46 жастағы ақтөбелік Файзулла Нұргелдин Қаңтар оқиғасында ауыр жараланып, оңала алмай, бір айдан соң қайтыс болды. Туыстары 1 сәуірде Файзулланың қырық күнін өткізбек. Мезгілсіз қаза шешесі Қарлығашты да, бауырларын да есеңгіретіп тастаған. 40 жасқа толмай жесір қалып, бес баланы жалғыз өзі жеткізген қарт әйел ұлының қазасын көтере алмай, хал үстінде жатыр.
"ІНІМ АУРУХАНАДА ЖАТҚАНДА ТЕРГЕУШІ КЕЛГЕН"
Көзі тірісінде жеке кәсіппен айналысқан Файзулла Нұргелдин Ақтөбе қаласынан 30 шақырым жердегі Құрашасай ауылында науқас шешесімен бірге тұрған.
"ГАЗель" маркалы жеке көлігімен жүк тасып, інілерімен бірге отбасының шаруа қожалығына бас-көз болған Файзулланы жақындары 5 қаңтар кешкілік іздей бастайды.
Туыстарының қолындағы құжаттарға қарағанда, Файзулла Нұргелдин Ақтөбедегі жедел жәрдем ауруханасына жеткізілген. Облыс әкімдігі мен аурухананың арасы әрі кетсе бір шақырымдай ғана. Жақындары Файзулла Нұргелдин 5 қаңтарда полиция екінші рет оқ атқан кезде, сағат 14:25 шамасында жараланған болуы мүмкін деп топшылайды.
– Файзулланы түнгі 11-ден өте Ақтөбедегі жедел жәрдем ауруханасынан таптық. Біз барғанда белгісіз пациент ретінде рәсімдеп, басына ота жасап тастаған екен. Кіші інім Алтынбек ауруханаға барып, белгісіз пациенттің Файзулла екенін анықтап шықты. Содан төрт күн бойы бауырым жансақтау бөлімінде ес-түссіз жатты. Дәрігерлер коронавирус сылтауымен ауруханаға ешкімді кіргізбеді. Екі аптадан соң 19 қаңтар күні ауруханадан шықты. Інімнің сөйлеген кезде тежеліп қалатынын (торможение речи) бірден аңғардым. Ойын бұрынғыдай толық жеткізе алмай, біраз кідіріңкіреп барып, қайта сөйлеп кететін. Дәрігерлер "жағдайы жақсы" деген соң "басындағы жарақаттың әсері болар, сауығып кетер" деп үміттендік. Отадан соң ауруханаға полиция қызметкері келіп, жауап алмақ болғанын кейін білдік. Ол кезде інімнің тергеушіге жауап беретіндей жағдайы болмаған, – деді Файзулланың әпкесі Айгүл Нұргелдина.
Файзулланың інісі Алтынбек "реанимацияға кіргізбеді, тек сыртқы киімдерін алып шықты, содан таныдым" дейді.
Отбасындағы бес баланың үлкені Айгүл Қобда ауданының Ақырап ауылында тұрады. Одан екі жас кіші Файзулланың өзі де Қобда ауданының Қызылжар ауылында туып-өскен. Мектепте үздік оқыған Файзулла Нұргелдин Ақтөбе құрылыс колледжін тәмамдаған. Бірақ ешқашан құрылыс саласында жұмыс істемеген. Ер жетіп табыс таба бастаған соң отбасындағы үш ұлдың үлкені Файзулла анасы мен бауырларын Ақтөбенің іргесіндегі Құрашасайға көшіріп алған.
"ШЕКЕСІНДЕ КЕСЕ СИЯҚТЫ ОЙЫҚ БОЛДЫ"
Ауруханадан шыққан соң Файзулла Нұргелдин екі аптадай Құрашасайда шешесінің жанында болған. Ұлын уайымдап, науқас шешесінің қан қысымы көтеріле берген соң Айгүл інісін өзі тұратын Ақырап ауылына әкеткен.
– Оқ Файзулланың сол жақ шекесіне тиген екен. Шекесінде кесе сияқты ойық болды. Өзі көп сөйлемейтін, сабырлы жігіт еді. "Сендерді әуре-сарсаңға салдым-ау, масыл болдым-ау" деп қатты қысылатын. Тіпті молдаға апарып, ұшықтатып та алдым. Алаңда не болғанын сұрамадым, өзі де айтқысы келмеді. Файзулланың жараланған сәтін кейін желідегі видеодан көрдім, – дейді Айгүл Нұргелдина.
Ал Файзулланың інісі Алтынбектің айтуынша, ағасы "газелистердің" чатынан митинг болып жатқанын естіп, наразыларды қолдауға барған.
– Әкімдікті айнала полиция қоршап тұрғандықтан "ГАЗель" көлігін келесі кварталға қалдырып, жаяу барыпты. Құжаттары көлікте қалған. Ал телефоны жараланған кезде алаңда қалтасынан түсіп қалыпты. Файзуланның өзі "газ шашылып, оқ атыла бастағанда әкімдіктің алдынан қаша жөнелдік. Сол кезде жараландым да, комаға түсіп кеткенмін" деген еді, бірақ кім атқанын көрмеген. Мәйітхана сарапшылары қорытынды бір ай аралығында дайын болады деген, бірақ ешқандай кұжат бермеді, – дейді Алтынбек.
