Оңтүстікте көктемнің келуімен кенеден тарайтын қауіпті кеселмен күрес те басталды

Қазығұрт ауданының мал дәрігері Нұрғали Телемісов дезинфекциялық құралды іске қосуға әзірлеп жатыр. Оңтүстік Қазақстан облысы, 10 сәуір 2010 жыл.

Күн жылына салысымен оңтүстікте қырым қанды безгегіне шалдыққан 2 науқас тіркелді. Тұрғындар үшін хлорофос, солярка тіпті қытай қаламы да кенемен күрес құралына айналған. Былтыр бұл аймақта адам өліміне соқтырған кеселді емдеуде салақтыққа жол берген дәрігерлер сот алдында жауапқа тартылуда.

ҚЫТАЙЛЫҚ ҚҰРАЛДЫҢ ТІЛІН БІЛУГЕ УАҚЫТ КЕРЕК

Қазығұрт ауданы Шарапхана елдімекенінің 4 жасар тұрғыны Меруерттің денесінен кене тауып алған ата-анасы оны ауыл ауруханасына алып барады. Дер кезінде қаралғандықтан бүлдіршін ауыр дерттен аман қалған.

Осы оқиғадан кейін Қожахановтар отбасы іле-шала тауық қора мен мал қораны соляркамен сүртіп, хлорофоспен жуып шыққан. Кей ауыл тұрғындары кенемен күресте шыбын-шіркейге қарсы қолданатын қытай қаламын да пайдалануда.
Шарапхана ауылында тұратын 4 жасар Меруерт Қожаханова үй ауласында тауықтарға жем шашып жүр. Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданы, 10 сәуір 2010 жыл.


– Жан керек. Кененің мұндай қорқынышты кесапатқа соқтырарын бұрын ести бермеуші ек. Қазір тексеріс көбейіп кеткен соң ба, жиі естиміз. Немеремнің үстінен кене тауып алғаннан кейін дереу дәрігерге бардық. Өзіміз барынша сақ болуға тырысамыз. Жұрт тіпті қытай қаламымен де малдың үстін сызады. Сақтықта қорлық жоқ,- дейді ауыл тұрғыны Өмірбай Қожаханов.

Қазығұрт аудандық ветеринарлық қызметі Қожахановтардың мал қорасында залалсыздандыру жұмыстарын жасауға келді. Парисар деп аталатын дәріні қытайлық пуливизатордың көмегімен шашады екен. Техниканы қоса алмай біраз әлек болған мал дәрігері Нұрғали Телемісов жаңа жабдықтың заман талабына сай, әрі өте ыңғайлы екенін айтады. Былтыр Қазығұрт ауданы бойынша мұндай арнайы техниканың 44-і сатып алынған екен.

– Оқиын десек, бәрі қытайша жазылған. Тілін әлі де жетік меңгере алмай жатырмыз. Афтол қосу керек пе, жоқ па, соны біліп алу керек енді. Жұмыс бүгін басталды ғой. Әлі-ақ шебер болып аламыз. Бір жақсысы, ыңғайлы екен,- дейді ауылдың мал дәрігері Нұрғали Телемісов.

БЫЛТЫРҒЫ ҚАУІП БИЫЛ ДА БАР

Негізі залалсыздандыру жұмыстары сәуірдің соңы мен мамыр айының басында басталуы қажет екен. Алайда мамандардың айтуынша, биылғы қыстың жылы болып, көктемнің ерте шығуынан кененің белсенділігі артқан. Бұл қауіпті күшейте түскен. Көктем шығысымен өңірде Бәйдібек ауданында тұратын 8 жасар қыз бен Төле би ауданында 18 жастағы бойжеткен қауіпті кеселге шалдықты. Қазір олар дәрігерлер бақылауында.

Өткен жылы өңірде кене шаққан 1787 адам тіркеліп, 182-сі ауруханаға түскен болатын.
Орман Көкеев, Қазығұрт ауданы әкімшілігінің мал дәрігерлік бөлімінің бастығы, Оңтүстік Қазақстан облысы. 10 сәуір, 2010 жыл.


