Ақтөбедегі бір аукционның жыры

Ақтөбе түбіндегі Шилісай тұрғындары негізінен малмен күнелтеді. 23 шілде, 2022 жыл.

Ақтөбе әкімдігі тұрғындармен ақылдаспастан, ауыл жанындағы жерді аукцион арқылы жалға береді. Жерді алған кәсіпкер онда құрылыс салуға қамданып, материалын әкеле бастайды. Халықтың наразылығынынан соң әкімдік жерді жалға беру шешімінен айнып, кәсіпкерге басқа жер ұсынады. Нәтижесінде кәсіпкер шығынын өтеуді талап етемін десе, тұрғындар әкімдікке әлі де секемдене қарап отыр.

"ӘЗІРГЕ ӨРІСКЕ БІРЕУДІҢ ЖЕРІМЕН ӨТІП ЖҮРМІЗ"

Қазақстанның батысындағы Ақтөбе қаласының іргесінде Шилісай деген шағын ауыл бар. Облыс орталығынан 26 шақырым жердегі ауыл халқы негізінен малмен күнелтеді. Жергілікті жұрт ауылды "ескі Шилісай" және "новостройка" деп екіге бөледі. Мал ұстаушылар ескі Шилісайда тұрады. Олардың көбі – совет заманынан малшылықты кәсіп қылғандардың әулеті.

Ақтөбеде үйдің кезегінде тұрғандарға Шилісайдың жаңа бөлігінен жер телімдерін үлестірген. Сондықтан ол жақтағы халықтың проблемасы басқа.

Шилісай ауылының маңы. Шаруалар жайылым азайып барады дейді.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, Шилісайда 800-ден астам ірі қара, мыңнан астам қой бар. Сол малдың жайылымы тарылғаны өз алдына, оны ауылдан айдап шығатын жол қалмай барады.

Ауылдың айналасындағы жерді жалға алған фермерлер өздеріне тиесілі алқапты қоршап алған. Жұрт қолдағы малын өріске қарай ауылдың солтүстігіндегі бос жатқан алқаппен айдайды. Ол жердің де аукционға түсіп, жалға берілгені жақында белгілі болған.

- Әзірше өріске біреудің жерімен өтіп жүрміз. Ертең ол жерді де қоршай бастаса, ауылдан мүлде шыға алмай қаламыз. Мұндағы тіршіліктің көзі - мал. Шилісайдағы жұрттың бәрі дерлік жұмыссыз. Сөйте тұра биліктен ешқашан ештеңе сұраған емес. Азғантай малмен өз күнімізді өзіміз көріп отырмыз. Жем-шөпті де осы жолмен тасимыз. Марқұмдарды да қырдың арғы жағындағы қорымға осы жолмен аттандырамыз, - дейді ауыл тұрғыны Сейсенбай Лесов.

Сылағы түскен ескі жадағай үй, қисайған қоршау, шаң бұрқыраған жол. Үлкен шаһардың іргесінде тұрған ауылға ұқсамайды. Халық енді бар тіршілігінің көзі – мал бағу мүмкіндігінен айырыламыз ба деп қорқады.

Осы жерде отыз жылдан бері мал бағатын Сейсенбай бұл Шилісай ғана емес, қала маңындағы көп елдімекеннің проблемасы дейді.

"ЖЕРДІ БӨЛЕРДЕ БІЗБЕН АҚЫЛДАСЫП ПА ЕДІҢДЕР?"

Кешқұрым қой-ешкімен араласқан ірі қара табын-табын болып өрістен қайтып, әр үй өз малын қорасына кіргізіп алып жатты. Мал "жекеге өтіп кетті" деген алқаппен ауылға кіреді. Мұндағы халық бақташы жалдамайды, малын кезектесіп бағады.

Өрістен қайтқан малын тосып тұрған шилісайлықтар.

- Анау тұрған мал базасын 1961 жылы салды. Сол жерде әкемізге ілесіп жүріп талай қой қоздаттық. Жекешелендіру жылдары "Ғылым академиясының тәжірбие алаңы болған Шилісай ауылы жекеге берілмейді" деген еді. Артынан жер де, техника да, мүлік те - бәрі жекенің меншігіне айналды. Бірақ бізге ештеңе де тимеді. Қазір Шилісайдың айналасында бір сүйем бос жер жоқ, - дейді малшы әулетінен шыққан Алдаберген Кәлімбаев.

Шилісай ауылының тұрғыны Аллаберген Кәлімбаев. 2022 жылғы 23 шілде, Ақтөбе облысы

Шилісайлықтар ауыл маңайындағы жерді басқару және пайдалану кезінде атқарушы билік халықпен санаспайды деп өкпелі.

