"Қазақтан я армяннан көмек сұрамақсыз ба?" Ресей ҰҚШҰ-ға қолқа сала ма?

Украина қарулы күштері (ЗСУ) шабуылынан қираған ресейлік әскери техника. Курск облысы, Ресей.

Украина әскері Ресейдің Курск облысына шабуылын жалғастырып жатыр. Бұған қоса, Ресейдің Белгород облысы да "жағдай өте қиын" деп, төтенше жағдай жариялауға мәжбүр болды. Екінші дүниежүзілік соғыстан бері алғаш рет және Ресей армиясы Украинаға басып кіргеннен кейін екі жарым жыл өткенде Ресей аумағы ашық шабуылға ұшырады. Ресей жеріндегі шайқастар "Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы қақтығысқа араласа ма?" деген сұрақ туындады.

КРЕМЛЬДІҢ "ДЕПУТАТ АРҚЫЛЫ ЖОЛДАҒАН МӘЛІМДЕМЕСІ"

Киев Украина қарулы күштері 6 тамыздан бері Ресейдің Курск облысындағы 74 елдімекенді бақылауға алғанын мәлімдеді. Украина президенті Владимир Зеленский қолға түскен ресейлік сарбаз көп екенін айтады.

Ал Курск облысының билігі Ресей президенті Владимир Путинге Украина әскері тек 28 елдімекенді бақылауда ұстап отыр деді.

14 тамызға қараған түні Ресей Курск облысы мен оған көрші Белгород облысынан тұрғындар эвакуацияланып жатқанын хабарлады. Сол түні Украина күштері Ресейдің Белгород, Воронеж, Нижегород, Орлов, Ростов, Волгоград, Брянск облыстарына да дронмен шабуыл жасаған.

Your browser doesn’t support HTML5

Курскіде не болып жатыр? Украин әскерінің орыс жеріне шабуылы

Кремль күтпеген шабуыл үдеген тұста Ресей мемлекеттік думасының ТМД істері, еуразиялық интеграция комитеті төрағасының бірінші орынбасары Константин Затуллин "Ресей ҰҚШҰ-дан көмек сұрамайды" деп мәлімдеді.

"Жоқ, олай жасамайды (өтініш айтпайды – ред.). Ресей өзі ҰҚШҰ-дағы басты ел бола өз аумағында басқа елден көмек сұрағаны таңғаларлық болар еді. Ресейдің Курск облысына кімді көмекке шақырмақсыз? Қазақтарды ма, әлде армяндарды ма? Кімді? Ақылға қонбайтын сұрақ қоясыздар", – деді Затулин шамданып.

Үй-жайын тастап, елді мекендерден қашуға мәжбүр болған жұрт гуманитарлық көмек алуға кезекте тұр. Ресей, Курск облысы, 14 тамыз, 2024 жыл.

Құрамында Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Армения (биыл ұйымдағы мүшелігін тоқтататынын мәлімдеген) және Тәжікстан бар ҰҚШҰ ұйымының келісіміне сай, ұйымға мүше елдер аумақтық тұтастығына қауіп төнгенде бір-біріне көмектесуге тиіс. 1992 жылы құрылған ҰҚШҰ тек бір рет, 2022 жылы Қазақстанда Қаңтар оқиғасы болғанда ғана мүше елдің аумағына әскер кіргізген еді.

Қаңтар оқиғасы кезінде үкіметке жаппай наразылық пен дүрбелең шарықтау шегіне жеткен кезде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ел аумағына шетелде дайындықтан өткен террористер шабуыл жасады деп мәлімдеп, ҰҚШҰ-дан көмек сұраған. Құрамында Ресей, Армения, Қырғызстан мен Тәжікстан сарбаздары бар ҰҚШҰ әскери контингенті Қазақстанға кіргізіліп, екі аптадан кейін елден шығарылған (Қазақстан билігі ел аумағына шетелден террористер шабуыл жасағанына ешқандай дәлел келтірген жоқ.)

