Батыс басылымдары бұл аптада Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың аймақта біртұтас қауіпсіздік кеңістігін қалыптастыру туралы мәлімдемесі неліктен Мәскеуді алаңдатқанын талдады. Сонымен қатар Орталық Азияда рөлі әлсіреп жатқан орыс тілінің орнын қай тіл басуы мүмкін деген сұраққа жауап іздеді. Бұдан бөлек кинотеатрларда көрсетілген «Бауырына салу» фильмі баланы ата-әженің қолына беру дәстүрі жайлы қызу пікірталас тудырғанын жазды.
"ОРТАЛЫҚ АЗИЯНЫҢ ҚАУІПСІЗДІК КЕҢІСТІГІ" . ТОҚАЕВТЫҢ МӘЛІМДЕМЕСІ НЕЛІКТЕН МӘСКЕУДІ АЛАҢДАТТЫ
Еуропадағы BNE Intellinews іскерлік басылымы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Орталық Азияда қауіпсіздік кеңістігін қалыптастыру» туралы мәлімдемесі Мәскеуді алаңдатқанын жазды.
Мақала авторы журналист Петр Баунов Орталық Азия басшыларының Астанада өткен соңғы консультативті кездесуі аймақтың Ресейден ұжымдасып алшақтауының жасырын әрекеті ме деген сұраққа жауап іздейді.
Аймақ басшыларымен кездесуден бұрын Тоқаев мемлекеттік «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» басылымдарында шыққан мақалада Орталық Азия «біртұтас қауіпсіздік кеңістігін қалыптастырудан» ұтады деген. Сондай-ақ Тоқаев «Қазақстан әлем қоғамдастығының жауапты мүшесі ретінде халықаралық құқық қағидаттарын қатаң сақтау, егемендікті құрметтеу және шекараның тұтастығына қол сұқпау қажет деп санайды. Қазақстанның бұл пайымымен келісетін елдер аз емес деп сеніммен айта аламын», деп жазды.
«Тоқаев бұрынғы дипломат ретінде сөзге мұқият», дейді автор. Президент аймақтағы қауіпсіздік кеңістігі қандай болатынын нақтыламаса да, бұл Тоқаев абайлап «отпен ойнаған» алғашқы оқиға емес. 2022 жылы ол Қазақстан Ресей басып алған Украинаның жікшіл аймақтарын мойындамайтынын айтты.
Баунов Тоқаев Ресейді стратегиялық серіктес деп атап, Мәскеуге қатысты бұрынғы ұстанымынан айнымағанын келтіреді. Бірақ ол геосаяси серіктестіктен гөрі экономикалық серіктестікке көбірек мән беріп жатыр.
Автор E-International Relations cайтында шыққан Миннесота университетінің PhD зерттеушісі Отабек Акромовтың Орталық Азияда Ресейдің ықпалы әлсіреп жатқаны жайлы мақаласына қайырылады.
Акрамовтың жазуынша, Украинаға басып кірген соң оқшауда қалған Ресей оның салдарын жеңілдетуге тырысып жатыр. Ол үшін Ресейдің пропагандистері Орталық Азияны Мәскеуді қолдайтын одақтастар ретінде көрсетуге ұмтылды, бірақ бұл елдер БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде соғыс мәселесі бойынша дауыс беруде қалыс қалып жатады немесе мүлде қатыспайды.
Сонымен қатар Орталық Азиядан Ресейге миграция күрт қысқарды. Өзбекстанның Ресейдегі мигранттардың ақша аударымдарына тәуелділігі азайып жатыр, мигранттар сырттан жіберетін ақша Германия, Оңтүстік Корея, Польша, АҚШ тәрізді елдерден түсіп жатыр. Ал бұл Ресейдегі демографиялық дағдарысты ушықтыра түседі. Осылайша соғысқа дейін аймақ Ресейге тәуелді болса, қазір Мәскеу керісінше Орталық Азияға тәуелді болып келе жатыр.
