Қазақстан футзалшылары Өзбекстанда жүлдеге іліне ала ма?

Футзалдан Қазақстан құрамасы Иран құрамасымен жолдастық матч өткізген сәт. 2024 жылдың қыркүйегі.

Бүгін, 14 қыркүйекте Өзбекстанда футзалдан әлем кубогы басталды. Бұл додаға қатысатын Қазақстан құрамасының басты қарсыластары қай елдер болмақ? Қазақстан футзал қауымдастығы құрама алдына қандай міндет жүктеп отыр?

Бразилиялық маман Рикардо Кака жаттықтыратын Қазақстан құрамасы топтық кезеңде Испания, Жаңа Зеландия және Ливиямен (D-тобы) ойнайды. 1/8 финалға тікелей шығу үшін топтан бірінші-екінші орын алу керек. Бұдан бөлек, жеті топтан үшінші орын алған төрт құрама көрсеткішіне қарай 1/8 финалға шыға алады. Бірақ әлем кубогына қатысатын 28 ел өз тобынан алғашқы екі орынмен плей-офф кезеңіне өтуге тырысады.

Өзбекстанға аттанған Қазақстан құрамасы сапында 14 ойыншының үшеуі – Лео Игита (қақпашы), Лео Жарагуа және Дуглас Жуниор Бразилияда туып, кейін Қазақстан азаматтығын алғандар.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ БАСТЫ ҚАРСЫЛАСТАРЫ ҚАЙ ЕЛДЕР?

Қазақстанның топтық кезеңдегі басты қарсыласы Испания болмақ. FIFA рейтингінде Испания – үшінші, Қазақстан сегізінші орында тұр. Ал Жаңа Зеландия (19) мен Ливия (50) рейтингте әлдеқайда төмен орналасқан.

Қазақстан топтан бірінші-екінші орынмен 1/8 финалға шықса, E-тобындағы Португалия (рейтингте 2-орында), Марокко (6), Тәжікстан (34), Панама (44) құрамаларының бірімен ойнауы мүмкін.

Футзалдан Қазақстан құрамасы. 2024 жылдың қыркүйегі.

Qazsport арнасының комментаторы Олжас Байбосынов Қазақстан үшін топтық кезеңдегі алғашқы матчта Испанияны жеңу аса маңызды деп санайды.

– Топта Испанияны жеңіп, бірінші орын алуымыз маңызды. Себебі бірінші орын алсақ, 1/8 финалда Мароккомен ойнауымыз мүмкін, екінші орын алсақ, Португалиямен ойнауымыз мүмкін. Португалия – 2021 жылғы әлем чемпиондары, Марокко – қазіргі Африка чемпиондары. Сондықтан екі қарсылас та мықты, – дейді ол.

Спортқа бюджеттен тыс бөлінген қаржыны үлестіретін "Спорт қорының" баспасөз хатшысы, спорт журналисі Асқар Хамиден Қазақстанның басты қарсыластары әлемдік рейтингте бірінші тұрған Бразилия және Аргентина (5), Иран (4) құрамалары да болады деп санайды.

Әлем кубогындағы топтар:

  • A тобы: Өзбекстан, Нидерланд, Парагвай, Коста-Рика
  • B тобы: Бразилия, Куба, Хорватия, Таиланд
  • C тобы: Аргентина, Украина, Ауғанстан, Ангола
  • D тобы: Испания, Қазақстан, Жаңа Зеландия, Ливия
  • E тобы: Португалия, Панама, Тәжікстан, Марокко
  • F тобы: Иран, Венесуэла, Гватемала, Франция

Қазақстан құрамасы осы әлем кубогына дайындық ретінде жақында Иранмен екі рет жолдастық матч өткізіп, бір ойында 4:1 есебімен жеңсе, бір рет 1:1 есебімен тең түсті. Одан кейін Аргентинадан 3:2 есебімен басым түсті. Ал Тәжікстанды 4:3, 3:0 есебімен жеңді.

Асқар Хамиден "бұл жолдастық кездесулер құрама үшін өте жақсы өткенін, ойыншылардың жақсы дайындығы анық байқалғанын" айтады.

– Жігіттердің бәрі бабында, сақадай сай, – дейді ол.

