Тоқаев неліктен "Ресей жеңілмейді" деп санайды? Соғыс қазақстандықтардың Мәскеу жайлы пікірін қалай өзгертті?

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Германия канцлері Олаф Шольц "Германия – Орталық Азия" саммиті кезінде сөйлесіп отыр. Астана, 17 қыркүйек 2024 жыл.

Батыс басылымдары бұл аптада президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Германия канцлері Олаф Шольцпен кездесу кезінде айтқан «Ресейдің жеңілмейтіні» туралы мәлімдемесі қаншалық негізді екенін талдады. Сонымен қатар Орталық Азия – Германия саммитінде тараптар көздеген мүдде іске асты ма дегенге тоқталды. Бұдан бөлек Мәскеу Украинаға басып кірген соң, Қазақстан қоғамының Ресей жайлы пікірі мен көңіл күйі қалай өзгергенін жазды.

УКРАИНА МӘСЕЛЕСІНДЕ "ҚАРСЫЛЫҚҚА ТАП БОЛҒАН" ШОЛЬЦ

Батыстың бірқатар басылымы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «әскери тұрғыда Ресей жеңілмейді» деген мәлімдеме жасауының себебіне үңілді.

16 қыркүйек күні Астанаға сапармен келген Германия канцлері Олаф Шольцпен келіссөз кезінде Тоқаев: «Соғыс өрши берсе оның салдары барша адамзатқа, ең алдымен Ресей – Украина қақтығысына тікелей қатысы бар мемлекеттерге ауыр тиеді», деген. Тоқаев бейбітшілік орнатуға әлі де мүмкіндік барын айтып, Қытай мен Бразилияның бітімгершілік жоспарын «қолдауға тұрарлық» деп мәлімдеді. Бразилия – Қытай бейбіт жоспары бойынша, Мәскеу басып алған Украина аумағының бір бөлігі Ресейде қалады.

Еуропадағы BNE Intellinews іскерлік басылымы Мәскеу Украинаға қарсы соғыс ашқалы Тоқаев сақ саясат ұстанып, Ресей басып алған Украинаның аймақтарын Қазақстан мойындамайтынын мәлімдегенін келтіреді. «Көпвекторлы сыртқы саясат арқылы ірі державалармен жақсы қарым-қатынас ұстануға дайын ел Ресейдің стратегиялық одақтасы статусын сақтап қалды».

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Германия канцлері Олаф Шольц. Астана, 16 қыркүйек 2024 жыл.

Олаф Шольц Бразилия мен Қытайдың бейбіт жоспарын қарастыру жөніндегі Тоқаевтың ұсынысына жауап қатпады, бірақ Берлин Киевке Ресей Украина жеріне басып кіргендіктен қолдау білдіре беретінін мәлімдеді.

«Ресей Украинаға басқыншылық шабуылды жалғастырып жатыр... Ресей соғысты бастап қана қоймай, жалғастырып жатыр, кез келген сәтте басқыншылықты тыйып, соғысты тоқтата алады», деді Шольц.

Басылым Ұлыбританиядағы Глазго университетінің профессоры Лука Анчески Азаттыққа берген сұхбатына қайырылады. «Украинада соғыс басталғалы, Орталық Азия елдерінде өздеріне жайлы геосаяси кеңістік құруға мүмкіндік туды. Олар Беларусь сияқты Ресейдің Украинадағы соғысын қолдамайтынын, бірақ Украина жағына да шығып кетпейтінін айтқысы келеді. Өңір мемлекеттерінің Батыспен байланысы бар, бірақ олар батысшыл емес», дейді Анчески.

АҚШ-тағы Diplomat журналы Шольц жабық кездесу кезінде соғыс туралы пікір білдірген Тоқаевтың қарсылығына тап болғанын жазды. Мақала авторы Брюссельдегі зерттеуші Тимон Остермайердің жазуынша, Тоқаевтың Стамбул келісімін бекітуден бас тартып, татуласуға қол жеткізетін мүмкіндікті уыстан шығарып алдық деген сөзін Германия ұстанымын жасырын сынау деп бағалауға болады.

Тоқаевтың бұл мәлімдемесі Батыс сарапшыларын таң қалдыруы мүмкін, дейді автор. Себебі Тоқаев бұған дейін Путиннің көзінше Украинаның аумақтық тұтастығын танып, қазақ тілінде сөйлеп, ел Ресейге қарсы санкцияларды сақтайтынын мәлімдеген. Бірақ Остермайер көпшілік оның 2023 жылы қыркүйекте Берлинде өткен алғашқы Орталық Азия – Германия саммитінде «санкциялар қақтығысына» қарсы шыққанын ұмыт қалдырады дейді. Ол сол тұста-ақ бейбітшілік пен ынтымақтастықтың қолайлы формуласын табатын уақыт жеткенін айтқан.

Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко таяуда Deutsche Welle сайтына берген сұхбатында Қазақстан соғыс мәселесі бойынша әу бастан бейтарап ұстанымда екенін, соғысты тоқтату үшін араағайындықты және екі тарапқа келіссөз алаңын ұсынғанын мәлімдеді. «Біз Ресеймен де, Украинамен де қарым-қатынас ұстанамыз. Күндердік күнінде біздің қызметіміз қажет болады деп есептейміз, сондықтан бейтарап ұстанымдамыз», деді ол.

Орталық Азия туралы жазатын Times of Central Asia басылымы сарапшылар Тоқаевтың «Ресей жеңілмейтіні» туралы мәлімдемесін әрқилы талдағанын жазды. Германия әскерінің бұрынғы қолбасшысы Ролан Катер қазіргі жағдайда Украинаны қолдайтын НАТО соғысқа институт ретінде араласпаса, Украина соғыста жеңе алмайтынын айтты.

