Сәрсенбі күні шыққан басылымдарда АҚШ-та қорғаныс доктринасының жаңартылғаны және Рахат Әлиев тартып алды деп айтылып жүрген «Кеңдала» бизнес орталығының қожайынына қайтарылғаны айтылыпты.
«Айқын» газетінде АҚШ-тың Қорғаныс министрлігінің жақында қорғаныс доктринасын тағы бір мәрте жаңартқаны баяндалыпты. Оған сәйкес доктринаның қызмет ету мерзімі қысқартылған. Мақала авторы Кәмшат Сатиеваның айтуынша, доктринадан жаңадан келе жатқан қауіп-қатерді жою туралы ереже алынып, оның орнына бұл мәселені дипломатиялық құралдар арқылы шешкенді жөн деп табатын талаптар енгізілген екен. Ал АҚШ-тың Қорғаныс министрі Роберт Гейтс оны «тепе-теңдікті» ұстау деп бағалаған.
Сонымен қатар, журналист Айбын Ақбәкінің «Балиеваның комиссиясы бас қосты» деген мақаласында, министрдің тарапынан «бір терезе» қағидасы бойынша халыққа қызмет көрсету орындарының жұмысына байланысты азаматтардың шағымдарын дер кезінде қабылдау үшін осындай орталықтарда арнайы телефондар орнату туралы ұсыныс айтылғаны сөз болыпты. Мұндай телефонның байланысы комиссияға азаматтардан түсетін шағымдарды, ұсыныстар мен пікірлерді тікелей қабылдап, талдауға және кері байланыс орнатуға мүмкіндік береді екен.
«Егемен Қазақстан» басылымында президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Самұрық» холдингісінің басшысы Қанат Бозымбаевты және «Нұр Отан» партиясының бірінші орынбасары Әділбек Жақсыбековты қабылдағаны айтылыпты. Кездесу барысында электр энергетикасы саласындағы жүзеге асырылып жатқан бірқатар жобалар мен Сенат депутаттығына үміткерлерді ұсыну жөніндегі әзірлік жұмыстарының мән-жайысы әңгіме болған.
«Время» басылымында 2008 жылдың қаңтар айы кезінде Рахат Әлиев «Нұрбанктің» екі топ-менеджері Әбілмәжін Ғылымов пен Жолдас Темірәлиевтерді қорқытып-үркіту арқылы тартып алды деп айтылып жүрген, «Кең дала» бизнес орталығының қожайынына қайтарылғаны сөз болыпты.
«Кең дала» бизнес орталығы осылайша Рахат Әлиевтің меншігіне өткен болатын», - деп жазады мақала авторы Мадина Айымбетова. Мақала авторының айтуынша, сол жылы оны «Алма тур» акционерік қоғамы бар болғаны 4 миллиард теңгеге сатып алған. 8-ші сәуір күні кәсіпкер Абдуллаев осы мәселеге байланысты сотқа шағым түсірген. Істі қараған ауданаралық арнайы мамандандырылған экономикалық соттың судьясы Дана Аймағанбетова, «Инвестициялық холдингтік компаниясының» пайдасына шешім шығарған. Сондай-ақ «Нұрбанк» АҚ-сы мен «Алма тур» АҚ-сына 2007-2008 жылдар аралығында ғимаратты заңсыз пайдаланғандары үшін арызданушыға шығын ретінде 1 миллиард, 252 миллион теңге төлеу туралы үкім шығарылған.
«Экспресс К» басылымында 5-ші тамыз күні кешкісін Қырғызстанның Бішкек қаласында Ішкі істер министрлігінің есірткімен күрес басқармасының бастығының орынбасарына белгісіз біреулердің қастандық жасағаны айтылыпты. Милиция офицері ауруханаға бара жатқан жолда көз жұмған. Тапаншадан атылған оқтың бірнешеуі марқұмның басына тиген.