Accessibility links

"Елде жоқ жалақы" және "Ресейге емешегі езілген үкімет". Қазақстан экономикасы жайлы Айман Тұрсынханмен сұхбат


Сұйылтылған газдың қымбаттауы түрткі болған жаппай наразылық дүрбелеңге ұласып, аяғы бұрын-соңды болмаған қантөгіске әкелген Қаңтар оқиғасынан кейін бірнеше күн өткенде көше сыпырып жүрген жұмысшы. Алматы, 10 қаңтар 2022 жыл
Сұйылтылған газдың қымбаттауы түрткі болған жаппай наразылық дүрбелеңге ұласып, аяғы бұрын-соңды болмаған қантөгіске әкелген Қаңтар оқиғасынан кейін бірнеше күн өткенде көше сыпырып жүрген жұмысшы. Алматы, 10 қаңтар 2022 жыл

Ресми статистикаға қарағанда, 2022 жылы Қазақстанда орташа жалақы мөлшері 23 пайыз өскен. Бұл ресми инфляция деңгейінен жоғары. Іс жүзінде халық одан сайын кедейленіп, экономикада рецессия байқалды. Бұған санкция қыспағына түскен Ресейді құтқаруға жанталасқан үкімет шаралары да әсер етті. Экономист әрі Eximar форсайт агенттігі директоры Айман Тұрсынхан елдің экономикалық ахуалын осылай сипаттайды.

Азаттық: 2022 жылғы Қазақстан экономикасын қалай сипаттар едіңіз?

Айман Тұрсынхан: 2022 жылы маңызды тауарлар жылдам қымбаттады. Бұл Украинадағы соғыс пен Ресейге салынған санкцияларға байланысты. Ресей – Қазақстанға азық-түлік тауарларын жеткізуші негізгі сауда әріптестерінің бірі. Жағдайға Қазақстан үкіметі мен президентінің дағдарысқа қарсы шараларды қолға алмауы да әсер етті.

Экономист Айман Тұрсынхан.
Экономист Айман Тұрсынхан.

Халық карантиннен кейін жұмыс орындарының қысқаруынан ес жия алмай жатқанда, қымбатшылық пен табыстың азаюы сияқты жаңа мәселеге тап болды. Оның үстіне, үкімет Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымындағы (ҰҚШҰ) әріптесі Ресейдің қаржы нарығы мен бизнесін құтқару үшін қақпасын айқара ашып, салық төлеушілер қаржысын жұмсап, жергілікті нарыққа қауіп төндірді.

Азаттық: Ресми дерек бойынша, бір жылда орташа жалақы мөлшері 23 пайыз өскен. Бұл халықтың шынайы қаржы жағдайын көрсете ме?

Айман Тұрсынхан: Жоқ. Егер олай болғанда, халықтың қолында артық ақшасы болып, ел несиеге қатты тәуелді болмас еді. Қазір несиеге тәуелділік деңгейінің жоғары болғаны соншалық, 18 жастан асқан азаматтардың 75 пайыздан көбінде несие борышы бар. Бұл қауіпті тенденция. Қарыз жүгі мен Ұлттық банк базалық мөлшерлемені көтергеннен кейін несие құнының артуына байланысты отбасы экономикасына салмақ түсті. Билік айтып жүргендей жалақы Қазақстанда жоқ, құдды басқа әлемде берілетін сияқты. Мемлекеттік қызметкерлер мен мұғалімдер жалақысын білеміз. Оған индексация жасалған жоқ. 23 пайыз? Бұл көрсеткішті қайдан алған?

РЕСЕЙ ЭКОНОМИКАСЫНА ТӘУЕЛДІЛІК

Азаттық: Биылғы басқа көрсеткіштер туралы не айтасыз? Жан басына шаққандағы табыс, тұтыну тауарларының бағасы қалай өзгерді?

