29 қыркүйек күні Жақыпбековтар отбасы Амангелді көшесіндегі № 76-шы тұрғын үйде орналасқан жиһаз дүкені мен оның алаңқайындағы асхананы сот орындаушыларынан 3 сағат бойы қорғады.
Алматы қаласының басқа да даулы аудандары мен жатақхана тұрғындары оларға қиын кезде демеу берді. Сөйтіп, сот орындаушылары көздеген мақсаттарына жете алмады.
Аталған тұрғын үйде дәл қазіргі таңда бір ғана отбасы тұрады. Ал қалған тұрғындар қалалық әкімшіліктің қарамағындағы «Алматыжер» мен «AKSU Contructions» құрылыс компаниясының ұсынған өтемақысын алып, өткен жылдың соңында көшіп кеткен екен. Жақыпбековтар отбасының бұл пәтерді босатпай отыруының да өз себебі бар.
Бізге белгілі болғаны, анасы Лилия Шаповалова мен баласы Тимур Жақыпбеков осыдан жеті жыл бұрын аталған тұрғын үйдің № 4-ші пәтерін жиһаз сататын дүкенге айналдырып, оның алдындағы 4 сотық жерге кішігірім асхана тұрғызған. 2007 жылдың соңына дейін бұл отбасының шағын кәсібі ешқандай кедергісіз жұмыс істеген. Тек «AKSU Contructions» құрылыс компаниясының бұл тұрғын үйдің орнына мемлекеттік жоспар бойынша көп қабатты ғимарат салатындығы белгілі болған соң ғана, олардың кәсібі тоқтатылған. Сол кезден бастап компания мен № 4 пәтердің қожайындарының арасында дау басталған.
Лилия Шаповалованың айтуынша, «AKSU Contructions» компаниясы олардың отбасылық кәсібіне айналған пәтер мен кезінде жекешелендірілген 4 сотық жерге мардымсыз ақша ұсынып отыр:
- Бұл кәсіпті бастау үшін банктен несие алуға мәжбүр болдық. Жеті жыл бойы осы іспен айналысып келдік. Енді ғана ілгері жылжи бастағанымызда, компанияның атынан белгісіз адамдар келіп, тұрғын үйді босатуымызды талап етті. Олардың бізге өтемақы ретінде ұсынып отырған ақшасына орталықты айтпағанда, қаланың шетінен де мұндай дүкен сатып ала алмаймыз-деді ол.
Аталған компания мен жекеменшік кәсіпкерлер өздерінің арасында бір мәмілеге келе алмаған соң, бұл даудың арты сотқа ұласқан. Алайда, Лилия Шаповалова мен Тимур Жақыпбеков оларға ұсынылып отырған ақшаның тым аз екенін қанша дәлелдесе де, бұл істі қараған Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық соты 2007 жылдың 28-ші желтоқсаны күні компанияның пайдасына шешім шығарған. Содан бері сот орындаушылары анасы мен баласының кәсібін тартып алуға бірнеше рет әрекет еткен.
Дегенмен, Лилия Шаповалова мен Тимур Жақыпбековтың өздері болса, дүкен мен асхананы қанша ақшаға бағалап отырғандарын айтқан жоқ. Үстіміздегі жылдың 22-ші қыркүйек күні «AKSU Contructions» компаниясының директоры Б. Рахымжановтың Алматы қалалық сотының азаматтық істер бойынша коллегиясына жазған хатына сүйенетін болсақ, онда Шаповалованың дүкен мен асхана үшін 2 миллион доллар талап еткені айтылыпты. Бірақ, Шаповалованың өзі де, баласы да бұл хаттағы көрсетілген соманың шындыққа жанаспайтындығын жеткізді.
Осы мәселеге байланысты «AKSU Contructions» компаниясына хабарласқанымызда, ол жақтан қандай да бір мәлімет алудың мүмкіндігі болмады.
