Түркия "Түркістан" ұғымына неге оралды? Қазақстанның БРИКС-тен бас тартуының "сыры"

Түркі мемлекеттерінің ұйымына мүше мемлекеттердің басшылары саммит аясында Самарқандағы "Регистон" алаңын аралап жүр. Өзбекстан, 11 қараша 2022 жыл.

Батыс басылымдары бұл аптада бюджетті жамау үшін Ұлттық қор ақшасын жұмсай берудің экономика үшін салдары мен қаупі қандай екенін сараптады. Сонымен қатар Түркия мектеп бағдарламасында Орталық Азия атауын не себепті «Түркістанға» ауыстырғанын талдады. Одан бөлек Қазақстан БРИКС ұйымына кіруге өтініш бермейтінін жазды.

БЮДЖЕТТІ ЖАМАУ ҮШІН ҰЛТТЫҚ ҚОР ҚАРЖЫСЫН ЖҰМСАУ МЕН КІРІСТЕН АСЫП ТҮСКЕН ШЫҒЫН

Eurasianet басылымы Халықаралық валюта қорының Қазақстан үкіметі бюджет тапшылығын жабу үшін Ұлттық қорға тым көп арқа сүйейді деген мәлімдемесіне назар аударды. Ұлттық қордан ақша ала беру тәуекелдерді арттырып, экономикаға соққы болып тиюі мүмкін, Халықаралық валюта қоры Астанаға «дискрециялық шығынды азайту үшін» тәуелсіз қазыналық кеңес құруды ұсынды.

Мемлекеттің жобаларын қаржыландыру үшін бұрын да Ұлттық қордың резервтері жұмсалатын, бірақ қазір ол бұрынғыдан көп көлемде шығындалып жатыр, дейді Қазақстандағы Халықаралық валюта қоры миссиясының жетекшісі Николя Бланше. Басылым Бланшенің кей кезде ақша қалай жұмсалып жатқанын бақылау қиын, «мүлде күтпеген операциялар жасалып, ол туралы ақпарат жария етілмейді» деген сөзін келтіреді.

2024 жылы үкімет Ұлттық қордан 4 триллион теңгеден астам ақша алды, жыл соңына дейін тағы 2 триллион теңге алмақ. Жыл басында үкімет биыл Ұлттық қордан 3,6 триллион теңге жұмсауды жоспарлады, бірақ іс жүзінде 6 триллион теңге жұмсамақ. 2023 жылы Ұлттық қордан 5,3 триллион теңге алынды, бұл бір жылдық республика бюджетінің 20 пайызына тең.

Мақала авторы Алмаз Куменовтың жазуынша, үкімет бұрын Ұлттық қор активтерін 2030 жылға қарай 100 миллиард долларға жетізуді көздеді, бірақ ол мақсат енді орындалмайтын сияқты. Ranking.kz экономикалық мониторинг агенттігінің мәліметінше, Ұлттық қор активтері 2014 жылдың тамызында 77 миллиард долларға төмендеді, содан бері активтер азайып жатыр. Қазір активтер 63 миллиард доллардан төмен.

2020 жылы Covid пандемиясы кезіндегі төтенше жағдай, биыл көктемде солтүстік пен батыста болған су тасқыны бюджетке салмақ салды. Осының салдарынан мемлекеттің шығысы кірістен асып түсті. Үкімет бюджетке салмақ салмас үшін Ұлттық қордан ақша алды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Елде жоқ жалақы" және "Ресейге емешегі езілген үкімет". Экономиспен сұхбат

Халықаралық валюта қоры үкіметке шығысты кіріспен сәйкестендіру үшін макроэкономикалық болжауды жақсарту, салық реформасын жүргізу мен кешенді климат саясатын әзірлеу тәрізді шараны қолға алуды ұсынды.

Алайда кейбір сарапшылар Ұлттық қор шығынын қысқарту керек дегенмен келіспейді. «Ақша қазір керек – бізге жол салып, инфрақұрылымды жаңартып, елді ретке келтіру қажет. Ал келер ұрпақ өз қамын өзі жейді», дейді экономист Денис Кривошеев.