Айман Тұрсынхан: Нашар өзгеріс болды. Қазақстан қапталған негізгі тұтыну тауарларын әлі де шетелден сатып алады. Үкімет ішкі өндірісті қорғап, дамытуға күш салған жоқ. Бұл валюта нарығында дисбалансқа алып келді. Қаптамадағы сүт пен іш киім сияқты қарапайым, түсінікті тауарлардың өзіне доллармен ақша жұмсадық.

Доллар түрінде түсетін табыстың тұрақсыздығы мұнай өнімдерін сатудағы қиындықтармен байланысты. Мұнай тасымалына қатысты дау мен Каспий құбыры қызметінің тоқтауы салдарынан Ұлттық қор табысы мен бюджетке мұнай экспортынан түсетін салық көлемі азайды. Мұнай өндірісі мен экспортының көрсеткіштері жоспарланғандай болмады, бұдан екі мәселе туды.

Біріншіден, импортқа тәуелділіктің орнын толтыратын экспорт табысының көлемі азайды. Бұл гиперинфляцияға әкелді. Қазір инфляция ұлттық статистика бюросы көрсеткендей 20 пайыз емес, 45 пайыз болып тұр.

Екіншіден, жалақы мөлшерінде үлкен теңсіздік бар. Баға табыстан да тез өссе, шынайы жалақы мөлшері азаяды. Дәл сол жалақыға бұрынғыдан аз тауар сатып аласыз. Әсіресе, азық-түлік қауіпсіздігі, ауыл шаруашылық өндірісі жолға қойылмаған аймақтарда жағдай қиын. Ол жақта орташа жалақы мөлшері өскен күннің өзінде шынайы жалақы мөлшері төмендей берді. Өйткені азық-түлік бағасы қымбат. Ресеймен бір сауда аймағында қалдық. Ресей әлемнен оқшауланып, нарықта қалған бірен-саран әріптесімен өзін агрессивті ұстап отыр. Қазақстан отандық өңдеуші кәсіпорындарын қолдамай, ресейліктерге әділетсіз бағаммен конвертацияланбайтын рубльге шикізат алып кетуге мүмкіндік берді.

Азаттық: Үкімет Қазақстан экономикасы өсіп жатыр дейді ғой...

Айман Тұрсынхан: Азық-түлік тауарлары 23 пайыз қымбаттағанда экономикалық өсім екі пайыз болуы 21 пайыз рецессия дегенді білдіреді. Экономика аз ақша тауып жатыр; адамдардың шынайы жалақы мөлшері азайды. Енді бірдей ақшаға бұрынғыдан аз тауар мен қызмет келеді.

Азаттық: Есеп бойынша, қазақстандықтар табысының жартысынан көбін азық-түлікке жұмсайды екен. Бұл қалыпты жағдай ма?

Айман Тұрсынхан: Жоқ, бұл дұрыс емес. Украинадағы соғысқа байланысты дамыған елдердің өзінде инфляция болды. Бірақ оларда азық-түлікке кететін табыс көлемі 15 пайыздан 20 пайызға дейін ғана өсті. Ал бізде бұл көрсеткіш 60 пайызға жетті! Жыл аяғындағы инфляциялық бәсекеге байланысты табыстың 70 пайыздан көбі азық-түлікке кетеді.

Азаттық: Ресейдің Украинаға басқыншылық соғысы Қазақстан экономикасына қалай әсер етті?

Айман Тұрсынхан: Едәуір әсер етті. Қазақстан оқшау мемлекетке айналып, тауар тізбегі үзіліп, стратегиялық маңызы бар азық-түлік тауарларына келгенде ресейлік трейдерлерге тәуелді болып қалды.

Қазақстан Қара теңіз порттарына шығып, бидайын еркін сату мүмкіндігінен айырылды. Мемлекет бидайды ел ішінен сатып алу бағасын әлемдегі орташа бағадан 40 пайыз төмен белгіледі.

Мемлекет отандық өндірушілерді қолдайтын ақшаны Ресей бизнесін құтқаруға жұмсады.