Сондай-ақ, Лилия Шаповалова сот шешімі өзінің қатысуынсыз шығарылғанын айтты:
-Сот шешімінің менсіз шығарылуы дұрыс емес. Сот отырысының болатындығы белгілі болғанда, мен өз үйімде төсек тартып, ауырып жаттым. Менің ауырғанымды дәлелдейтін дәрігердің арнайы қағазы да бар. Ал судья Ахметшиева соны көре тұрып, менсіз шешім шығара салған. Сондықтан да мен бұл шешіммен келіспеймін-деді.
Дегенмен, судья Ахметшиеваның өзі болса, аталмыш мәселеге орай, шығарған шешімінде былай деген:
«2007 жылдың алтыншы тамызы күні сотқа шағым түсті. Содан бері Шаповалова өзі ойдан құрастырған сылтауларын алға тартып, соттың бірде-бір отырысына қатысқан жоқ. Сондықтан да, сот бұл істі Лилия Шаповалова мен оның өкілдерінсіз қарау туралы шешім шығарылды».
Сонымен қатар, бүгін осы мәселеге түбегейлі нүкте қоюға келген сот орындаушы Сәбит Бекзатов та Лилия Шаповалованың әрекеттерінің заңсыз екенін айтты.
- Соттың шешімімен келіспеген Шаповалова, оны бірден даулай бастады. Бұл оның құқығы. Міне, қолымдағы судья Ахметшиева шығарған мына шешімді орындай алмай жүргеніме біраз болды. Ол 24 сәуір күні соттың шешіміне сәйкес, тұрғын үйде орналасқан дүкен мен асхананы босатып беру тиіс еді. Бірақ, ол ешкімнің сөзіне құлақ асып отырған жоқ. Қай жағынан алып қарасақ та, бұл жерде Шаповалованың әрекеті дұрыс емес,- деді ол.
Бұл дауда компанияның жеңіске жеткені белгілі болса да, дүкен мен асхананың қожайындары әлі күнге дейін өтемақы алмаған екен. Ал сот орындаушы С. Бекзатов болса, «Бұған Шаповалованың өзі кінәлі, өйткені біз оларға банктен шот ашыңдар деп талайдан бері айтып келе жатырмыз. Осының өзін орындамай отырған соң, бұдан басқа не айтуға болады. Жақында Лилия Сергеевнаға банктегі шотыңызды қашан ашасыз деп сұрағанымда, төлқұжатының Алматы мен Қытайдың шекарасындағы аудандардың бірінде қалып қойғандығы туралы айтып, тағы бір сылтауын алға тартты» дейді.
Сот орындаушыларының сөзін түгелімен жоққа шығарған Лилия Шаповалова біз үшін тағы бір қызық жағдайды мәлім етті:
- Мен сіздерге өте бір қызық оқиғаны айтып берейін. 6 шілде күні бүкіл Қазақстан Астананың 10 жылдық мерейтойы мен президенттің туған күнін тойлап жатқанда, біздің үйімізді біреулер өртеп жіберуге әрекет етті. Мен мұны «AKSU Contructions компаниясы ұйымдастырды деп айта алмасам да, оларға деген күдігімді жасырмаймын. Сол күні тұрғындары көшіп кеткен екі үй өртенді. Егер де біз болмағанымызда, жанған үйлердің ортасында орналасқан біздің үйіміз де өртке оранар еді. Біз осы оқиғадан соң, арнайы қарауыл жалдауға мәжбүр болдық. Бұл - айтқанға келіспей отырған тұрғындарды шығарудың ескі тәсілі.
Сонымен, сот орындаушылары бұл жолы да өз мақсаттарына жете алмады. Ең алдымен оларға кәсіпкерлерді қолдауға келген даулы аудандар мен жатақханалардың тұрғындары кедергі келтірді. Одан соң, сот орындаушыларына көмектесуі тиіс полиция қызметкерлері де жан-жаққа тарап кетті. Полицейлердің жәрдем бермегеніне ашуланған Сәбит Бекзатов олардың үстінен Алмалы аудандық Ішкі істер басқармасына шағым түсірді.