Ол түрмеде отырып та, сот залында тұрып та өзінің журналистік міндетін атқарып келеді және одан бас тартпайтынын мәлімдеді.
СОТ ЗАЛЫНДАҒЫ МӘЛІМДЕМЕ
Түрмеге қамалған журналист Хадиджа Исмаилова Бакудегі апелляциялық сот залында дыбыс өткізбейтін оқшау камереда тұрып, Әзербайжандағы адам құқығын бұзуға қатысты соңғы мәлімдемесін жасап үлгерді.
Қарашаның 19-ы болған тыңдау кезінде судья Илгар Мургузовтың кез келген сәтте микрофонын өшіріп тастайтынын білген Исмаилова қаламына жүгінді. Ол екі сөйлемді тез қағазға жазып, әйнекке жапсырды.
Ол «Жексенбі күні 2-блоктың 63 және 64-торына қамалған кәмелеттік жасқа толмаған тұтқындар наразы болып, есікті ұрғылады. Оларды ұрып-соғып, заңсыз түрде жеке камераға ауыстырды» деп жазды.
Азаттық тілшісі Исмаилова түрмеге қамалғанға дейін өзіне талай жүлде әперген журналистік қызметін жалғастырып келеді. Ол Каспий жағалауындағы мұнайға бай елдегі адам құқықтарының бұзылуы мен сыбайлас жемқорлық туралы баяндайды. Тілші қызметін тоқтатпайтынын айтады.
Хадиджа Исмаилова. Түрмедегі бір жыл (орыс тіліндегі видео):
Your browser doesn’t support HTML5
Түрмеде отырғанына бір жыл толғанын атап өту үшін Исмаилова осы аптада Бакудегі №4 әйелдер түрмесінен отбасы арқылы Азаттыққа хабарлама жіберді. Жеті жарым жылға сотталған журналист бұл жерге қарашаның 27-сі күні ауыстырылған еді.
Желтоқсанның 3-і күні жолдаған хатында ол «Таңдаған жолымнан ауытқыған жоқпын. Күрес тоқтамайды. Түрмеге келген алғашқы күндегідей күлімсіреп, әзілдесіп жүремін. Өзімді жеңіске жеткендей сезінемін» деп жазған.
Исмаилова өзіне қыркүйек айында тағылған «салық төлеуден жалтарды» және «алаяқтықпен айналысты» деген айыптарға күле қарайды. Ол «мұның бәрі президент Илхам Әлиевтің үкіметіндегі жемқорлыққа қатысты жазбаларымды тоқтату үшін және өзімді сөйлетпеу үшін ойдан шығарылған айыптар» дейді.
ТҮРМЕДЕГІ АДАМ ҚҰҚЫҒЫ ҮШІН КҮРЕС
Қамалғаннан кейін де үнсіз қала алмаған Хадиджа Исмаилова Әзербайжан сот жүйесіндегі заң бұзушылықтар мен Бакудің шетіндегі Курдахани уақытша қамау абақтысындағы тәртіпсіздіктер туралы баяндай бастады. Уақытша абақтыға ол 2014 жылғы желтоқсанның 5-і күні қамалған еді.
Оның қарашаның 19-ы күні апелляциялық сот тыңдауында жазып, әйнектен көрсеткен жазбасына үкімет мүшелері жылдам жауап қатты. Сол күннің кешінде оған Әзербайжанның адам құқықтары жөнінде комиссиясының өкілі келіп, шағымын тексереміз деп сөз берді.
Исмаилова Әзербайжанның Еуропа кеңесі мүшесі және Балалар құқығы жөнінде БҰҰ конвенциясына қол қойған мемлекет ретінде 18 жасқа толмаған балаларды біркісілік камераға қамауға құқығы жоқ екенін атап айтты.
Екі күннен соң Әзербайжанның адам құқықтары жөніндегі комиссиясының ескерту тобының төрағасы Рашид Румзадех «Исмаилованың шағымы тексерілді» деп мәлімдеді.
Румзадех кәмелеттік жасқа толмаған тұтқындар тергеу изоляторындағы тәртіпті бұзып, басқа торға ауыстырылғанын айтты, бірақ біркісілік камераға қамалғандарын теріске шығарды.
«БОСТАНДЫҚ ӘНІ»
Курдаханиде тергеу изоляторында отырғанда Исмаилова опера арияларын шырқаған. Қасындағылар басында оның ерекше әдетіне шағым жасаған. Бірақ Исмаилова оларға өздерінің ән салуға құқылы екендерін айтып, түсіндірді.
Ол өзінің және басқа да тұтқындардың ән айтуға құқылы екендерін, құқығыңды біліп қана қоймай, оны күн сайын жүзеге асырып отыру керек болғандықтан, осындай әрекетке баратынын айтады. Басқа да әрекеттері үшін бірге қамалғандар Исмаилованы құрмет тұтатын болған.
Тағы бір сотқа келген кезінде Исмаилова Курдахани абақтысында тұтқындарға берілген тәуліктік ет мөлшері аз болғанын айтты. Бұдан соң түрме басшылығы барлық тұтқындар үшін ет мөлшерін көбейтті.
Исмаилова бір жас қызды сотқа дейінгі қамау туралы шешімнің күшін жоюға көмектесіп, ол үшін апелляциялық шағым жазып жатыр.
