Accessibility links

"Дала қыраны" енді ұшпай ма? Қазақстан АҚШ-пен бірлескен әскери жаттығу өткізуді неге тоқтатты?


"Дала қыраны" халықаралық әскери жаттығуда жүрген қазақстандық сарбаз. Алматы облысы Іле ауданы, 6 сәуір, 2017 жыл.
"Дала қыраны" халықаралық әскери жаттығуда жүрген қазақстандық сарбаз. Алматы облысы Іле ауданы, 6 сәуір, 2017 жыл.

Арменияның АҚШ-пен бірлесіп Eagle Partner әскери жаттығуын өткізуі Мәскеудің қытығына тиді. Ресей Кавказдағы постсоветтік елдің бұл әрекетін "теріс пиғылдағы" қадам деп бағалады. Тағы бір постсоветтік ел – Қазақстан АҚШ-пен бірлесіп Steppe Eagle ("Дала қыраны") әскери жаттығуын өткізуді тоқтатқан. Бұл туралы ресми хабар шыққан жоқ. Дегенмен жаттығудың тоқтағанын... Ресейдің Қазақстандағы елшісі хабарлады.

"Дала қыраны" Қазақстанда енді ұшпайды". Бұл – Ресейдің Қазақстандағы елшісі Алексей Бородавкиннің 2022 жылы ақпан айының басында "Независимая газетаға" берген сұхбатынан үзінді.

Мақала Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қаңтар оқиғасынан кейінгі шетелге алғашқы сапарына – Мәскеуге барар қарсаңда жарияланды. Былтыр жылдың басында халықтың жаппай наразылығының аяғы тәртіпсіздікке ұласып, жағдай ушығып кеткенде Тоқаев "елге шетелден арнайы дайындалған мыңдаған лаңкес шабуыл жасады" (бұл сөз әлі күнге дәлелденген жоқ) деп мәлімдеген. Содан соң Мәскеу басшылық ететін әскери-саяси альянс – Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымынан көмек сұрады. Бұл ұйымның құрамында Қазақстан мен Ресейден бөлек, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан бар. Ұйым Қазақстанға әскер жіберді. Оларды елге кіргізу, оқиғаның нәтижесі күні бұрын шешіліп қойғанын байқатты және ҰҚШҰ әскері билікке таласқа біржола нүкте қойып, Тоқаевтың орнын сақтап қалды деген пікір айтты бақылаушылар.

"Біз қазақстандық достарымызбен бірлесіп, қабілетін сөзбен емес, іспен дәлелдей білген ҰҚШҰ-ның бітімгерлік әлеуетін жетілдіре әрі нығайта түсеміз", – деді Қазақстанды Мәскеудің жақын одақтасы және көптеген мәселеде ортақ бағыт ұстанатын серіктесі деп атаған Бородавкин сұхбатында.

"Тоқаев президент болғалы бері АҚШ пен өзге де НАТО елдері әскерінің қатысуымен жыл сайын өтетін "Дала қыраны" бітімгерлік жаттығуы енді өтпейтін болды", – деді елші.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей елшісі Алексей Бородавкинге екінші дәрежелі "Достық" орденін тапсырып тұр. Нұр-Сұлтан, 21 қаңтар, 2021 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей елшісі Алексей Бородавкинге екінші дәрежелі "Достық" орденін тапсырып тұр. Нұр-Сұлтан, 21 қаңтар, 2021 жыл.

АҚШ, Ұлыбритания және Канада сияқты НАТО елдерінің әскері қатысатын Steppe Eagle жаттығулары соңғы рет 2019 жылдың жазында ұйымдастырылды. Содан бірнеше ай бұрын Тоқаев президент қызметіне кіріскен. 2020 және 2021 жылдары жаттығу өткен жоқ: қорғаныс министрлігі шара коронавирус пандемиясы салдарынан "санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына байланысты" өтпеді деп түсіндірген еді.

Алайда 2022 жылы карантин шектеулері алынғанымен, әскери жаттығу болған жоқ. 2023 жылы да өтпеді.

– Жаттығуды өткізбеудің артында Ресей тұруы мүмкін, – деп есептейді Forecast International қорғаныс өнеркәсібі нарығын зерттеу агенттігінің жетекші талдаушысы Дерек Бисаччо. Сондай-ақ ол Батыс елдері әскерінің қатысуымен Орталық Азияда өтетін қандай да бір шараларға Ресейдің күдікпен қарайтынын жеткізді. – Мәскеу бұл жаттығуларды Ресей жетекшілік ететін қауіпсіздік құрылымына сына қаққысы келетін Батыстың ауқымды әрекеттерінің бірі деп қабылдайды.

Журналист әрі Орталық Азия зерттеушісі Брюс Панниер жаттығулар логистикалық сипаттағы проблемаларға байланысты өтпей қалуы мүмкін дейді.

– Пандемия ауыздықталғаннан кейін Ресей Украинаға басып кірді. Бұл жағдай америкалық әскердің әскери жаттығу үшін бірнеше күнге болса да Қазақстанға кіруін қиындатып жіберді, – дейді Брюс Панниер.

