Қазақстанда орта тап әлі ұзақ уақыт бойы қалыптасу кезеңінде болады

Алматыдағы Қытай тауарларының базары.

Постсоветтік кеңістіктегі сыбайласқан жемқорлыққа белшесінен батқан режимдер орта таптың экономикалық және саяси белсенділігін тұншықтыруда. Сіздердің назарларыңызға «Азат Еуропа»/«Азаттық» радиосының бірлесіп жасаған зерттеу мақаласын ұсынамыз.


БЕЙБЕРЕКЕТСІЗДІКТЕН ПАЙДА БОЛҒАН


Неліктен орта тап соншалықты әлсіз және оны нығайту үшін не қажет? Бірақ ол үшін алдымен «орта тап» дегеннің не екенін түсініп алу керек.

Батыс елдерінде дәл осы орта тап демократиялық және гүлденген қоғамның негізгі діңгегі болып саналады. Құрама Штаттарда халықтың 60 пайызы орта тапқа жатады. Мұғалімнен полиция офицерлеріне немесе бизнес менеджерлеріне дейінгі барлық өз ісінің мамандарын олардың қатарына қосуға болады.

Олар миллиардтаған доллардың салығын төлейді. Олар дауыс беруге белсенді түрде қатысып, елді билеп отырғандарды сайлауда маңызды рөл атқарады. Елді кімдер билеп отыр деген сұрақ, олар үшін маңызсыз сауал болып саналмайды.

Бірақ, Еуразияда орта таптың халі мүшкіл. Орта тапты құрайтындардың құрылымы әлсіз. Бұл әлсіздіктің бір себебі - посткоммунистік аймақтың көптеген елдерінде орта тап бұдан бұрынғы тұрақты тәртіп құлағаннан кейінгі бейберекетсіздік кезінде пайда болды.

Коммунистік режимнің күлінен шыға салысымен, табысы батыстағы орта таптың табысымен шамалас, ерекше құндылығы бар коммерциялық таптың шағын тобы өздерінің бар екенін байқатты.

Ресейлік Левада - Орталық тәуелсіз зерттеу орталығының әлеуметтанушысы Борис Дубин еліндегі жағдайды былай сипаттайды: «Олар әдетте демократия мен либерализм құндылықтарын қолдамайды. Олар соңғы он жылда қалыптасқан әлеуметтік, саяси және экономикалық тәртіпті қабылдайды. Бұл – билік меншіктен ажырамаған және жоғары биліктегі басшылар басты қожайын болып табылатын авторитарлық режим.

Борис Дубиннің айтуынша, бұл тап халықтың 4-5 пайызын құрайды және өздерін осы режимнің айнымас жақтастары ретінде ұстайды.

БИЛІКПЕН ҚОЛ ҰСТАСЫП

Көптеген сарапшылар мен шолушылардың пікірінше мұндай коммерциялық табысты қоғамдастықтың құндылықтары орта таптың негізін құраған – советтік типтегі зиялы қауымның құндылықтарына қарама-қайшы,

Бұл – құрамына интеллектуалдар, суретшілер және үкіметтік емес мамандар енетін халықтың бөлігі. Олар саяси билікті монополияландырып алған партаппаратшыларға қатысты тәуелсіз және көбінесе диссиденттік бағытты ұстанды. Бірақ зиялы қауым, Ресейдің постсоветтік экономикасында бәсекеге қабілетті болу үшін тым тәуелді еді.

Нәтижесінде олар биліктегі байланыстарын пайдаланып көтеріліп кеткен бизнес адамдарының тасасында қалды. Бұл бүкіл Еуразия аймағында демократиялық даму мен гүлденудің тоқтауына алып келді.

Оның салдары көзге көрініп тұр. Автократтар билікте қалып және оларға азаматтық қоғамға негізделген ешқандай елеулі оппозициялық партия қарсы қойылмаған.

Аса бай билеуші элита мен халықтың кедейленген көпшілігі арасындағы айырмашылық өсе түсуде. Ресейдің саяси сахнасында билікке адал кәсіпкерлер басымдыққа ие және орта тап оқшауланып қалған.

ҚҰРЫЛЫСТА ЖҮРГЕН ПРОФЕССОР

Алайда орта таптың идеялары мен концепциялары қарапайым азаматтардың арасында көбірек танымал. Такси жүргізушілерінен бастап шағын кәсіпкерлерге дейін. Және де, бір таңқаларлығы, олар қолдайтын көптеген құндылықтар Батыстағы олардың қарсыластарының құндылықтарымен сәйкес келеді.

«Экономист» журналы дамушы елдерде зерттеу жүргізген. Оған сәйкес, өздерін орта тапқа жатқызатын адамдар көбінесе демократияны қолдайды. Мысалы, Украинада орта тап өкілдерінің 65 пайызы кем дегенде екі жақтың қатысуымен таза сайлаудың өтуін өте маңызды деп санайды.

Бірақ, бұл елдерде орта таптың тағы бір анықтамасы бар. Мұндағылар орта тапқа табысы аздау болса да қара жұмыстың емес, интеллектуалдық жұмыстың адамдарын жатқызады.

Мұның бір мысалы - мұғалімдер. Тәжікстанда профессорлар ең кедей мамандардың қатарына жатады. Олардың табысының аздығы соншалық, жаз шықса, құрылыста жұмыс істеп ақша табу үшін Ресейге ағылады. Мұнда олар профессорлық қызметіне қарағанда көбірек жалақы алады. Бірақ, оқу жылы басталысымен еліне келіп, оқытушылық қызметіне кіріседі. Және осы арқылы өздерін орта тапқа жататындай сезінеді.