Қазақстан өз банктерін әділетсіз рубль-теңге айырбасынан қорғаған жоқ. Бұл кәсіпкерлерге ғана емес, Ресейде өндірілген сүт, тауық, жұмыртқа сатып алатын халыққа да әсер етті. Үкімет пен президенттің қолға алып отырған шаралары Қазақстанның емес, Ресейдің мүддесін қорғайды. Кепілде отырғандай күйге түстік. Қазақстан әлемде терроризмнің демеушісі деп танылған Ресейге қауіпсіздік жастығы іспетті болып отыр. Үкімет Украинаның күйін кешпеу үшін Ресейге кез келген жеңілдік беруге дайын. 11 миллион гектар жерде әскери полигоны бар көршісінің алдында ұлттық мүддесін қорғаудан гөрі өз халқына қарсы оқ атқызу әлдеқайда оңай.​

Азаттық: Биыл елде бірқатар саяси өзгеріс болды. Кей сарапшылар елбасы [экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың заң жүзінде бекітілген айрықша мәртебесі - ред.] мұрасынан арылуға талпыныс жасалып жатыр дейді. Балаларға Ұлттық қордан ақша аудару туралы бірнеше популистік ұсыныс жасалды. Осының бәрі экономикаға әсер етті ме?

Айман Тұрсынхан: Кері әсерін ғана тигізді. Теңге бағамы тұрақты екенін, бюджет міндеттемелері орындалып жатқанын көрсету үшін мемлекет үш жылда 20 миллиард доллар жұмсады. 2022 жылдың қорытындысы бойынша тағы 14 миллиард доллар кететін шығар. Алайда бұл жағдайды өзгертуге көмектескен жоқ. Халықтың әл-ауқаты жақсарған жоқ. Аталған қаржы Қазақстан билігі мен Кремль арасындағы "келісімдерге" ғана жұмсалды.

БАСТЫ ОҚИҒАЛАР, ЭКОНОМИКАДАҒЫ ҚИЫНДЫҚТАР ЖӘНЕ БИЛІК ШЕШІМІ

Азаттық: Қазақстанда биыл болған қандай маңызды экономикалық оқиғаларды атап өтер едіңіз?

Айман Тұрсынхан: Өкінішке қарай, позитивті өзгерістер болған жоқ. Негативті жайттардан Қаңтар оқиғасы кезінде шетелге капитал шығаруға талпыныс жасалғанын атап өтуге болады. 5 қаңтарда Ұлттық банк арқылы жасалатын транзакцияларды тоқтату туралы шешім қабылданды. Өйткені 25 желтоқсаннан бастап Қазақстаннан қарқынды түрде капитал шығара бастаған. Мемлекет көп қаржыдан айрылды. Мәселені аңғарып, транзакцияларды тоқтатқан кезде бәрі кеш еді.

Капитал шығаруды тоқтатуға бір айдай уақыт кетті. Бұл мәселе шешілгендей көрінгенде, Украинада соғыс басталды. 13 наурызда Ресей SWIFT жүйесінен ажыратылды. Қазақстанның ірі бизнес өкілдері, отбасылық кландар Ресеймен тығыз байланысты. Билік Ресейге салынған санкциялардан өздері зардап шекпеуі үшін бюджет шығынын бірнеше есе арттырды. Бұл ақша халықтың әл-ауқатын көтеруге емес, биліктің мүддесін қорғауға жұмсалды.

Үшіншіден, Қазақстан мұнайының 80 пайызын тасымалдайтын құбыр жұмысы тоқтап, оны ресейлік Urals маркасынан бөліп алу туралы шешім қабылданды. Осыған байланысты Қазақстан мұнайын Ресей шикізатынан бөліп алатын жаңа бренд құруға тура келді.

Төртіншіден, көлік-логистика дәліздеріндегі өзгерістерге байланысты сыртқа тауар сату қиындады.

Қазақстан экономикасына Ұлттық банктің гиперинфляцияны ауыздықтау үшін банктер мен қаржы ұйымдарында спекулятивті несиелендіруге шектеу енгізбей тұрып, қарыз капиталын арттыруы да соққы болып тиді.

