Патриархалды қоғамдағы әлімжеттікке қарсы тұру. Гүлсанамның хикаясы

Гүлсанам Алиджонова өзіне тиіскен ер адамдарға тойтарыс беруге тырысты, бірақ милиция жас әйелдің үстінен іс қозғады.

Өзбекстанда өзіне тиіскен ер адамдардан қорғанбақ болған қыздың үстінен қозғалған қылмыстық іс жабылды. Милиция оны "азаматтарды сабады" деп жауапқа тартпақ болған. Бұл хикая патриархалды өзбек қоғамындағы әйел жағдайына көпшіліктің назарын аударды.

Өзбекстан құқық қорғау органдары "екі ер адамға қол жұмсаған" деген айыппен Гүлсанам Алиджонованың үстінен қозғалған қылмыстық істі доғарды. Егер оны айыпты деп танығанда, 23 жастағы қыз бес жылға дейін бостандығынан айырылуы мүмкін еді. Ол өзіне тиісіп, қорлаған екі ер адамнан қорғанғанын айтады.

Бұл оқиға көптің көкейінде билік Гүлсанамды күш көрсеткені үшін жауапқа тартпақ болды ма, жоқ әлде патриархалды қоғамда ер адамдарға қарсылық көрсеткені үшін жазалағысы келді ме деген сұрақ тудырды.

ЖОЛ ҮСТІНДЕГІ ОҚИҒА

Наманган облысының тұрғыны Гүлсанам Алиджоноваға 25 маусымда болған оқиғаға байланысты айып тағылғаны туралы хабар 8 қыркүйекте тарады.

Өзбекстан ішкі істер министрлігінің (ІІМ) хабарламасынан кейін жағдайдың қалай өрбігені де біраз нәрсені аңғартты.

ІІМ сайтында жарияланған ақпаратта "Г.А. 25 маусым күні, шамамен сағат 17:30 кезінде қоғамда өзін ұстау ережесін қасақана елемей, Зарбдор ауылындағы автокөлік жолының үстінде 33 жастағы У.А.-ны еш себепсіз қолмен ұрып, аяғымен теуіп, денесіне зақым келтірген" деп жазылған. Сонымен бірге оның "қылмыстық әрекетін жалғастырып, жанжалды баспақ болған 30 жастағы А.Н-ды бетінен бірнеше рет ұрғаны" айтылған.

Бұл туралы ІІМ ақпаратын сөзбе-сөз қайталап өзбекстандық gazeta.uz сайты жазды. Алиджонованың үстінен Өзбекстан қылмыстық кодексінің 277-бабының 3-тармағы ("Бұзақылық") іс қозғалды.

ГҮЛСАНАМНЫҢ ӘҢГІМЕСІ

ІІМ таратқан хабарламасында "қасақана елемей", "қылмыстық әрекетін жалғастырып" деген сөзді қолданғандықтан Гүлсанам Алиджонованың ісін қараған жағдайда соттың оны ақтап шығаратынына үміт аздай көрінген.

Алайда Гүлсанамның хикаясы қоғамның назарына ілінуі оның тәлкектен сақтап қалды.

gazeta.uz сайтының бұрынғы журналисі Никита Макаренко 8 қыркүйекте Twitter желісіне "Наманганда 23 жастағы қыз өзіне тиіскен екі жігітті ұрып тастады... Оларды автокөлікпен қуып барған" деп жазды.

Желі қолданушылардың көбі қызды жақтап, Өзбекстан ішкі істер органдарын сынға алды.

Мұнан соң Гүлсанам Алиджонова туралы жаңа ақпарат шықты. 10 қыркүйекте gazeta.uz сайтында оның сұхбаты жарияланды.

Онда Алиджонова келіні және 10 айлық нәрестемен Әндіжанға бару үшін көшеде таксимен келісіп тұрған кезде қасына автокөлік келіп тоқтағанын айтады. Көлікте отырған ер адам Алиджонованың қысқа жейде мен шорты кигенін мазақ қылған. Гүлсанам оған жауап қайтарған соң, әлгі адам бейпіл сөзбен балағаттай бастаған. Ол қыздың анасын да анайы сөзбен атаған. Бұдан соң көлік мінген екі ер адам кетіп қалған.