Halyk Finance инвестициялық компания төрағасының кеңесшісі Мұрат Темірханов Халықаралық валюта қорының тұжырымымен келіседі. Оның ойынша, үкімет қымбат бастамаларды іске асырып жатыр, бірақ ол өзін-өзі қаншалық ақтайтыны жайлы түсінік жоқ, сондықтан стратегиялық жоспарлауға басымдық берілуге тиіс.

«Болашақта мұнай бағасы төмендеп, экономикалық ахуал нашарлап, Ұлттық қорда ақша жетпей қалса, үлкен проблемаларға тап боламыз», дейді Темірханов.

ТҮРКИЯНЫҢ ОРТАЛЫҚ АЗИЯНЫ "ТҮРКІСТАН" ТЕРМИНІМЕН АЛМАСТЫРУДЫҢ АСТАРЫНДА НЕ ЖАТЫР?

Түркия тарих бойынша мектеп бағдарламасында Орталық Азия атауын «Түркістанға» ауыстыруды ұйғарды. АҚШ-тағы Diplomat басылымы Анкара осылайша Орталық Азияға бет бұрып жатқанын жазды.

Украинаға басып кірген соң Ресейдің аймақтағы ықпалы әлсіреп жатыр, Қытай «Бір белдеу – бір жол» бастамасы арқылы ықпалын күшейтіп жатыр, сондықтан қазіргі геосаяси жағдайда Анкараның бұл бастамасының мәні маңызды.

Мақала авторы Оңтүстік Кореядағы Джунбу университетінің профессоры Мехмет Фатих Озтарсу «Түркістан» термині Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан мен Қытайдың Шыңжаң аймағын қамтитынын жазды. 19 ғасырда Ресей отаршылдығына дейін кең қолданылған бұл терминді кейін «Орталық Азия» атауы басты.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ 55 жылдық үнсіздік. Мұстафа Шоқайдың үндеуі Қазақ радиосына қалай жетті?

Совет Одағы тұсында бастапқыда Орталық Азияда 1918 жылы құрылған Түркістан Автоном Совет Социалистік Республикасы болған. Совет билігі бұл автоном құрылымды аймақтағы этникалық топтарды біріктіріп, социалистік идеологияны тарату үшін құрған. 1920 жылдары Совет Одағы Түркістанды бөліп, Қазақ, Қырғыз, Өзбек, Түркімен мен Тәжік советтік социалистік республикаларын құрды.

Бүгінде Түркия мен түркі мемлекеттері осы тарихи бөлініске жауап ретінде «түркі әлемі» концепциясын қабылдады.

Автор Түркия «Түркістан» термині арқылы түркітілдес халықтармен байланыс орнатып, ортақ тарихи-мәдени сананы жаңғыртуды көздейді дейді. Түркияның оқу бағдарламасына бұл терминді енгізуі Түркі мемлекеттері ұйымының мақсатына сай келеді. Бұл ұйымға Түркия, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан мен Әзірбайжан мүше. Ұйым ортақ білім беру мен мәдени саясат, тіпті алфавитті қалыптастыру үшін әрекет етті. Жақында түркі мемлекеттері латын қарпі негізіндегі ортақ алфавитті қабылдады. Мехмет Фатих Озтарсу бұл қадамды Түркияның түркі әлеміндегі жұмсақ күші мен ықпалы өсуінің символы ретінде қарастыруға болады деп қорытады.

Түркияның «Түркістан» терминін қабылдауы аймақта ықпалын сақтап қалғысы келетін Мәскеу, Тегеран мен Пекинді алаңдатуы мүмкін, бұл елдер Анкара осылайша олардың ықпалын теңестіруге тырысып жатыр деп топшылауы ықтимал. Автор 12 қазанда Түркіменстанда өткен Ашғабат форумында Ресей мен Иранның кенеттен Түркіменстанға қызығушылық танытуы бекер емес, бұл олардың Түркияға жауабы дейді.