Хадиджаға достары әкелген кітаптардың 90 пайызы әлі күнге дейін Курдахани түрмесінде қолдан қолға өтіп жатыр, себебі Исмаилова өзі бітірген кітаптарды басқа тұтқындарға беріп отырады. Түрмеге қамалар алдында асқазанына ота жасалғандықтан, Исмаилова анасы әзірлеген асты алдыруға құқылы.
Курдахани түрме қызметкерлері сәлемдемеге рұқсат еткенде анасы тамақты үнемі төрт адамға жетерлік етіп әкеледі, Хадижа оны камераластарымен бөлісіп отырады.
«ҚАНША ҚЫСЫМ ЖАСАСА ДА, МОЙЫМАЙМЫН»
Билік Исмаилованың түрмеден баяндама жасауына қарсы тұруға тырысады. Оның жазған көптеген хаттарын алып қалады. Кейбір кезде түрме билігі оның камерасын тексеріп, жазбаларын тәркілеген еді – олардың ішінде Исмаилованың өзін қорғауға қажетті сот материалдары мен қорғаушыларымен байланыс деректері болған.
Сот отырысы кезінде Исмаилова президент Әлиевтің отбасына тиесілі шетелдегі аста-төк байлық туралы мәлімдеді.
Дыбыс өткізбейтін камерада сотталушы орындығында отырған ол судья микрофонды өшіріп тастамай тұрғанда Панама, Дубай және Ұлыбританиядағы ерекше мүліктер мен оффшорлық компаниялар туралы айтып үлгерді. Бұдан кейін ол мүліктердің иелері президент отбасының мүшелері екенін мәлімдеді.
Исмаилова делдалдар арқылы түрмеден кейбір хаттарын сыртқа шығарды, оның ішінде The Washington Post пен өзі бұрын қызмет еткен екі журналистік ұйым – Азаттық радиосы мен Ұйымдасқан қылмыс және жемқорлық жөніндегі хабарлар жобасы (Organized Crime and Corruption Reporting Project) беттерінде жарияланған хаттары бар.
Әділдік үшін күресу оңай емес, бірақ қолдан келгенше әрекет жасау керек. Тіпті нәтижесі сіз ойлағандай болмаса да, әділет үшін, өзіміз үшін күресейік, «қалай» және «қашан» дегеннен гөрі «не үшін» деген сауал әлдеқайда маңыздырақ.
Ақпан айындағы хатында Исмаилова «Әділдік үшін күресу оңай емес, бірақ қолдан келгенше әрекет жасау керек. Тіпті нәтижесі сіз ойлағандай болмаса да, әділет үшін, өзіміз үшін күресейік, «қалай» және «қашан» дегеннен гөрі «не үшін» деген сауал әлдеқайда маңыздырақ» деп жазды.
Наурыз айында амалын тауып түрмеден сыртқа шығарған хатында Исмаилова биліктің туыстары мен қорғаушыларының келуіне қалай кедергі жасағанын сипаттайды. «Ізгілік пен зұлымдық арасындағы күрес жалғаса береді, ең бастысы, ізгілік үшін күрес аяқталмауы керек... Түрме қисық бағытпен кеткендерді түзеуді мақсат еткендерді және дұрыс әрекет жасағаны үшін жапа шеккендерді қорқытпауы керек. Не үшін күресуіміз керек екенін анық білеміз» деп жазған болатын.
Исмаилова ирандық жазушы Сахар Делижанидің «Children Of The Jacaranda Tree» (Жакаранда ағашының балалары) романын әзербайжан тіліне аударып бітті. Онда 1988 жылы Иран түрмесінде қаза тапқан мыңдаған саяси тұтқындар туралы баяндалады. Ол аударманы жариялау үшін амалын тауып Курдахани түрмесінен жазбаларды сыртқа шығарған.
БОЛАШАҚТАН ҮМІТ
Исмаилованың айтуынша, жасырын жұмысы сыртқа шығып кеткен соң түрме қызметшілері қысымды күшейткен. Ақпан және наурыз айындағы хаттары шетелде жарияланғаннан кейін ол Курдаханидегі біркісілік камераға ауыстырылған. Ол кейін «мұның жақсы жағы – камера терезесінен талдар көрінеді екен» деп жазды.
Билік оның жазбаларын сыртқа шығармас үшін туысқандары мен қорғаушыларын да тінте бастады. Қарашаның 25-і күні судья Мургузов Исмаилованың сотқа қарсы шағымын қабылдамай тастады.
Енді Бакудегі №4 әйелдер түрмесіне әкелінген Исмаилова Әзербайжан жоғарғы сотына шағымданатынын, бірақ жоғарғы сот та алдыңғы шешімді мақұлдайды деп ойлайтынын жеткізді.
Ол жерден тауы шағылса, Исмаилова Страсбургтегі адам құқықтары жөніндегі Еуропа сотына шағымданбақ. Ол «қазіргі жағдайым әділетті соттан үміт күткен жанның құқығы бұзылғанына мысал бола алады» дейді.
Өйткені, оның қорғануға қажетті жазбаларын тәркіледі, қорғаушыларымен жеке кездесуіне рұқсат етпеді, куәлерге сөз берілмей келеді.
Дегенмен Исмаилова №4 әйелдер түрмесіне бейімделіп үлгергенін, ол жердегі кез келген құқық бұзушылықты тіркеуге дайын екенін мәлімдеді.
Рон Синовицтің мақаласы ағылшын тілінен аударылды.