Акромовтың пайымдауынша, Ресей Орталық Азияда өз үстемдігін теріс пайдаланды, кейін Украинаға басып кірді. Бұл аймақтың Мәскеуге сенімсіздігін тудырды. Орталық Азия Кремльден еш уақытта толық алшақтамаса да, Ресейдің оқшауда қалуы аймақ басшыларының Мәскеумен келіссөздегі позициясын жақсарта алады.
Тоқаевтың аймақта қауіпсіздік кеңістігін құру туралы ұсынысы Орталық Азияның әскери альянсына әкелмеуі мүмкін, себебі мұны Мәскеу билігіне нұқсан келтіретін қадам ретінде қарастыруға болады. Тоқаевтың мұндай мәлімдемесі Мәскеуді белгілі бір дәрежеде алаңдатады, себебі бұл Кремльге аймақтың адалдығын қайтару үшін күш пен Орталық Азияда белсенді болу жеткіліксіз екенін көрсетеді.
АЙМАҚТА "ОРЫС ТІЛІНІҢ РӨЛІ ӘЛСІРЕП ЖАТЫР". ОНЫҢ ОРНЫН ҚАЙ ТІЛ БАСУЫ МҮМКІН?
Орталық Азия жайлы жазатын ағылшын тіліндегі Times of Central Asia газеті аймақта рөлі әлсіреп жатқан орыс тілінің орнын қай тіл басуы мүмкін дегенді талдайды.
Басылым саясаттанушы, «Кемел Арна» қоғамдық қорының басшысы Замир Қаражановтың аймақ тұрғындары экономикалық факторларға байланысты біртіндеп басқа тілдерді үйреніп жатыр деген пікірін келтіреді.
«Орталық Азия елдері 1991 жылы тәуелсіздік алғалы бері өздерінің ана тілдерін дамытып, ілгерілетуге басымдық берді. Аймақты басқа елдермен байланыстыратын шет тілдерін білу де маңызды. Алайда іс жүзінде орыс тілінен өзге шетел тілін қолдану кең таралмаған», дейді мақала авторы Әлия Хайдар.
Басылым Қазақстанда этникалық орыс халқының саны азайып жатқандықтан, орыс тілі өз маңызын жоғалтып жатыр дейді. 2024 жылдың 1 қаңтарындағы дерекке қарағанда, Қазақстанда орыс ұлты өкілдерінің үлесі 14,89 пайыз, бұл 1989 жылғы көрсеткіштен 40 пайызға аз.
Орыс тілін қазақстандықтардың 90 пайызы біледі, 20 пайызы оны туған тілім деп есептейді. Түркіменстанда бұл көрсеткіштер сәйкесінше 40 және 12 пайыз, Өзбекстанда 50 және 2,7 пайыз, Қырғызстанда 44 және 5 пайыз, Тәжікстанда 55 және 0,3 пайыз.
Саясаттанушы Замир Қаражанов Алматы қаласында орыс тілінде емін-еркін сөйлеп түсінісе аласыз, бірақ қаладан 30-50 шақырым жүрсеңіз, сізді түсінбеуі мүмкін дейді.
Қаражанов қазақ тілінде сөйлейтіндердің саны артып, орыс тілінде сөйлейтіндердің саны азайып жатқанымен, қазақ тілі әлі де ұлтаралық қарым-қатынас құралына айнала алмай жатыр, ол үшін оған көп инвестиция құйып, тегін тіл курстарын ашу керек деп есептейді.
Орталық Азия біртіндеп ағылшын тілін үйреніп жатыр. Education First білім беру компаниясының ағылшын тілін білу бойынша жаһандық рейтингіне кірген 113 елдің ішінде Қазақстан 104-орында тұр. 2022 жылы Өзбекстан ағылшын тілін білу деңгейі бойынша Орталық Азиядағы көршілерін басып озып, 89-орынға жайғасты. Қырғызстан 91, Қазақстан 99, Тәжікстан 106-орында тұрды.
