Лукашенко енді Telegram-арналарымен бірге олардың оқырмандарын да қудалап отыр

  • Тодд ПРИНС
Беларусь полициясы жаңа қаулы бойынша экстремистік деп танылған Telegram-арналарға жазылуға тыйым салынғанын ескертті. Ал заңгерлер құжатта ондай ештеңе айтылмаған дейді. Полиция мәлімдемесінен кейін мыңдаған адам әліптің артын бақпай-ақ экстремистік деп танылған тәуелсіз арналардан кетіп жатыр.

Беларусь үкіметі билікті сынаған тәуелсіз БАҚ-ты жауып, веб-сайттарды бұғаттады, журналистерді түрмеге отырғызып, азаптады. Енді елдегі тәуелсіз БАҚ сарқыншақтарының оқырмандарына көз тіккенге ұқсайды.

13 қазанда Беларусь ішкі істер министрлігі үкімет бекіткен жаңа қаулыға сәйкес, экстремистік деп танылған Telegram-арналарға жазылған адамдар "экстремистік ұйым мүшесі" деп танылып, қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын мәлімдеді.

Құжатқа сәйкес, Nexta Live! немесе Tut.by секілді тәуелсіз арналарға жазылған адамдар жеті жылға дейін түрмеге қамалуы мүмкін. Үкімет экстремистік деп жариялаған ұйымдар тізімде бұлардан басқа тағы 170 канал бар.

Nexta Live! Telegram-каналын көріп тұрған Беларусь азаматы. Минск, 19 тамыз 2020 жыл.

Полиция 14 қазанда күшіне енген жаңа қаулыға сәйкес арнаға тіркелгендерді қамауға өкілеттік алатынын мәлімдеді.

Алайда "экстремизм және ұлтшылдықпен" күресуге бағытталған қаулыда Telegram-арналарға жазылғандарды қылмыстық жауапкершілікке тарту жайлы ештеңе жазылмаған. Осы орайда "Полиция халықты үркітуге тырысып жатыр ма?" деген сұрақ туындайды.

Адам құқықтары сақталмайды деп жиі сынға ұшырайтын елде жұрт әліптің артын бағып жатпады.

Nexta Live! – Беларусьтегі ең танымал арна. Ол 13 қазанда, яғни полиция мәлімдемесінен кейін 18 мыңнан астам оқырманын жоғалтты. Бұл өткен апта бойы каналдан кетіп жатқандардың орташа санынан он есе көп.

Ертесінде Nexta Live! 10 мыңнан астам оқырманынан айрылды. Ал ең үлкен екінші арна – Tut.by екі күнде 25 мың адамды, яғни оқырмандарының 5 пайызын жоғалтты.

Азаттықтың Беларусь қызметінің Telegram-арнасы экстремистік деп танылмаған. Соған қарамастан оның да оқырмандары азая бастады.

ЗАҢ ОҚЫРМАНДЫ РАСЫМЕН ҚУДАЛАЙ МА?

14 қазанда жарияланып, күшіне енген қаулыда "экстремистік" арнаға тіркелгені үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту жайлы ештеңе айтылмаған.

Онда экстремистік деп таныған ұйымдар мен адамдардың тізімін жинап, жариялау тәртібі жазылған.

Қаулыда айтылған күннің өзінде, полиция адамдарды қамай алмас еді дейді заңгер Сергей Зикрацкий Азаттыққа.

Ол үкімет пен ішкі істер министрлігінің шешімі қылмыстық жауапкершілікке тартуға жеткіліксіз екенін айтты. Ондай жағдайда Қылмыстық кодекске арнайы түзету енгізу керек болады дейді Зикрацкий.

Оның сөзінше, Қылмыстық кодекс "экстремистік іс-әрекетке" тыйым салады, бірақ оқырманы болу бұл анықтамаға сай келмейді.

Сергей Зикрацкий Беларусьте кей істер "заңға сай жүрмейтінін", сондықтан каналға тіркелгені үшін айыпталмайтынына "ешкім сенімді бола алмайтынын" айтады.

Беларусь билігі 2020 жылы тамыздағы президент сайлауынан кейін тұтанған наразылық акциялардан соң оппозиция өкілдерін және олардың жақтастарын қуғындап келеді. Сайлауда алаяқтық болғанына қарамастан, президент Александр Лукашенко жеңіске жетті деп жарияланған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Лукашенко наразыларға арнап концлагерь салмақ. Әшкере болған аудиодағы әңгіме

Кейінгі 14 айда Беларусь билігі наразылыққа шыққан 10 мыңнан астам адамды түрмеге қамады. Жүздеген адамды азаптап, тәуелсіз сайттарды жапты. Оппозиция лидерлері елден кетуге мәжбүр болды.

Кейінгі кездері билік назары тәуелсіз БАҚ пен оппозиция үшін хабар таратудың жалғыз алаңына айналған Telegram-арналарға ауды.

Тамыздағы жағдай бойынша, Беларусьте 170-тен астам Telegram-канал экстремистік деп танылды. Оның ішіне тәуелсіз БАҚ каналдарының барлығы дерлік кірген. Тізімдегілердің көбі экстремистік деп ақпаннан кейін танылған.

Беларусь полициясы бірнеше ай бойы экстремистік деп танылған каналдарға немесе топтарға тіркелу әкімшілік құқық бұзушылыққа жатады деп келді. Олар белгілі бір адамдарға қатысты шара да қолданды.

"Весна" құқық қорғау ұйымының дерегінше, тамыздың аяғындағы жағдай бойынша билік экстремистік деп танылған Telegram-арналарға жазылғаны үшін 30-дан астам адамға айыппұл салған немесе бірнеше күнге қамауға алған.

28 қыркүйекте ІТ қызметкер Андрей Зельцер мен ұлттық қауіпсіздік қызметі (КГБ) өкілдерінің арасында болған атыстан кейін бұл қысым күшейе түсті.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Беларусьтен Киевке қашқан саяси босқындар қалай өмір сүріп жатыр?

Атыстан Андрей Зельцер мен бір офицер қаза тапты. Полиция атыс жайлы пікір жазған 100-ден астам адамды қамауға алған. Оқиғаның мән-жайы анықталмады.

Полиция ол адамдарға "мемлекеттік қызметкерге тіл тигізді" немесе "әлеуметтік алауыздық туғызды" деген айып таққан. Олардың көбі Telegram-арналар мен топтарда пікір жазған.

Осы айдың басында полиция экстремистік деп танылған Telegram-арнада пікір қалдырған 38 жастағы слесарь Руслан Кузьмичті қамауға алды.

Қару ұстаған адам бейнеленген видеоға Кузьмич "азаматтарға қолға қару алатын кез келді" деп жазғаны хабарланды.

Ол экстремистік әрекеттерге шақырды деген айыппен алты жылға дейін түрмеге қамалуы мүмкін.

Human Rights Watch ұйымының Еуропа мен Орталық Азиядағы бөлім директорының орынбасары Рейчел Денбер Азаттық радиосына Беларусь билігі "сөз бен пікір еркіндігін тұншықтыратын осындай шараларды қабылдап жатқанын", Telegram-арнаға жазылғандарды қылмыстандыру саясаты қабылданса, таң қалуға болмайтынын айтады.

"Ең репрессияшыл үкімет қана азаматтарды не оқитынына бола тікелей немесе жанама түрде қылмыстық жауапкершілікке тартады" дейді Денбер.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Бүкіл әлем Лукашенконың "ақылынан адасқанын" қызықтап жатқанда Путин бұдан пайда көріп отыр