Қазақстан қорғаныс министрлігі 2003 жылдан бастап Солтүстік Атлантика Альянсы (НАТО) елдерімен бірлесіп, жыл сайын өткізілетін жаттығулар не себепті тоқтағанын ресми түрде түсіндірген жоқ. Азаттық министрлікке былтыр және биыл "Дала қыраны" неге өтпегенін сұрап, хат жолдаған.

"2022 және 2023 жылдары "Дала қыраны" жаттығуын өткізу жоспарланбаған", – деп жауап берді министрлік. Қорғаныс саласына жауапты мекеме "Қазақстан Республикасының қарулы күштері аясында қандай да бір жаттығу өткізу әскерді белгілі бір бағыттар бойынша дайындау мен тексеру қажеттілігіне қарай жоспарланады" деп хабарлады. "Дала қыраны" жаттығулары бітімгершілік бағытында болатын және "БҰҰ-ның Ливандағы миссиясына қазақстандық бітімгерлік контингенттің қатысуы" сол жаттығуларды өткізудің негізгі нәтижесі болды деп есептейді министрлік.

2010 жылғы Steppe Eagle жаттығуына қатысқан. Қазақстан, Ұлыбритания мен АҚШ сарбаздары. Қазақстанда НАТО жауынгерлерімен бірлескен жаттығулар 2003 жылдан 2019 жылға дейін өткізіліп тұрды.
2010 жылғы Steppe Eagle жаттығуына қатысқан. Қазақстан, Ұлыбритания мен АҚШ сарбаздары. Қазақстанда НАТО жауынгерлерімен бірлескен жаттығулар 2003 жылдан 2019 жылға дейін өткізіліп тұрды.

ЖАТТЫҒУ ӨТПЕГЕННЕН КІМ КӨП ЗАРДАП ШЕГЕДІ: АҚШ ПА, ҚАЗАҚСТАН БА?

АҚШ-пен бірлесіп оқу-жаттығу өткізетін постсоветтік ел тек Қазақстан емес. Былтыр жазда Тәжікстан өз аумағында америкалық "Аймақтық ынтымақтастық" әскерінің қатысуымен он күндік жаттығу ұйымдастырды. Алайда Душанбенің бұл әрекеті Мәскеуге ұнамай қалған.

– Ресей қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Николай Патрушев бұл тақылеттес оқу-жаттығулар Ресейдің қауіпсіздігіне "зор қатер" төндіретінін, АҚШ оны "бірінші кезекте әскери іс-қимылдар театрының әлеуетін зерттеу мақсатында" жүргізетінін айтты, – дейді сарапшы Бисаччо. – Елдердің [Орта Азиядағы], әсіресе ҰҚШҰ мүшелерінің Ресей әскері қатысатын жаттығуларды ұдайы өткізіп тұратынын ескерсек, Батыс мұндай шаралардан Ресейдің одақтастары, бәлкім, ресейлік қарулы күштердің өзі қалай әрекет ететіні туралы ақпарат алып, олардың әскери техникалары қалай жұмыс істейтінін, кемшін тұсы мен артықшылығы неде екенін анықтағысы келуі мүмкін.

Орталық Азияда жаттығулардың тоқтауы Құрама Штаттарға мүлде әсер етпейді, себебі әдетте мұндай шараларға бірнеше жүз америкалық сарбаз ғана қатысады деп түсіндірді Бисаччо. Бәрінен бұрын Орталық Азия елдері көп нәрседен құр қалады. Олар контртеррористік әлеуетін арттыру (Ауғанстанға жақындығын ескере отырып) және нағыз көпвекторлы саясат жүргізуді үйрену мүмкіндігінен айырылады.

"Дала қыраны" жаттығуына қатысып жатқан Ми-17 тікұшағы мен беренді әскери техника. Алматы облысы, 24 тамыз, 2010 жыл.
"Дала қыраны" жаттығуына қатысып жатқан Ми-17 тікұшағы мен беренді әскери техника. Алматы облысы, 24 тамыз, 2010 жыл.

"Дала қыраны" сияқты жаттығулар Қазақстан әскеріне БҰҰ бітімгершілік операцияларына қатысатын өзге елдердің әскерімен іс-әрекетін үйлестіруге көмектеседі дейді Брюс Панниер. Қазақстан бітімгершілік батальоны (Қазбат) 2022 жылы Ливандағы миссияға қатысқан. 430 әскер Үндістан бөлімшесінің құрамында блокбекеттерді ұйымдастырумен және торуылдаумен айналысты.

"ҰҚШҰ-ҒА СЫЗАТ ТҮСЕ БАСТАҒАН"

АҚШ-пен бірлесіп әскери жаттығулар өткізу "ҰҚШҰ-ға сызат түсе бастағанын көрсетті. Ресей Украинаға басып кіргелі бері халықаралық қатынастар полярланғанын ескерсек, бұл саяси тұрғыдан өте маңызды", – дейді Дерек Бисаччо.

