдестіруді сұрап хат жазды. Бірақ комитет рұқсат бермеді.
Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің дерегінше, былтыр республика мекемелерінде жиыны 119 адам қайтыс болған. 2022 жылы – 133, 2021 жылы – 134, 2020 жылы – 127 адам жабық мекемеде жан тапсырған. Олардың көбі аурудан өлген. Өлімге себеп болатын ең көп кездесетін аурулар: жүрек-қан тамыры, онкология, соматика аурулары және ми, қан айналымының бұзылуы.
ЕМДЕЛУ ҮШІН "КӨП ФАКТОР СӘЙКЕСУІ" КЕРЕК
Қамаудағы адам мен бостандықта жүрген азаматтардың тегін медициналық көмек алуға құқығы тең. Былтыр қаңтардан бері әр мекеме немесе тергеу изоляторы орналасқан жері бойынша жергілікті емханаға тіркелген. Қамаудағы адамдарды сол емхананың дәрігерлері қарайды. Бейінді маманға көріну үшін де әдеттегі емхана ережесі бойынша жазылуы керек. Қамаудағы адам өзі таңдаған медициналық ұйымның ақылы қызметін қолдана алады.
Тегін медицина көмегін қолданған әр азаматтың шағымы бойынша қайда, қалай емделетінін сол тіркелген емханадағы терапевт анықтайды. Егер дәрігер стационарлық ем қажет деп тапса, түрме немесе изолятор әкімшілігі кедергі келтіре алмайды.
2023 жылдың қаңтарына дейін қамаудағы науқас адамның жағдайы бойынша шешімді түрме әкімшілігі шығаратын және медициналық көмек алуына ішкі істер министрлігі мен қылмыстық-атқару жүйесі департаменті жауап берген. Ал былтыр қаңтарда бұл қызмет денсаулық сақтау министрлігіне берілді. Енді қамаудағы адамдардың да денсаулығына жергілікті жердегі емхана мен денсаулық сақтау басқармасы жауапты.
Құқық қорғаушы Елена Семенованың айтуынша, осы өзгерістен кейін жергілікті денсаулық сақтау басқармалары мен емхана дәрігерлерінің жауапкершілігі артты.
– Енді қамаудағы адамның денсаулығына ол отырған мекеме жауап бермейді. Тұтқындағы адамға бірдеңе бола қалса, сұрақ емханаға, дәрігерлерге қойылады. Сол үшін де олар түрмедегі әр адамның жағдайын білуге мүдделі, – деді құқық қорғаушы.
Алайда іс жүзінде қамауда отырған адамдардың медицина көмегін алуы жеңілдемеген. Семенованың сөзінше, әлі де логистика мәселесі шешілмеді.
Адвокат Жанар Балғабаева онда медициналық көмек алу бақытына ие болу үшін "көп фактордың сәті түсіп, орайы келу керек" деп санайды.
– Мекемелерде транспорт мәселесі өте қиын. Қанша жылдан бері неге шешілмейтінін түсінбеймін. Көлік табылса, айдауыл бар, екеуінің уақыты сәйкесуі керек. Емхана адамды мекемеден шығару туралы рапорт жазып беруі қажет. Медицина қызметкері қағаз жазып берген соң, түрме басшылығының келісімі керек. Сол келісілген уақытқа қарауыл да, көлік те дайын тұруы тиіс. Адамды емдетуге алып шығу үшін көп фактор бір-бірімен бір сәтте сәйкеспей қалса, сыртқа шыға алмайсың, – деді адвокат.
Ол бірнеше рет денсаулық сақтау басқармасының үстінен әрекетсіздігі үшін сотқа шағым түсірген.
– Денсаулық сақтау басқармалары сондай арыз-шағымдардан кейін ғана қозғалады. Соның өзінде "әне шығарамыз, міне шығарамыз" деп уақытты созбақтайды, дейді адвокат Азаттық тілшісіне.
