Біреулер жәбірлеуді сөз бостандығының бір бөлігі деп білсе, екіншілері әзірге интернетке тосқауыл қоюда

Дания елшілігінің алдына келген израильдік мұсылмандардың қолында: «Сіздер түсінуге тиіссіздер» деп жазылған.

Американ баспагері Гордон Кровитц батыстық журналистер мен баспагерлердің ислам қағидаларын сынауға қатысты құқығына қолдау көрсетіп отыр. Ал, мұсылмандардың пікірінше, мұндай істер киелі нәрселерді ашықтан-ашық қорлау болып табылады.

«СӨГУ – СЫНАУДЫҢ БАСТЫ ҚҰРАЛЫ»


Бүгінде елдің бәрінде интернет бар. Алайда осы цифрлық технология адамдардың арасын бөлетін «тікелей қарым-қатынастың» биік дуалын тұрғызды деп жазады белгілі АҚШ баспагері Гордон Кровитц «Уолл-стрит джорнал» газетінде жарияланған мақаласында.

Адамдар арасында келіспеушілік жиі кездесіп отырады, ал түсініспеу нақты уақыт аясында орын алып жатады. Аутор осыған байланысты даниялық бір газетте сәлдесінің ішіне бомба тығып алған Мұхаммед пайғамбар бейнеленген карикатураның жарық көргенін тілге тиек етеді. Интернетте бұл суретті орналастыру мұсылман әлемінің көптеген елдерінде наразылық туғызып, кей жерлерде мұның аяғы жаппай тәртіпсіздік пен адамдардың қаза болуына себеп болды.

Сәлдесінің ішіне бомба тығып алған пайғамбарды салған карикатурист Курт Вестергаардқа үсті-үстіне қоқан-лоққы көрсетілді. Ол әлі күнге дейін өзі тұратын Копенгагенде полицияның күзетін тасалап өмір сүріп жатыр.

Таяуда осы бір карикатурист Америка Құрама Штаттарына келген еді. Оның айтуынша, әлі күнге дейін егер сен біреуді әжуә етсең немесе оны жәбірлесең әлемнің қай жерінде болмасын түсініспеушілікке кездесесің.

«Данияның ғұрыптарын қарастырғанда, сіз еркін сөйлеп, дауыс беріп, қалаған сәтіңізде өз пікіріңізді еркін айта аласыз деуге болады. Алайда қолыңыздан келмейтін бір нәрсе бар – ол сіздің әжуа болу не сөгіс естуден азат бола алмайтыныңыз», – деп мәлімдепті Курт Вестергаард Нью-Йоркте.

«Адамның шамына тие сөйлеу – бұл Батыс елдерінің көпшілігіндегі сөз бостандығының ежелден келе жатқан дәстүрі әрі ажырағысыз бөлігі. Дегенмен, ол мына шапшаң қарым-қатынас заманында қысымға ұшырауда», – деп жазады Гордон Кровитц.

Оның айтуынша, интернет бостандық аясын кеңейтудің орнына цензураны ақтаудың құралына айналып кеткен. «Көптеген мемлекеттің үкіметі адамның ар-ожданын қорлау мен намысына тиюге қарсы заң қабылдап, шара қолдануда. Алайда, сөгу – бұл сынаудың басты құралы болып табылады», – дейді баспагер Гордон Кровитц.

Кей мұсылман елдері басшылары олардың дінін қорлауды құқық бұзу және арам пиғылды шапқыншылық ретінде бағалауға тырысады.

ТҮРЛІ ДІЛДЕРДІҢ ӨЗАРА БАЯУ ҮЙРЕНІСУІ

Jyllands-Posten газеті даниялықтарға ісләмшілдер тарабынан қоқан-лоққы көрсетілгеннен кейін табанды түрде қайта-қайта карикатура жариялауға тырысты.

«Аталған ахуал аясында бұл баспа бізде сөз бостандығы бар ма, жоқ па осыны анықтауға ұмтылды», – деп жазады Курт Вестергаард Принстон университетінде жарық көретін студентік газетте.