Жаздың басында ауылдан мал айдайтын жолдың жанына құрылыс материалдарын тасып, қозғалыс басталады. Жұрт сонда ғана жердің жалға берілгенін естіпті. Осыған қапа болған тұрғындар наразылық білдіріп, Ақтөбе әкімдігіне барған.

Шилісай ауылының тұрғыны Сапаржан Кәлімбаев. 2022 жылғы 23 шілде, Ақтөбе облысы

- Әкімдіктегілер жер қатынастары бөлімінің адамдарын шақырды. Олар "жерді жалға алған кәсіпкерді қайда жібереміз?" деп бізден сұрайды. Айналайындар-ау, жерді бөлерде бізбен ақылдасып па едіңдер? Бізден несін сұрайсыңдар?" дедік, - дейді Шилісай тұрғыны, Алдаберген ақсақалдың бауыры Сапаржан Кәлімбаев.

ДАУ ТУДЫРҒАН АУКЦИОН

2022 жылы 20 мамырда электронды аукцион өтіп, 0,4 гектар болатын жер Нұрбек Ләппай есімді азаматқа үш жылға жалға беріледі. Ақтөбе қалалық әкімдігі жер қатынастары бөлімінің мәліметінше, жердің пайдалану мақсаты – ғимарат салу және оны пайдалану.

Аукцион ағылшын әдісімен, электронды түрде мемлекеттік мүлік тізілімінің www.gosreestr.kz веб-порталында өтеді. Жерді пайдалану құқығын сатып алуға ең көп ақша ұсынған адамды компьютер өзі таңдайды.

"Кәсіпкер мал бордақылайтын кешен салмақшы. Алайда Шилісай ауылы тұрғындары басым көпшілігі бұл нысанды салуға қарсы болды. Ақтөбе қаласының әкімдігі мәселені шешу бойынша кәсіпкермен келіссөз жүргізді. Тұрғындардың пікірін ескере келе жер телімінің орналасқан орнын өзгерту туралы шешім қабылданды" делінген әкімдіктің Азаттық сауалдарына жауабында.

Ауыл маңындағы мемлекет меншігіндегі жерді аукцион арқылы өткізерде әкімдік жайылымға мал шығаратын тұрғындармен ақылдасты ма? Малды ауылдан айдап шығатын жалғыз жол сол жер арқылы өтетін болса, онда ол жер неге құрылыс салуға аукционға шығарылды? Әкімдік бәрін заңды істеген болса, шешім неге жылдам өзгерді? Бұл сұрақтарға Ақтөбе әкімдігі жауап бермеді.

Нұрбек Ләппай бұл жерді алғандағы мақсатым – "қыстау салып, бие құлындатып, мал басын көбейткім келді" дейді. Оның айтуынша, ауыл тұрғындары да сол шаруамен айналысып жүр, тек айырмасы – шилісайлықтар малды жеке меншігінде ұстаса, ол ферма ашып, салық төлеп, заңды жұмыс істейді.

Ләппай мырзаның сөзіне қарасақ, жер дауы бойынша шешім қабылданды деу әлі ерте.

– Әкімдікпен әзірге нақты келісімге келе қойған жоқпыз. Шилісайға жақын ауылдан жер ұсынған еді. Көктем мен күзде су жиналатын ол жер көңілімнен шықпай отыр, – деді ол Азаттыққа берген жауабында.

Ауылдан мал шығаратын жалғыз жол жалға беріліп кетті деген шилісайлықтан әкімдік шешімін өзгерткізді.

Кәсіпкер әкімдіктен де алашағым бар дейді.

- Әкімдік маған өзге жер беріп, осы кезге дейінгі шығындарымды толық өтеуі керек. Өйткені мен Шилісайға құрылыс материалдарын тасыдым, жер қаздырдым. Оның бәрі қып-қызыл ақша, - дейді Нұрбек Ләппай.

Шилісайлық Сейсенбай Лесов әкімдік шешіміне күдікпен қарайды. Оның айтуынша, әкімдіктің халық сөзіне құлақ асқан кезі сирек, сондықтан шу басылғанда құрылыс әрі қарай жалғасып кете ме деп алаңдайды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Бар кінәні бізге аударғысы келеді". Бестөбедегі шахтаны жаппауды талап еткен тұрғындарды тергеуге шақыртқан"Жаңа Қазақстанда" қоғамдық кеңестер қалай өзгерді?"Доллар бағамы түскенімен, баға өзгермеді". Инфляция және рубльге байланған теңге