Беларусьтің экономикасы жардан ұшқалы тұр

Еттің кезегінде тұрған жұрт. Минск, 26 тамыз 2011 жыл

Беларусьтің реформаланбаған пост-советтік экономикасы дағдарысқа ұшырағаннан бері басталған толқулардың басылар түрі жоқ. Экономистер қыс түсе жағдай бұдан да бетер нашарлап, азық-түлік, тұрғын үй қызметі мен тұтыну тауарлары қымбаттай түседі деп ескертеді.

Минскіде тұратын зейнеткер Светлана Антонюк шай құйып, тосап толы құтысын ашып, ас үйінде бәйек болып жүр.

Барлық беларусьтер сияқты, Светлана мен 81 жасар күйеуі Иван екеуіне де ең қажетті азық-түлік пен негізгі қызмет көрсету бағасының өсуі қиын тиді. Ел осындай халге ұшырағалы бес айдан асты.

Сегізінші қабаттағы пәтердің терезесінен жаңадан соғылып жатқан аурухана көрініп тұр. Светлана енді өт қабындағы тастар мен жүректі емдейтін импорттық дәрі-дәрмекке қол жеткізе алмай отырғанын айтып шағынады. Ал олардың арзандау тұратын отандық түрлері Светлананың аллергиясын қоздырады екен.

Отағасы, бұрынғы солдат Иван да өте ызалы:

- Шын мәнінде, біздің өмір - өмір емес, жай аман қалу үшін әрекет етуге айналды. Үкімет экономикалық проблемаларын өз халқын тонау арқылы шешіп жатыр. Қазір бағалар адам сенгісіз шырқап кетті.

ИНФЛЯЦИЯ 75 ПАЙЫЗҒА ЖЕТУІ МҮМКІН

Жағдай қазіргіден әлдеқайда қиындай түспек. Жаһанданған еркін нарыққа кіру үшін пост-советтік елдер мен шығыс Еуропа 1990 жылдары қиын экономикалық реформаларды бастан кешіп үлгірген, ал Беларусь бұл мәселе бойынша орнынан жылжымаған.

1994 жылы билік басына келген авторитарлық президент Александр Лукашенко советтік экономика жобасын өзгеріссіз қалдырған еді. Яғни, халыққа қажет басты азық-түлік пен қызметтердің бағасын төмен күйінде қалдырды. Бұндай экономикалық жүйе бір жағынан Ресейдің көмегінің арқасында да бірқалыпты күйде тұрды. Мәскеу осы жәрдемі үшін Минскіден бағыныштылық талап еткен еді.
Беларусь президенті Александр Лукашенко. Витебск, 10 шілде 2011 жыл

Алайда Ресей бұдан былай Беларуське жәрдемші болмайтынын анық байқатты. Лукашенко батыстық көмек, қаржы салымдары мен несиелер әкелетін құрылымдық реформаларды жақтырмайды.

Беларусь рублі болса долларға шаққанда 36 пайызға төмендеп кетті. Оның алда да құлдырауы мүмкін. Жұрттың әбіржитіні де содан. Сырттан келетін тауар жетіспей жатыр, ал басты тұтынушы тауарлар бағасы инфляциямен қатар өсіп барады. Инфляция 2011 жылы 55-75 пайызға жетуі мүмкін деген жорамалдар да жасалған.

ЭКОНОМИКАЛЫҚ ШЫМЫЛДЫҚ АРТЫНДА

Дағдарыс Лукошенконың 17 жылдық басқару тарихындағы ең бір күрделі мәселеге – үкіметке қарсы наразылық шерулеріне түрткі болды. Полиция оларды қатал түрде жаншып отыр.

Беларусьтің совет кезеңінен кейінгі алғашқы президенті Станислав Шушкевич билік басында тұрған қысқа мерзімінде (1991-1994 жж.) нарықтық реформаларды көздеген. Оның айтуынша, қазіргі дағдарыстан шығудың жолу біреу-ақ - саяси режимді ауыстыру.

- Әлі де елдің экономикалық дамуына дем беруші еш нәрсе жоқ. Экономиканы құрсаудан шығармау осындай сорақы жағдайға душар етті. Бүгін Минскіде оңайлықпен валюта айырбастай алмайсыз, сол себепті шетелге шығу да қиын. Совет кезіндегі «темір шымылдықтың» орнына енді экономикалық шымылдық орнады. Саяси өзгеріссіз Беларусьтің оңды дамуы мүмкін емес, - дейді ол.
Босап қалған дүкен сөресі. Минск, 20 мамыр 2011 жыл

Минскінің кез-келген бұрышында дағдарыстың белгілерін көруге болады.
Ет сияқты негізгі тағамдарды сөрелерден мүлдем таппайсыз. Себебі өндірушілер өнімін валютасы тұрақты, құнын жоғалтпайтын көрші Ресейде сатқысы келеді.