Алиджонова өзін тілдегендерді қуып жетуін сұрап, такси жүргізушіге өтініш білдірген. Әлгілердің соңынан көлікпен қуып жеткен қыз екі ер адамның біреуімен жанжалдасқан. Гүлсанамның сөзінше, ол адам қыздың намысына тиетін сөз айтып, жейдесіне жармасқан. Қыз қорғану үшін оны ұрып жібергенін, жанжалға араласқан екінші ер адамнан да қорғанып, оған да қол жұмсағанын айтады.

Ақыр соңында әлгі екеуі екі жаққа қашып кеткен. Ал олардың өзге көлікте отырған жолдастары қызды алып келген такси жүргізушіге тиісе бастаған. Бірақ Алиджонованың өздеріне қарай келе жатқанын көрген соң сап тыйылған.

Өзбекстанда қыз-келіншектің қысқа шалбар немесе юбка киіп жүруіне заң жүзінде тыйым салынбаған, бірақ патриархалды көзқарастағы қоғамда ол "сөлекет" саналады.

ГҮЛСАНАМ АЛИДЖОНОВА КІМ?

23 жастағы Гүлсанам Алиджонова – таэквондодан Наманган чемпионы. Өз елінің атынан халықаралық жарыстарға қатысып жүрген спортшы қыз бокс және каратэмен де шұғылданады. Қазір ол университеттің үшінші курсында оқиды.

"Өзім спортшымын, қазір мен айналысып жүрген спорт түрлері сабырлы, төзімді болуға үйретеді. Бірақ анама тіл тигізгенін естіген кезде өзімді ұстай алмай қалдым. Анам көп уақыттан бері ауырады, дерті жанына батады, сондықтан болар, шамыма тиді", – дейді Гүлсанам Алиджонова gazeta.uz тілшісіне берген сұхбатында.

Өзім спортшымын, қазір айналысып жүрген спорт түрлері сабырлы, төзімді болуға үйретеді. Бірақ анама тіл тигізгенін кезде өзімді ұстай алмай қалдым.

Биыл жазда коронавирус індеті күшейген кезде ерікті болып істеген Гүлсанам Алиджонова өзі тұратын аудандағы шамамен 500-ге жуық отбасына тамақ таратып, жәрдем жасаған.

Өз мақаласында gazeta.uz сайты қоғамда Алиджоноваға қолдау білдіріп жатқанын жазды. Шынымен де, әлеуметтік желі қолданушылар жаппай қызды жақтап пікір жазды.

Тіпті Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевтің үлкен қызы да әйелдер мен журналистердің соттағы теңдігі жайлы пікірінде Гүлсанамның ісін тілге тиек етті.

Әлеуметтік желілерде Алиджонованың іс-әрекетін қолдағандар көп болғанымен, Өзбекстанда, жалпы Орталық Азияда өз құқығын қорғаған әйелдерге қоғам үнемі осындай реакция танытады деп айтуға келмейді.

Гүлсанам Алиджонованың ісі Өзбекстаннан тысқары елдерде де қоғам назарына ілінді. Өзіне тіл тигізгенде үнсіз көнбістік танытпай, қарсылық білдіруге батылы жеткен қызға айып тағудың ақылға сыймайтынын ел прокуратурасы да елеусіз қалдыра алмаса керек.

Өзбекстанда қыз-келіншектің қысқа шалбар, юбка киіп жүруіне заң жүзінде тыйым салынбағанымен, "әйел ашық-шашық киінбей, дәстүрге мойынсұнуы керек" деген патриархалды көзқарастағы қоғамда ол "сөлекет" саналады. Алиджонованың киім киісін солай қабылдаған кейбіреулерге ол ұнамаған.

Гүлсанам Алиджонованың хикаясында жанжалға себеп болған екі ер адам туралы ештеңе айтылмайды. Полиция олардан жауап алды ма, адамға тіл тигізіп, балағаттауға болмайтынын түсіндірді ме, әйелге құрмет көрсету жайлы дәріс оқыды ма немесе олар өз қылығы үшін кешірім сұрадв ма – ол жағы беймәлім.

Гүлсанам Алиджонова бұл жолы өзін қорғай алды, бірақ Орталық Азияда бұл сирек кездесетін жағдай.

Блог авторының пікірі Азаттық радиосы редакциясының көзқарасымен сай келмеуі мүмкін.