"ДАЙЫНДЫҚҚА БАРЛЫҚ ЖАҒДАЙ ЖАСАЛДЫ"

2021 жылы Литвада өткен әлем кубогында Қазақстан төртінші орын алған еді. Венесуэла, Коста-Рика, Литва бар топтан бірінші орынмен шығып, плей-офф кезеңінде Таиландты (7:0), Иранды (3:2) жеңген. Бірақ жартылай финалда Португалиядан пенальти арқылы жеңіліп, қолаға таласта Бразилияға 2:4 есебімен жол берген.

Қазақстан футзал қауымдастығының вице-президенті Нұрсұлтан Құрман футзалшылар алдына кемі жартылай финалға шығу, үштікке ену тапсырмасы қойылғанын айтады.

– Құрама алдына қашанда жоғары мақсат қоямыз. Қазақстан әлемдік рейтингте 8-орында тұрғандықтан бұл әлем кубогында фавориттердің бірі. Сондықтан құрама чемпион болуға я үштікке енуге тырысады. Федерация құраманың дайындалуына барлық жағдай жасады. Әлем кубогы алдында Алматы мен Астанада жоғары деңгейдегі жаттығу жиыны өтті. Ұлттық құрама тарихында мұндай жаттығу жиыны болмаған. Жақсы қонақ үйде тұрды, жақсы базаларда дайындалды. Қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталып, жақсы ақшалай сыйақы берілді. Бастысы әлем кубогына қатысатын Иран, Аргентина, Тәжікстанмен жолдастық кездесулер сериясы болды, – дейді федерация өкілі.

Футзалдан Қазақстан құрамасы Иран құрамасымен жолдастық матч өткізген сәт. 2024 жылдың қыркүйегі.

Спорт журналисі Асқар Хамиден де "Қазақстанның әлем кубогындағы мүмкіндігі жоғары" деп бағалайды.

– Бұл жарыс құрама лидерлері Лео, Игита, Шыңғыс Есенамановтың соңғы әлем чемпионаты болуы мүмкін. Сондықтан олар барын салып ойнайды деп сенемін, – дейді ол.

Ал спорт комментаторы Олжас Байбосынов "құрама 2021 жылғы әлем кубогындағы 4-орын алған жетістігін қайталауы қиын, ширек финалға дейін жетеді" деп топшылайды. Бұған Халықаралық футбол қауымдастығының (FIFA) бразилиялық легионерлерге енгізген шектеу себеп болуы мүмкін.

БРАЗИЛИЯЛЫҚ ЛЕГИОНЕРЛЕРГЕ НЕГЕ ШЕКТЕУ ҚОЙЫЛДЫ?

Бразилияда футзал жақсы дамыған әрі ойыншылар арасында бәсеке жоғары. Осыдан соң кейбір елдер Бразилия құрамасына енбей қалған ойыншыларға азаматтық беріп, құрамаларына шақырған. Олардың қатарында Қазақстан, Әзербайжан, Грузия бар еді. 2022 жылғы Еуропа чемпионатынан кейін Еуропадағы елдердің көбі Қазақстан мен Әзербайжан құрамасындағы бразилиялық ойыншылардың көптігіне шағымданған. Бұдан соң FIFA бір елде бес жыл бойы тұрмаған ойыншылардың әлем кубогына қатысуына шектеу қойды.

Қазақстан футзал құрамасы Литвадағы әлем кубогында. 2021 жылдың қыркүйегі.

Осыдан кейін Қазақстан құрамасында ойнап жүрген бразилиялық Тайнан биыл Өзбекстандағы әлем чемпионатына қатыса алмады. Ол 2021 жылғы әлем кубогында құраманың негізгі ойыншыларының бірі болған еді.

Футзалдан әлем кубогы төрт жылда бір рет болады. Коронавирус пандемиясына байланысты 2020 жылғы әлем чемпионаты 2021 жылы өткен. Финалда Португалия Аргентинадан 2:1 есебімен басым түсіп, чемпион болған еді. Қазақстан қолаға таласта Бразилияға жол берген.

Қазақстан әлем кубогына төртінші рет қатысып жатыр. 2000 жылғы әлем чемпионатында топтық кезеңнен шыға алмаған. 2016 жылы 1/8 финалда Испанияға есе жіберген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Бразилиялық "қазақтар". Қазақстан футзалының феноменіне не себеп?