Азаттыққа Айгүл Нұргелдина жолдаған сілтемедегі шағын видеода басы қан-жоса ер адамды бірнеше жігіт сүйреп барады. Видео авторы көзден жас ағызатын газ шашылған кездегі қалың тұманды, Ақтөбе әкімдігінен көшенің қарсы бетіне қарай бас сауғалай қашқан демонстранттарды да түсіріп алған. Жаралы демонстранттың жүзі видеодан анық көрінбейді. Бірақ қысқа видеодағы әр кадрды мың сан рет қарап шыққан Айгүл інісі Файзулланы дене тұрқы, аяқ киімі мен күртешесінен жазбай таныған.
Ақырап ауылына барып, әпкесінің үйінде небәрі екі күн болған Файзулла 8 ақпан күні Ақтөбеге оралуға мәжбүр болады. Өйткені үсті-басы бөртіп кеткен. Бір аптадай атопикалық дерматиттен емделген соң 15 ақпан күні дене қызуы көтеріліп, қайтадан жедел жәрдем ауруханасына түскен. Сол күйі оңалып кете алмаған Файзулла Нұргелдиннің жүрегі 2 наурыз күні таңғы сегізде тоқтаған. 47 жасқа толуына тоғыз күн қалғанда жан тапсырған Файзулла Нұргелдин өзі туып-өскен Қобда ауданының Қызылжар ауылына жерленген.
"ҚАРУСЫЗ АДАМДАРҒА ОҚ АТҚАНДАРДЫҢ ШЕШЕСІ, БАУЫРЫ ЖОҚ ПА?"
Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы 1975 жылғы 11 наурызда туған Файзулла Нұргелдиннің 5 қаңтардағы митингіде бас сүйек пен мидың ашық жарақатын алғанын растап отыр. Жедел жәрдем бригадасы интенсивті жансақтау бөліміне жеткізген науқастың бас сүйегіне дереу трепанация жасалған. Алайда 15 ақпан күні дене қызуы, бас ауруымен Ақтөбедегі жедел жәрдем ауруханасының нейрохиругия бөліміне түскен науқасты дәрігерлер ажалдан арашалап қала алмаған.
Қаңтар оқиғасы кезінде жараланған Файзулла Нұргелдиннің басына қандай оқ тигенінен туыстары бейхабар. Бұл туралы ақпаратты Азаттыққа денсаулық сақтау басқармасы да, полиция да бермеді. Қаралы отбасы кісі өліміне қатысы бар адамдарды тауып, жазалау талабымен еш жерге шағымданбаған.
- Бейбіт митингіге шыққан қарусыз адамдарға оқ атқандардың шешесі, әпкесі, інісі жоқ па сонда? Бар болса, неге олар адам аямайды?! Ескертусіз оқ атуды фашизм деп санаймын. Менің інім – фашизмнің құрбаны. Олардың бәрін бір Құдайға тапсырдым, - дейді телефондағы күрсінісінен қайғысының сейілмегені сезіліп тұрған Айгүл.
Әпкесінің сөзінше, Файзулланың артында 12 жастағы қызы қалған. Шешесіне еріп, әкесінің жаназасына барған қыз бала екі жасынан бері нағашы жұртында. Файзулла әйелімен осыдан он жыл бұрын ажырасқан.
– Айықпас дертке шалдыққан келінімді кезінде төркін жұрты алып кеткен еді. Файзулла содан қайтып үйленбеді, Қандыағаш қаласында тұратын қызына өле-өлгенше жан-жақты қолдау көрсетіп тұрды, - дейді Айгүл.
Ағайынды Нұргелдиндердің бәрі де балалы-шағалы. Бәрі де өз алдына отау құрып кеткен. 70 жасқа таяп қалған Қарлығаш Нұргелдина үлкен ұлы Файзулламен бірге тұрған. Ұлының қазасынан соң жалғыз қалды. Мезгілсіз қаза Файзулланың шешесіне де, бауырларына да өте ауыр тиген. Қырыққа толмай жесір қалып, бес баланы жалғыз өзі жеткізген қарт ана қайғыны көтере алмай, қазір хал үстінде жатыр.
Ресми мәлімет бойынша, Ақтөбеде Қаңтар оқиғасы кезінде 62 адам жараланып, жедел жәрдем ауруханасына жеткізілген. Олардың арасында 12 адам – күштік құрылымдардың қызметкері. Митинг күшпен таратылған 7 қаңтар күні таң алдында оққа ұшқан тағы бір ақтөбелік Русланбек Жұбаназаровтың өлімін билік "митингіні қантөгіссіз аяқтадық" деп қаңтардың соңына дейін жасырып келді. Тек Азаттық марқұмның туыстарымен хабарласып, ақпарат жария болған соң полиция Жұбаназаровтың өлімін растады.
46 жастағы Файзулла Нұргелдин – Ақтөбедегі митингінің екінші құрбаны.
ПІКІРЛЕР