Мысалы, Алматы облысы Заречный кентіндегі №14 түзеу мекемесінде 800-ден аса адам жазасын өтеп жатыр. Ал мекеме меншігінде 1 ғана көлік құралы бар. Түрме басшылығы, бұдан мәселе көрмейді. Мекеме ішінде медициналық бөлім бар, қамаудағы адам ауырса, сол жерде емделеді деп жауап берді.
МАМАН ТАПШЫ, ҚАРЖЫ АЗ
Қамаудағы азаматтардың медициналық көмекке байланысты шағымы көбейгенін денсаулық сақтау министрлігі де мойындайды. Бірақ шағымның көбею себебін жақсыға балайды.
"Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде ұсталатын адамдарға медициналық көмек беру функциясын Денсаулық сақтау министрлігіне бергеннен кейін онда консультация-диагностика қызметтеріне қолжетімділік артты. Ал ол өз кезегінде адамдардың медицина қызметін алуға қатысты шағымдарының санын көбейтті" делінген Денсаулық сақтау министрлігінің Азаттыққа берген жазбаша жауабында.
Министрлік жабық мекемелерде науқастардың дәрігер қабылдауын ұзақ күтуінің бір себебі – мекемелер ішіндегі медицина бөлімдерінде арнайы мамандар жетіспейді деп түсіндірді.
"Кәсіп тартымды емес, жеткілікті әлеуметтік көтерме ақылардың болмауы салдарынан медицина кадрлары (дәрігерлер, орта және кіші персонал) тапшы. Объектілердің режим тәртібінде болуы себебінен емдеу мен диагностикаға апаруды қажет ететін пациенттер үшін айдауыл табу ұзақ уақыт алады, телемедицинаны, қашықтықтан көрсетілетін қызметтерді ұсыну үшін интернеттің болмауы және басқа да мәселелер бар" делінген денсаулық министрлігінің жауабында.
Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріне медицина маманы тапшылығы кейінгі 10 жылдан бері көтеріліп келеді. Бұл туралы жабық мекемелерді бақылайтын тәуелсіз ұйымдар, ұлттық алдын алу тетігі жариялайтын қорытынды есепте жиі жазылады. Негізгі мәселелер: медицина маманы жетпейді, антисанитария, медицина бөлімдерінде құрал-жабық тапшы.
Жабық мекемелердегі медицина қызметі денсаулық сақтау министрлігіне іс жүзінде 2023 жылдың қаңтарында жүктелді. Алайда бұл қызметтің бір министрліктен екіншісіне өту процесі бір сәтте болған жоқ. Көшу процесі үш жыл бұрын, 2021 жылы басталды. Нормативтік актілерді өзгерту, заңнама жұмыстары сол кезде қолға алынды. Министрліктегі осы салаға жауапты шенеунік мәселелерді кезең-кезеңімен шешіп жатырмыз, жыл соңына дейін бәрін қараймыз деді.
– Қазіргі кезде бұл салада жиналған сұрақтар көп. Жұмыс тобы құрылған. Құрамында бас прокуратура, денсаулық сақтау және ішкі істер министрліктерінің өкілдері бар, – деді денсаулық сақтау министрлігіндегі медициналық көмек көрсету департаментінің директоры Ұлықбек Медеубеков Азаттық тілшісіне.
Медеубековтің айтуынша, ведомствоаралық жұмыс тобы 2024 жылға арналған жоспарын бекіткен. Жоспарда нормативтік-құқықтық актілерді жетілдіру, инфрақұрылымды дамыту және мекемені медициналық жабдықтармен жарақтандыру, кадрлық әлеуетті дамыту, цифрландыру мен қашықтан көрсетілетін қызметтерді енгізу бойынша шараларды іске асыру көзделген.
"АУЫРҒАН АДАМДЫ ЕМДЕЛУГЕ ЖІБЕРМЕУ – АЗАПТАУ"
Денсаулық сақтау министрлігінің биыл 1 шілдедегі есебі бойынша, қамаудағы 3042 адам созылмалы ауруға шалдыққан. Бұл – түрмеде отырғандардың 8 пайызы.
