Жерлестерімен соттасқан депутат келісімге келді

Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов.

Бүгін Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданы Тарбағатай ауылында өткен көшпелі сотта Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов пен оның бір топ жерлестерінің арасында ұзаққа созылған дау шешімін тапты. Қазақстандық ақпарат құралдары «сайлаушысымен соттасқан депутат» ретінде сипаттауға тырысқан бұл жанжалға не себеп болды?

Қазақстан парламентаризмі тарихында өз сайлаушыларымен, я жерлестерімен соттасқан депутаттың саны бірді-екілі. Үстінен шағым айтқан жерлестерін Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов «іскерлік беделіме нұқсан келтірді» деп айыптады. Ал сайлаушылар оған қарсы шағымында «Сабильянов ауылдың берекесін кетірді» дейді.

САБИЛЬЯНОВТЫҢ НАМЫСЫНА ТИГЕН МАҚАЛА

2009 жылғы қазанның 15-і «Жас Алаш» газетінде «Тарбағатайлықтар Астана жаққа емес, Өскемен жаққа елеңдейдi...» деп аталатын мақала жарияланды. Бұл материал газет тілшісінің Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданына қарасты Тарбағатай ауылына барған сапарынан репортаж сипатында жазылған.

Автор Ерік Рахым әуелі Тарбағатай жолының нашарлығын «ауылға жеткенше екi жарым сағат бойы «Қара жорғаны» «билеп» бардық» деп сипаттай келе, әрі қарай ауыл тұрғындарына сөз берген. Тарбағатайлық Төлеубай Ахметов тілшіге «ауыл тұрғындары «сиыр сарыған су ішіп» отыр» деп айтып, 2007 жылы басталған су құбырының құрылысы аяқсыз қалғандығын ашына баяндаған.
Шығыс Қазақстан өңірі

Ал, құбыр құрылысында істеген Самат Нұрғазин әлі күнге дейін сегіз жұмысшы өздеріне тиесілі жалақыларын ала алмай жүр деп шағымданған. Бұған қоса журналист мақалада ауылдың және аудан әкімімен болған әңгімені баяндап өткен.

Парламент мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильяновқа қатысы мақаланың соңғы бөлімінде ғана келтірілген. Автор, ауыл тұрғындарының айтқандарына сілтеме жасай отырып, «Тарбағатай ауылы тұрғындарының Сәбиляновқа деген өкпесi қара қазандай» деп жазады.

«САЙЛАУШЫЛАРЫҢЫЗДЫ СОТҚА БЕРІҢІЗ...»

Мақала жарыққа шыққаннан кейін-ақ Сабильянов «Жас Алаш» газетіне талап хат жолдаған екен. Мәжіліс депутатының атынан жазылған бұл хатта автор «Бұл мақалада менiң ар-намысыма, қадiр-қасиетiме нұқсан келтiретiн, шындыққа сай келмейтiн мағлұматтар жазыл¬ған» деп көрсетеді.

Тілші репортажындағы «Тарбағатайлықтар Нұртай Сабильяновқа өкпелi», «Аягөздiктердiң айтуынша, қазiр ауданды ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап отырған – Мәжiлiс депутаты Нұртай Сабильяновтың командасы», «Сабильянов депутат болғалы бiзге ат басын бұрмады», «Ал Сабильянов мұның бiрiн де iстеген жоқ. Бiз оған сайлау кезiнде ғана керек екенбiз» деген сөйлемдерге шүйліккен депутат осы айтылғандарды терiске шығаруды «Жас Алаш» редакциясынан талап еткен. «Олай болмаған жағдайда мен өзiмнiң ар-намысымды, қадiр-қасиетiмдi қорғау үшiн сотқа жүгiнуге мәжбүр боламын» деп жазды Сабильянов.

Алайда «Жас Алаш» ұжымы дау туғызған мақаланы теріске шығаруды жөн көрмей, талап етушіге жауап хат жолдау қажет деп шешкен екен. Газет редакторы Рысбек Сәрсенбай депутатқа «ар-намысыңызға тисе, онда аягөздiктердi - өзiңiздiң жерлестерiңiздi, сайлаушыларыңызды сотқа беруiңiзге әбден болады. Өз пiкiрлерiн бiзге ашық айтқаны үшiн» деп жауап берген-ді.

Осы газеттегі қысқаша сұхбатында Сабильянов талап пен жауаптың басылымда жарияланғанына қанағаттанғанын айтып, «қазiргi таңда «Жас Алашқа» ешқандай талабым да, сұранышым да жоқ» деп мәлімдеген. Бұған қоса Сабильянов өзінің талап хатын газет алты айдан соң ғана – биыл мамырда жариялағандығын атап көрсеткен.

Бұған дейін Сабильяновтың талабы «Аягөз жаңалықтары» газетінде басылған-ды. Тарбағатайлық Төлебай Ахметов, Азаттыққа берген сұхбатында, Сабильяновтың газетке талап қойып отырғандығын аудандық басылымнан оқығандығын хабарлады.

