Әзербайжан оппозициясын режиссер бастап шықты

Әзербайжандағы президент сайлауына түсуі мүмкін кандидат Рустам Ибрагимбеков.

Әзербайжан оппозициясы Әлиевтің үшінші президенттік мерзімге сайлануына тосқауыл болуды ойлайды. Бірақ оппозиция қаржы мен саяси ресурстарын біріктіре ала ма?
Әзербайжандағы сайлау алдындағы саяси ахуалды Азаттықтың Әзербайжан қызметінің тілшісі Арифе Казима зерттеп көрді.

ӘЛИЕВ vs ИБРАГИМБЕКОВ

Әзербайжанда 1992 жылғы сайлауда Абульфаз Эльчибей жеңіске жеткен еді. Содан бері бұл елде бәсекелі сайлау болған емес. Бірақ оппозиция қазан айындағы сайлауда дауыс беретін жұрт бұл жағдайды өзгертеді деп үміт етеді.

Әзербайжанда 28 мамыр – Республика күні. Осы мереке үстінде елдегі оппозициялық ұйымдар бас қосқан. Олар 74 жастағы Рустам Ибрагимбеков жетекшілік ететін Ұлттық Кеңес құрған еді. Ибрагимбеков - 1995 жылы Америка киноакадемиясының «үздік сценарий» жүлдесін алған танымал режиссер.

Ұлттық Кеңес құрамына «Мусават» партиясы, Әли Керимли бастаған «Халық Майданы» партиясы, «Ел» қозғалысы, «Азаматтық бірлік» партиясы, парламенттің бұрынғы спикері Расул Гулиевтің «Ашық қоғам» партиясы мен басқа да 15 ұйым кірді.

Бакуде тұратын саясаттанушы Гусейнбала Салимов «бұл оқиға халықаралық қоғамдастық пен Әзербайжан үкіметінің назарын аударғанын» айтты.

Рустам Ибрагимбеков. 12 қараша 2012 жыл.


- Оппозиция енжар, орысшылдықты жақтырмайтын, маргинал топтар болып келген еді. Аяқ астынан оппозицияға Оскар лауреаты, танымал адам қосылды. Бұған үкімет те назар аудара бастады. Бұрын Батыс та, Иран да, Ресей де Әзербайжандағы оппозицияға мән бермейтін. Енді олардың назарын аударатын сәт туды, - дейді ол.

Ибрагимбеков өткен аптада Вашингтонға барды. АҚШ-тың мемлекеттік департаменті, Конгресс мүшелерімен кездесті. Ибрагимбеков Азаттық тілшісіне Вашингтонды Ұлттық Кеңестің құрылғанынан хабардар еткенін, Ильхам Әлиев үкіметінің оны «Мәскеудің адамы» деп көрсетуіне қарсы күресетінін айтты.

ӘЛИЕВТІҢ ШАБУЫЛЫ

Әлиевтер әулеті Әзербайжанды 1993 жылдан бері билеп келеді. Қазіргі президент Ильхам Әлиевтің әкесі Гейдар Әлиев Эльчибейді төңкеріспен елден қуып жіберген.

Ильхам Әлиев қазанның 16-сы күні үшінші президенттік мерзімге сайлауға түспек. Оның кандидатурасын биліктегі «Жаңа Әзербайжан» партиясы ұсынып отыр.
Ибрагимбеков Әлиев үкіметінің оны «Мәскеудің адамы» деп көрсетуіне қарсы күресетінін айтады.

Соңғы айларда Әзербайжан үкіметі сайлау процесін уыстан шығарып алмау үшін бірқатар шаралар жасады. Ол шараның бірі Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚҰЫ) мәртебесін төмендету болды. Бұл Еуропадан келетін бақылаушыларды елге кіргізбеудің амалына ұқсайды.

Одан бөлек, үкіметтік емес ұйымдарға (ҮЕҰ) қысым жасалып, белсенділер тұтқындалды. АҚШ қаржыландыратын «Ұлттық демократиялық институт» ұйымына «Әзербайжанда «Facebook революциясын» қолдап отыр» деген айып тағылды.

Өткен аптада Әлиев көптен бері сынға ұшырап келе жатқан заңға қол қойды. Ол бойынша «Жала жабатын және намысқа тиетін жазбаларды Интернетте жариялаған азаматтарды 3 жылға бас бостандығынан айыру» қарастырылған.

Көтерілісшілер мен полиция қарсы тұр. Әзербайжан, Құбы ауданы, 1 мамыр 2012 жыл.


Ұлттық Кеңес 28 мамырдан бері баяу дамып келеді. Оның бағдарламасында жергілікті өзін-өзі басқаруды жетілдіретін, парламенттік басқару жүйесін дамытатын, билік тармақтары бірін-бірі бақылайтын жаңа конституция жобасы бар. Одан бөлек 2015 жылы парламент сайлауын өткізу жоспары да айтылған. Бағдарламада үкіметтің біртұтас орган ретіндегі ықпалы барынша азаятыны көрсетілген.

Қазір билік газеттері Ұлттық Кеңесті сынаумен күнделікті айналысып отыр. Мұндай мақалаларда Ибрагимбеков саясаткер емес, әуесқой ретінде сипатталады.
Оппозиция Қарабахты Арменияға беріп жіберуге даяр.
Ильхам Әлиев

Әлиев маусымның 7-сі күні «Жаңа Әзербайжан» партиясы жиынында Ұлттық Кеңес туралы айтпағанымен, жалпы оппозицияны айыптап, «оларға бұйрық шетелден беріледі» деді.

