Әзербайжанда туыстары жоғалған сарбаздардың өлі-тірісін біле алмай дал

Таулы Қарабақтағы қақтығыста қаза тапқан 29 жастағы сарбаздың анасы Айбениз Хасанова ұлының қабірі басында жылап тұр. Сарбаз 2020 жылдың 15 қазанында Агдам қаласына жақын жерде Армения әскерімен ұрыста қаза тапты.

Мәскеудің арағайындығымен бітім жасалғаннан екі апта өтсе де, із-түзсіз кеткен сарбаздардың қамкөңіл туыстары жақындарының дерегін іздеп, қиналып жүр. Екі ай бұрын кенеттен тұтанған қақтығыста Таулы Қарабақтан эвакуацияланғандар мен қайта оралғандар легі әлі толастамай тұр.

Әзербайжанда Мәскеудің арағайындығымен жасалған бітімге екі апта толса да, із-түзсіз кеткен сарбаздардың қамкөңіл туыстары жақындарының қайда жүргенін, тірі не өлі екенін біле алмай қиналып жүр.

"[Қорғаныс министрлігінің] шұғыл желісі арқылы маған оның жаралылар арасында жоқ екенін хабарлады", – деді Садай Тагиев 21 жастағы немере бауыры Яхия Абдинов туралы. Абдинов әскерге Әзербайжанның шығысындағы Ширван қаласынан аттанған.

"Әркім әртүрлі айтады" дейді Тагиев. "Біреуі оны тірі және борышын өтеп жүр десе, басқасы оның ұялы телефон байланысы ұстамайтын жерде жүргенін, сондықтан қоңырау шала алмайтынын айтады. Абдырап, дұрыс ақпарат ала алмай отырмыз".

Азаттықтың Әзербайжан қызметі Садай Тагиевтің бұл пікірін 18 қараша күні жазып алған. Арада бір аптадан астам уақыт өтті, Абдинов туралы ақпарат әлі жоқ.

Таулы Қарабақ пен соның төңірегіндегі майдан даласынан жеткізілген мәйіттерді Баку мен басқа да қалалардағы "шейіттер аллеяларына" жаңадан жерлеп жатыр. Бұл қақтығыс кезінде Әзербайжан тарабынан қанша сарбаздың қайтыс болғанын жобалауға мүмкіндік беріп отыр. Осы мәліметтер негізінде ұрыс алаңында қайтыс болғандар мыңдап саналады деген болжам бар. Бірақ қазақ тапқан сарбаздардың нақты санын Әзербайжан билігінен басқа ешкім білмейді.

"БІЗДЕ БИЛІККЕ ҚАРСЫЛЫҚ ЖОҚ"

Әзербайжанның авторитар президенті Илхам Әлиевтің бұрыннан жабық үкіметі 27 қыркүйек күні басталған кескілескен шайқастарда барлығы қанша адам қаза тауып, жараланғаны туралы жақ ашпай отыр.

Осы себептен туыстары ел астанасы Баку ауруханаларындағы жараланған сарбаздар тізімінен әлі күнге дейін жақындарын іздейді. Көптеген дереккөз Әзербайжан қорғаныс министрлігінің шұғыл желісі негізінен ақпаратты азайтып, шыдамдылық танытуға шақырады деп санайды.

Әзербайжандық жараланған немесе із-түзсіз жоғалған сарбаздардың туыстары әскери госпиталь алдында тұр.

Мұндай проблема аз да болса Арменияда да бар. Бұл елде 2400-ден астам адам қаза тауып, жүздеген адамның із-түзсіз жоғалғаны немесе кім екені әлі анықталып жатқаны хабарланған.

Ереванда ашу-ызаға булыққан армяндар үкімет ғимараттары алдына жиналып, саяси қыспақта қалған үкіметтен түсінік беруді талап етті. Себебі, қақтығыс тоқтап, Баку Әзербайжанның 1994 жылдан бері этникалық армяндар қолында болған жерінің үштен екісін қайтарып алды.

Ал Әзербайжанда кемінде жүздеген сарбаз әлі із-түзсіз жоғалғандар санатында деген бейресми болжамдар барына қарамастан, Баку көшелерінде халық наразы еместей көрінеді.

"Бізде бұл мәселеге қатысты үкіметке қарсылық таныту жоқ" деп төтесінен бір-ақ айтты бакулік журналист.

