Алматыда доңыз тұмауына қатысты карантин алынды, мамандар сақтық пен сабырлылыққа шақырады

Тамыздың 3-інде Алматыда доңыз тұмауымен тіркелген екінші адамға қатысты карантин алынып тасталды. Онымен байланыста болған барлық азаматтар да тексерілді, олардан аурудың белгілері анықталмады.
ЕРКІН ДҮРІМБЕТОВ: АЛМАТЫДА ДОҢЫЗ ТҰМАУЫМЕН АУЫРҒАНДАР САУЫҚТЫ

Тамыздың 3-індегі соңғы мәлімет бойынша, Алматыда бір де бір адам доңыз тұмауымен тіркелмеген. Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Еркін Дүрімбетовтың айтуынша, «қалада тіркелген 2 адам өз үйлерінде ем қабылдаған».

- Мен қала тұрғындарын сабырға шақырамын. Өйткені қазіргі таңда Алматы қаласында доңыз тұмауын жұқтырған бір де бір адам жоқ. Ал осыған дейін тіркелген екі адамның біріншісіне қатысты карантин - тамыздың 1-інде, ал екінші адамға қатысты карантин – бүгін, яғни тамыздың 3 інде алынып тасталды. Сондай-ақ онымен байланыста болған адамдардың барлығы да тексеруден өтті, олардан ешқандай вирустың белгілері анықталған жоқ,- дейді Еркін Дүрімбетов.

Вирус жаппай орын ала қалған жағдай болса, қала бюджетінен оған қосымша 100 млн. теңге қарастырылған. Одан өзге республика бойынша арнайы штаб құрылған. Алматы мен Астанадағы зертханалар күні-түні жұмыс істеуге дайын. Сондықтан тұрғындар үркетіндей еш негіз жоқ дейді мамандар.

ДӘРІ-ДӘРМЕК БАҒАСЫ БАҚЫЛАУҒА АЛЫНДЫ

Қазіргі таңда Денсаулық сақтау министрлігі тұмауға қарсы әдетте қолданылатын негізгі 8 препараттың нақты бағасын белгілеген:

1. «Аксолин» майы – 85 теңге
2. «Тамифлю» - 4 300 теңге
3. «Реинза» - 4 000 теңге
4. «Занамевир» - 4 000 теңге
5. «Глюкоза мен Аскорбин қышқылы» таблеткалары (0,1грамм) – 20 теңге
6. «Аскорбин қышқылы» дражже (00,5грамм) – 100 теңге
7. Медициналық маска – 20 теңге
8. «Парацетамол» (0,5грамм) – 20 теңге

Мамандар егер қала дәріханаларында дәрі-дәрмектің бағасын негізсіз көтеру фактілері кездессе, фармацевтикалық бақылау департаментіне хабарласу қажет екендігін ескертеді.

Алматы қаласы бойынша (7272) 731 555

Астана қаласы бойынша (7172) 511 499

Бұдан бөлек, мамандар аталған («Тамифлю», «Реинза», «Занамевир») дәрілер тек А(H1N1) тұмауы анықталған кезде ғана пайдаланылатын препараттар екендігін ескертеді. Сондықтан оларды алдын алу мақсатында қолдануға мүлдем болмайды. Ал мазь бен бетпердені (маска) тағу әркімнің өз еркінде.

МАМАНДАР ДОҢЫЗ ТҰМАУЫНАН САҚТАНУҒА КЕҢЕС БЕРЕДІ

Қазақстандағы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының инфекциялық аурулар мен иммунизация бойынша бағдарламаларының үйлестірушісі Жанар Бекенованың айтуынша, Мексикадағы жағдайды айтпағанда әлем бойынша доңыз тұмауы жеңіл өтіп жатыр.

- Доңыз тұмауына қатысты эпидемиологиялық нақты жағдайды анықтау қиын, өйткені қазір пандемияның бастапқы кезеңі. Ал бұдан ертеректе сөз болған, пандемияның 5-ден 6-фазаға көшуі вирустың аса қауіптілігінен емес, аурудың географиялық ауқымының кеңеюіне тікелей қатысты айтылған болатын, – дейді Жанар Бекенова.

Республикалық санитарлық-эпидемиологиялық станцияның бас дәрігері Кеңес Оспановтың айтуынша, «әдетте, азаматтар А(H1N1) доңыз тұмауының өзінен емес, оның асқынуынан, яғни пневмониядан көз жұмады». Сондықтан жеке бастың тазалығын ерекше қадағалап, көпшілік орындарда аз болуға кеңес береді.

- Сондай-ақ аса қажеттілік болмаса, әлемдегі осы вирустың ошағы саналатын елдерге сапарларыңызды кейінге шегере тұрсаңыздар, – дейді Кеңес Оспанов.

Бүгінгі күні Қазақстанда доңыз тұмауымен ауырғандар саны 15-ке жеткен. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі бойынша, әлемде A/H1N1 тұмауын жұқтырған 184 мың оқиға тіркелген, науқастың асқынуы салдарынан 1250 адам қайтыс болып кеткен.