Қаражанов ағылшын және қытай тілдерін оқуға сұраныстың артуын жұмыспен және жұрттың шетелге кетуімен байланыстырады. Сондықтан шет тілін үйренеміз деушілер көбейсе де, ел ішінде бұл тілдерді меңгеру деңгейі артпайды деп есептейді.
Әлемде жаһандану мен экономиканың өсу қарқыны төмендеп жатқандықтан, шет тілін үйрену деңгейі баяулап жатыр. Қаражанов жақын болашақта Қазақстан немесе Орталық Азия елдерінде халықтың шет тілін білу деңгейі 20-30 пайызға жетпейді дейді. Ал геосаяси шиеленіс бәсеңдемесе, аймақ тілдері мен орыс тілінің рөлі күшейе береді.
"БАУЫРЫНА САЛУ" ФИЛЬМІ ДӘСТҮР ЖАЙЛЫ ПІКІРТАЛАС ТУДЫРДЫ
Eurasianet басылымы кинотеатрларда көрсетілген Bauryna salu («Бауырына салу») фильмі Қазақстан қоғамында тұңғыш не кенже баланы ата-әжесі бауырына басатын дәстүр туралы қызу пікірталас тудырғанын жазды.
Мақала авторы Алматыда тұратын журналист Алмаз Куменов фильмде ата-анасы әжесінің қолына берген 12 жастағы Ерсұлтанның тағдыры көрсетілгенін баяндайды. Ерсұлтан үйді асырау үшін тұз шахтасында жұмыс істейді, ата-анасымен қауышуды армандайды. Әжесі қайтыс болған соң, Ерсұлтан ата-анасына оралады, алайда көп жыл жырақта жүрген бала мен ата-анасының арасында алынбас қамал тұрды, әке-шешесі бөтенге айналды.
Фильмнің режиссері Асхат Кучинчереков бұл шығармада өз оқиғасын баяндауға тырысқанын жеткізді. Оның сөзінше, ата-әжесінің қолында өскен бала өз ата-анасына ренжіп, оларды еш уақытта «әке», «шеше» деп атамайды.
«Бауырына салу» фильмі ел ішінде, шетелде жоғары баға алып, жүлделерге ие болды. Былтыр фильм Asia-Pacific Film Awards номинациясында «үздік жастар фильмі» номинациясын жеңіп алды.
Фильм қазақ қоғамында баланы ата-әженің қолына беретін дәстүр туралы қызу пікірталас тудырды. Дәстүрді қолдаушылар ата-әже тәрбиелеген бала үйдің үлкендеріне қамқор болып, үй шаруасын істейтіндіктен, өзіне сенімді және өжет болып ержетеді деп есептейді.
Ал осы дәстүрді зерттеушілер бала ата-анасынан сәби кезінен ажыратылатындықтан, психологиялық күйзелісті бастан өткереді дейді.
Халықаралық бизнес мектебінің ассиcтент профессоры Қарлығаш Бижігітова «бауырына салу» дәстүрі бірнеше ғасыр бұрын кең таралғанын, өйткені жас анаға бала тәрбиесі мен үй шаруасын қатар алып жүру қиын болғанын айтады. Ол уақытта отбасылар біріне-бірі жақын тұрғандықтан, бала ондай психологиялық күйзелісті бастан өткермеді. Бүгінде жас ата-ана жұмыс істеу үшін баланы ата-әжеге беруді жалғастырып жатыр. Бижігітова бөлек өскен бала оның зардабын өмір бойы тартады дейді.
Қазақ халқы бұрынғы әдет-ғұрыпты сақтауға тырысатындықтан, бұл дәстүрдің жойылуы екіталай. Бижігітова жастар ең алдымен өздеріне «баланы жақсы көретін және оның жанын жараламайтын ата-ана болуға дайынмын ба?» деген сұрақты қоюы керек дейді.
ПІКІРЛЕР