Түркия аймақта жаңа геосаяси ахуал қалыптастыруға ұмтылып жатыр. Ресей соғыспен жүргенде, Қытай ірі экономикалық жобаларды іске асырып жатқан тұста, Түркия әлем сахнасында ықпалын арттыруға тырысып жатыр. «Қазақстан мен Өзбекстан Ресейден алшақтап, түркі әлемімен байланысты күшейтуге ұмтылды. Түркия өзін аймақтың басты мәдени және саяси серіктесі ретінде көрсетіп, Орталық Азияның болашағын қалыптастырудағы рөлін күшейтуге дайын», деп қайырады Мехмет Фатих Озтарсу.

ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ БРИКС

Еуропадағы BNE Intellinews іскерлік басылымы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың баспасөз хатшысы Берік Уәлидің Астана таяу арада БРИКС-ке (Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай мен Оңтүстік Африка мүше ұйым) кіруге өтініш бермейтінін және бұл ұстаным жақын болашақта өзгермейді деген мәлімдемесіне назар аударды.

Басылымның жазуынша, Уәлидің Tengrinews басылымына берген сұхбатта айтқан бұл сөзін кейбіреулер Ресей президенті Владимир Путиннің жоспарына жасалған соққы деп қабылдауы мүмкін. Путин Батыс басымдық ететін әлем тәртібіне қарсы «жаһандық шығыс» пен «жаһандық оңтүстік» елдері арасындағы одақты нығайту үшін БРИКС-ті пайдаланғысы келеді. Қазақстан соңғы жылдары осы ұйымға қосылуға ниетті екенін айтып келген.

Басылым осы шешімге қарамастан, Путин 22-24 қазанда Қазан қаласында қетін БРИКС-тің 16-саммитінде Тоқаевты қабылдайды дейді.

Уәли БРИКС-ке кіру мәселесін қарау көпсатылы процесс әрі бірлестіктің даму болашағына қатысты кей мәселелерді ескере отырып, Қазақстан мүше болуға өтініш бермейді деп түсіндірді. Ол Тоқаевқа БРИКС-ке кіру жөнінде ұсыныстар түскенін, оны тиісті ведомстволар елдің ұлттық мүддесі тұрғысынан саралап жатқанын жеткізді.

Уәли Қазақстан БРИКС-тің дамуын мұқият бақылап, блоктың супердержавалар үстемдік етпейтін, әділетті және демократиялы әлемдік тәртіпті орнатуға септесу мақсатын қолдайтынын жеткізді. Бірақ Тоқаевтың Біріккен Ұлттар Ұйымын қолдайтынын баса айтты. Уәлидің айтуынша, Тоқаев БҰҰ-ны халықаралық проблемалар мен әлем тәртібін құруға қатысты мәселелерді талқылауы тиіс негізгі институт деп санайды.

Басылым Тоқаев көпвекторлы саясат жүргізетін елдің басшысы ретінде барлық ірі державалар мен елдермен доспейіл қарым-қатынас ұстанатынын, бұған дейін ол БҰҰ жарғысы халықаралық құқықтың негізі болуы тиіс және ол принциптерді ешбір ел бұзбауы керек деген сөзін еске салады. Ол сондай-ақ БҰҰ қауіпсіздік кеңесін реформалап, оған орта державалардың кіруін қолдайтынын айтқан.

«Қазақстан Ресеймен стратегиялық қарым-қатынас ұстанады, Тоқаев Украинадағы соғыста Мәскеуге қолдау білдірмеді, Кремль басып алған Украина аумағын мойындамайтынын жеткізді. Ресей соғыспен жүргенде Қытай, АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Франция бастаған Еуропа елдері, Жапония, Оңтүстік Корея аймақтағы ықпалын күшейтуге және Қазақстанмен сауда мен инвестиция қарым-қатынасын нығайтуға күш салды», деп қайырады басылым.