Оның пікірінше бұл бостандықтың мәні «кез-келген басқа дінге, пайғамбарға не діндарлар тобына қалай қарым-қатынас жасасаң, ислам, Мұхаммед әрі мұсылмандарға қатысты да дәл солай қарым-қатынас жасай алу құқына ие болуда жатыр. Егер бізде ондай бостандық болмаса, онда ел іс жүзінде шариғат заңына мойынсұнды деген тоқтамға келуге болады».

Карикатура интернетте тарап кеткен соң, бірнеше елде дін насихатшылары әлгі суреттер мен даниялық газетте жарияланбаған фотобейнелерді қоса отқа тоғытты. Сирия, Ливан мен Иранда Дания елшілігінің ғимаратына өрт қойылды. Ал Дания экспортына бойкот жарияланды. Бүгінде НАТО ұйымының бас хатшысы боп отырған, Дания премьер-министрі Андерс Расмуссен даниялық бұқаралық ақпарат құралдарында аталған карикатура жариялануына байланысты кешірім сұраудан бас тартты.

Айқай-шу осы жылдың тамызына қарай басылған сынды еді, Йель университетінің баспасы «Әлемді дүр сілкіндірген карикатуралар» атты кітапты басып шығаруға келісімін беріп, одан соң ол кітаптан карикатураларды алып тастау туралы шешім қабылдағаннан соң-ақ у-шу тағы да қозып кетті.

Йель университетінің басшылығы аталған шараның қолданылуына себеп – кітаптың мазмұны емес, болуы мүмкін күштеу әрекетінің алдын-алу еді деп ақталумен болды. Бұған осы университетті бітірген оның бірнеше түлегі өздерінің қарсылық білдірген хатымен жауап берген болатын.

Гордон Кровитц Йель университеті түлегінің бірі Майкл Стейнбергтің сөзін өз мақаласында мысал етіп келтіріпті:

«Экстремистердің қолдануы мүмкін әрекетінен қорқып, Натан Хэйлдің атымен байланысты университет қалашығының Американың қорқыныштың бұл түрі алдында басын иген бірінші жерге айналуы қатты қынжылтатын нәрсе деп ойлаймын».

СӨЗ БОСТАНДЫҒЫН СЫЙЛАУ ЖӘНЕ ИСЛАМДЫ ҚҰРМЕТТЕУ

Баспасөз бостандығы үшін дүниежүзілік комитет биыл «Тіл тигізу, ызаландыру не адам көңілін қалдыру құқығы» атты шолу жариялап отыр. Мұнда адамның ар-ожданын қорлау мен намысына тиюге қатысты қабылданған заңдардың қалайша сөз бостандығын, соның ішінде үкіметке қарсы оппозицияның өкілдерінің пікірін жаншу үшін қолданылатындығы баяндалған, деп жазады «Уолл-стрит джорнал» газетінде баспагер Гордон Кровитц.

Өткен жылы Франция президенті Николя Саркози өзіне ұқсас етіп жасалған вуду қуыршағын қолдануға бөгет қою үшін XIX ғасырда қабылданған заңды пайдаланбақ болған.

Сауд Арабиясының бір веб-басылымының редакторы исламды қорлады деген айып тағылған соң, өз елінен қашып кетуге мәжбүр болды. Алайда, шындығында ол мемлекетіндегі діни полиция істерін сынаған болатын.

2007 жылы Ресейде бір веб-сайтқа «Путин Ресейдің фаллостық символы ретінде» деген мақала жариялағаны үшін ірі айыппұл салынды. Онда ел премьер-министрінің мемлекеттегі туу көрсеткішін өсіру жөніндегі шаралары әжуәланған еді.

Осының бәрін өзімізді таң қалдырар кекеп-мұқау мен күлкіге айналдырудың шебер үлгілерімен салыстырып көрейікші, деп бір тоқтайды Гордон Кровитц.

Уинстон Черчилль адамды кекеп, жер-жебіріне жетудің нағыз шебері болған. Ол «бойында менмендіктің неше түрін жиып алған, қарапайым жан», «тоқты терілі азбан», «мен жек көрер қасиеттің бәріне ие, мен сүйер кемшіліктің бәрінен жұрдай кісі» тәрізді мірдің оғындай әжуа-оспақтарымен өзінің саясаттағы қарсыластарын үнемі мысқылдап, жер етіп отырған екен.