Аймақтағы мұғалімдердің өздерін орта тапқа жатқызуының бір себебі, олар өз елдерінің болашағына ықпал етуге көмектесіп жатырмыз деп есептейді.

СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚ ПЕН ОРТА ТАП

Қалыптасқан тарихи жағдайға орай Батыс елдерінде орта тап мемлекеттік басқарумен байланысты мәселелерде өз отандастарының мүддесін қорғайтын елеулі күшке айналды.

Постсоветтік кеңістіктегі мамандар мен шағын бизнесмендер осындай күшке айналуы үшін әлі пісіп-жетілуі керек. Осы уақытқа дейін неге бұлай болмағандығының бірнеше себептері бар. Оның бір себебі - үнемі тұрақсыздық жағдайында өмір сүріп жатқандықтан, енжарлық пен арсыздық деңгейінің жоғары болуында.

Бұрынғы Совет Одағы елдерінде әлеуметтік идеалы жоғары көптеген адамдарды күнделікті өмірдегі экономикалық қажеттілік осы идеалдарын сатуға мәжбүрлейді.

Бұған мысалды Молдовадан келтіруге болады. Үкіметтегі сыбайласқан жемқорлыққа наразылық білдіретін көптеген мұғалімдер мен дәрігерлер, соған қарамастан азын-аулақ мемлекеттік жалақыларына қосымша табыс табу үшін сыйлықтар мен пара алуға баратындығын мойындайды.

Зерттеу барысында сұрау салынғандардың бірі, молдовалық дәрігер Валериу Урсу бұл жағдайды былай сипаттайды: «Медицинадағы жемқорлық пен парақорлық барлық жерде кездеседі. Кейде ол науқасты емдегені үшін дәрігерге алғыс ретінде беріледі. Бірақ науқасты ақша төлеуге мәжбүрлейтін кездер де болады. Міне, бұл үлкен ұят іс және проблема».

Осының нәтижесінде көптеген мамандар елден кеткенді артық көреді. Зерттеу нәтижесі бойынша елдегі жұмыс күштерінің 27 пайызы шетелдерде жүр.

Молдовада етек алған сыбайлас жемқорлық орта тапты азаматтық және саяси белсенділіктің негізі ретінде жұмылдыруға зиянын тигізеді. Мұндай белсенділікті қолдау үшін азаматтық топтарға қаржылық көмек қажет.

Өз кезегінде, дәл осы саяси шараларды ұйымдастырушылар өздеріне берілген қаржыны қалталарына салып алмайтындығына сенім болмайынша, мұны жүзеге асыру мүмкін емес. Жемқорлық жаппай белең алған кезде мұндай сенімге ие болу да өте қиын.

БАҒЫ БАЙЛАНҒАН БИЗНЕС

Бірақ проблемалар одан да тереңде жатқандай. Көптеген постсоветтік елдерде орта тап пайда болған да жоқ. Өйткені, ұйымдастырушылар қыспаққа алынды немесе билеуші элитамен ынтымақтасуға мәжбүр болды.

Ушыққан жағдайларда қыспаққа алу сот қуғындауымен немесе түрмемен аяқталады. Күнделікті өмірде мемлекет шағын бизнесті салмақты салықпен немесе өзге төлемдермен тұншықтырып, бақылауда ұстайды. Салықтың жоғарылығы соншалық, шағын бизнестің дамуына еш мүмкіндік бермейді. Бизнесмендердің табыстары азаматтық қозғалыстар мен шараларды қолдауға жетпейді.

Салықтан құтылудың екі ғана жолы бар. Біріншісі – елден қашу. Екіншісі – режимнің бір бөлшегіне айналу. Міне сондықтан да Арменияның бизнесмендері өздерінің шағын кәсіпорындарын дамытқаннан гөрі, ресми қызметтердің назарына түспеу үшін кіші-гірім бизнесін сақтап қалуға тырысады.

Нәтижесінде, елдегі кез-келген белсенділікті мемлекет пен олардың жақын жақтастары ғана көрсете алады.

Әзірбайжан, Қазақстан сияқты энергетикалық жағынан бай елдерде билеушілер мемлекеттік монополия ретінде мұнай мен газды өз қолдарында ұстайды. Осының өзі тәуелсіз орта тапты үнемі қыспақта ұстауға мүмкіндік береді.

Әзірбайжанда қалыптасқан жүйе бойынша мұнайдан түскен пайда тікелей президенттің отбасына, оның жақын туыстарына және осы отбасымен байланысы барларға ғана бұйырады. .

Бұның өзі билікке толық берілген орта таптың тобын қалыптастырады. Сонымен бірге, бұл жағдай бизнесте өз күшіммен жеңіске жетем деген кез-келгенді тәубесіне түсіреді. Мұндай тәуелсіз кәсіпкерлерді жүйемен байланысты адамдардың көмегімен шетке ығыстырып тастау оп-оңай.

Тұрақтылықты сақтау үшін Әзірбайжан жыл сайын әлеуметтік мұқтаждықтарға қарағанда репрессиялық аппаратты ұстап тұруға екі есе көп қаржы жұмсайды.

Қазір мұғалімдердің жалақысы 5 пайызға төмендеген кезде, күш құрылымдарының офицерлерінің жалақысы 4 пайызға көтерілген. Ресми Баку, демократияның даму күші болатын ешқандай орта таптың пайда болмайтындығына «кепілдік» береді.

Кез-келген әлеуметтік өзгерістердің кілті өзгелердің қолында. Бүгінде режимге қарсы саяси оппозицияға исламшылар басшылық етеді. Олар діннің күшін өздерінің басты ұйымдастырушы қуаты ретінде пайдаланады