Әзербайжан президенті «оппозиция билікке келу үшін шетелдіктер не айтса да орындауға даяр» деді. Әлиев Әзербайжанның армяндар қоныстанған, 1994 жылдан бері іс жүзінде тәуелсіз болып кеткен аймағы - Таулы Қарабах туралы айта келіп, «оппозиция Қарабахты Арменияға беріп жіберуге даяр» деп мәлімдеді.

«Жаңа Әзербайжан» партиясының төраға орынбасары Әли Ахмедов жергілікті ақпарат агенттігіне «Ұлттық Кеңестің ешқандай маңызы жоқ, олар аз уақыт ішінде тарап кетеді» деген.

Азаттыққа комментарий берген «Жаңа Әзербайжан» партиясының атқарушы хатшысының орынбасары Мубариз Гурбанлы:

- Біріншіден, олар бірлікке келіп, бір кандидат шығара алмайды. Екіншіден, ал бір кандидат шығара қалған күнде, олар ойлағандай нәтиже шықпайды, - дейді.

ИБРАГИМБЕКОВТЫҢ ЖОСПАРЫ

Соңғы апталарда Әлиевтің бұрынғы жақтасы Аббас Аббасов режимді сынап, бірнеше рет пікір айтты. Ол Гейдар Әлиевтің тұсында премьер-министр орынбасары болған. Аббасов - Әзербайжанның шетелдегі диаспорасы арасында ықпалы күшті, бай адам, Ибрагимбековтың досы. Ықпалынан бөлек, сарапшылар оны оппозицияны қаржыландырып отырған адам деп те санайды.

Аббас Аббасов.


Алайда Ұлттық Кеңесте ортақ кандидатты анықтау мәселесі қызу талқыланып жатыр. Ибрагимбековты бірауыздан бекітпейтін тәрізді.

Ол Әзербайжанда мәдениет қайраткері ретінде танымал болғанымен, саяси тәжірибесі аз. Одан бөлек, ол көп жылдар елден жырақта тұрды, Калифорния, Мәскеу мен Баку арасында жүрді.

Ол Ресей кинематографистері одағының хатшысы, бұрынғы СССР елдеріндегі кинематографистер одақтарын біріктірген Кинематографистер одақтары конфедерациясының төрағасы.

Ибрагимбеков оппозицияның ортақ кандидаты болғысы келетінін бұған дейін айтқан емес және Ұлттық Кеңес құрылғалы ол Бакуге келген жоқ. Бірақ Reuters агенттігіне берген интервьюінде ол «жұмыс істеуден қорықпайтынын» мәлімдеген. Ол өзінің жоспары туралы Азаттық тілшісіне:
Әзербайжанның кедей оппозициясынан гөрі, Ибрагимбеков өзінің сайлау кампаниясын және Ұлттық Кеңесті қаржыландыра алады.

- Мен кандидаттық туралы пікірімді ашық айтқан емеспін. Бұны біз әлі талқылаймыз. Мен ортақ кандидаттың кім болатынын анықтаймыз деп ойлаймын. Кейбір адамдар ол орынға мені ұсынады. Өзім оны қалап отырғам жоқ. Оған 5-6 себеп бар. Маған әлі ерте деп ойлаймын. Мен уақыты келгенде ол себептерді де жариялармын, - дейді.

Ұлттық Кеңестің атқарушы штаб-пәтерінің басшысы Эльдар Намазов «Ибрагимбековтың осы айдың соңында Бакуге келетінін, шешімнің сол кезде шығатынын» айтады.

«Мусават» партиясы жетекшісінің орынбасары Гюльага Асланлы – Ұлттық Кеңестің ең ықпалды мүшелерінің бірі. Ол Азаттық тілшісіне «Мусават» партиясының Ибрагимбеков кандидатурасына қарсылығы жоқ екенін» айтты.

Бакудегі Atlas зерттеу орталығының жетекшісі Эльхан Шахиноглу «Ұлттық Кеңес құрамындағы кейбір адамдардың оппозиция қатарында бұрыннан келе жатқан саясаткер Иса Гамбарды ортақ кандидат ретінде ұсынуға тырысуы мүмкін» дейді. Ол 2003 жылғы сайлауға оппозицияның «Біздің Әзербайжан» блогынан түскен еді.

Алайда Шахиноглу «Ибрагимбеков Әлиев пен «Жаңа Әзербайжан» партиясының жоспарын өзгертіп жіберуі мүмкін екенін» айтады.

Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев. 13 мамыр 2013 жыл.


- Ибрагимбеков Әзербайжанда ғана танымал емес. Оны әлем біледі. Билік оған қарсы бопса ұйымдастыра алмауы мүмкін. Оны Вашингтонда, Мәскеуде, Еуропа Одағы елдерінде қолдайды. Оның қаржылық ресурстары да ықпалын кеңейтіп отыр. Әзербайжанның кедей оппозициясынан гөрі, Ибрагимбеков өзінің сайлау кампаниясын және Ұлттық Кеңесті қаржыландыра алады. Бұл қазіргі кезеңде өте маңызды дүние, - дейді ол.

Алайда Рустам Ибрагимбековке күмән келтірушілер оның шамасын Грузия миллиардері Бидзина Иванишвилидің дәулетімен салыстыруға да келмейтінін айтады. Иванишвили өзінің саяси қозғалысын өзі қаржыландырып, 2012 жылы қазан айындағы сайлауда Михаил Саакашвилидің партиясын жеңіп шыққан еді.

Мақаланы Азаттық тілшілері Арифе Казима, Роберт Коулсон және Ричард Солаш бірге әзірледі.