ТАРИХ ҚАЙТАЛАНДЫ МА?

Илхам Әлиев 2003 жылы науқас әкесінің орнына билік басына келгелі бері мемлекеттік БАҚ-ты қатаң бақылауда ұстайды. Ал оның әкімшілігі билікті сынайтындарды ұдайы түрмеге тоғытып келді деп айыпталып жүр.

Әзербайжан биыл жыл басында "Шекарасыз тілшілер" (Reporters Without Borders) ұйымының баспасөз еркіндігі индексінде 180 елдің арасында 168-орынды иеленді.

Бірақ 28 қыркүйекте жарияланған әскери жағдай биліктің азаматтардың қақтығыс туралы ақпарат таратуын одан ары шектеуіне мүмкіндік туғызды.

"Әзербайжан қоғамы қақтығыс туралы белсенді әскери қимылдар аяқталған соң хабардар болады", – деген еді Илхам Әлиев қақтығыс күшейіп тұрған шақта ресейлік телеарнаға берген сұхбатында.

Алайда бітім жасалған 10 қарашадан бері ақпарат берілмеді. Армения мен Әзербайжан арасындағы алғашқы соғыс аяқталған 1994 жылдан бергі ең ірі қақтығысты тоқтатқан бұл бітім Бакудің аймақтағы жеңісі деп қарастырылып отыр.

ІЗ-ТҮЗСІЗ ЖОҒАЛҒАН САРБАЗДАР МҰРАСЫ

Әзербайжандардың көбі 1988-1994 жылдардағы 30 мыңдай адамның өмірін қиған қақтығысты жақсы біледі. Қақтығыстың салдарынан Таулы Қарабақ Әзербайжаннан этникалық армяндардың бақылауына өткен еді.

1994 жылы жасалған әлсіз бітімнен соң Таулы Қарабақ пен оның төңірегіндегі жеті аудан тұтастай этникалық армяндар қолына өткенде жүз мыңдаған әзербайжан зорлық-зомбылықтан бас сауғалап, үй-жайын тастап қашуға мәжбүр болған еді.

Қақтығыс тоқтағаннан бері тағы мыңдаған сарбаз бен бейбіт тұрғын із-түзсіз жоғалған.

Сол кездегі президент Гейдар Әлиев әскери тұтқындар, кепілге алынғандар мен із-түзсіз жоғалғандар жөніндегі мемлекеттік жұмыс тобын құрған. Ол жұмыс тобы 2008 жылы 4200-ден астам адамның қайда екені әлі күнге белгісіз деген қорытынды жасаған.

Өткен айдағы қақтығыста Әзербайжан қарулы күштері негізінен жақсы дайындықтан өтіп, қаруланғаны көрінді және әскери дрондарды жан-жақты пайдаланды. Сонда да болса, бекінген әскери күштерді шабуылдап, тықсырып шығару әдетте жерді қорғаудан да көп адам шығынына ұшыратады.

АРМЕНИЯ ЖАҒЫНДАҒЫ ЖАҒДАЙ ҚАЛАЙ?

Армения тарабы болса қақтығыс құрбандары туралы ақпаратты анағұрлым ашық таратып, қазірге дейін 2400-ге тарта әскери қызметкердің қаза тапқанын растады.

Бірақ із-түзсіз жоғалды дегендердің көпшілігі бітім жасалған 19 қарашаға дейін Әзербайжан әскерінің қолына өткен аудандарда делінеді. Бұл жағдай жоғалғандардың кейбірі әлі күнге тұтқында отыр деген болжам жасауға себеп болады.

Армения үкіметі соғыс шығынын жариялауда салыстырмалы түрде ашықтық танытып отырса да, сыннан толық арыла алмады. Жерден айырылу мен қақтығысты тоқтату туралы келісімді ұлтты қорлайтын жеңіліс деп санайтын армениялықтар билікке үлкен саяси қысым көрсетіп отыр.

Таулы Қарабақтағы қақтығыс кезінде жоғалған Армения сарбаздарының туыстары 23 қараша күні ел премьер-министрі Никол Пашинянмен кездесті.

Ереванда із-түзсіз жоғалды деп саналатын ондаған армениялықтың туыстары жақындарының дерегін білу үшін қорғаныс министрлігі ғимаратының алдында күн құрғатпай түнеп жүр.