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өтініші бойынша ел аумағына "жағдайды тұрақтандыру үшін" кіргізілген ҰҚШҰ әскери контингенті. Алматы облысы, 8 қаңтар, 2022 жыл.

Биыл 14 тамызда ҰҚШҰ Азаттықтың сауалына берген жауабында "Ресей Курскідегі жағдайға баланысты ұйымнан әскери көмек сұраған жоқ" деп мәлімдеді. Ұйымның бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов қол қойған ресми хатта "ҰҚШҰ қабылдаған процедураға сәйкес, ұйымға мүше ел әскери көмекті қажетсінсе, ұйымға ресми түрде өтініш жасауы керек. Курскідегі жағдайға байланысты Ресей тарабынан мұндай өтініш қазірге дейін түскен жоқ" деп жазылған.

Бұған қоса, ұйым "әскери одақта ұжым әскерін қолдану мәселесі консенсуспен шешіледі. Яғни, мұндай шешімге ұйымға мүше елдердің барлығы келісуі керек. Әйтпеген жағдайда шешім қабылданбайды" деді.

Қазақстандық саясаттанушы Димаш Әлжанов "Ресей билігі ҰҚШҰ-ға мүше елдер көмек бермейтінін біледі және Мәскеу Мемлекеттік дума депутаты арқылы ҰҚШҰ-дан көмек сұрамаймыз деген мәлімдеме жасатып отыр" деп санайды.

– Бұл соғысты Путиннің өзі бастады және ҰҚШҰ елдері оны қолдамайтынын біледі. Ашық көмек сұрап, кейін қолдамаймыз деген жауап алу Путин үшін құрдымға кетумен тең. ҰҚШҰ елдерінің бұл соғысқа қатысуы мүмкін емес. Қазақстан мен Орталық Азияның өзге елдерін айтпағанда, Беларусьтің өзіне соғысқа қатысу қазіргі режимге үлкен қауіп төндіреді. ҰҚШҰ күштері тараптар келісімге келіп, БҰҰ-ның тиісті шешімі шыққан соң бітімгер ретінде ғана қатысуы мүмкін, – деді сарапшы.

"РЕСЕЙ КӨМЕК СҰРАСА, ҚАЗАҚСТАН ӘСКЕР ЖІБЕРУГЕ МӘЖБҮР БОЛАДЫ"

Қазақстандық саясаттанушы, "Тәуекелдерді бағалау тобының" жетекшісі Досым Сәтпаев "Мәскеу ҰҚШҰ көмек сұрайтын ұйым емес екенін түсіне бастағандай" деп санайды.

– Репутация тұрғысынан Ресейге ҰҚШҰ-ға жүгіну тиімсіз. Біз ҰҚШҰ шалажансар ұйым екенін көріп отырмыз. Бұған қоса, Арменияның ұйымнан бөліну процесі жүріп жатыр. Армения формалды тұрғыда ҰҚШҰ жұмысына араласпайды. Бұл Арменияның қауіпсіздік провайдері ретінде Ресейге қырын қарап отырғанын көрсетеді. Қазақстан бұл бастаманы қолдамайды. Ресейге жақын Қырғызстанның өзі қолдамайды. Олар Батыспен арадағы көпірді бұзғысы келмейді. Лукашенконың өзі қазір аса белсенді емес. Меніңше, Кремльдің өзі де ҰҚШҰ көмек сұрайтын ұйым емес екенін түсіне бастаған сияқты, – деді саясаттанушы.

Саясаттанушы Досым Сәтпаевпен сұхбат (орысша)

Орталық Азиядағы демократияны дамыту қорының директоры, саясаттанушы Толғанай Үмбетәлиева "Ресей Украинаға басып кірерде ҰҚШҰ мүшелерімен келіссөз жүргізген жоқ, сол себепті де қазір көмек сұрамайды. Ал егер көмек сұрайтын болса, онда Қазақстан әскер жіберуге мәжбүр болады" деп топшылайды.