Мәскеу басқаратын ұйымға сызат түскені кейінгі жылдары бірнеше рет байқалды. Мәселе тек Армения премьер-министрі Никол Пашинянның қыркүйектің басында "Мәскеуге толық тәуелділік – стратегиялық қателік болды, қазір Ереван саясатын әртараптандыру жолында" деген мәлімдемесінде ғана емес (осыған қатысты Арменияның Мәскеудегі елшісін Ресей СІМ шақырып алып, "қатаң сынға" алған).

Сондай-ақ Қырғызстанның 2022 жылдың қазанындағы әрекеті де демаршқа ұқсайды. Бішкек өз аумағында ҰҚШҰ-ның "Мызғымас бауырластық" атты әскери жаттығуын өткізуден бас тартты. Бақылаушылар мұны ҰҚШҰ-ның тағы бір мүшесі Тәжікстанмен шекарада болған кикілжіңнің салдары деп отыр. Қақтығыста екі жақтың он шақты адамы қаза болды.

Қырғызстан бас тартқаннан кейін "Мызғымас бауырластық" Арменияда өтетін болған. Бірақ Ереван ҰҚШҰ жаттығуларын өткізбеді. Ол Әзербайжанмен қарулы қақтығыс кезінде ұйымның "ел аумағының тұтастығын қалпына келтіру үшін" әскери көмек көрсетуден бас тартқанына осылай жауап берді. Нәтижесінде "Мызғымас бауырластық" 2023 жылдың қазан айына қайтадан Қырғызстанда өтетін болды.

– Арменияның жағдайы ештеңеге ұқсамайды. 2022 жылдың қаңтарында Тоқаев үкіметін қолдау үшін ҰҚШҰ Қазақстанға әскер жіберген. Ал Арменияға Әзербайжаннан шынымен қауіп төніп тұрды және ол ҰҚШҰ ұйымына шынымен мұқтаж еді. Бірақ ұйым әскер жіберуден бас тартты. Арменияның Ресейден немесе ҰҚШҰ-дан көмек аламын деген үміті үзілді. Енді ол өзіне қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, көмек қолын созатын серіктес іздеп жатыр, – деді Брюс Панниер.

Қазақстанға жасақ жіберу – ҰҚШҰ күш қолданған алғашқы және жалғыз оқиға. Былтыр Қаңтар оқиғасы кезінде Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан 2030 адам, 250 техника, оның ішінде 70 ұшақ жіберді. Билік "ҰҚШҰ әскері тек стратегиялық нысандарды қорғады және ешқандай контртеррористік операцияға қатыспады" деп мәлімдеді. Бұл жерде Ақорда "контртеррористік операция" деп тәуелсіздік алғалы бері алғаш рет болған жаппай наразылықтан кейін басталған тәртіпсіздікті басу әрекетін айтып отыр.

Қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстанға ҰҚШҰ миссиясы аясында кіргізілген ресейлік сарбаздар. Алматы, 13 қаңтар, 2022 жыл.
Қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстанға ҰҚШҰ миссиясы аясында кіргізілген ресейлік сарбаздар. Алматы, 13 қаңтар, 2022 жыл.

ҰҚШҰ күштері Қазақстанға екі аптаға келді. Миссия аяқталғаннан кейін Ресей Астана оған әскер кіргізгені үшін "борышты" екенін, онысын қандай да бір жеңілдіктер жасау арқылы өтеуге тиіс екенін айта бастады. Былтыр жазда "Россия 24" телеарнасына берген сұхбатында Тоқаев бұл қате пайым және біз "енді Ресейге мәңгі қызмет етіп, аяғына жығыламыз деген сөз емес" деп мәлімдегенімен, сарапшылар ресейлік бизнестің ықпалы Қазақстанда, атап айтқанда, өндіріс және логистика саласында күшейіп келе жатқанын айтып жүр.

2022 жылдың күзінде Тоқаевтың Ресейге сапары қарсаңында Бородавкин "Международная жизнь" журналының Қазақстан мен Ресей қарым-қатынасының 30 жылдығына арналған санына оңтүстіктегі көрші "АҚШ-пен әскери саладағы ынтымақтастық аймақ қауіпсіздігін сақтауға қатер төндіретінін түсініп, Вашингтонмен профильді байланыстың қарқынын бәсеңдетті" және Пентагонның "республика әуе кеңістігі арқылы АҚШ әскери авиациясын ұшыруына, әскери және барлау инфрақұрылым элементтерін Қазақстан аумағына орналастыруына рұқсат етпеді" деп жазды.

Қазақстан ресми түрде көпвекторлы сыртқы саясат ұстанады. Сөйте тұра 2013 жылы Ресеймен бірлесіп, әуе шабуылына қарсы қорғаныстың бірыңғай аймақтық жүйесін құрды және 1995 жылдан бастап Ресейдің сынақ полигондарына 8,6 миллион гектар жер беріп, бір гектарды жалға алу үшін 1050 теңге (қазіргі курс бойынша 2,2 доллар) символдық төлем белгіледі.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG