Астанада совет заманынан қалған әуе шабуылынан қорғанатын орында шыққан өрттен үш адам қаза тапқаны бүгін ресми түрде хабарланды. Үшеуі де Астананың төтенше жағдайлар департаментінде басшы қызметтер атқарған.
Қаралы хабарды Қазақстанның төтенше жағдайлар жөніндегі министрі Владимир Божко жұма күні үкімет мәжілісінде хабарлады. Министрдің айтуынша, бүгін таңертең өртенген ғимараттың ішінен өрт сөндіру қызметінің үш басшысының күйген денелері табылған.
Бұған дейін технопарк аумағындағы өртті сөндіру барысында үш қызметкердің жоғалып кеткендігі туралы хабар бірқатар ақпарат құралдарында айтылған еді. Алайда ресми орган ондай ақпараттың шындыққа жанаспайтындығын айтумен болды.
Бұрынғы бомбапана ғимаратындағы өрт сәрсенбі күні тұтанған. Сол күні және ертесіне де өрт сөндірушілер тілсіз жаудың негізгі көзіне жете алмаған. Министр Божконың айтуынша, ғимараттың орналасу ерекшелігі де өртті сөндіруге қосымша қиындықтар туғызған.
Тілсіз жаумен екі күн бойы алысқан өрт сөндірушілер жұма күні таңертең ғана өрт сөндірілді деп хабарланды. Сол кезде ғана қаза болған өрт сөндірушілердің денелері ғимараттан сыртқа шығарылған.
– Өртті барлау жәны оны сөндіру барысында төтенше жағдайлар бойынша департамент бастығының орынбасары полковник Зайцев, 6-шы қызметтің бастығы Жәкішев және арнайы өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары капитан Әбиев қаза болды, – деді Владимир Божко.
Жұма күні премьер-министр Кәрім Мәсімов қайғылы оқиғадан қаза болған өрт сөндірушілердің туған-туыстарына көңіл айтты. Сондай-ақ, үкімет басшысы осы істің себеп-салдарын анықтауды үнемі назарда ұстауын тапсырды.
Владимир Божко бұрынғы бомбапана ғимаратының өртенуіне қатысты қылмыстық іс қозғалды деп хабарлады. Ғимараттың өртену себептері алдын ала тергеу амалдары барысында анықталады. Әзірге бұған қатысты ешқандай болжам айтылмады.
Совет заманынан қалған әуе шабуылынан қорғанатын бұрынғы ғимарат 1080 шаршы метрді алып жатыр. Мамандардың бағалауынша, тілсіз жау соның тең жарымын жалмаған.
Аса күрделі санаттағы өртті сөндіруге қалалық өрт сөндіру бөлімдерінің 35 қызметкері қатысқаны айтылып отыр.