Оңтүстік Қазақстан облысының аймақтарында тексеру жүргізген санитар мамандар кененің тұтас өңірге биыл да қауіп тудырып отырғанын айтады. ОҚО Санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының мәліметі бойынша, тексеруге алынған кенелердің 6 мыңының 24-інен қырым қанды қоздырғышы табылған. Кене Шымкент қаласынан да шыққан.

– Кене көп. Әсіресе шөпте көп. Сақтану керек. Тексеру бойынша Түркістан, Арыс, Шардара, Төле би, Сарыағаш, Мақтарал аудандары мен Шымкент қаласынан да табылды. Биылғы көктемнің жылы болуына байланысты кенелер ерте оянып, шағу оқиғалары жиілеп кетті,- дейді ОҚО Санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасы бастығының орынбасары Жұмағұл Медетов.

ЖЕТІ ДӘРІГЕРДІҢ БІРЕУІ ҒАНА ЖАУАПҚА ТАРТЫЛДЫ

Өткен жылы Оңтүст ік Қазақстан облысында ресми мәлімет бойынша 14 адам қауіпті кеселге шалдығып 6 адам қайтыс болған еді.

Шілде айында алдымен Түркістан қаласында қырым қанды безгегі белең алған болатын. Алғашында ОҚО денсаулық сақтау департаментінің басшылығы бұл деректі жоққа шығарып, оқиғаны біраз бұрмалағаны белгілі. Науқастардың басқа дерттерден көз жұмғанын айтқан. Алайда прокурорлық тексеруден кейін шындықтың беті ашылып, бұл оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Арнайы жұмыс тобы құрылып, тексеру қорытындысы науқастардың қырым қанды қоздырғышынан көз жұмып, олардан дәрігерлерге жұққаны анықталды.
Жылқы түлігін кенеге қарсы сұйық дәрімен залалсыздандыру жұмыстары жүргізілуде. Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданы, 10 сәуір, 2010 жыл.

Қауіпті кеселдің алғашқы құрбандарының бірі 49 жастағы түркістандық Абдуллаевқа дұрыс диагноз қойылмағандықтан, ол қырым қанды қоздырғышынан қайтыс болған. Бұл іске қатысты жауапты деп танылған Түркістандағы Жаңа Икан ауылының дәрігері Ахметжан Әбдіғаппаров 10 наурыз күні Түркістан қалалық сотының үкімімен бір жарым жылға сотталды. Ол өз жазасын қоныстану коллониясында өтеуде. Сондай-ақ сот үкімімен, оған 3 жылға дейін медициналық қызметпен айналысуға тиым салынған.

Шілде айында Түркістан қалалық перзентханасында жаңа босанған ана қайтыс болып, нәрестесі де шетінеп кетті. Артынша оларға көмек көрсетпек болған 3 дәрігер де бақилық болды. Кейін олардың барлығының қырым қанды безгегіне шалдыққаны анықталды.

Биылғы наурыз айының соңында атышулы оқиғаға қатысты Түркістан қалалық перзентханасының 6 дәрігері сот алдында жауап бере бастады. Бас дәрігер мен оның орынбасары, туу бөлімінің меңгерушісі мен жансақтау бөлімінің меңгерушісі, неонатолог пен паталогооанатом-дәрігерлер жауапты деп танылды. Барлығына да кәсіби қызметіне немқұрайлықпен қараған деген айып тағылған. Сот әлі жалғасуда.

Жақында ОҚО прокуроры Берік ҚұлтасовТүркістан қалалық ауруханасының дәрігері Нұрбол Өтепбергенге қатысты қылмыстық істі қалалық сотқа жолдады. Дәрігерге Қазақстан Қылмыстық кодексінің 114-ші және 325-ші баптары бойынша айып тағылған. Акушер-гинеколог науқас жас ананы емдегенде кәсіби қызметін білікті атқармағаны және жасанды құжат, мөр, түбіртек қағаздар жасап, пайдаланғаны үшін айыпталып отыр. Бұл дәрігердің өзі де қырым қанды безгегін жұқтырған, ол дер кезінде дұрыс ем қабылдағандықтан аман қалған.