Одан бөлек, сұранысқа ие болмаған 35 миллиард рубль жинақталып қалды.

Бюджет шығындарының артуы және Ұлттық қордан ақша алу мүмкіндігінің қысқаруы да экономикаға ауыр тиді. Бұл сырттан қарыз алуға итермеледі. Мысалы, ресейлік Сберді құтқару үшін жасалған келісімшартқа Еуропаның қайта құру және даму банкінен жоғары пайызбен алынған қарыз ақша жұмсалды.

Макроэкономика көрсеткіштерінің нашарлауына байланысты Қазақстанның несие рейтингі B-позитивтіден В-негативтіге түсті. Бұл шетелден алынатын қарыз құнын өсірді.

Санкцияға ілінген тауарларды қатаң бақылау Қазақстан аумағына инновациялық технологиялар тартуды шектеді. Германия, АҚШ, Жапония мен Түркияның компаниялары Қазақстан аумағындағы топыраққа химиялық сараптама жүргізетін дрондардан бастап автоматтандырылған тізбектерге арналған агрегаттар өндірісіне дейінгі әртүрлі кәсібін тоқтатты. Бұл Қазақстан үшін ірі соққы болды.

Азаттық: Үкімет бұл қиындықтарға қалай төтеп берді?

Айман Тұрсынхан: Аталған мәселелердің бір де біріне нақты жауап болған жоқ. Кезектен тыс президент сайлауға бюджеттен қаржы жұмсалды. Сайлаудан кейін саяси, экономикалық, әлеуметтік не құқықтық реформалар болған жоқ. Наразылық көңіл-күй артты. Оған Украинаның күйін кешеміз бе деген үрей қосылды.

Қазақстан Украинадағыдай сценарийге дайын емес. Дәрі-дәрмек, азық-түлік, бірінші кезекте қажет тауарлар, қорғаныс құралдары 100 пайыз өзімізден шықпайды. Блокаданың кез келген түріне дайын емес екенімізді карантин кезінде түсіндік.

Жыл басында сұйылтылған газ бағасын көтеріп, қолдан мәселе тауып берді. Жаппай наразылықтың аяғы қантөгіске ұласты, бейбіт шерушілердің өліміне жауапкершілікті ешкім мойнына алған жоқ. Бір де бір әкімдік, мемлекеттік қызмет бөлімшесі, ІІМ – ешқайсысы бейбіт халықты қорғауға шықпады. Олар қызмет орнын тастап қашты, қару-жарақ қорын қолға беріп қойды. Сырттан шын жау тисе, не болады? Бізді қорғайтын ешкім қалмайды.

МҰНАЙҒА ҚАТЫСЫ ЖОҚ БЮДЖЕТ ТАПШЫЛЫҒЫ – 50 ПАЙЫЗ. БҰЛ ҚАУІПТІ МЕ?

Азаттық: 2023 жылдың бюджетін көрдіңіз бе?

Айман Тұрсынхан: Бюджетке түзетулер енгізілгеннен кейін жан-жақты талдау жасадым. 24 триллион теңгеге тең бюджеттің 50 пайызы мұнайға қатысы жоқ тапшылықтан тұрады. Бұл өте зор көрсеткіш.

2011 жылдан бері бюджеттің ішкі және сыртқы қарызы жиналып қалды. Мемлекет қарызды Ұлттық қор активтері мен жинақтаушы зейнетақы жүйесінен алған қаржы есебінен жауып отырды. Бірақ қауіпсіздік жастығы болған көздерде қаржы таусылып, өз шығынын жаба алмайтын жағдайға жетті. Бізден салық жинайды, оған мемлекетті асыраймыз, кейін осы салықты өзімізге қарызға беріп, қаржы-өнеркәсіп топтарын, олигархатты байытады. Бұл қалай болғаны?

Макроэкономикалық көрсеткіштер нарығында кері өзгерістер болса, мемлекет бізге емес, олигархатқа көмектесуге асығады. Бұл әртүрлі тап өкілдерінің табысы арасындағы айырмашылықты арттырып, халықтың кедейленуіне әкеліп соғады. 2022 жылы бұл тренд күшейе түсті.

Азаттық: 2022 жылы олигархат позициясы күшейді деп ойлауыңызға не себеп?​

Айман Тұрсынхан: Мұның артында қазақстандық капитал нарығының ғана емес, Ресей нарығының да мүддесі тұр. Ресей әлемдік қаржы жүйесінен ажырап қалды. Сондықтан өзіне қажетін әріптес мемлекеттері арқылы алып отыр. Қазақстандық олигархат қожайынының қызметіне жарап, өз позициясын сақтап қалу үшін шикізаттық емес салық арқылы экономиканы одан әрі тонауға көшті.

Билік мыстандарға қарсы күрес жариялады, онысы елге капитал қайтарудың амалы емес, [меншікті] қайта бөліске салу ғана.

Азаттық: Алдағы жылдың бюджетіндегі тапшылыққа оралайық. Бұл қаншалық қауіпті?

Айман Тұрсынхан: Елде бюджеттен қаржыландырылатын жұмыс орны көп. Халыққа зейнетақы мен жәрдемақы да бюджеттен төленеді. Білім беру саласын қолдау азаяды, денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржы қысқарады. Бар салмақ медициналық және әлеуметтік сақтандыру жүйесіне түседі. Адамдар уақытылы ақша аудармағаны үшін тегін медициналық көмек ала алмайды. Тұрақты жұмысы мен жалақысы бар азаматтардың үлесі азайып келе жатқанын ескерсек, халықтың 50 пайызы кепілдендірілген көмек түрлерінен қағылуы мүмкін. Бұл сұмдық нәрсе.

Азаттық: Бюджет тапшылығы деп шығынның табыстан көп болуын айтады. Сонда Қазақстан не нәрсеге ақша жеткізе алмай отыр?

Айман Тұрсынхан: Жоғарыда айтқанымдай, белгілі бір тұлғаларды құтқаруға жеткізе алмай жатыр.

Саралап қарар болсақ, 2022 жылдың қорытындысы бойынша, шикізаттық емес салық көлемі шамамен 11 триллион теңге болмақ. Мектепке дейінгі, орта, орта арнаулы және жоғары білімге, 2000 жылдардың басындағы стандарт бойынша берілетін базалық медициналық көмекке, әлеуметтік көмекке кететін шығындарды есептесек, осының бәріне шамамен 8-9 триллион теңге кетеді. Яғни, мемлекеттің негізгі міндеттемелерін орындауға ақшасы бар. Оған қоса Ұлттық қордан ақша аламыз. Бұрын жылына 2,5 триллион теңге алатынбыз, қазір бұл ақша 7 триллион теңгеден асып кетті.

Азаттық: Сонда мемлекет ақшаны қайда жұмсап отыр?

Айман Тұрсынхан: Көп шығын қоғамға ашық көрсетілмейді. Министрліктер оператор ретінде бюджеттен қаржы алады. Банктерді құтқаруға, инфрақұрылым жобаларына, азық-түлікті интервенциялық жолмен сатып алуға қаржы бөлінгенін тек кейін біліп жатамыз. Бірақ сол азық-түлік қайда? Баға неге тұрақсыз? Тұрақтандыру қорларында қаншама көп қаржы айналымда жүр, оның қызығын "отбасыға" жақын ритейл топтар көріп отыр.

Мемлекеттің қорғаныс қабілетін арттыруға, тұрғын үй коммуналды шаруашылығын немесе инженерлік инфрақұрылымды қолдауға, жол-көлік саласына көбірек қаржы бөлінгенін байқадыңыз ба? Жоқ. Бұл ақша сонда қайда кетіп жатыр? Бар шығынымызға 8-9 триллион теңге ғана кететін болса, 13 триллион теңге біреудің қалтасына түсіп жатыр деген сөз.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG