Бүгін Алматыда баспасөз мәслихатын өткізген канадалық кәсіпкер Адонис Дербас жақында құрылған «Тағдыр» қорына мүше болғанын мәлімдеп, Рахат Әлиевке қарсы осыған дейін айтқандарын тағы қайталады.
Соңғы бірнеше жылдың көлемінде бір-біріне қарама-қайшы мәлімдемелерінде солқылдақтық танытқанын мойындаған Адонис Дербас, ондай іс-әрекеттерді «Р.Әлиевтің қысымымен жасадым» деген уәж айтты.
- Рахат Әлиев пен оның жақын-туыстарына қатысты менің басымдағы проблемалар Рахаттың тасы өрге домалап тұрған кезде – 2005 жылы басталғаны сіздерге мәлім. Олар менің осындағы меншік мүлкімнің бәрін тартып алды, өзімді әкімшілік сотқа тартып, қамауға да отырғызды. Кейде мен шарасыздықтан Р.Әлиевтің айтқанына көнуге мәжбүр болдым. Бірақ екеуміздің «достығымыздың» нәтижесінде ол адамға мүлдем сенуге болмайтындығына көзім жетті. Рахат ар-ұят дегеннен жұрдай адам. Оны және сол тәрізді адамдарды тек қана Заңның күшімен, принциптік іс-әрекеттермен жеңуге болады, - деді А.Дербас.
Р.Әлиевтің іс-әрекеттерінен зардап шеккенін алға тартып прокуратура, сот органдарына, сыртқы істер министрлігіне, қаржы полициясына, ұлттық қауіпсіздік комитеті мен ішкі істер министрлігіне қаншама шағымданса да, еш мекемеден әділдік таппаған Дербасты Қазақстан үкіметі 2005 жылы елден мәжбүрлеп шығарып жіберген. Ал басынан бағы тайған соң Әлиев оған Қазақстан үкіметін сотқа беру туралы ұсыныс жасап, өзімен бірге одақтасуға шақырыпты.
«Ол осы кезге дейін маған бірнеше мәрте кісі салып, мені көндірмек болды. Бірақ мен оның қандай адам екендігін білгендіктен ол ұсыныстардан бас тарттым», - дейді Дербас.
Қазақстанға қайта келіп, өз меншігін даулауға мүмкіндік алған кәсіпкер енді Қазақстан үкіметі бұған салық төлемегені үшін іс қозғағанын айтып отыр. «Бұл әділеттілік емес, себебі мен 2005 жылы бұл елден өз еркіммен кеткен жоқ болатынмын, менің бизнесімді тартып алған адамдар мені елден кетірді. Солардан зардап шеккендіктен мен заңды құқығымды қорғамақ ниеттемін», деді ол.
Дербас қазіргі таңда Рахат Әлиев пен оның адамдары мұның аузын жабу үшін оның өзі мен отбасының көзін құртатындарын ескертіп, қорқытып-үркіткенін айтты.
- Ондай қоқан-лоқыны мен қазірде шетелде тұрып жатқан Аман Макашов есімді Қазақстан азаматынан естідім. Желтоқсанның 30-ы күні оның маған «Адонис, сен әлі о дүниеге асықпа, ол жаққа әркезде үлгересің» деп айтқандарын дәлелдей аламын. Мен ешқашан Рахат Әлиевті жақтап Австрияның сотында сөйлеген емеспін, ондай әңгіменің барлығы – жалған. Тек бір рет мені «Мариотт» қонақ үйінде Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Әлнұр Мұсаев өздерін Рахат Әлиевтің адвокаттарымыз деген екі ер адаммен таныстырды. Бірақ, кейін білгенімдей, олардың біреуі Вена қаласының қылмыстық полициясының бастығы екен. Сірә, әлгі адамдарға Рахат Әлиев ақша беріп сатып алған соң олар соны қорғап жүр екен ғой деген ой түйдім, - деді А.Дербас.
Бірақ ол енді «Тағдыр» қорының жұмысына белсенді атсалысып, Рахат Әлиевтің шынайы бет-бейнесін әшкерелеуге дайын екенін мәлімдеді.
Жақында ғана жаңадан құрылған «Тағдыр» қорына былтыр Алматыда із-түссіз жоғалған «Нұрбанктің» топ-менеджері Жолдас Темірәлиевтің зайыбы Армангүл Қапашева жетекшілік етеді.
- Вена сотының Рахат Әлиевті Қазақстанға беруге бас тартуына Адонис Дербастың Әлиевті жақтап берген деректері негізгі себеп болады деген уәж енді орынсыз. Сондықтан, негізгі куәгердің осы айтқандарының негізінде Әлиевті Қазақстанға беру мәселесін Австрия сотында қайта көтеру керек деп санаймыз, - деді А.Қапашева.
Адонис Дербастың айтуынша, оның атынан құжаттарға жалған қол қою оқиғалары бұған дейін де талай рет болыпты.
- Менің атымнан Қазақстанда және шетелдерде бірнеше фирмалар ашылып, олардың құжаттарына менің сыртымнан қол қойылды. Мәселен, сондай фирмалардың есеп-шоттарына шетелден Қазақстанға инвестиция ретінде 163 млн доллар аударылғаны туралы қазақстандық газеттерде жазылды да. Ол құжаттарға қойылған менің қолым емес екенін кейін сот-сараптау шаралары дәлелдеді. Сол секілді, мені Қазақстаннан қуып жібергеннен кейін осындағы бірнеше тәуелсіз газеттерге, оппозиция қайраткері Болат Әбіловке қарсы менің атымнан сотқа түсірілген арыздарға менің ешқандай қатысым жоқ, - деді Адонис Дербас.
Канадалық кәсіпкер Азаттық тілшісіне қазірде шетелде жүрген Рахат Әлиевтің заңға қайшы іс-әрекеттерін әшкерелейтін кейбір деректерді «Тағдыр» қорына табыс еткенін айтты.