Президент әкімшілігінің бұрынғы басшысы - үстіміздегі жылдың қаңтарынан бастап 9 ай бойы «Нұр Отан» партиясы төрағасының міндетін атқарған Әділбек Жақсыбеков туралы соңғы бірнеше күнде жан-жақты ақпараттар таратыла бастады.
Кейбір қазақстандық ақпарат құралдарының жазғандарына сүйенетін болсақ, президенттің ең сенімді адамы Ресей федерациясына Қазақстанның төтенше және өкілетті елшісі болып барады.
Осы жағдайға орай, Қазақстанның үкіметі Әділбек Жақсыбеков үшін ресейлік әріптестерінен агреман сұратыпты. Бұл ақпаратты ең бірінші болып, «ҚазТАГ» агенттігі таратты. Онда да аталған агенттік үкіметтің баспасөз орталығына емес, Кремль әкімшілігіне жақын адамдардың аузынан естіген сөздерге сілтеме жасаған. Сондықтан да, Әділбек Ырыскелдіұлы туралы бұл ақпараттың қаншалықты жүзеге асатыны біз үшін белгісіз.
Алайда, соңғы бір айда билік басында болған ауыс-түйістерден кейін Қазақстандағы тәуелсіз ақпарат құралдарының көбісінде Әділбек Жақсыбековтың уақытша Ақордадан алыстатылатындығы айтылды. Мұны кейбір саяси сарапшылар Нұртай Әбіқаевтың Қазақстанға оралып, Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары болып тағайындалуымен байланыстырды. Кейбір сарапшылар Әділбек Ырыскелдіұлының елші болып кетуі мүмкін екенін болжаған еді.
Ауызға алған сарапшыларға сөз бермес бұрын, соңғы бір айда Әділбек Жақсыбековке қарсы жарияланған ақпараттар легіне тоқталға кетейік. Қазақстан футбол федерациясының басшысына 2012 жылы Африка құрылығында болатын әлем чемпионатына қатысу үшін өтіп жатқан іріктеу ойындарындағы Қазақстан футбол құрамасының бірінен соң, бірі жалғасып жатқан сәтсіздіктері кері әсер етпеген болу керек. Дегенмен, бұл мәселе туралы басылым беттерінде көп айтылды. Жарияланған мақалалардың басым бөлігінде айтылған сындар тек жаттықтырушыға ғана емес, футбол қауымдастығының басшылығына да бағытталды. .
Қазан айының басында Рахат Әлиевтің ықпалында деп айтылып жүрген kaztoday сайтында жоғары лауазымды шенеуніктер мен оппозиция лидерлерінің телефон әңгімелері жарияланды. Онда Әділбек Жақсыбековтың да дауыстары жиі-жиі естілді. Осыған дейінгі телефон әңгімелерінің шынайылығын жоққа шығарған немесе растаған адам табылмаса, бұл жолы оппозиция лидерлерінің өздері билік басындағы шенеуніктермен телефонда айтылған әңгімелердің болғанын мойындады. Яғни, осы жерде оппозицияға бағытталған таяқтың бір ұшы Әділбек Жақсыбековке тиді деп айтуға болады ма?
Кейбір ақпарат құралдары жоғары лауазымды тұлғаларды «супер шенеуніктер» деп атайды. Олардың пікірінше, кез-келген мемлекеттік қызметтің ісін дөңгелетіп кете алатын шенеуніктердің қабілеті шексіз. Олар экономика саласында жүріп, оп-оңай денсаулық сақтау министрлігін де басқара береді. «Ал елші болу біздің басшылар үшін ең оңай жұмыстардың бірі» - дейді олар.
Дегенмен, бұдан бөлек Қазақстанның саясат сахнасында жиі-жиі айтылатын әңгімелердің біріне құлақ түретін болсақ, президент Назарбаевтың оң жамбасына тура келмеген басшылар ғана елші болып шетелге аттандырылады. Егер де ақ парақ бетіне жазылмаған бұл қағида шындықпен үндесетін болса, президенттің ең сенімді адамдарының бірі болып саналатын Әділбек Жақсыбеков қай жерде сүрінді екен?
Осы жағдайға орай, біз сарапшылардың пікіріне сүйенуді жөн деп санадық. Жармахан Тұяқбайдың партиядағы оң қолы Әміржан Қосанов Әділбек Жақсыбеков елші болатын болса, оның дипломатиялық қызметке тағайындалуының себебін ең алдымен Құдай, одан соң Назарбаев біледі деп айтты. Сонымен қатар, Әміржан Қосанов Қазақстаннның саяси жүйесінде дипломатия деген ұғымның өз қадірінен айырылғанын жеткізді. Оның айтуынша, президенттің алдында қателік жасап, кейінірек оның кешіріміне ие болғандарды елшілікке аттандырады.
- Әділбек Жақсыбеков «Нұр Отан» партиясы төрағасының міндетін атқарушы қызметіне тағайындалғанша Президент әкімшілігін басқарды. Ол осы қызметте жүргенде еліміздің ішкі саясатына жауап беретін басты адамдардың бірі болды. Соңғы жылдары элитааралық күрес тым шиеленісіп, ол бүкіл жұртқа жария болды. Бұл жағдай президент Назарбаевтың жеке басының беделіне көп нұқсан келтірді. Осы нәрсе қазақстандық биліктің Әділбек Ырыскелдіұлы үшін Ресей федерациясынан агреман сұратуына басты себеп болуы мүмкін. Өйткені, дағдарысты сылтауратып қаржы бөлу процесінің өзінде де топ аралық элементтер қатты байқалуда - деді ол.
Ал «Альтернатива» зерттеу орталығының директоры Андрей Чеботарев болса, Әділбек Жақсыбековты елшілікке аттандыру үшін Ресейден агреман сұратуының себебін «Нұр Отан» партиясындағы сәтсіздіктерімен байланыстырды.