Ауруы бойынша тіркеуде тұрғандардың 38 пайызы немесе мыңнан астамында (1155) гипертониялық дерт бар, олардың қан қысымы жоғары. 15 пайызы немесе 456-сы вирусты гепатитпен тіркелген, 11 пайызы (334) психика ауруы, 10 пайызы (330) қант диабетімен, тағы 10 пайызы туберкулез және 2 пайызы онкологиялық аурумен тіркеуде тұр.
Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы Теңізжан Жәнібеков 18 шілдеде журналистерге арнап өткізген жиында биыл алты айда "еш жерде, ешкім азапталған" жоқ деді.
– Биыл сотталғандарға қатысты қызметкерлер тарапынан азаптау фактілері тіркелмегенін атап өтемін. Сотталғандардың бізге жазған әрбір арыз-шағымдары, зорлық-зомбылық жайында немесе заңсыз қатыгездік шараларын қолдану туралы әрбір хабарламасы бізде төтенше жағдай болып қабылданады, тез арада тіркеледі, сосын біз тексеріс ұйымдастырамыз, – деді комитет төрағасы 18 шілдедегі баспасөз жиынында.
Елдегі түрмелер мен тергеу изоляторларының жұмысын үйлестіретін комитет төрағасы "мекеме қызметкерлері ешкімді физикалық тұрғыда азаптаған жоқ" десе де, құқық қорғау саласында түрмеде науқас адамды дер кезінде емделуге жібермеу де азаптаудың бір түрі саналады. Бұл туралы халықаралық пактілерде, адам құқығы жөніндегі құжаттарда жазылған. Адвокаттар көбіне қорғауындағы адамдардың ем алуына қол жеткізу үшін осы нормаларға сүйенеді.
Баспасөз жиынында комитет төрағасы "сотталғандардың кез келген арызын қараймыз, дер кезінде әрекет етеміз" деді. Алайда 2022-2023 жылдары түрмеде отырып шыққан белсенді Ермек Нарымбайдың сөзіне қарағанда, арыз-шағым арқылы мәселені шешу оңай емес. Ол да Алматы облысы Заречный кентіндегі №14 мекемеде жазасын өтеген. Ол түрмедегі санитарлық жағдайды "адам шошырлық" деп, жағдайды түзетуге әрекет жасағанын, бірақ өзі жазаланғанын айтты.
– Министрдің атына хат жаздым да, екі барактағы жиыны 60 адамның қолын қойдырып, адвокатымнан беріп жібердім. Ертеңіне Интернетте жария болды, шу шықты. Түрме әкімшілігі "Нарымбаев, бүлдірдің!" деп, айып изоляторына қамады. Қалай? Біз сенен SIM карта тауып алдық деді, оны өздері салып жіберді. Келесіде тыңдамасын деп бәрі үшін мені жазалады, – деді белсенді Азаттыққа.
Түрме, тергеу изоляторларын бақылайтын Азаптауға қарсы ұлттық алдын алу механизмі есебінде Қазақстанның мекемелері әлі де антисанитария жағдайында екені айтылды. Сол есептерге және тәуелсіз бақылаушылар сөзіне сүйенген АҚШ елшілігі жыл сайын жариялайтын адам құқығы жөніндегі баяндамасында Қазақстандағы тұтқындардың денсаулығына алаңдап, ондағы санитар-гигиена талаптарына сай емес екеніне назар аударған.
Қазақстанның түрмелері толып барады. Орын жетпейтінін комитет төрағасы Теңізжан Жәнібеков те мойындаған. Қазіргі бар мекемелердің бәрі совет заманында салынған, ескі. Қылмыстық атқару жүйесі комитеті қазір үш өңірде: Павлодар, Ақмола және Атырау облыстарында кемі 1200 адам сиятын үш колония салынып жатқанын айтты. Жоспар бойынша құрылысы осы жылдың аяғына дейін бітуі керек.