Алматыда Бауыржан Момышұлы туралы деректі фильмнің тұсаукесері өтті

«Қазақтың Бауыржаны» атты деректі фильмінің жарнамасы. Алматы, 14 қыркүйек 2010 жыл.

Қыркүйектің 14-і күні Алматыда «Қазақтың Бауыржаны» атты деректі фильм көпшілікке таныстырылды. Фильмді үкімет тапсырысымен Бауыржан Момышұлының 100 жылдық мерейтойына арнап режиссер Қалила Омаров түсірді.

ХАЛЫҚ БАТЫРЫ

Екінші дүниежүзілік соғыста даңқы шыққан қазақ батыры Бауыржан Момышұлы туралы түсірілген «Қазақтың Бауыржаны» деректі фильмі бас-аяғы отыз минутқа созылады.

Фильмде негізінен соғыс жылдарындағы және Бауыржан Момышұлының жеке мұрағатындағы фотосуреттер пайдаланылған. Сонымен бірге батырдың көзін көрген адамдар естеліктерін айтады.

Қазақстан үкіметінің тапсырысы бойынша түсірілген фильмнің бюджеті қанша деген сауалға режиссер Қалила Омаров «ол коммерциялық құпия» деп, жұмсалған ақша көлемін айтпады.

– Бауыржан Момышұлының совет өкіметі тұсында жасалған Ұлы Отан соғысының батыры бейнесін бұзу қиынға түсті. Өйткені, батырдың қарапайым адами бейнесін, нені жақсы көргенін, неден жиренгенін, қандай қиындықтар көргенін ашқым келді. Бірақ мүмкіндігінше аштым да қойдым. Осы тұрғыдан қиындықтар болды, – деді режиссер Қалила Омаров.

Режиссер Ресейдің Подольск қаласындағы әскери мұрағатында сақталған Бауыржан Момышұлының жеке мұрағатын ашу мүмкін болмағанын айтады. Оның айтуынша, әлі күнге дейін құпия мұрағат құжаттары деген атпен сақталып келе жатқан ол құжаттарда совет өкіметі тұсындағы лауазымды басшылардың Бауыржан Момышұлына жасаған қиянаттары туралы мәлімттер болуы бек мүмкін.

БАУЫРЖАН ТУРАЛЫ ШЫНДЫҚ

«Қазақтың Бауыржаны» деректі фильмінде Бауыржан Момышұлының көзі тірісінде жазып алынған дауысы пайдаланылған. Және соғыс жылдары Бауыржан Момышұлы ұрысқа қатысқан Ресей жерлері де көрсетіледі.

– Бұл фильмдегі ең құнды нәрсе – атаның жанды дауысы. Бұған дейін түсірілген фильмдерде дауысы берілмеген болатын. Атаның көзін көрмеген, үнін естімеген ұрпаққа оның құдіретті үні, ақылды, өнегелі сөзі жүрегіне рух береді, – деді Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова.

Зейнеп Ахметова Бауыржан Момышұлының өмірі мен ерлігін отыз минуттық фильмге сыйғызу мүмкін емес деп біледі. Дегенмен, деректі фильм көпшіліктің көңілінен шығатынына сенімді. Оның айтуынша, Бауыржан Момышұлы туралы талай дерек ашылмаған күйі батырдың үйінде, мұрағатта жатыр.

– Ресейдің соғыс туралы және жеке тұлғалар туралы деректі фильмдерінде шындықты шыңғыртып айтады. Батырып айтады. Өкінішке қарай, бізде әлі күнге дейін шындықты айтуға келгенде алдыға тосқауыл қойылып жатыр, – дейді Зейнеп Ахметова.

Бауыржан Момышұлы 1910 жылы Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Көкбастау ауылында дүниеге келген. Екінші дүниежүзілік соғыста қолбасшылық ерлігімен даңқы шыққан. Бауыржан Момышұлы 1982 жылы дүние салып, Алматыда жерленген.

Гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлына Совет Одағының батыр атағы тек 1990 жылы берілді.