ЖЕКЕ ӨЗІНЕ ЖАЗЫЛҒАН ХАТТЫ СОТҚА АРҚАУ ЕТІП...

16 жыл ауыл мектебінің директоры болып істеген Төлеубай Ахметов пен бір топ тарбағатайлықтар «Жас Алаш» газетіне және Сабильяновқа екі бөлек хат жазған. Әуелгісінде тұрғындар ауыл мәселесін көтергені үшін газет тілшісіне рақметін айтса, екіншісінде депутат Сәбияловқа қиын-қыстау кезеңде ауылға қол ұшын бермеді дегендей өкпе-наздарын баяндаған. Хатқа 26 тарбағатайлық қол қойған.

- Сабильяновтың су құбыры төңірегіндегі дауға қатысы бар дегенім жоқ. Ауыл қиналып жатқанда ол біз туралы бір депутаттық сауал жолдауына болады ғой дегенді меңзедік. Сосын депутатқа 2007 жылдан бері Тарбағатайға соқпай кеткендігін ескертіп, ауылға келуін шақырдық, - дейді Ахметов.

Оның айтуынша, бұл хат депутаттың жеке өзі үшін жазылған және ол ешқандай басылымда жарияланбаған. Соған қарамастан Сабильянов тарбағатайлықтардың 2009 жылы желтоқсанда жолдаған дәл осы хатын ауыл тұрғындарына қарсы сот шағымында пайдаланды.

Аягөз аудандық сотына өткізілген арызында мәжіліс депутаты «іскерлік беделіме нұқсан келді» деп көрсетіп, моралдық шығын көлемін адам басына 500 мың теңге деп белгілеген. Сабильянов өндірілетін қаржыны Аягөз қаласындағы балалардың психо-неврологиялық әлеуметтік мекемесіне аударуды сұраған.

Сот тыңдаулары биылғы сәуірдің 29-ы Аягөз қаласында басталды. Соттың келесі отырысы ертесіне Тарбағатай ауылында өтті. Екі мәжіліске де Сабильяновтың өзі қатысқан. Жауапкерлер судья Нұржалғас Томпақоваға сенімсіздік білдірген соң, сот мәжілісінде үзіліс жарияланды. Алайда жауапкердің өтініші қабылданған жоқ. Мамырдың 27-і сот мәжілісі қайта жалғасты. Кеше сотқа арызданушы Сабильянов келмей қалған. Бірақ, бүгін депутаттың өзі қатысқасын сот процесі кезінде екі жақтың бітімге келуі тезірек шешілген сияқты.

САБИЛЬЯНОВТЫҢ КҮДІГІ

Ахметовтың айтуынша, осыдан алты жыл бұрын Сабильяновты парламент төріне шығарған тарбағатайлықтар бұл жолы онымен сотта араздасуға мәжбүр болған.

2004 жылғы парламент сайлауында Тарбағатай сайлаушыларының 74 пайызы 86-шы жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқан Нұртай Сабильяновқа дауыс беріпті. Мандатқа ие болғаннан кейін ол, сайлаушыларға көрсеткен құрметі ретінде, алғашқы депутаттық кездесуін Тарбағатайда өткізген екен.

- Депутат біздің үйден дәм татқан еді. Біз оған шын ниетімізбен жұмыс жасадық. Сол кезде үгіт-насихат жұмыстарын бастап жүргізген мен болатынмын, - дейді Ахметов.

Алайда Сабильяновтың өзі тарбағатайлықтар атынан жазылған «хаттың артында үлкен бір топ тұр» деп есептейді. Осындай пікірін депутат «Жас қазақ» газетімен бөліскен. «Ауылдың атын жамылып, өздерінің жеке мүдделерін көздеп отырғаны көрініп тұр» деп мәлімдеген депутат.

Сабильяновтың пікірінше, соттағы жауапкер - Төлеутай Ахметов «біреулердің қолшоқпары болып, елді дүрліктіріп жүр». «Оның артында қаржылай қолдау жасап отырған топтың бары белгілі» депті депутат.

Болжамының бір дәлелі ретінде Сабильянов мамыр айында Алматыда өткізілген баспасөз мәслихатын келтіріп отыр. Сол жиында Тарбағатай тұрғындары сотқа қарсы талап арыз бергендерін, Сабильяновтан әрқайсысы 3 миллион теңге моральдық өтемақы өндiрудi талап еткендерін хабарлаған еді. Тұрғындар оны Аягөз-Тарбағатай тас жолын жөндеуге бөлгiзудi сұраған болатын.

- Тарбағатайда биыл қыстың қатты болғанына қарамастан, бізді қайта-қайта сотқа сүйреді; ауылдың берекесін алды, деп біз де Сабильяновқа қарсы талап арыз жаздық, - дейді Ахметов.