Тұрақты валюта жеткілікті кезде, ақша айырбастау пунктерінің алдындағы кезектер жүздеген метрге созылған еді. Тамыздың 16-ы күні «Интерфакс» маска киген үш адамның «маңызды адамдарға» ақша керек деп 400 адамдық кезектің алдына өтуі жайлы хабарлаған еді. Алайда, бұндай тәртіпсіздіктер жиі болмайды.

Бірақ доллар, евро мен рубль таусыла бастағасын Минскінің ақша айырбастау пункттері қаңырап қалды. Тек ақша айырбастағысы келген турист кезігіп қала ма екен деп үміт үзбей жүрген бірен-саран адам жүр.

ҚАНТ ПЕН ӨСІМДІК МАЙЫН ЖАППАЙ САТЫП АЛУ

Шушкевичтің айтуынша, тұтынушылардың жағдайы күннен-күнге нашарлап бара жатыр:

- Барлық дағдарыстан құтылу мүмкін емес, бірақ оның бұл жердегі деңгейі ел үшін нағыз апатқа айналды. Жиырма күн ішінде кейбір тағамдардың бағасы екі есе өсті.

Беларусьтердің көпшілігі ерте түскен күзден соң қыс та ерте түседі деп қорқып, қант пен өсімдік майы секілді азық-түлікті жаппай сатып алып жатыр. Әдеттегідей бензин бағасы да құбылып тұр. Сол себепті жергілікті наразы жүргізушілер өздерін аңдыған милицияға қарамастан Минскінің ортасындағы Тәуелсіздік көшесін жауып тастап, жалпы жұрттың қолдауына ие болып жүр.
Бензин бағасының өсуіне наразы жүргізушілер қала орталығын жауып тастады. Минск, 22 тамыз 2011 жыл

Тамыздың 22-і күні полиция жүргізушілердің газдың қымбаттауына қарсы наразылыққа шығуын болдырмау үшін Минск орталығындағы көлік қозғалысын тоқтатты.

Алайда көтерілісшілердің өздеріне сенімділігіне қарамастан, көпшілік арасында бұрынғы қорқыныш сезімі қалып қалған. Такси жүргізушісі, екі баланың әкесі Саняның Азаттық радиосына мәлімдеуінше, ешкім толқу басталады деп күтпеген. Саня наразылыққа қатыспайтынын айтады. Себебі ол «үлкен айыппұлға, не одан да қатал жазаға» тап болудан қорқады.

"ЖҮЙЕЛІ" ДАҒДАРЫС

Минскіде орналасқан «Мизеса» ғылыми-зерттеу орталығының экономисі, әрі оппозициялық Біріккен азаматтық партияның вице-президенті Ярослав Романчук Беларусь дағдарысы енді ғана басталғанын, және оның валюта дағдарысынан гөрі «жүйелі» дағдарысқа айналып бара жатқанын ескертті.

- Бұл дағдарыс Совет Одағындағы дағдарыстың басталуына ұқсап тұр. Ол кезде де совет өкіметі мұнай сатудан жеткілікті түрде тұрақты валюта түсіре алмап еді, - дейді ол.

Қыркүйек айында беларусьтердің табысы күрт азайып, тұрмыс пен көлік саласындағы қызмет одан да бетер қымбаттауы мүмкін деді ол.
2010 жылғы президент сайлауының алдында Лукашенконың пенсия мен мемлекеттік қызметкерлердің жалақысын өсіру сияқты популистік шараларға бейберекет ақша жұмсауы Беларусь дағдарысын ауырлатып жіберді. Сайлау нәтижесінде ол көптеген заң бұзуға бара отырып, дауыстардың 80 пайызға жуығын жинады.

БЫЛАЙ ЖҮРСЕ - РЕСЕЙ ЖҰТАДЫ, БЫЛАЙ ЖҮРСЕ ХВҚ ҚЫСАДЫ

Сайлаудан соң басқа кандидаттар, оппозиция тұлғалары және сайлау нәтижесіне қарсылар қатал жазаланып, абақтыға жабылды.
АҚШ пен Еуропа Одағы бұған санкция қою арқылы жауап берді. Сайлау алдында Батысқа жарамсақтанған Беларусь енді жәрдемді қайта Ресейден сұрады.