Пашинян үкіметінің ресми өкілдері тұрғындардың із-түссіз жоғалғандар туралы кеңірек ақпарат беру туралы және жоғалған сарбаздардың үкімет үйінің алдында наразылық танытып тұрған туыстарымен кездесу туралы талабын ескеретінін жария түрде білдірді.

23 қарашада із-түзсіз жоғалғандардың туыстары Еревандағы Ресей елшілігі алдына жиналды. Олар Мәскеуден және Таулы Қарабақ аймағына орналасқан Ресейдің 2000-ға тарта бітімгерлік әскерінен тірі қалғандарды табуға және қаза болғандарды анықтауға көмектесуді сұрады.

Армения қорғаныс министрлігі 23 қарашада қақтығыста Әзербайжан жағынан 10 мыңға жуық әскери қызметкер қаза тапты деген. Алайда мұны растау мүмкін емес.

Әзербайжандардың да, этникалық армяндардың өкілдері де Қызыл Крест сияқты халықаралық гуманитарлық ұйымдармен тұтқындар алмасу және із-түзсіз жоғалғандарды іздеу бойынша жұмыс істеп жатыр. Олар қаза тапқандардың мүрделерін кескілескен шайқас болған жерлерден де іздемек.

СӨНГЕН ҮМІТТЕР

Бітім туралы келісім жасалғаннан екі апта өтсе де, шайқас болған жерлерде қаза тапқандарды анықтау әлі қиын. 23 қарашада Таулы Қарабақтың солтүстік-шығысындағы Тертер ауданы маңында жергілікті және халықаралық контингент жоғалған әзербайжан және армян сарбаздарының мүрделерін іздеп жүргенде жасырулы минаға түсіп қалды.

Минаның жарылуынан бір әзербайжандық офицер қаза тауып, төрт этникалық армян және бір ресейлік бітімгер жараланды.

Шамамен дәл осы ауданда қазан айының ортасында Агдар (армянша атауы Мартакерт) елдімекенінің түбінде түнде болған ұрыста әскерге шақырылған Ровшан Исмаилов жоғалып кеткен.

Ұрыстан бірнеше апта өтсе де, Бакуде тұратын Исмаиловтың отбасы оның хабарын ести алмады. Отбасы Ровшанмен соңғы рет 12 қазанда сөйлескен.

Ровшанның серігінің айтуынша, ол қызмет еткен әскери бөлім бар болғаны сарбазды майданға жібергенін ғана растаған.

Ровшанның апайы Хадиджа Исмаилова да өзге туыстары сияқты шарасыз күйге түскен. Хадиджа Исмаилова – Әзербайжандағы зерттеумен айналысатын әйгілі журналистердің бірі, Азаттық радиосы Әзербайжан қызметінің бұрынғы қызметкері.

Хадиджа Исмаилова ағасының ұлын бір ай іздестірді. Ол Ровшан жіберілді деп сезіктенген аймақтардағы сарбаздардың суреттерін жинап, оны жасыл түсті каска киген жас сарбаздар арасынан іздеді. Кей адамдар борышын Ровшанмен бірге өтеген сарбаздардың мәйіттері туралы деректерді бөлісті.

Ровшан Исмаиловтың өлімі 18 қараша күні расталды.

Бакудің Билячари зиратындағы "Шейіттер аллеясына" жерленген 21 жастағы Ровшан Исмаиловтің қабірі. Ровшан Исмаилов 2020 жылы Әзербайжан мен Армения арасындағы әскери қақтығыста қаза тапты. 19 қараша 2020 жыл.

"Ұлымыз Ровшан із-түзсіз жоғалғандардың санатында болды. Себебі мәйіттер Армения басып алған аумақтағы ұрыс алаңында қалып қойған, ал оларды алып кетуге талпынғанда көп адам құрбан болған", – деді Исмаилова Азаттыққа. "Бітім жасалғаннан кейін, яғни ұрыс болғаннан бір айға жуық уақыт өткенде мәйіттердің көбі адам танымайтындай болып қалған, себебі өртеп жіберген. Өлтіріп, сосын өртеген".

Бір күннен соң оның мәйіті Баку іргесіндегі Билячари зиратында Әзербайжанның Армениямен отыз жылға созылған соғысында құрбан болғандармен қатар "Шейіттер аллеясына" жерленді.

Автор мақаланы Азаттық радиосы Әзербайжан қызметінің материалдары негізінде әзірледі.