Минск қалалық соты қарашаның 24-і күні Беларусьтегі белгілі құқық қорғаушы Алесь Беляцкийді төрт жарым жылға соттап, дүние-мүлкін тәркілеуге үкім шығарды.
Адам құқықтары бойынша «Весна» орталығының жетекшісі Алесь Беляцкийге «салық төлеуден жалтарды» деген айып тағылды.
Сот шешімі жарияланған соң Беляцкий: «Весна» тоқтатылмайды!» - деп мәлімдеп, сот шешіміне байланысты шағымданатынын айтты.
«Сот үкімінің осындай болатыны әу бастан белгілі еді» дейді Алесь Беляцкийдің әйелі Наталья Пинчук.
- Жалпы, сот шешімі осындай болады деп алдын ала болжағанбыз. Ресми бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған комментарийлерден кейін
Алесь Беляцкий 2010 жылдың желтоқсан айында Александр Лукашенко қайтадан президент болып сайланған соң билік орындарының бейбіт шерушілерді басып-жаншығаны туралы деректерді жариялаған.
Ол жетекшілік ететін «Весна» ұйымын Беларусь билігі 2003 жылы тіркеу құқынан айырған еді.
Еуроодақ мүшелері Литва мен Польша Алесь Беляцкий жетекшілік ететін ұйымды қолдау үшін банк есеп-шоттарын ашқандарын Беларуське мәлімдеген соң, 4 тамызда құқық қорғаушы тұтқындалған болатын. Екі ел кейін ол мәліметтерінің құқық қорғаушыға қарсы айғақ болғанына өкініш білдіріп, Беларусь режимімен абайсызда ынтымақтасқаны үшін ресми түрде кешірім сұрады.
Минскідегі сотқа Еуропа одағы мен АҚШ дипломаттары қатысты.
Еуропа одағы құқық қорғаушыға тағылған айыптардың саяси астары бар деп мәлімдеп, Беларусь билігін Беляцкийді тез арада босатып, оған тағылған айыптардың барлығын алып тастауға шақырды.