Мәжіліс депутаты болса қарапайым ауыл тұрғынының Алматыдан адвокат жалдап, оған 300 мың теңгені өз қалтасынан төлейдi дегенге күмән келтіріп отыр. «Осы әрекеттерiмен артында бiреулердiң тұрғанын көрсетiп жатыр» деп күдіктенеді Сабильянов. Бірақ депутат «біреулердің» нақты кім екендігі туралы ешқандай болжам келтірмейді.

Депутаттың тұжырымдарына қарсы Ахметовтың жауабы мынадай: «Сабильянов сотқа бергеннен кейiн ұлыма көлiк алып берем деп отырған бар ақшамды адвокатқа төледiм. Егер қалтасында 300 мың теңгесi бар адамдардың бәрiн қаржылық топ десе, онда сол «қаржылық тобының» жетекшiсi мына менмiн».

Ахметов адвокат жалдап қана қоймай, мақала мен хатты сараптамаға бергендігін айтып отыр. Сөз еркіндігін қорғау «Әділ сөз» қоры өткізген лингвистикалық сараптама тарбағатайлықтардың ашық хатының мазмұны депутаттың ар-намысына, іскерлік беделіне нұқсан келтірмейді деп анықтаған.

Тоғызыншы айға созылып бара жатқан даудың қашан және қалай аяқталатындығы белгісіз. Сабильянов жауапкерлер сотта қателерін мойындап, шындықты айтса, жазғандарын теріске шығарса ғана арыздан бас тартатындығын айтып отыр.

«САЙЛАУШЫЛАР АЛДЫНДА ЖАУАПКЕРШІЛІК ҚАЛМАДЫ»

Екі мәрте Жоғарғы кеңесте, тағы екі мәрте мәжілісте депутат болған Амалбек Тшан жеке тәжірибесінде өз сайлау аймағынан шыққан жерлестерімен соттасқан жағдайды бірінші мәрте естіп отырғандығын жасырмайды. Оның пікірінше, сайлаушымен араздасу, соттасу депутаттық этикаға жат дүние.

Бұған қоса, Тшан өз жерлестерімен соттасу қазақтың ұлттық қоғамына тән емес қасиет деп есептейді. Тәжірибелі саясаткердің айтуынша, Сабильяновтың басына түскендей жағдайға тап болған кез-келген депутат әуелі халықпен кездесіп, ортақ тіл табысудың жолдарын қарастыруы керек еді.
Қазіргідей тізіммен емес, халықтың өзі тікелей сайлаған болса, депутаттың қарым-қатынасы басқаша болған болар еді

Тшанның пікірінше, партиялық сайлау арқылы жасақталатын парламентке көшу депутаттың сайлаушы алдындағы міндетін орындамауға немесе сезінбеуге әкеліп отыр.

- Мұның бәрі тікелей сайлауға қатыспағанның әсері. Қазіргідей тізіммен емес, халықтың өзі тікелей сайлаған болса, депутаттың қарым-қатынасы басқаша болған болар еді. Ал, қазір оларға бәрібір болып отыр. Қазір сайлаушылар алдында жауапкершілік жоқ, - дейді бұрынғы депутат.

Тшан мәжілістің үшінші шақырылымында Сабильяновпен әріптес болғандығын, біршама жақын танитындығын айтып отыр.

- Нұртай осындай айқайға бара қоятын жігіт сияқты емес еді. Оның неге бұлай жасағаны мен үшін түсініксіз болып отыр, - деп таңырқайды Тшан.

«ДЕПУТАТ БОЛДЫМ, МІНЕКЕЙ...»

Балташ Тұрсымбаев өз жерлестерін сотқа беру, соттату ақылға сыймайтын дүние деп есептейді. Тәжірибелі саясаткердің пікірінше, қандай даулы мәселе болған күннің өзінде депутат соттаспауы керек еді, өйткені бұл жағдай оның өзіне, бұған қоса парламентке абырой әпермейді.

- Бұл парламенттің жоқ беделін тағы төмен түсіру дегенді білдіреді. Кемеңгер Абай дұрыс айтып кеткен екен. Бұлардың бәрі депутат болдым мінекей, соттатамын, маған сөйлемесін дегеннің кері ғой... Ақылмен емес, ақылдың жоқтығынан істеліп отырған шаруа, - дейді Тұрсымбаев.

«Нұр Отан» партиясы саяси кеңесінің мүшесі, Аягөз ауданының құрметті азаматы Нұртай Сабильянов 2004 жылы №25 сайлау округы (Аягөз, Жарма, Үржар аудандары) бойынша үшінші шақырылымдағы парламенттің мәжіліс депутаты болып сайланды. 2007 жылы ол төртінші шақырымдағы парламент мәжілісінде «Нұр Отан» партиясының тізімі бойынша депутат атанды.

Нұртай Сабильянов «Шапағат» және «Құрмет» ордендерімен марапатталған.