Мәскеу Беларуське газды біршама арзан бағамен сатуға келіскенімен, ірі қаржы мәселелерін шешуге бір шартты орындағанда ғана көмектесуді ұйғарды. Ондағы шарт – кейін Ресей компаниялары сатып алуы үшін, Беларусь өзінің ірі энергетикалық инфрақұрылымдарын жекешелендіруі тиіс. Бұл елдің егемендігіне әжептәуір залал тигізер еді.

Ресей премьер-министрі Владимир Путиннің тамыздың 1-і екі елдің одақтасуы «мүмкін, әрі жақсы болар еді» деген сөзі Ресейдің Беларуське байланысты пиғылын анықтауы мүмкін.
Беларусь президенті Александр Лукашенко (сол жақта) мен Ресей премьер-министрі Владимир Путин. Минск, 19 мамыр 2011 жыл

Ресейден жәрдем алу Лукашенкоға «фауст пактіндей» көрінсе де, ХВҚ-дан несие алу одан да қиын шарттары бар ұсыныс.

ХВҚ тамыздың 29-ы Беларусь мәселесін талқыға салды. Бірақ экономистердің айтуынша, кез келген жәрдем Лукашенко жасауы тиіс терең, жүйелі реформаларына тікелей байланысты болады.

1990 жылдардың ортасында Лукашенко командасында жұмыс істеген тәуелсіз экономист Сергей Чалый әлдебір реформаның жасалатынына күмәнмен қарайды.

- ХВҚ-ның алдын-ала экономикалық реформалаудың белгісін көргісі келетіні анық. Менің ойымша, егер Беларусь үкіметі бір жағынан, экономикалық жәрдем алып, екінші жағынан, ХВҚ-мен ынтымақтастықты қаласа, аз-маз реформаларды жасауды бастау керек, -деді ол.

Еуропалық сыртқы істер кеңесінің Беларусь бойынша талдаушысы Яна Кобзованың мәлімдеуінше, үкіметтің бірталай мүшесі реформаның маңызын түсінеді, алайда, Лукашенко қарсы болғандықтан олар әрекет ете алмайды.

- Аталған реформаларға тосқауыл қойып тұрған - биліктің басты тізгінін қолынан шығармайтын президент Лукашенко. «Қорыққанға қос көрінеді» дегендей, Лукашенко кез-келген реформаны оның билігін шектейтін күш ретінде қабылдайды.

ӘЛСІЗ ӘЛЕУМЕТТІК ҚАРСЫЛЫҚ

Экономикасы мүшкіл халде болған соң, Таяу Шығыс пен солтүстік Африкадағы көтерілістерден қорқып қалған авторитарлық режим жетекшілері әлеуметтік толқу күшейеді деп дайындалып жатыр.
Жаз бойы қарапайым халықтың «әлсіз наразылықтары» әлеуметтік желілердің сайттарында ұйымдастырылып жатыр. Әр сәрсенбі сайын шерушілер веб-сайттарда жиналып полиция таратқанша қол соғу сияқты зиянсыз әрекеттер жасап жатыр.

Олар қыркүйектің 14-іне дейін бұндай әрекеттерін тоқтата тұрмақ. Елдің дәстүрлі оппозиция мүшелері оларға дәл осы кезде қосылмақшы.
Романчук күзде толқулар саны көбейеді деп санайды.
Адамдардың наразы болатыны сөзсіз, бірақ олар қандай қиын жағдайға душар болса да, өйтіп-бүйтіп күн көруге үйренген.

- Үй-тұрмыс қызметі қымбаттап, табыстың азаюы себепті жаппай бұқаралық қозғалыстар мен наразылық күшейеді. Сол себепті күзде қазіргіден де көп әлеуметтік толқу басталады деп болжаймын, - дейді сарапшы.

Алайда өзін әлеуметтік желілердегі қарсылықтың бастапқы ұйымдастырушысы санайтын Чалый жұрттың наразылығы шектен аса қоймайды дейді.

- Адамдардың наразы болатыны сөзсіз, бірақ олар қандай қиын жағдайға душар болса да, өйтіп-бүйтіп күн көруге үйренген. Кем кегенде алдағы екі-үш айда биліктің қауіптенуіне себеп жоқ. Әрине, үкімет мүшелері арасында наразылық туса, сарай төңкерісі болуы мүмкін. Өз басым биліктің ауысуының басқа жолын көріп те тұрған жоқпын, - деді ол.