Ал Вашингтондағы Central Asia Consulting Group консалтинг тобы Тоқаевтың мәлімдемесі негізсіз екенін айтып, тарихқа жүгінді. «Ресей бұрын соғыстарда (Қырым соғысы, орыс-жапон соғысы, бірінші дүниежүзілік соғыс, бірінші шешен соғысы, Тәжікстандағы соғыс, Ауғанстан) жеңілді», деді топ Х әлеуметтік желісінде.

Your browser doesn’t support HTML5

"Ресурсқа бай авторитар елдермен ымыра". Германияның Орталық Азиядағы мүддесі

ГЕРМАНИЯ ОРТАЛЫҚ АЗИЯ САММИТІ: "АЛУ ҮШІН БЕРМЕК КЕРЕК"

17 қыркүйек күні Астанада өткен Германия – Орталық Азия саммитіне тоқталған Eurasianet басылымы аймақ елдері өндірісті құру үшін неміс технологияларына, ал Германия шикізатқа қол жеткізуге мүдделі екенін жазды.

Мәскеу Украинаға басып кіріп, Еуропа Ресей газынан бас тартқалы бері Германия аймақтан газ алуға аса мүдделі. Берлин былтыр Ресейден мұнай импортын тоқтатқан соң, Қазақстан Германияға мұнайды ең көп тасымалдайтын үшінші елге айналды. Бұл мұнай Ресей, Беларусь пен Польша аумағы арқылы өтетін «Достық» құбырымен тасымалданады. Шольцтың осы аптада Қазақстанға жасаған сапары кезінде екі тарап мұнай тасымалдау бойынша келісімді тағы бір жылға созды. Қазақстан Германияға көбірек мұнай экспорттауды ұсынғанымен, Берлин сатып алатын мұнай көлемін шамалы ғана арттырды.

"Германия - Орталық Азия" саммиті. Астана 17 қыркүйек 2024 жыл.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Астана және аймақ Германия мен Еуроодақтағы басқа мемлекеттерге энергетикалық сұранысты өтеуге көмектесуге дайын екенін айтты. Бірақ Орталық Азия энергия экспорты үшін тек ақша емес, одан ауқымдырақ нәрсеге қол жеткізуді көздейді.

Германияны экономика мен технологиялық инновациялардың көшбасшысы деген Тоқаев аймақ елдері өндірісті ілгерілету үшін неміс технологияларын қолданғысы келетінін мәлімдеді. Президент қаржы, ауыл шаруашылығы, логистика мен ақпараттық технологиялар саласы неміс технологияларынан ұтады деп есептейді. Ол сондай-ақ аймақ жасыл энергетиканы дамыту үшін инвестициялар іздеп жатқанын жеткізді. Қазақстан, Өзбекстан мен Әзірбайжан күн және жел электр станциялары өндіретін электр энергиясын Еуроодаққа тасымалдамақ. «Біз неміс әріптестерді осы стратегиялық жобаға қатысуға шақырамыз», деді Тоқаев.

Басылым аймақ басшылары Шольцтың үш күндік сапары кезінде оған «бізден әлденені алу үшін басқа нәрсені беру керек» дегенді меңзегенін жазды.

СОҒЫСТАН КЕЙІН ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫҢ РЕСЕЙ ЖАЙЛЫ ПІКІРІ ҚАЛАЙ ӨЗГЕРДІ?

Германияның Deutsche Welle сайты Мәскеудің Украинаға қарсы соғысы қазақстандықтардың Ресей мен сепаратизм қаупі туралы пікіріне қалай әсер еткенін байқау үшін солтүстіктегі Мамлютка ауылына барды. 7 мың адам қоныстанған ауылдың тұрғындары – қазақтар, орыстар, украиндықтар мен татарлар. Ауыл тұрғындары негізінен орыс тілінде сөйлейді.

DW оңтүстіктен Мамлюткаға қоныс аударған Индира Өсімбаеваның отбасын көрсетеді. Отбасы бұл ауылға «оңтүстіктен солтүстікке» көші-қон бағдарламасы бойынша көшіп келген. Отбасындағы алты ұл қазір орыс тілін үйреніп жүр. Өсімбаева өзін солтүстікке патриоттық сезім жетелегенін айтады.

Көп жылдан бері Мамлюткада тұрып жатқан Ольга Семенова Қазақстанды жақсы көру үшін қазақ болу шарт емес деп есептейді. «Мен орыс қазақпын. Мұндай менталитет пен жомарттық басқа жерде жоқ», дейді ол.

DW қазақстандықтардың үштен бірі Ресей Украинаға басып кіретінін жоққа шығармайды деген зерттеу нәтижесін келтіреді.

«Ресеймен тату көрші қарым-қатынасты және оның стратегиялық одақтас екенін есепке алсақ, бұл − үлкен көрсеткіш. Қазақтілділер мен орыстілділердің бұл туралы пікірі әрқилы. Бұл қауіп орыстілділермен салыстырғанда қазақтілділер арасында күштірек», дейді әлеуметтанушы Серік Бейсембаев.

Зерттеуші соғыстан кейін орыстілділер қазақ тілін көптеп үйреніп, ұлттық бірегейлік өзгеріп, қоғам бірлігі күшейгенін айтады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Қан майданнан бір-ақ шықты". Ресейге жұмысқа барған қазақстандықтың хикаясы