Жоғарғы Тобыл су қоймасында шілде айының ортасында бірнеше тонна шабақ қырылып қалды. Шабақтарды суға жіберген балық питомнигінің жұмысшылары сасып кеткен балықты тез жинап тастады. Көрген көздердің айтуынша, олардың салмағы 20 тоннадан кем болмаған.
ӨЗЕН СУЫНЫҢ САПАСЫ ЖЫЛ ӨТКЕН САЙЫН НАШАРЛАП БАРАДЫ
«Республикалық ветеринарлық зертхана» облыстық филиалының бастығы, ветеринария ғылымдарының докторы Мауфиық Мұстафин балықтың қырылуына судың аздығы және ауаның жетіспеушілігі себеп болған дейді. Жоғарғы Тобыл балық питомнигі рипус деп аталатын өсімтал балықтың бір миллион шабағын Қаратомарға, сегіз миллионға жуығын Жоғарғы Тобыл су қоймасына жіберген-ді.
Рипус – суыққа төзімді және тереңде жүзетін балық, тайыз суды және ыстықты жаратпайды екен. Қалалар мен шаруа қожалықтарын,бау-бақша қоғамдарын қамтамасыз ету және суды өндірістік мақсатқа пайдалану үшін Қостанай облысында жеті су қоймасы жұмыс істейді.
СУ ҚОЙМАСЫ | КӨЛЕМІ |
Желқуар | 34,0 млн. м3 |
Жоғарғы Шортанды | 3,6 млн. м3 |
Жоғарғы Тобыл | 816,6 млн. м3 |
Қызыл-Жар | 9,73 млн. м3 |
Қаратомар | 586,0 млн. м3 |
Сергеевск | 5,0 млн. м3 |
Аманкелді | 6,75 млн.м3 |
«Костанайводхоз» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директоры Жамбылбек Райымқұлов мамыр айында Жоғарғы Тобыл су қоймасынан 100 миллион текше метр су жіберілгенін, ал Каратомар су қоймасында қар суының аздығынан және күннің ыстығынан су мөлшері күрт азайып кеткенін айтып, дәл осы су қоймасының суын Рудный мен Костанай қалалары және 82 елдімекен пайдаланып отыр дейді.
Балыққа жақпаған су солтүстік өңірді мекендеген кісілерге де жақпай қалуы әбден ықтимал. Инженер-гидрогеолог, ҚР минералдық ресуртар Академиясының мүшесі Виктор Дейнека облыста қолайсыз геохимиялық жағдай қалыптасып отыр дейді.
Оның айтуына қарағанда, «көп жерде, әсіресе, Тобыл және Әйет өзендері бойында кейбір микроэлементтердің концентрациясы белгіленген норма шегіне тақау, кейде одан да асып кетеді. Соколов-Сарыбай кен байыту комбинатының қалдықтары әртүрлі жолдармен өзен суына қосылып, суды ластап отыр, оның құрамында металдардың көптігі белгілі. Лисаковта боксит өндіріледі, оның қалдықтары да өзенге ағызылады. Тобыл өзені жағасында орналасқан қалаларда жауын суына арналған арналар жоқтықтан тұрмыстық қалдықтар да өзенге құйылады. Ал өзен жағалаулары өте лас. Сүйтіп, өздері ішетін суын адамдар өздері былғап отыр».
Мамандардың пікіріне қарағанда, қазіргі уақытта қолданылып отырған суды тазарту технологиясы бүгінгі күн талабына сай емес. Ауылдық жерлерде пайдаланылатын ауыз судың сапасы көбінесе белгіленген талаптарға сәйкес келмейді.
Қостанай облысының Ұзынкөл, Сарыкөл және Қарасу аудандары Есіл су құбыры және Преснов су құбыры арқылы келетін суды пайдаланады (суды пайдалану мөлшері 236,2 т.м3), құбырдың ұзындығы 1000 километрден асып кеткеннен кейін және отыз жыл бойы пайдаланылып келгендіктен, оның алпыс пайызға жуығы шығын болады.
Республика аймақтарында «Таза су» бағдарламасын жүзеге асыру үшін қыруар қаржы бөлінген. Осы мәселелерді зерттеумен айналысқан комиссия судың сапасының нашарлығын атап көрсеткенімен, нақты бетбұрыс жоқ, тек анда-санда тиіп-қашып жүргізілген шаралар көкейтесті мәселені түбегейлі шеше алмайды.
ТҰРҒЫНДАР ЛАС ӨЗЕН СУЫН ІШІП ОТЫР
Эколог ғалым Людмила Музычконың сөзіне сүйенсек, Қазақстанда су сапасы қырыққа жуық көрсеткіш бойынша анықталады екен. АҚШ-да бұл сан 150-ден асып жығылады. Батыс ғалымдары кейбір ата-аналардың қанынан табылған диоксин суда да кездесетінін айтқан болса, Қазақстанда оны анықтау үшін білікті мамандармен қатар арнаулы преператтар керек екен.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтар болсақ, оған Қазақстан дәл қазір дайын емес дейді мамандар. Ауыз суды Тобыл өзенінен емес, жер астындағы бастаулардан алу мәселесі де толық шешімін таппай келеді. Гидрогеологтар Қостанай облысында 150-ден астам жерасты суларын тапқан.
Совет үкіметі тұсында олар жақсы қолданысқа ие болса да, кейін қараусыз қалған. «Қостанайсу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директоры Игорь Киселевтің сөзіне қарағанда облыс орталығында қазіргі уақытта төрт скважина жұмыс істейді.Бірақ, оның өзіндік құны өте жоғары екен. Өйткені, жаз айларында су бау-бақша суаруға пайдаланылады.
Облыста бір миллионға жуық халық болса, соның тең жартысы өзеннің ағын суын ішіп отыр, ал оның сапасы қандай екенін біреу білсе де, біреу білмейді.