– Бастапқыда Ресейдің Украинаға шабуылы ҰҚШҰ-да талқыланған жоқ. Ол әу баста ҰҚШҰ келісімін алған жоқ. Сол себепті қазір көмек сұрамайды. Оның үстіне, Ресей өз аумағына жасалған шабуылды толыққанды мойындап отырған жоқ. Олар оны "арандату" деп бағалап отыр. Ресей Украинаның шабуылын мойындап, ҰҚШҰ-дан көмек сұрамайынша [Қазақстан мен ұйымға мүше өзге елдердің] соғысқа әскер жіберу қаупі төмен. Ал егер Ресей көмек сұрайтын болса, онда ҰҚШҰ-ға мүше елдер бірлесіп әскер жіберу не жібермеу туралы шешім қабылдайды. Менің ойымша, Қазақстан моральдық тұрғыда қолдап дауыс береді. Себебі ҰҚШҰ әскері кезінде [2022 жылғы Қаңтар оқиғасында] Қазақстанға, оның ішінде Алматыға келген. Қазақстан бұл орайда айтарлықтай тәуекелге бас тігеді, – деді Үмбетәлиева.

Жұрт назары Курскідегі жағдайға ауған тұста, 14 тамызда Қазақстан сыртқы істер министрлігі БҰҰ жарғысына сүйеніп, "әр мемлекеттің аумақ тұтастығы сақталуы керегін" айтты әрі екі тарапты "қақтығысты саяси-дипломатиялық құралдарды пайдалана отырып, бейбіт жолмен шешуге" шақырды.

Ресми Астана Ресей Украинаға басып кіргелі екі елді соғысты бейбіт жолмен шешуге үндеп келеді.

ҰҚШҰ ҚАНДАЙ ҰЙЫМ?

Совет одағы құлағаннан кейін, 1992 жылғы 15 мамырда Ташкентте Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Ресей және Армения Ұжымдық қауіпсіздік келісіміне қол қойды. 1993 жылы осы келісімге Әзербайжан, Грузия мен Беларусь қосылды. 1994 жылғы 20 сәуірде күшіне енген келісім бес жылға жоспарланды. Келесі бес жылдықта Әзербайжан, Грузия мен Өзбекстан келісімді ұзартудан бас тартты.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Дала қыраны" енді ұшпай ма? Қазақстан АҚШ-пен бірлескен әскери жаттығу өткізуді неге тоқтатты?

2002 жылғы 14 мамырда Мәскеуде өткен сессиясында Ұжымдық қауіпсіздік келісімін толыққанды халықаралық ұйым ретінде Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына айналдыру жөнінде шешім қабылданды. 2002 жылғы 7 қазанда Кишиневте ұйымның жарғысы мен құқықтық мәртебесі бекітілді. Оның ҰҚШҰ-ға мүше елдердің барлығы ратификациялады.

2010 жылғы 18 мамырда сол кездегі Ресей президенті Дмитрий Медведев Киевте Украинаны ҰҚШҰ құрамында көруге ниетті екенін мәлімдеді. Бірақ Украина ұйымға кіруден бас тартты.

Бұған дейін Армения мен Әзербайжан арасындағы жағдай Таулы Қарабаққа байланысты ушыққан шақта Ереван ұйымнан әскери көмек сұраған. Бірақ ұйым ол өтінішті орындаған жоқ. Осыдан кейін Армения ұйымнан шығатынын айта бастаған еді. Биыл Армения премьер-министрі Никол Пашинян өз елі ҰҚШҰ-дан шығатынын мәлімдеген.

2010 жылы Қырғызстандағы Ош оқиғасы кезінде сол кездегі қырғыз президенті Роза Отунбаева Ресейден және ҰҚШҰ-дан әскери көмек сұраған. Бірақ ұйым әскер жіберуден бас тартқан.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Украинаның Ресейдің Курск облысына шабуылы. Қазір не белгілі?